Талант тағылымы

Қазақ поэзиясын ақын Қадыр Мырза-Әлісіз қаншалықты көз алдымызға елестете алмасақ, оның өлең өлкесіне келгеннен бергі уақыт аралығындағы ұлт рухын қалыптастырудағы еңбегін де соншалықты жоққа шығара алмаймыз. Ол қазақ поэзиясы арқылы алып Қазақстанның, оның ішінде ұлтымыздың тұтастай понорамасын жасаған тұлға. Оның поэзиясы бізді поэтикалық өнердің заңдылығы мен ерік еркіндігіндегі сезім мен ойдың уақыты мен кеңістігін, биіктігі мен тереңдігін асқан жауапкершілікпен сезіндіріп, білдіретін ерекше құбылыс. Қадекең поэзиясынсыз толыққанды ұлттық қазақ поэзиясын көз алдымызға келтіру қиын. Ол – аксиома. Оның бүкіл шығармашылық ғұмыры тұтас бір ұлттың тарихы, сол ұлт өмір сүрген қоғам, заман, уақыттың барометрі.

Қадекең творчествосы ұлт трагедиясы мен бақытының, оның ғұмырнамасының айнасы. Ол сол жолда, сол бағыт-бағдарда, сол мақсат-мұратта еңбек етіп келе жатқан, өз өлең жолымен айтқанда «өмірін бірден азамат болып бастаған» ақын. Қадыр Мырза-Әлі өз буын, өз өмірінің ғұмырнамасын жырлаушы ғана емес, сол арқылы тұтастай ұлттың атынан сөз айта алатын дәрежеге көтерілген ірі тұлға. Міне, осындайда кім көрінгеннің үлкен мінбелерден «Менің қазағым», «Менің халқым» деп сөйлеп тұрғанда сол қазақ, сол халық оны ұлым, не қызым деп танып мойындай ма, не олардың қай-қайсысы болмасын сол киелі ұғымдарды иеленерліктей сөз айту дәрежесіне көтерілді ме деген де ойға еріксіз берілесің.

Ақынның қай жинағы болмасын жақсы мен жаманның, аласа мен биіктің, тарлық пен кеңдіктің, уақыт пен кеңістіктің, заңдылық пен кездейсоқтың ара-жігін ашып береді.

Сайран далам!

Қайран далам — кенішім!

Қақпақылдай қаға аласың мені шын.

Кемеңгердің

Даналардың өзі де

Көп ұлыңның бірі ғана Ел үшін!

деуінің өзі адами қарапайым болмыс, мысық көнбесі жоқ ашықтық пен кеудемсоқтықсыз мінез жаратылысы. Мұнда артық образ не ұқсату жоқ. Қарапайым сөздердің қарадүрсіндіктен ада поэтикалық қуаты. Ең бастысы оған сенесің.

Жалпы, Қадыр Мырза-Әлі поэзиясы тұтас, етек-жеңі жинақы, құрылымының өзі бірін-бірі толықтырып, Блок сөзімен айтқанда, «Ақын – үндестік ұлы» ұғымына толық жауап беретін поэзия. Ол энциклопедиялық жыр әлемі. Ақынның «Ой орманынан» бастап, күні бүгінгі 12 томдығына дейінгі аралықтағы творчестволық-ғұмырнамасының өзі үндестік үрдісінің эталоны. Мен осы кезге дейін Қадыр Мырза-Әлідей дініне берік ақынды кездестірген емеспін. Өйткені, оның ақындық бүкіл қан тамыры ә дегеннен-ақ ұлттық менталитет деп соққан, соғып келеді.

Сол 12 томдағы КЕҢІСТІКТЕН бастап, ТЕРЕҢДІККЕ және УАҚЫТҚА дейінгі аралықтағы жырға арқау болған Оңтүстіктен Шығысқа созылған Қазақстан жерінің тарихы мен географиясы, оны жайлаған қазақ халқының шежіресі, тұрмыстық-әлеуметтік тіршілігі, құдай берген болмыс-бітімі әрі табиғаты соны айғақтайды. Қадыр Мырза-Әлі поэзиясын энциклопедия деуіміздің де сыры сонда.

Боз бояуына байланысты қазақ өлеңінде түсінік-үғым, жалпы көрініс-сурет, құбылыс-ұқсату, қозғалыс-ырғақ пен әуезді әуен, образ-бейне, ой-сезім қаншама! Жер бетінде қанша ақын болса, соншама шығар, сірә. Ақын жырлауында оның түсі айшықтанып табиғат пен адам, қоғам мен заман, уақыт пен кеңістік, биіктік пен тереңдікке, образ бен ой елегіне түскенде тіпті құлпырып қоя береді. Енді, өлеңінің өзіне жүгінелікші:

Боз дала, құшағыңды аш, қозың келді,

Боз тарта бастадым-ау өзім де енді.

Бозаңнан іздейді көз боз үйлерді,

Бозаңнан іздейді көз боз інгенді.

Боз белден құлады бір сезім көші,

Боз қырау қысыңды ойлап езілмеші.

Баран түн қылаң таң боп бозарғанда,

Боз торғай, бебеу қақшы, безілдеші!

Міне, бұл қазақ ұлтының символына айналып кеткен түс-бояудың көрінісі емес пе. Осылай дала ұлы ғана жырласа керек. Сан қайталанып отырған БОЗ БОЯУДЫҢ реңі алуан сырлы да, қырлы өмірден мәлімет береді. Және не деген үндестікке толы дыбыс пен ырғақ, яки музыка… Не деген мазмұн мен түр-түс… Бұл «етінен ет кесіп ала алмайтынға» келетін қуатты әрі тірі поэтикалық тұтас организм. Мұндағы сөз, сөйлем үнемділігі, өлеңдегі жинақылық өзін ақын дейтін кез келгенімізге үлгі боларлықтай дүние.

Сонымен бірге, ақынның «Алаш арманы» жинағының әрбір бөлімдеріндегі соңғы лирикалық шегіністердің өзі неге тұрады? Онда ақын лирик ғана емес, философ та. Қараңыз, бірінші лирикалық шегініс ТАҢ, екінші лирикалық шегініс ТҮС, үшінші лирикалық шегініс КЕШ. Бұлардың әрқайсысында мән-мағына мазмұн бар. Яғни, бұл да өмір үндестігі мен заңдылығынан құралған. ТАҢ балалық, ТҮС жастық, КЕШ қарттық. Аталған лирикалық шегіністердің қай-қайсысында да абстракция мен нобай не жобаның (схема) арасында адасушылық жоқ. Ақын тұла бойымен қабылдап сезінгенін, басынан өткізіп, ғұмырында кешкенін еш боямасыз поэтикалық көркемдікпен оқырман жүрегіне жеткізеді. Ең бастысы, ақынға сенесіз, ең бастысы ақын оқырманын алдамайды, сосын ол оқырманға ешуақытта да өтірік айтпайды. Бұған дейін де өтірік айтпаған. Бұл ақын бақыты. Ол балалық туралы айта келіп:

О, балалық! Естен шықпас үзігім,

Өте шықты көз алдымда қызығың.

Бәрі-бәрі,

Бәрі кетті,

Жалғыз-ақ

Қалды бетте ұят деген қызылың!…

десе, біз неге оған сенбейміз. Сенеміз, өйткені біз қазақ ар-ождан негізінде қалыптасқан ұлттар өкіліненбіз. Ақын сондықтан да адамның ар-ожданының жүзінде жүретінін жақсы біледі. Өлең объектісінің де ақиқаттылығы мен жарасылымдығы сонда. Мұндай әдемі өлеңдер аталған лирикалық шегіністе өте көп. Ақын олардың қай-қайсысында да өзінің қашанғы тапқырлығын айғақтайтын айтқыштығынан бір танбайды. Онда, яки аталған балалық жырларында соғыстың қасіретті күндерін басынан кешкен ұрпақтың тағдыры да жыр сайын қылаң ұрып тұрады. Балалығын соғыс алған буын оны еш ұмытпақ емес. Мына бір өлеңдегі шумақтарға назар салайықшы.

Азаматқа тапшы үйде,

Өсті қыран ақ иық.

Жебе істедік ақ шиден,

Жас шыбықтан жақ иіп.

дей келе ақын:

Өмір деген әлемнің,

Көрген бәрін бұл балаң.

Айтыңдаршы Мен енді

Адам болмай, кім болам?!

Ақын болмай, кім болам?! —

деп толғайды. Бұл көз жасын көрсетпей, қапалығын сездірмей егілген балалықтың көрінісі. Трагедия ма, трагедия! Ақын мен азаматтықтың арасы осылай үндесіп, поэтикалық сұмдық бір қуатқа ие болады. Мұндай өлеңдерді аталған үш лирикалық шегіністің қай-қайсысынан да молынан ұшырастырамыз. Бір қызығы ақын қарттықтың келісін уақыттан көрмейді.

Жеткендей бір күткен күнің сарылып,

Жатар қарны ақ түйенің жарылып.

Келмейді екен кемпір болып, Ене боп,

Келін болып келеді екен… Кәрілік!

Кей күндері отырасың тарынып,

Жиған-түйген дүниең бір дәрілік.

Келмейді екен ақсақал боп, Ата боп,

Немере боп келеді екен… Кәрілік!

Бұл өлең уақытты арашалау арқылы өмір заңдылығына жүгіну емес пе?… Ал, оны ауырлатпай, адам жанын жаралайтындай дәрежеге көтермей, осындай бір әдемі тәсілмен оқырманға жеткізу кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермеген. Мұны қазақша, жақсы мағынадағы «мақтамен бауыздау» дейді. Өлеңдегі ойлылық пен сезімталдықтың арасына жік түсірмей, өмірден көріп-түйгенді қылаусыз жеткізу деп осыны айтса керек.

Мен Қадыр Мырза-Әлінің ақын ретіндегі адамдық және әлеуметтік-тұрмыстық шығармашылығындағы әмбебап тәжірибелілігіне таңқаламын. Бұл тұрғыда ол өзінің ақындық поэтикасына тән көркемдігі мен сезімталдығына, сосын ойлылығына бірде-бір қылау түсірмей, көріп-білгенін, сезіп көңілге түйгенін образбен жеткізе алады. Және оны ол қазақтың ұлттық мінезін көрсететін қоғамдық деңгейге дейін көтереді. Мысал. «Түз жолы».

Тамызда тұнып тұрған маса қандай!

Маза жоқ масахана жасап алмай.

Шығады қыр басына қисалаңдап

Түз жолы

Әжептәуір мас адамдай!

…Өз еркім

Дала тойын басқартам ба?

Немесе төр ұсынып,

Бас тартам ба?!

Әйтеуір,

Қалай қарай бұрылса да,

Түз жолы тіреледі дастарқанға!

Осындағы «әжептәуір мас адамдай, ТҮЗ ЖОЛЫ» қандай жылы жұмсақ юморға толы болса, сол «ТҮЗ ЖОЛЫНЫҢ дастарханға тірелеуі» де соншалықты қазақы мінездің көрінісі. Аталған образды ұқсатуды жандандырып, әрі әр беріп тұрған «әжептәуір» мас бейне! Егер, ол «қатты мас» болса, онда әдемі суретке толы әлгі көріністің быт-шыты шыққан болар еді. Мұндағы бір ғана сөйлемнің рөлі өлеңге қаншама жан бітіріп тұр. Міне, бұл Қадыр Мырза-Әлі таланты ғана көтеретін салмақ. Әйтпесе, «Ұлы дала» жырындағы:

Төрт тұяғы от шашар шақпағындай,

Қол жетпейді, шіркін-ай, атқа мұндай!

Қандай тегіс бұл дала, Қандай байтақ!

Төңкерілген аспанның қақпағындай!

деген қазақы ұқсату біздің ұлтымыздың образдық ойлау жүйесіндегі ерекшелік болса керек.

Нағыз ақын туралы жазу қиын әрі оңай. Оңайлығы – ол туралы шама-шарқың жетсе қалай жазуға да болады. Өйткені, оның соған тұратын творчествосы бар. Ал қиындығы, ол өзі, арысы өзгелер жайында да өзі жазып қойған, оның үстіне оған өзің тілге тиек еткелі отырған сол нағыз ақын жайындағы жазылған мақалаларды қоссаң онда мәселе тіпті күрделене түседі. Ал, Қадыр Мырза-Әлі нағыз ақын. Сосын тағы бір қиындығы, оның поэзиясы тұтас бір жан-жақты қамтылған монументалды энциклопедия. Ақынның поэтикалық жадында шекара шек жоқ. Ол оның жырына арқау болған қазақ тарихы, қазақ жерінің географиясы, қазақ әдет-ғұрпы, салт-санасы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, соларға сай қазақ ел-жерінің табиғаты, айта берді қазақтың тарихи-табиғи процесс барысындағы өркениеті мен мәдениетінде.

Жалпы, көркемдік пен жылылықты, музыка мен тілді сезінбеу – ол ақынның идеясыздығы. Мұнымен айтайын дегеніміз, Қадыр Мырза-Әлідегі ақындық ерік-еркіндігі. Ол өзін-өзі табиғи процесс арқылы қайда, қай тақырыпқа салмасын, қандай құбылысқа бой алдырмасын өзін судағы балықтай сезінеді.

Қайталап айтамыз, ерік-еркіндігі. Міне, бар мәселе осында. Бір кезде, бір кездесуде өлең оқып тұрған Блоктан Отан туралы жыр оқыңыз деген сауалдар тұс-тұстан жауып кетіпті. Сонда Блок осыған дейінгі оқығанымның бәрі де Отан туралы деген көрінеді. Мен Қадыр Мырза-Әлі туралы да соны айтар едім. Ол қай тақырыпты жазбасын барлығы да өзінің кең байтақ Отаны — Қазақстан, сосын ондағы қазақ ұлты туралы. Ал, оның бәрін құрайтын, жинақтайтын, тұтастандыратын, сол көркемдік пен жылылық, музыка мен тіл…

Міне, Қадыр Мырза-Әлі сондай ақын. Оның тұтас поэзиясы сондай. Әйтпесе, ол қазақ тарихы туралы:

Менің бабам қақтаған қыр аптабы

Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады.

Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,

Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы.

демес еді.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.