Аруақты жігіт

Жігіт – үйленгелі жүрген 17 мен 23 жас аралығындағы ер-азамат. Ер адамның отағасы болуға лайықты тәлім-тәрбие алған, көпшілік өмірге араласып, отбасы мәселелерінің бүге-шүгесін терең меңгерген өз бетінше отау құруға дайын шағы. Ер-азаматтың бойындағы барлық сегіз қырлы қасиеттері осы жігіттік шағында көріне бастайды. Осыған орай қазақ танымында жігіттің қабілеті мен қасиетін айқындайтын ерекшеліктеріне қарай оларды түрліше атайды. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінде жігіт болмысын сипаттайтын атаулардың мағынасын ұғынықты жеткізген. Мысалы:
Ақиық жігіт – дарынды, талантты жігіт.
Аруақты жігіт – айбарлы, сұсы бар жігіт.
Алпамсадай жігіт – ірі, алып денелі күш-қуаты мол, сенуге болатын жігіт.
Арқалы жігіт – адуын мінезді, өр жігіт.
Бағлан жігіт – жас жігіт.
Бойдақ жігіт – үйленбеген басы бос жігіт.
Ез жігіт – жасық, ынжық жігіт.
Ерен жігіт – ерекше күшті, бөлек жаратылған жігіт.
Жас жігіт – оңы сен солын ажырата қоймаған бозбала жігіт.
Жігіт ағасы – жиырма бестен асқан, есейген жігіт.
Зіңгіттей жігіт – тепсе темір үзетін ірі денелі жігіт.
Икемді жігіт – көпшілікпен тіл табыса білетін, ашық мінезді жігіт.
Қалаулы жігіт – көптің ықыласына бөленген елге сүйкімді жігіт.
Қыздай сызылған жігіт – артық сөзі жоқ, ешқашан дауыс көтермейтін, әдепті, сыпайы жігіт.
Мәрт жігіт – қолы ашық, ақкөңіл жомарт жігіт.
Мырза жігіт – қолындағы барын аяп қалмайтын, дүниенің бетіне қарамайтын паң жігіт.
Менмен жігіт – басынан сөз асырмайтын зор кеуде өркөкірек жігіт.
Нар жігіт – басына түскен қиындыққа мойымайтын, ел басқарып көш бастауға даяр тұратын, басын бәйгеге тігетін тәуекелшіл жігіт.
От жігіт – ойына алған істі лезде орындағысы келіп тұратын қызба жігіт.
Өр жігіт – басынан сөз асырмайтын, ешкімге ақысын жібермейтін, дегенінен қайтпайтын, әділетсіздікке жол бермейтін, көкірегі зор ержүрек жігіт.
Өрелі жігіт – көкірегі ояу, көзі ашық, көргені көп, адал әрі әділ жігіт.
Сақа жігіт – есейіп, оңы мен солын әбден таныған ересек жігіт.
Сері жігіт – ән-жырға жаны құмар, жүрген жерін той-думанға айналдыратын сауыққой жігіт.
Сидаң жігіт – сәнді киімге, ойын-сауыққа құмар, тірлік-шаруаға ұмтылмайтын думан қуған сылқым жігіт.
Сойталдай жігіт – еңгезердей, зіңгіттей, ірі денелі жігіт.
Сомадай жігіт – өз дегенін орындайтын жас келген есейген жігіт.
Сылқым жігіт – жұмыстың ауырына бармайтын, кербез, кердең жігіт.
Тепсе темір үзетін жігіт – күш-қайраты мол, алып жігіт.
Ұяң жігіт – сыпайы, сөзге сараң, тәрбиелі жігіт.
Шабандоз жігіт – ат құлағында ойнайтын аса епті, батыл жігіт.
Шебер жігіт – он саусағынан бал тамған, істің көзін білетін ісмер жігіт.
Шемен жігіт – қысқа, тапал шымыр жігіт.
Шешен жігіт – сөйлер сөзге тосылмайтын, тауып айтатын, ділмар жігіт.
Шомбал жігіт – денелі, төртбақ келген мығым жігіт.
Шөгел жігіт – ісіне пысық, жұмысқа тындырымды жігіт.
Ұрт жігіт – мінезі томырық, бір беткей жігіт.
Қылшылдаған жігіт – әбден жетіп, кемеліне келген жас жігіт
Омыртқасы түзу жігіт – білімді, ақылды, іскер жігіт.

 

АйгулБетті дайындаған
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.