«Ер Сайын жыры»

Ахмет Байтұрсынұлы әдебиетші ретінде халық әдебиеті үлгілерін зерттеп, кітап етіп бастырған ғалым. Ол 1923 жылы Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан халық жыры «Ер Сайынды» жеке кітап етіп шығарып, әйгілі орыс ғалымы Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Николаевич Потаниннің туғанына 80 жас толуына орай тарту етіп сыйлаған.

Г.Н.Потанинге Ахмет Байтұр­сын­ұлы жазған арнау өлеңі былай басталады:
Атақты Сібір ұлы қарт Потанин!
Ер сүйсе сендей сүйсін ел –
Отанын.
Қазақсың, қалмақсың деп
алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын.
Қазаққа Потаниннің аты ардақты,
Ямыштың біліп отыр қанша
шалын?!.
Мәскеу, 1923. «Ер Сайын».
Жыршылар аузынан алып, өңдеп өткеруші – Байтұрсынұлы Ахмет.
«Ер Сайын» бұрынғы халық аузында сақталған жырларша былайша басталады:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда…
Бес намазын қоймаған,
Бір құдайды ойлаған.
Қара басы хан болған,
Байлығы жұртқа аң болған.
Малы Алашқа таң болған,
Бозмұнай атты бай болған.
Қатыны қартаяды, байда бала болмайды. Құлдарынан қорлық көреді. Бозмұнай бай бір Аллаға жалбарынады, мінәжат жасайды. Әкесі жетпістен асқанда, анасы елуге келгенде Алла Тағала қолдап, олар ұлды болатын болады.
Ұлдың дүниеге келуінің де көп қиын­дықтары да жырда келісті жыр­ланады. Сайындай ердің өсіп, жетілуі де қиындықтан кенде болмады.
Бір күндері болғанда,
Сайын жасқа толғанда,
Мұның даңқын есітіп,
Қара Қыпшақ Қобыланды:
Мың кісіні алайық,
Сол Сайынға барайық.
Рас болса ерлігі
Қолымызға алайық
Алыста жатқан қалмаққа,
Бір соғысты салайық, – деп жолға шығады. Қобыланды Ер Сайынға:
Алла ашсын жолыңды,
Ұзын қылсың қолыңды.
Танып жүргін, ие балам.
Оңың менен солыңды! – дегендей ақ батасын береді. Сайынның ел қамқоры болып өсуіне ақ жол тілейді.
«Ер Сайын» жырын өңдеп, саралап, кітап етіп бастырып Ахмет Бай­тұрсынұлының «Қазаққа Потанин­нің аты ардақты» деп тапсыруы жайдан-жай емес.
Орыс ғалымы, жиһангер, фоль­клоршы, түркі, моңғол халық­тары тарихын зерттеуші, қа­лам­гер Потанин Омбыдағы кадет корпусында Шоқан Уәлиха­новпен бірге оқыған, айнымас досы. Қазақтың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрін зерттеген ғалым, сая­хатшы. Батыс Моңғолия, Тува елдерінде ғылыми-зерттеу жұмыс­тарында болған. «Қазақтың соңғы Ханзадасының киіз үйінде», «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз әңгімелері және ертегі­лері» еңбегі оның түркі, моң­ғол ғылымына қосқан үлкен үлесі. Хакім Абай, оның інісі Халиулла Өскенбаев туралы да жазған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы болса Григорий Николаевич Потанинге (1835-1920ж.ж.) өлең арнаған.
Біз едік қадірі жоқ ұл әкеге,
Көп жатқан мешел болып
көлеңкеде,
Әл бітіп, жаңа ғана аяқ басып,
Іліндік біз де жетіп мерекеге.
Тойыңа шашу алып шаттанамыз,
Білдіріп жүрек лебін Герекеңе…
«Алдына Алаш тарту ұсынған Григорий Николаевичті» «А.Б.» қазақы құрметпен «Гереке» деп сыйлайды, құрметтейді. Қазақтың жыр жау­һар­ларының бірі «Ер Сайынды» Алаш атынан ұсынады. «Орамал тон болмаса да жолға жарар» деп тарту өлеңін арнайды. Қыр баласы – Әлихан Бөкейханов болса жырға соңғы сөз жазады. Қыр баласы екі рет «Григорий Николаевич Потанин» атты ғалымның өмір жолынан мол дерек берген естелігін жазған. Әлихан Бөкейханов болса сол естеліктерін: «Қазақты туғанындай жақсы көрді. «Бейшарасың» деп қазаққа қорған болды. Өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей» деген сөздермен қорытындылайды.
Демек, қазақтың қос арысының кереметтей тарту сыйына, арнау сөздеріне ие болған Г.Н.Потанинмен біз де мақтанамыз, оның Алаш тарихына қосқан еңбегін құрмет тұтамыз, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бө­кейхановтың орыс ғалымына де­ген ыстық ықыластарына қайран қаламыз.

А.Абдуллина,
Ы.Алтынсарин атындағы
Арқалық мемлекеттік
педагогикалық институты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.