Өмірзая

Жанболат БАШАР,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

– Беу, Сержан-ай! Қай жерде, қандай күйде жүрсің?! Жарығым-ай! Бір жылт еткен хабарыңа зар қып қойдың ғой?! – деп күңірене сөйлеген Күмісжан әже іші-бауы­рын кернеген уайым-қайғыдан үйге сый­май «аһ» ұруда. Бәрі күні кешегідей көз ал­дында…
Немересінің кәсіптік училищені бітіріп зауытқа жұмысқа тұрғаны сол-ды, ұшты-күй­­лі жоғалып кетті. Сенбі күні еді, түскі тамақтан соң әлдебір достары келіп есік қақ­­ты, шешесі – Арай жұмыста, не­ме­ре­сі­нің кішісі Қайыржан мектепте болатын.
– Әже, мен қазір есік алдына шығып келемін, – деді Сержан. Ұшып-қонған ба­ла емес, мінезі біртоға еді. «Бара ғой, қа­­­рағым» деді әжесі.
Аяғында жұқа сандал, бұтында көне­тоз трико, кеудесінде ақ жейде. Бар киімі осы. Сол қалпында далаға шықты. Әжесі кел­­ген кім екенін сұрағанда, Жұматай де­ген бірге жүр­ген досы бар еді, соның атын айтты. Күмісжанның бар естігені осы. Со­дан басқа де­рек жоқ.
Бұл өмірде мал-мүлкін қолды қыл­ған­ды, қазынасын жоғалтқанды көріп еді, «зің­гіттей адам жоғалды» дегенді осы жа­­сында естіген де, көрген де емес.
Ең сорақысы – мұның баласын ешкім көр­ме­ген, білмеген. Екі жыл ішінде Күміс­жан­ның бармаған жері, баспаған тауы қал­мады. По­­лицияға да, прокурорға да, әкім-қараға да, ықпалы бар деп де­путат­қа­ да айтып бақты. Жоғары жаққа да хат жаз­ды. Қайыр жоқ.
Мына заманда не деуге болады. Адам аз­ды ма, заман тозды ма – кәрі әже оны тү­сіне алар емес. Кімге мұңын айтар, за­рын кім­ге шағар… Бар бітіргені – өткеннен де, кеткеннен де жалықпай немересінің суретін көрсетіп, «көр­медің бе, білмедің бе?» деп сұрай беру болды.
Содан бері кәрі әженің де, баланың ше­шесі Арайдың да көрген күндері күн емес. Есік тықырласа басын көтеріп тың тың­дайды. Осы қазір Сержаны үйге кіріп келетін секілді. Кей күндері түн ба­ласын­а кірпігі айқаспай шы­ғады. Күміс­жан­ның өзі де қатып-семіп, әб­ден жүдеп бітті. Қартайған шешесінің мына ха­лін көрген қы­­зының да қабырғасы қа­йы­сып, екі мұң­лық көз жастарын көлдетіп, бір-бі­рін жұ­ба­тады.
Осылайша әрі-сәрі болып жүргенде, қай­сыбір жанашырлар «көріпкелдерге ба­рып жо­лығыңыз» деп ақыл қосты. Артығы жоқ. Оғ­ан да барды.
– Балаңыз тірі, біреулер күштеп ұстап отыр, ауыр жұмысқа салған екен. Ұзамай бір хабары болады, – деді біреуі. Мұны ес­ті­ген Күміс­жанның да, Арайдың да құ­ла­зыған көңілі сергіп сала берген. Әжесі бол­са немересі осы қазір келіп қа­ла­тын­дай, әлгі кө­ріпкелдің сөздерін жиі қай­та­лап, талайға дейін ел­еңдеп жүрді. Әй­те­уі­р, тірі дегенге қуанып, не­мересі аман жүрсе бір келер деген үмітке бой алдырды.
Енді бірде, ел мақтаған көріпкелдің тағы біріне барды, жоғалған немересін ту­ра үйге жетектеп әкелетіндей-ақ, соған алып-ұшып жеткен:
«Көлдің бер қабағында «Алтын құм» де­ген жер бар, жансыздап барып кө­рі­ң­із­­дер, ба­­лаңыз сол жерде. Бірақ шы­ғар­майды, күндіз-түні қамауда» деді.
– Ой, мың болғыр-ай! Аузыңа – май, ас­­ты­ңа – тай, – деп Күмісжан оған да қуан­ды. Не керек, аяқ жетер жердегі құ­ма­лақ­шы, бақсы-балгерлерді түгел аралап, бә­рінің жо­ра­малын тыңдаған Күмісжан әже не­мересінің тірі жүргеніне анық сенді. «Кебін киген кел­мейді, кебенек киген ке­ле­ді» деген, кеудесінде жаны болса, ажал­дан аман болса – бір келер» деген үміт­пен өмір сүрді.
Бірде «Бармысың, бауырымға» барып не­мересінің суретін көрсетіп, теледидар ал­дында «мені көріп отырсаң, бір ха­ба­рыңды бер» деп көз жасын көлдетіп қайт­ты. Сонда көрді, адам жоғалтқан де­генді. Бірі бауырын, бірі баласын, енді бірі қы­зын жоғалтып, өзі секілді шарқ ұрып, шы­рылдаған жандар… «Бұл бір айтып кел­мейтін нәубеттің шеті болар ма?» деп қо­рықты кейуана.
Айтқандай, сол «Бармысың, бау­ы­рым­нан» қайтып келе жатқан жолда са­парлас болған Тұрымтай деген әйел:
«Мен осы баланы көрген секілдімін. Ой, жа­ратқан-ай, десеші! Тура осы балаға ұқ­сайды» деді Сержанның суретін көр­ген бетте.
– Егер балаңыздың артық суреті болса маған біреуін беріп кетсеңіз.
– Қалтамдағы осы біреуі ғана, ала ғой, қарағым, – деп сыртында «Сержан Төре­жа­н­ұлы Жарқынов. Маусым» деген жазуы бар суретті Тұрымтайға ұстата берді.
– Мен бұл баланы осы жаз шыққалы екі-үш рет көрдім. Біздің ауданның ор­талығына зә­уеде бір келіп тұрады. Қа­сын­да таспадай тартылған екі жігіт бар. Дү­кен­нен жүк тиеп жа­тады. Көрдім.
– Осы бала, – деді ол қолындағы суретті саусағымен нұсқап, – әлгі адам­дар­мен бірге жүр­ді. Біздің аудан ор­та­лы­­ғынан жиырма ша­қырымдай қа­шық­тықта Тас­бөгет деген жерде, бір дөкейдің шаруа­шы­лығы бар. Ба­лаңыз тура сонда болуы мүмкін. Бірақ оның ма­ңы күзет, аса ешкім жақындай қоймайды. Жай­дан-жай сұ­рас­тырып бару қауіпті. Кім бі­леді, се­зіктенсе таптырмай жіберуі ықтимал, – деп жан-жағына қараған ол:
– Ықпалы бар, сенімді адамдарыңыз бол­са астыртын біліп бер десе, қайтер еді? – деп тосыннан ой тастады. Мына сөз­ді естіген Күмісжан қуанып та, үрей­ле­ніп те қалды. Ес­тігенін жан баласына ай­туға қорықты.
Баяғыда елде жүргенде марқұм күй­еу­і­нің немере ағайыны болушы еді, көп жыл­дар ми­лицияда қызмет істеді. Күйеуі қайтыс бол­ған соң олармен де ха­бар­лас­пай кеткен.
Он­ың үстіне соңғы жыл­дары мына баланың із-түз­сіз кетуі өзіне де оңай тиген жоқ. Не іс­теп, не қойып жүргені белгісіз, ертелі-кеш ой­лайтыны – сол немересі.
«Әжелеп» үйге кіріп келе жатқандай бо­ла­ды да тұрады. Түнде түсінен, күндіз есі­­нен кетпей, санасын сарсаңға салған.
Күмісжан көп ойланды, қызына ес­ті­ген жағ­дайын баяндап: «Әкеңнің Бай­ра­хым деген немере інісі бар еді ғой. Соған барып мән-жайды айтсам, жанашыр адам ғой, ескі таныстары бар шығар, бі­реу­ден біреуге тап­сырып бір хабарын бі­ліп берсе» деп ой топ­шылаған. Қызының да шақшадай басы шарадай, ержеткен ұл­дан тірідей айырылған адамда не ес бо­лу­шы еді? Жібі түзу ақыл қо­са алмады.
Арада жылжып айлар өтті. Күмісжан сүл­десін сүйретіп Қарағанды қаласында тұ­ратын Байрахымға барып жолықты. Туысқаны сырқат екен, бірақ жаны қал­май:
– Жеңешем келді! – деп қуана қарсы алды. Ба­яғыда Өрікбай ағасының бар ке­зіндегі қызық күндерді еске алып, бір жа­сап қалды.
– Иә, – деді ол сөз арасында, – не­ме­рең­нің жағ­дайын естіп жатырмын. Ор­ган­дағылар із­деп таппаса қиын екен,– деді.
Күмісжан да осы бір сәтті күтіп отыр­ған­дай келген шаруасын да, күдігін де сыз­дық­татып жеткізді.
Мына әңгімені естіген Байрахым ойға бат­ты. «Мұндай да болжамдар көп ай­ты­ла­ды. Оның үстіне қазір байыған адам­дар біреуді жалдап, зорлап жұмыс істетіп жатыр деген се­кілді қауесет осындайда қоздап кетеді. Шын­дығында олай бола бер­мейді» деп ойлаған ол.
– Әлгі айтқан жердің атын жазып алайын, сонсоң сенімді таныстарға айтып тексертіп көрейін. Бұл бүгін-ертең бола қалмайды. Күтуге тура келеді, – деді.
Күмісжан қайнысының үйіне бір қо­нып, ауылына қайтып кетті. Арада көп уа­қыт өтті, Байрахымнан да хабар бола қой­мады. Сөйтіп жүргенде тағы бір тосын хабар жетті. Бұл хабарға Күмісжан не қуа­нарын, не қуан­басын білмеді. Жүрегі лү­піл­деп, атұрынып кетті.
Әлгі атағынан ат үркетін кереметтің фа­­зендасында мұның немересі жүр екен. Оны «Бармысың, бауырымнан» келе жатып жо­лық­­қан Тұрымтай деген әйел бар еді ғой, сол көрген. Көріп қана қоймай: «Қа­рағым, сен Күмісжан апаның немересі Сер­жансың ба?» деп қасындағылардың көзін ала бере: «Мы­нау сенің суретің емес пе?» деп түнеукүнгі суретті жанындағыларға бай­қатпай ұстатып жіберген. Бала жақ ашпаған, тек «басын изеді» дей­ді.
Осыдан соң Тұрымтай дереу Кү­міс­жан апаға телефон соғады. Күмісжанның зәресін алған осы хабар еді. Кім біледі, қа­сындағылар бірдеңеден күдіктеніп не­ме­ресін жазым етсе қайтеді? Бойын қор­қыныш билеген кейуана өзін қоярға жер тапса, қане?! Әрі ойлап, бері ойлап ақыры Бай­рахыммен хабарласты. Естіген жа­ңалығын айтты. Қаупін де жасырған жоқ. Кү­місжанның әңгімесін тыңдап болған қайнысы:
– Мен сенімді адамдарға тапсырдым. Бала ол жерде бар болса, олар оны аман алып шы­ғуға тиіс. Хабарын күтіп отыр­мын. Орган­да­ғылар қалай тексеруді өз­дері біледі. Оған абыржымаңыз, – деп жең­гесін ты­ныш­тан­дырған болды.
Арада тағы біршама уақыт өтті. Бір күні әлгі аудандағы Тұрымтай түн ішінде телефон соқты:
– Күні бойы телефон соғып ала ал­ма­дым, үйде болмадыңыздар. Бүгін өт­кен­де­гі адамдар келді, бірақ олардың қа­сын­да сіздің немереңіз болған жоқ. «Өт­кен­де менен сезіктеніп қалды ма» деп зәрем жоқ, әйтеуір, олардың қасында бүгін бас­қа адам жүрді. Мына хабарды естіген Күмісжан есеңгіреп қалды. Уайымы қа­лыңдап, шарасыздықтан жаны ауырды. Осы кезде тағы да телефон соғылды.
Бұл Байрахым болатын. Күмісжан қай­нысының сөзін дегбірсіздене тыңдады. «Мүмкін құтқарып алған шығар» деген көмескі ой сәуле бергендей болды.
– Күйлі-қуаттысыз ба, жеңеше? Үй-іштеріңіз аман-сау ма?
– Рахмет, айналайын, өздерің, ел-жұр­тың аман ба? Өзіңнен бір жақсы хабар бо­­ла ма деп елеңдеп отырмыз. Сер­жа­ным­ның үйден кеткеніне екі жылдың жүзі бол­ды… Е, қарағым, өлмеген соң бәріне шыдап отырмыз, оны қойшы, өзің бірдеңе біле алдың ба? – деді дегбірі таусылған кейуана, телефон құлағына жабыса түсті.
Байрахым да осы сұрақты тосқандай:
– Жеңеше, өте сенімді адамдар ас­тыр­тын біліп берді. Олардың айтқандарына қа­рағанда, ол жерде біздің балаға ұқ­сайтын ешкім жоқ. Тіпті онымен құ­ра­лып­тас адам да кез­дес­пе­ген. Соған қарағанда, жай сөз болса керек. Алло, жеңеше?..
– Иә, қарағым, тыңдап тұрмын, – деді Күмісжан әже ауыр күрсініп. Әлгіндегі лү­пілдеген жүрегі, атұрынған көңілі су сеп­кендей басылып, тағы да тұңғиық қай­ғы­ның тереңіне бата жөнелген.
– Бүгін әлгі баланы көрдім деген әйел осы өз­іңнің алдыңда ғана хабарлас­ты. Оның айтысына қарағанда: өткенде көрген адамдар бүгін тағы да орталыққа келген екен, бірақ бұ жолы олардың қасынан бала көрінбепті.
Мына сөзді естіген Бай­рахым үнсіз қалды. Ойы сан-саққа жү­гіріп, қалай да бір шикілік бар-ау де­ген кү­­дікке сене алмай, тұрып қалды.
***
Арада ширек ғасырға жуық жылдар өтті. Бұл шақта Сержаннан бір хабар ала ал­май өмірі өксіген Күмісжан әже де дү­ние­ден озған. Ағасы жоғалып кеткенде 8-9 жаста қалған Сержанның інісі Қайыр­жанның өзі үйлі-жанды, зіңгіттей азамат. Күйеу­ден жас қалып екі баланың қа­ба­ғына қарап, осыларды жеткі­земін деп ғұ­мыр кешкен аналары Арай да баяғы өз шешесі Күмісжан секілді ілмиген кемпір. Өмір өз ағысымен ағып жатты. Осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын айдың, күннің аманында жоғалып кеткен Сержан да көзден таса, көңілден оқшау қалып, ескі қай­ғының орны көмескілене бастаған кез.
***
Тамыз айының іші. Сержан тура осы ай­­да жоғалған-ды. Онда олардың үйі екін­ші ықшам ауданда, ұмытпасақ 17-үй бо­­латын. Бесінші қабатта, балконы аула жақ­­қа қарайтын. Таңертеңгілік пойыздан түс­­кен бейтаныс жолаушы 17-үйдің ал­дын­дағы сәкіге келіп жайғасты. Үстінде кө­­­не­тоз жейде, жұқа шалбар, басына күн­­­қағары майысқан қалпақ, аяғына қоң­­­­ыр­­­қай кроссовки киген, арық-тұра кісі қал­­тасынан темекі алып тұтатып, онысын тез-тез тартып мазасызданып отырды. Көз қиығын жоғарғы қабатқа тастап қояды. Сәлден соң темекісін сөндірген ол ор­ны­нан тұра беріп, қайта отырды. Осы кезде биік үйдің есігі ашылып іштен қа­раторы қа­зақ келіншегі шық­ты. Жолау­шы оған жалт бұрылған бетте:
– Сіз осында тұрасыз ба? – деді амандық-саулықты ұмытып.
– Иә. Сізге кім керек еді?
– Ана бесінші қабатта тұратын Кү­міс­жан әже мен Арай деген кісілер үйінде ме, соны білмедіңіз бе?
– Арай апаны айтасыз ба? Олар мұнда тұрмайды.
Жолаушы сәл аңырып қалды. Олар қайда кетті екен? Жолаушының сол жақ ал­қымы тартқылап, тынысы тарылғандай бол­ған. Соны сезген ол теріс айнала бер­ді.
– Аға, егер сіз Арай апаны іздесеңіз, мен мекенжайын білемін. Ол кісілердің үйін біз алған едік, – деді әлгі бейтаныс ке­лін­шек. Сонда ғана жолаушының көңілі ор­нығып:
– Қай жақта екенін айтып жіберсеңіз, … Жо…жо-лаушы едім, – деді тұтыға сөйлеп.
– Олар қаланың Шығыс ықшам ау­данында тұрады, – деді сыңғырлай сөй­леген әйел жо­лаушы іздеген үйдің нө­мі­ріне дейін сақыл­датып берді. Әйелдің айт­қан цифрларын ішінен ұмытып қалмайын деп әлденеше қайталаған жолаушы аяғын сылти басып кетіп бара жатты. Оның со­ңы­нан қарап қалған әлгі әйел:
– Ағай! – деп дауыстады. Жолаушы ар­ты­на бұрылғанда:
– Осы көшеден №12 автобусқа мініп, соңғы аял­дамадан түссеңіз, дәл барасыз.
Жолаушы қайта сұраған жоқ, басын изеп, бір аяғын сылти басып жүре берді.
… Қаланың Шығыс ықшам ауданы. Осы бір еңселі үй, Күмісжан әженің соңғы тұрағы болды. Ақтық сапарға да ол осы үй­ден ат­танды. Немересін сабылып іздеп, хал-қуаты кеміп, дүние-жалғаннан озды.
Әлгі жолаушы сол үйдің ауласына ке­ліп тоқтады. Есік алдында ағаш сәкі бар екен. Жолаушы соған тізе бүкті. Тағы да шы­лым шекті. Сонсоң баспалдақпен кө­те­ріліп үлкен қоңыр есіктің түймесін бас­ты.
– Төрлетіңіз, аға. Біреуді іздедіңіз бе? – деді есік ашқан аққұба келіншек.
– Бұл Күмісжан апаның үйі ме? Мына сөзге бөгеліп қалған жас келіншек бей­та­ныс адамның жүзіне таңдана қа­ра­ған­дай болды да:
– Иә, Қайыржан да, апам да үйде. Апа, сізге, – деді әлгі келіншек ішкі бөлмеге мой­нын соза дауыстап.
– Төрлетіңіз аға. Апам қазір шығады, – деп өзі ас үйге беттеді.
Апасы бөлмесінен шыға қоймады оның орнына ішкі бөлмеден толық денелі, ақ­сары жігіт шығып сәлем берді.
– Қайыржан! – деді жолаушы, жүрегі дүр­сілдей соғып. Қарсы алдында тұрған жігіттің қолын алар-алмастан босағадағы киім ілгіштің ернеуіне сылқ етіп отыра кет­ті. Кенет алқымы қысылып тынысы та­рыла бастаған ол: «Шіркін-ай, ең құрмаса қазір емес, қазір емес…» деп ішінен бір сөзді қайталап көзін жұмып, көкірегін кере дем алуға тырысқан.
Осы кезде бөлмеден шыққан қартаң әйел, кі­реберістегі күңгірт көлеңкеден бей­­таныс ад­амның сұлбасын еркін көре алмай:
– Қайыржан, қонақты төрге шығарсашы. Босағада неге отыр?
– Төрге шық, қарағым, – деді.
Қайыржан қонақты қолтығынан демеп төргі бөлмеге өтті.
– Қалай жағдайыңыз, жүрегіңіз ауы­ратын ба еді? – деп үлкен диванға жайғасқан жо­лаушыға су алдырып ішкізді. Сәл-пәл өзіне-өзі келгендей болған. Осы кезде Арай апа қонақ отырған бөлмеге кірді.
Кірді де сілейіп тұрып қалды. Қонақ кісі кеседегі суды ұрттап, басын енді көтергенде шешесінің үрейлі жанарын көріп, орнынан ұмтылып барып:
– Апа! – деп жерге сылқ құлады.
– Сержан, Сержан! Тірімісің, сенбісің, қарағым-ау?! – деп шешесінің көзінен жас парлап, құлап түскен баласының басын құ­шып аңырап жы­ла­ды.
Үйдің іші азан-қазан болып кетті. Бөлмеден шығып кеткен Қайыржан шешесінің даусын естіп қайта кіргенде, келген жолаушының ағасы Сержан екенін білген ол да есінен тана жаздап, өкіріп жылады. Бұлар көз жас­та­рына ие бола алмай дауыс салып жатқанда жолаушы есін жинай алмай сұлық қалған. Сәлден кейін барып ол есін жиды. Анасының қолынан сүй­ді.
– Апа, мені таныдың ба? Таныдың ғой, та­ныдың. Мен, Сержан ғой. Әжем ше, әжем, қайда?
– Құлыным-ау! Әжең сексеннен асып, сенің «әже» деген даусыңды аңсап өмірден озған! – деп шешесі тағы да еңіреп көз жасына ие болар емес.
Сержан тағы да есеңгіреп кеткендей болды, көзінен домалап түскен жас самайына қарай сорғалай жөнелген.
– Қайыржан! – деді ол ағасының тізесін құшақтап, көзі боталап отырған бауырының қолын ерніне басып.
– Сендерді сағындым!… Енді арманым жоқ, – деп көзін мөлдірете ашып, қайтадан сұлық қалды.
«Туған үйімнің босағасына жетіп өлсем арманым жоқ» деуші еді, бей­шараның сол тілегі қабыл болғандай. Сержан өз үйінде, туған шешесінің алақанында жатып көз жұмды. Көкірегін кернеген ауыр мұң жұмбақ қал­пында өзімен бірге кетті.
Марқұмды шешіндіргенде қалтасынан ба­яғы әжесі өткен-кеткенге көрсетіп жүрген өзінің суреті шықты. Сыртында «Сержан Төрежанұлы Жарқынов. Маусым» деген жазуы бар. Мұны көргендер көп уақытқа дейін таңғалды. «Балаға бұл сурет қайдан барған?» деген сұрақ та жауапсыз қа­ла берді. Өмірзая деген осы шығар деп ме­нің де кеудемді өксік биледі.

Балқаш

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ғайша

    Жұмыста «Мысты өңір» газетінің № 11 санын хатшы қыз әкеліп берді. Соңынан бастап қарайтын әдетім, 5 бетінде «Өмірзая» деген әңгіме тұр. Басымды алмастан оқи жөнелдім: …осы кезде тағы да телефон соғылды… жалғасы бар, жұмысты бастай алмадым, дереу интернетті аштым іздедім, іздеген табар дегендей уф, таптым ау, оқыдым, керемет әңгіме. Әрине өкінішті де аянышты. Бала кезімде оқыған әдеби кітаптарды сізден оқыдым. Қазір жазады оларды қазақ мектебін бітірген, жас кезінен кітап оқыған менің өзім әрең түсінемін. Жанболат, сізге рахмет! Денсаулығыңыз мықты болсын! Шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Ізгі тілекпен-Ғайша

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.