АЙФОН

Қазіргі кезде мектеп оқушылары арасында бағасы өте қымбат ұялы телефон бәсекеге түскен. Бастауыш сыныпта оқитын кішкентай баланың өзі мойнына асып алған «Айфонына» масаттанып, айналасындағыларға мұрнын шүйіре қарайды. Функциялары аз қарапайым телефонды менсінбей, кеудемсоқтыққа үйренген баладан ертең өз қамын ғана ойлайтын адам шығатынын, соған ата-ана тікелей кінәлі екенін ешкім сезінбейтін тәрізді. Әр үйде 1-2 бала өсіріп отырған қалалықтар үшін баланың «ақ дегені – алғыс, қара дегені –  қарғыс» болып отыр. Қит етсе «Өмір сүргім келмейді. Әпере алмасаң мені неге тудың?» деп жылап жүріп, ата-анасына айтқанын істететін балалар көбейді. Бала үшін қашанда ата-ананың шығар жаны бөлек. Тапқан-таянғанын күнкөріс қамына жеткізе алмай жүрсе де, қарызға батып, баланың дегеніне көнеді. Осылайша өзін «крутой» санайтын, өмірдің қызығын ақшамен өлшейтін жасөспірімдер қатары көбейіп кетті.
Бүгінгі күн интернет заманы дегенімізбен, мұның зардабын балалар да көріп жатыр. Кіп-кішкентай төменгі сыныпта оқитын баланың қолындағы ұялы телефонына үңілсеңіз, «Инстаграмм», «В контакте», «Ватсап», «Ангри бирдс», «Ретрика», «Моменткам», т.б. біз бірін біліп, бірін біле білмейтін толып жатқан бағдарламалардан көз сүрінеді. Сұрай қалсаңыз, тақ-тұқ етіп сартылдап тұр. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, адам қуатының 50 пайызын өзіне тартатын қалта телефондары мектеп оқушысына қаншалықты керек деген ойға қаласың.
Қаладағы мектептердің біріне бас сұққанды жөн көрдік. Айта кетерлік жағдай,  27 оқушысы бар 10 «а» сынып оқушыларының 4-еуінде соңғы үлгідегі «Айфон-6», 2-еуінде «Айфон-5», сегізінде «Айфон-4S» екен. Қалғандары да қарапайым телефон емес, «Айфонмен» теңесетін «Самсунг» моделі. Әңгіме ауаны қымбат телефонға қарай ауысты. Әрқайсысы 160 мыңнан кем тұрмайтын телефон жайлы сөз қозғалғанда, оқушылар бірінен-бірі асып түсті. Әрқайсысы өз телефонын мақтап, бірі шетелден алдырғанын, енді бірі туған күніне ата-анасы сыйлағанын айтып мақтанды.
Қыза келе бірі «Әлемдегі байлық мұнай құнымен өлшенсе, Алматыдағы байлық ақшамен емес, көлігіңнің қымбаттығымен өлшенетінін білетін шығарсыз. Көлігің неғұрлым қымбат болса, сен бай адам болып есептелесің. «Айфон» да сол сияқты. Неғұрлым соңғы үлгідегісін алсаң – сенің қадірің одан сайын артады» дейді. Ал екіншісінің пікірі мынадай: «Шын мәніндегі дәулетті адамдар өздеріне қажетін таңдап алады. Оларға ақшасы маңызды емес. Ал мақтану үшін алатындар өзінің отбасындағы жағдайды жасырады. Бәрі керемет, бәрі күшті болып көрінгісі келеді». Үшіншісінің пікірі тіпті қызық. Бұл балалардың пікірін түсініп болмайсың. Әңгімеге араласпай, өзімен-өзі отырған Айғанымның сөзі: «Айфон» – менің ең сенімді досым. Ол сені ешқашан сатпайды. Сырыңды да, мұңыңды да «Айфонмен» бөлісесің. Ағылшынша жақсы білсең, «Siri» арқылы тілдесуге де болады. Тіпті жақын маңдағы дүкеннің мекенжайы­на дейін айтып, түсіндіріп береді» десе, «Айфонның» қадір-қасиетін бізге Санжар есімді оқушы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, біріншіден, соңғы шыққан модельдің функция­лары алдыңғысынан көп болады. Салмағы да жеңіл. Барған ­сайын қалыңдығы жіңішкере түседі. Ұстауға да ыңғайлы. «Мәселен, бейнебаянды осы телефон арқылы да түсіре бересіз. Өзіңе ұнаған арудың қолаң шашын теледидарда көрсететін бейнебаян сияқты ақырын ғана желмен көтеріп қоюға да болады» деп жымиды. «Сосын кез келген уақытта ән тыңдап, көңіліңді көтересің. Қажет киноларды көресің. Шетелдік жұлдыздардың өмірімен таныс боласың. Камера, фотоаппарат, ғаламтор бәрі бар. Бір сөзбен айтқанда, қалағаныңды істейсің. Сабаққа барарда оятқышын қойып, күнтізбені, еске салғышын (заметка), сағатын пайдаланасың. Оятқышқа өзіңе ұнайтын, сергітетін әнді таңдап аласың. Мұның барлығы күндіз көңілді жүруіңе әсер етеді. Ең аяғы мектепте ілінетін сабақ кестесін де қаламмен жазып жатпай-ақ, көшірмесін түсіріп аламыз» деді Санжар.
Сабақ барысында телефон ұстайтын оқушылардың өзі екі топқа бөлінеді. Оның өзіндік себептері бар. Мәселен, бақылау жұ­мысы болған кезде «Ватсап» арқылы есеп шығару. Жақсы оқитын оқушы өзінің тобындағыларға өзі шығарған есепті жазып жібе­реді немесе «Ватсап­тағы» достары арқылы қалай шығарудың жолдарын көрсетіп, кейде дайын есептің жауабын алдыруға да болады.
Ал екінші топтағылар, олар «Айфонға» қолы жете қоймағандар. «Айфонға» қызыға қарап, жолдас­тарынан сұрап, сабақ уақытында әртүрлі ойын ойнап, ән тыңдап, видео көріп, мауқын басатындар. Ондайлар өте сирек. Оқушылардың көпшілігі ата-ана баласына керегін әперуі керек деп есептейді. Сонда бала жасқаншақ, сұраншақ болмайды.  Жанындағыларға жәутеңдеп, жалынып, алдында құрдай жорға­лап, солардың айтқанын жасағаннан гөрі, өз меншігіңде болғаны әл­деқайда дұрыс деп санайды.
Осылайша ашық-жарқын әңгіме барысында тағы бір сырдың шеті ашылды. Бұл сыныптағылардың «В контакте» желісінде өздерінің ашқан топтары бар екен. Оны сыныптастар ғана біледі. Онда өздеріне ұнамаған мұғалімдердің суретін салып, балаларға ұрысқан, ренжіген кездеріндегі айтатын сөздерін жазып қояды. Мәселен, «сабақты неге оқымайсың, миғұла», «мен үшін оқисың ба, өзіңе керек», «мен сендерге көрсетемін», «отыр, екі», т.б. сөздерді мұғалімнің аузынан шығарып, қызыл сызықпен көрсетіп қойыпты. Өздерінің айтуынша, бұл мазақ емес, «прикол». Мұндай жағдайдан ұстаздар хабарсыз, ал сыныптастар бір-бірін сатпайды.
Алматылық ұстаз Мариям Сабазбекованы әңгіме тарттық: «Бүгінгі мектеп оқушылары байлыққа құмар. Байлықты қымбат телефонмен өлшеп жататыны жасырын емес. Тіпті қарапайым отбасынан шыққан баланың өзі бай болып көрінгісі келеді. Бұл қазіргі қоғамның бір дерті болып тұр. Қатар құрбыларынан қалғысы келмейді. Қымбат киініп, қымбат телефон ұстап, қыдыру аз қаражат емес. Балаға түсіндіруге тырысқанымызбен, кейде бала жүрегін жаралап аламыз ба деп те қорқамыз. Көп жағдайда ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Үйде қамқорлық ерекше болуы қажет. Баланы кітап оқуға, мұғалімнің ескертуіне құлақ асып, одан қорытынды шығаруға үйретіп отыру ата-ананың басты міндеті, тәрбиеге көңіл бөлуі – бас­ты парызы болуы керек. Ал біздің ата-ананың көпшілігі қалтасының жұтаңдығына қарамастан, баласына несиеге қымбат телефон әперіп, оны жыл бойы төлеп жүреді» деп күйінеді.
Бұл жөнінде белгілі психолог Несіп Мергенбаева былай дейді: «Баланың телефонға тәуелділігін өзіміз қолдан жасап отырмыз. Қолына «Айпад», «Планшетті» ұстатып, тыныш отыр дейміз. Үлкендердің ішімдікке, темекіге тәуелді болғаны сияқты, баланың телефонға тәуелділігі ауруға айналды десек болады. Заман талабына қарай мүлдем шектеп тастауға да болмайды, дегенмен белгілі бір дәрежеде қадағалау болуы керек. Қолынан телефоны түспейтін баланың психикасы да өзгереді, денсаулығына өте зиян. Нешетүрліні көріп алып, болашағын солай елестетін оқушылар да болады. Ондай балаларға көбірек көңіл бөліп, күнделікті өмірде жиі әңгімелесіп, көбірек қарым-қатынас жасау керек. Екінші жағынан, әр нәрсенің өз уақыты бар. Ол телефонын өзінің қажетіне жаратса, сабағына қажет заттарды алса неге қолданбасқа?.. Тек орнымен қолдануды білуі тиіс.
Ал енді баласына несиеге қымбат телефон әперетін ата-анаға келсек, мен мұны қолдаймын. Біреу келісер, біреу келіспес, қазір нарық заманы. Нарық заманында бәсекелес болуы заңды. Ата-анасы несиеге телефон әперу арқылы баласын бәсекелестікке тәрбиелеп жатыр деген сөз. Бәсекелестікті психология да мақұлдайды. Психология заңы бойынша бәсекелестік алдыға қарай ұмтылу, талпыну деген ұғымды білдіреді».
Айдар Есмахов балалардың мектепке қымбат телефонмен баруына қарсы. Тек байланыс құралы ретінде қарапайым телефон болса, сол жеткілікті. Оның пікірінше, бұл жерде баланы кінәлаудың қажеті жоқ. «Меніңше, баланы телефонға, планшеттерге жақындатпау дұрыс емес. Біздің уақытпен қазіргі уақытты салыстыруға болмайды. Заманына қарау керек. Бәрі өз уақытымен, ретімен болуы тиіс. Қазіргі балалар өте зерек, ақылды. Олармен тек сөйлесе білу керек. Ал қымбат телефонды көп жағдайда баласы үшін емес, «мен балама қымбат телефон алып бердім» деп мақтану үшін алады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі ата-анада «көкірек» басым. Әр нәрсенің өз сұрауы болады ғой, кейін әке-шешенің берген тәрбиесінен бала зардап шекпеуі керек. Ата-ана мейлінше балаға бос уақыт қалдырмаған дұрыс. Спорт үйірмелері бар, домбыра, ән-би, шахмат, бассейн, тіпті шаңғы тепкізіп, коньки әперіп, т.б. өмірде керекті, денсаулығына пайдалы істермен айналыстырғаны дұрыс. Уақытты ұтымды өткізгеннен ұтпаса, ұтылмайтыны анық» дейді ата-ана А.Есмахов.
Қалай болғанда да бүгінгі күні қоғамның ажырамас бөлігіне айналған ұялы телефонды пайдаланудың өзіндік ережелерін қалыптастыру қажет. Виртуальді әлеммен кеңесіп, өзіне-өзі есеп бере алмай, алай-дүлей күйде жүрген жасөспірім әртүрлі жағдайға душар болмаудың алдын алуымыз керек. Сондықтан баланы жастайынан зиянды әдеттерден аулақ ұстауға, қанша жерден керемет болғанымен, әр­түрлі ауруға душар ететін ұялы те­лефонның кері әсерін де білуге үй­реткен жөн. Ізденетін адам, білімнің биігіне шығар болашақ жастарымыз осыны еске ұстаса екен.

Ұялы телефонның зияны

Әлем ғалымдары ұялы телефонның адам ағзасына зияны көп деп дабыл қағуда. Ғалымдардың айтуынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаятын көрінеді. Ұялы телефондардың электромагниттік сәулелері жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер етеді. Эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттің де асқынуының негізгі себепкері де осы сымсыз телефон екен.
(Уикипедия)

Есіңізде болсын!
Әйел адамдар үнемі ұялы телефондарын сөмкелеріне салып жүргені дұрыс. Ер адамдарға да қазір әмиян секілді шағын, ұстайтын бауы (жіпшесі) бар сөмкелер (барсетка) шығарылған, сондай сөмкелерге салып жүргені абзал. Ал телефонмен сөйлескенде құлаққаппен (наушник) немесе дауыс көтергішпен (громкоговоритель) құлақтан алыс ұстап сөйлескені жөн, бұл айтарлықтай зиян емес.
Ұялы телефондар күрделі медициналық аппараттардың бұзылуына алып келуі мүмкін. Сондықтан да оны ауруханаларға алып кіруге болмайды немесе өшіріп кіру қажет.
Көлікте отырып телефонмен сөйлесу апатты жағдайларға алып келеді. Сол үшін қазір көптеген елдерде көлікте телефонмен сөйлесуге қатаң тыйым салынады. Ереже бұзғандар айыппұл төлейді. Ал сөйлесетін жағдай бола қалса, құлаққаппен (наушникпен) немесе дауыс көтергішпен (громкоговоритель) сөйлескен жөн.
(Уикипедия)

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Көкше Ақын.

    Айтылған мәселе өте орынды. Телефон жайлы немесе бала тәрбиесі болсын қамтылмаған дүние қалмапты.Арасында менің де балам бар секілді.Рас бір-екі баласы қала тұрғындары қателік жіберіп жатқанымыз рас.Енді қалай айтсам екен, қарқыны қатты тасқын секілді ырық бермей барады.Өз басым баламның Бекболат Тілеуханның айтқандарын, әндерін тыңдап отырғанын көргенде,түбі ауа жайылып кетпейтін шығарсың деп ойлаймында, қоямын.

  2. Жанар

    Еркіне жіберу — баланы тәрбиесіз өсірумен тең. Тәйт дегенді біліп-өскен бала ертең ата-анасына разылығын білдіреді. Аздап таяқтап алған да дұрыс деп ойлаймын.

  3. Көкше Ақын.

    Жанардың айтқанының жаны бар.Бір-екі бала болғасын соған өбектеп тым еркінсітіп аламыз.Ал баланы таяқтау дұрыс емес шығар.Мен бір ұл, бір қыздың әкесімін.Екеуін де өте еркімен еркелетіп өсірдім.Ұл-23 те, қыз-22 де,екеуінің көзқарасы, таным-түсінігі екі түрлі, екеуімен кез келген мәселеде ашық сөйлесемін.Өмірде бәрі ойдағыдай бола бермейді, кейде ұлға сын айтуға тура келеді.Жасында ерке өскен балаға сәл сын айтылса,қабылдамай бұлқан-талқан болатыны бар.Сондықтан сынды сылап-сыйпамай қатты айтуға тура келеді.Ал сабасына түскесін, -сен ерке болсаң, әкеңмен шешеңнің ған еркесісің, қатты батырып айтатын себебім осы деймін ғой.Менің мамандығым жай ғана қарапайым экскаваторшы болғандықтан адам тәрбиесі жайлы көсіліп,көп нәрсе айталмаймын.Қысқартып айтқанда ақыл айтар ата-ана біздерге көп нәрсе қатысты.

  4. Алмаc

    Жанар, баланы таяқтау керек дегеніңмен келіспеймін. Онсыз да қазақ балалары төменшектеп, жәутеңдеп ата-анасына қарап тұрады. Баланы қыдыртатын болсаң байқаған шығарсың, орыстар баласымен үлкен кісімен сөйлескендей ақылдасып отырады. Осы дұрыс. Таяқтау өткен заманда қалып кеткен дүние.

  5. Темір

    Орыстардың балалары қатыгез болып өсетін сияқты. Ата аналарын тастап кетіп қалып жатады.

  6. Сәке

    Ондайлар қазақтарда да жетіп артылар…

  7. ханым Nora

    Егер шұғыл несие керек пе? Сіз борыш болып табылады? Сіз кез келген мән-жайлар Біздің қызметтер қазір, Easy & Secure несиелер Жылдам болып табылады, өз бизнесін қайта қаржыландыру шұғыл несие қажет ?, Егер сіз банкпен жоққа шықты, артық емес алаңдатты. Бүгін $ 1,000.000 — $ 2,000 дейін қарызға! Бұл электрондық пошта несие ақпарат бізге хабарласыңыз: noramildred.loans@hotmail.com

    Ескертпе: 24 сағат ішінде алдын ала жауап және қаржыландыру күтеді

    Құрметпен.
    ханым Nora

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.