Бала берсең, сана бер…

Газеттің өткен нөмірінде («Ана тілі», (№3, (1261) 22-28 қаңтар, 2015 ж.) тілші Бағдагүл Балаубаеваның «Айфон» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада бүгінгі күннің өзекті тақырыбы қозғалыпты. Оқып отырып, арасынан өз баламды көргендей күй кештім. «Бала – адамның бауыр еті» дегенімізбен, тым еркінсітіп, қателік жіберіп жатқанымыз рас. Өкінішке қарай, бүгінгі күні баланың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып, тіптен балаға сөзі жүрмей қалған отбасыларды да кезіктіріп жатамыз.

Мақала мені терең ойға жетеледі. Балалық шағымды еске түсіріп, әке тәрбиесінің дұрыстығын көз алдыма әкелді. Кешегі әкелеріміздің біздің бойымызға сіңірген тәрбиесін бүгінгі ұрпағымызға, өз баламызға бере алмай жатқанымыз мені қынжылтады.
Мен үйдегі 10 баланың ең кенжесі болдым. Ата-анамыз бізді өте қатал ұстады. Әкемнің қолынан келмейтін ісі жоқ еді. Ертоқым, ноқта-жүген, айыл-тұрман, таға-шеге, ауыздық, кісен, үзеңгі секілді бұйымдардың шебері болды. Тіпті аяқ киім жөндеп те нәпақасын табатын. Несін жасырайын, дәл сол аяқ киім жөндейтіні маған ұнамайтын. Өйткені өзіммен тете ағамның ескі аяқ киімін жөндеп, маған кигізетін. Сапасы жағынан жақсы болғанымен, «мен неге жаңасын кимеймін!» деген қыжыл ішімде тұратын. Қазір ойлап отырсам, осының өзі үлкен тәрбие мектебі екен. Нәтижесінде аса қымбат дүниелерге қол соза бермеймін, яғни қарапайымдылыққа үйретті.
Ал бүгінде өзім «еуростандарт» бір ұл, бір қыздың әкесімін. Екеуін де бетінен қақпай, еркін өсірдім. «Ата-ананың баласына берген ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» деп айтып жатамыз. «Осы сөзді мен өзім жан-тәніммен түсініп, толық іске асыра алдым ба?» деп күнделікті өзіме-өзім сұрақ қоямын. «Әке – балаға сыншы» дегендейін, екі баланы ақыл-парасат, таным-түсінік жағынан бөле қарамаймын. Дегенмен, қызымның озық жақтарын байқаймын. Ал ұлға сын айтатын кездерім болады. Сын деп жұмсартып айтып отырмын. Айтқанда, қатты әрі нақты айтамын. Себебі бала әке-шешесінің еркесі болғанымен, қоғамның еркесі емес. Кейін опық жемесін деп, жаның ашығасын айтасың.
Қазақтың «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген сөзі өте тамаша айтылған. Қорыта айт­қанда, мәселе өте жан-жақты көте­рілген және үлкенге де, кішіге де ең бас­тысы сана керек деп ойлаймын.

Көкше Ақынұлы
ТЕМІРТАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жанар

    Бала емес, қазір әкенің өзі тағаның не екенін білмейтін халде. Балаға не сор. Көкше Ақынұлы жақсы мысал келтіріп, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіпті.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.