Сұрапыл жылдар жаңғырығы

Қашан да тұтқиылдан шабуыл жасау қарсыласына үлкен шығын әкеледі. Мысалы, соғыстың тек алғашқы алты айында ғана кеңес әскерлері 3138 мың адамнан айырылса, бүкіл соғыс барысындағы қаза тапқан солдаттар мен офицерлердің 40 пайыздайы осы қанқұйлы 41-жылдың үлесіне тиеді екен. Оның ішінде 1941 жылдың маусым-қараша аралығында Қызыл әскер майданында күніне екі дивизиядай, яғни 24 мың адамынан айырылса, соғыс аяғында 20 мың адамды құраған. Міне, жағдай осылай болуына қарамастан кеңес халқы опасыздықпен соқтыққан, аранын ашып келген ажалға тайсалмай қарсы шығып, жауынгерлік ерлік пен батырлықтың баға жетпес үлгісін көрсетті. Кеңес солдатының ересен ерік-жігері, қайтпас қайрат-қажыры, төгілген қаны арқылы, тыл еңбеккерлерінің күні-түні тыным таппаған, тәуліктеп нәр татпаған табандылығы мен төзімділігі арқылы жеңіске қол жетті.

Шекаралық шептерде-ақ, күші басым жау ел шетіне ентелеп кіре бастаған шақта да жігері жасымаған жауынгерлеріміз Брест пен Ленинградты, Киевті, Одессаны, Севастопольді қорғау кезінде, Смоленск шайқасыңда, Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қаһармандықтың небір үлгілерін көрсетті. Ал Сталинград, Курск, Днепр бойында жүргізілген ұрыстарда жаппай берілген соққылардан соң жау әбден-ақ есеңгіреді. Бұдан әрі ол келеге келуден кетті. Ұрыс шептері еліміз шекарасынан әрмен қарай өтіп, жауға үсті-үстіне соққы берілді. Сөйтіп, Кеңес Армиясы енді өзінің азаткерлік қызметін атқарып, Еуропа халықтарын фашистік езгіден құтқарды. Жеңіс, Ұлы Жеңіс осылай келді. Фашист басқыншыларына, фашизм мен озбырлық атаулының бәріне халықтар атынан шығарылған лағынет-қарғыс үкімі осылай орындалды. Соғыстың соңғы кезінде антигитлерлік коалацияға елуден астам мемлекетті топтастырған тарихқа қажеттілік осылай жүзеге асқан.
Кеңес елінің осынау Ұлы Жеңіс шежіресінде Қазақстан еңбекшілерінің де майдандағы, тылдағы ересен зор ерліктерімен жазылған қымбат беттер бар.
Қазақстан соғысқа 1 млн. 366 мың адамды аттандырып, Отан қорғауға 5183 қыз-келіншек қатысыпты. Осы орайда республикадан 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және 2 артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полктар, 14 жеке батальондар құрылып майданға жіберілген. Мұнымен қоса, соғыс кезінде республикадан тыс жерлерде жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдерді, сондай-ақ Балтық Флотының Қызыл тулы «Киров» крейсерін Қазақстан адам ресурстарымен қамтамасыз етті.
Қазақстанда жасақталған дивизиялардың көбі 1941 жылдың шілде айынан бастап әскери дайындықтан шұғыл түрде өтіп, бірер айдан соң майданға аттандырылып жатты. Осындай дивизиялардың бір тобы Батыс майданы әскерлерінің құрамына еніп, Мәскеуді қорғауға қатысты, солардың бірі генерал И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы, кейіннен бұл құрама асқан ерліктің үлгісін көрсеткені үшін алғашқылардың бірі болып, 8-гвардиялық дивизия деген құрметті атаққа ие болды.
Республикада жасақталған әскери құрамалар Ұлы Отан соғысының бас­ты майдандарында болып, жеңіс жолында аянбай жаумен шайқасты. Олар Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Сталинградты қорғасып, Пау­люс әскерлерін талқандады. Ленинград қаласын қорғасып, оны жаудан азат етті. 1943 жылдың жазында болған Орел-Курск шайқасына қатысып, кеңес жерін гитлерлік басқыншылардан азат ету жолындағы жеңіске өз үлесін қосты. Ақыры жау астанасы Берлинді алуға, маршал Жуков басқарған І-Беларусь майданының құрамында болған қазақ жауынгерлері Кеңес Одағының Батыры, атқыштар батальонының командирі, майор Сағадат Нұрмағамбетовтың жауынгерлері Гитлер паналаған бункерді талқандаса, взвод командирі Рақымжан Кошқарбаев жау ұясы Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту қадасты. Берлин қаласында шайқасқа қатысып, Рейхстагқа ту тіккен 150-атқыштар дивизиясы Қостанайда жасақталған 756-аткыштар бригадасы негізінде құрылған еді.
Соғыс жылдары қазақстаңдық бес әскери құрамаға гвардиялық деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды. Олардың жауынгерлік ерлігі аңызға айналды. Қазақстаннан тыс жерлерде құрылған немесе тіке майдандағы бөлімдерге қосылған жерлес жауынгерлер де ерлікпен соғысты. Мәселен, Сталинградты қорғауда айрықша рөл атқарған 62-армияның құрамында 1942 жылы 1-тамызда 3820 қазақ, ал Сталинград түбінде соғысқан 21-армияның кұрамында осы кезде 1225 қазақ болған. Бұл армиялардың құрамында Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдер жоқ болатын. Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған алты әскери құрама қатысты, олардың ішінде 29 және 38-атқыштар дивизиясы болды, бұлар кейіннен 72-гвардиялық атқыш­тар дивизиясы деп аталады. Ал 73-гвардиялық дивизия «Сталин­градтық» дивизия деп аталып, Ғани Сафиуллинге генерал-майор атағы берілді. Ол 7-гвардиялық армияның құрамында (бұрынғы 64-армия) Курск шайқасына қатысып, кейін Украинаны, Молдавияны, Австрияны азат ету ұрыстарына қатысып, екінші дүниежүзілік соғысты Тынық мұхитының жағасында аяқтады. Соғыстан кейін ол отставкаға кетіп, Қазан қаласында тұрып, 70-жылдың аяғында дүние салды. Бұл азамат 30-жылдары Қазақстан Орталық комсомол комитеттерінде жетекші қызмет атқарған.

согыс
Біз мына мәселені ескеруіміз керек, Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің құрамындағы ұлт өкілдерінің сан мөлшері көп айтыла бермейтін. Тоталитарлық жүйе және оның идеологиясы, ұлттық айырмашылықтар мен ерекшеліктерді, халықтар достығы, коммунистік патриотизм деген ұранның маңына топтастырып, онша дәріптемейтін. Тіпті Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамы да көп ұлтты болып, олардың ұлттық, таптық құрамы пайыздық мөлшерде ғана көрсетілген. Республикалық бюджеттің есебінен жасақталған ұлттық 100-інші, 101-інші дербес атқыштар бригадасы мен 3 атты әскер дивизиясының құрамында ғана негізінен қазақтар болса, ал олардың қолбасшылық құрамы көбінесе орыс ұлтының өкілдерінен тұрды. Соғыс басталған кезде әскери дивизия мен бригаданың басында қазақ командирі болған емес, ал одан төменгі орта офицер құрамында да олардың саны тым аз болды. Мұның да өз себептері бар дейміз. Біріншіден, қазақ ұлтынан шыққан офицерлер құрамының аз болуы болса, екіншіден, оларды әскери училище, академияларда оқытып, дайындауға орталық әскери ведомстволар құлықсыздық танытты. Соғысқа дейін әскери академияны бітірген Шәкір Жексенбаев техникалық қызметте генерал-майор болатын, оның өзінде де бұйрықты ол Фрунзе атындағы академияны бітіргеннен кейін жиырма жылдай уақыт өткен соң алды. Соғыс қарсаңында әскери академияны бітірген біздің жерлестеріміз де болды. Солардың бірі Ғали Әділбеков, ол – Қызыл Армияның әскер академиясын бітіріп, соғыс басталғанда танк әскерлерінің құрамында жаумен шайқасты.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ғали Әділбековтің тікелей командирі болған, кейін Кеңес Одағының маршалы атағын алған И.И.Якубовский өзінің «Земля в огне» деген 1975 жылы жарияланған мемуарында жаумен шайқаста ерлік көрсеткен танк әскерлерінің командирлері жөнінде айта келіп, солардың біреуі жөнінде ерекше әңгімелегісі келетінін білдіреді: «Менің айтайын дегенім, подполковник Ғ.Әділбеков туралы, оның ұлты қазақ болатын. Ғали Әділбековпен біз 42-нің қаңтарынан, 121-танк бригадасында қызмет еткен кезден таныс болатынбыз. Ол тамаша моральдік-әскери қасиет иесі еді: ұйымдастырушылық қабілеті, ерік-жігері мол, гитлершілермен күресте қорқу дегенді білмейтін. Осылай бола тұрып, ол тым қарапайым, барлық жауынгерлер мен офицерлерді өз маңына тартып тұратын адам еді… Ол Ұлы Отан соғысын танк батальонының командирі болып бастады. 42-нің ақпанында «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ол басқарған батальон жаудың жиырмадан астам танкі мен бронды машинасын, он танкіге қарсы ататын зеңбірегін, бірнеше рота жаяу әскерін құртты. Тағдыр екеумізді кейін Днепр бекіністерінде кездестірді. Ғали Әділбекұлы гвардиялық танк полкінің командирі еді. Егер 43-тің қарашасында ерлікпен қаза таппағанда үлкен шенді әскери бастық дәрежесіне көтеріліп, көптеген даңқты жауынгерлік істерді тындырған болар еді…» дейді.
Подполковник Ғали Әділбеков 1943 жылдың 21-қарашасында Днепр жағасында жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапты.
Тағы бір көрнекті командир турлы біле бермейміз. Ол – 1932 жылдан армия қатарында болған полковник Әбілқай Баймолдин еді. Соғыс қарсаңында В.И.Ленин атындағы саяси-әскери академияны бітіріп, 1941 жылы генерал Л.М.Доватордың 2-гвардиялық атты әскер корпусында атты әскер полкінің комиссары қызметінен бастап, қазақстандық ұлттық дербес 100-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметінде жүріп, Неваль қаласының маңында 1944 жылғы 4-қаңтарда қаза болды.
Ал Бауыржан Момышұлы туралы, Мәскеу түбіндегі шайқаста ол басқарған атқыштар батальонының ерліктері жөнінде оның өзінің де, ол туралы елдің де жазғандары жеткілікті. 16-армияның қолбасшысы, генерал- лейтенант К.Рокоссовский Б.Момышұлын қабылдап, оған бүкіл Қызыл Армияда полк командирі болған бірінші аға лейтенант боласыз деген екен. Қазақ – жаратылысынан жауынгер халық, олар найза мен қылыштың заманында ғана емес, автоматты қару мен моторлы соғыстың заманында да өзінің қайсар қайтпас халық екенін көрсете білді, өздерінің даңқты ерліктерімен соғыс тарихының беттеріне есімдері алтын әріппен жазылды.
Көптеген қазақстандық жауынгерлер жау тылында қоршауда қалып, Партизандық күреске араласты. Соғыс жылдары 3,5 мың қазақстандық партизан отрядтарында болды. Олардың ішінде бүгінде есімдері барша жұртшылыққа мәлім Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешов, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров сынды батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова сияқты қыз-келіншектер де ерлік көрсетті.
Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағы бойынша орден және медальдармен марапатталғандардың ішінде 96 мың 638 қазақ жауынгері бар. 11 мың 695 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, соның ішінде жүзге жуығы қазақтар, 110 қазақстандық «Даңқ» орденінің үш дәрежесіне де ие болды. Бұрын айтылып, жазылып жүрген, тіпті ғылыми еңбектер мен үкімет адамдарының ресми баяндамаларында 500-дей адам деп көрсетіліп жүрді. Қазір олардың саны 106 батыр деп жазылды. Бұлар соғыстағы ерліктері үшін ештен-кеш жақсы дегендей, әділеттік салтанат құрып, «Алтын Жұлдызын» алған адамдар. Мысалы, батыр ұшқыш Плис Нұрпейісов Ақтөбенің жігіті, Қарақалпақстанға кейін көшіп барған. Ұшқыш Бақтораз Бейсекбаев соғыстың бесінші күні-ақ асқан ерлік жасаған. Оған Батыр атағы уақытында берілмей, 1997 жылы ғана Ресейдің және Қазақстанның қаһарманы атанды. Ал қазақстандық төрт ұшқыш, кейін әуе күштерінің генералдары Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атақты екі рет иемденді. Қазақстандықтар арасында бірінші болып Кеңес Одағының Батыры атағын павлодарлық танк әскерінің генерал-майоры Кузьма Семаченко (1941 жылдың 22-маусымында) алса, ең соңғысы атақты панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлына (1991 жылдың 11-желтоқсанында) берілді. Украинаны азат етуде 120-дан аса қазақстандық жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ие болды. Днепр үшін болған шайқаста 18 жасар Жәнібек Елеусізов қазақтар арасындағы ең жас Кеңес Одағының Батыры болды.
Ұлы Жеңістің мерейтойына байланыс­ты Кеңес Одағы Батырларының санын миллион адамға шағып, ғылыми талдау жасаған едік. Миллион адамға шаққанда Батырлар саны қазақта 35 адам болды, ал түрікменде – 20, қырғызстанда – 18, өзбекте – 16, тәжіктерде – 14 адам. Бір ғажабы сталиндік өктемдіктен өткен, ендігі жерде «біздің қазақтардың соғыста көрсеткен ерліктері өз дәрежесінде бағалана алды ма» деген сұрақ туады.
Меніңше, жеткілікті бағаланған жоқ. Пікірімізді нақты деректермен дәйектейік.
Бірінші дерек – 1941 жылы Панфиловтың тірі кезінде Бауыржан Момышұлы Ленин орденімен марапаттауға ұсынылған, ал генерал И.Серебряков 1942 жылы жаңа жыл карсаңыңда оған «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруді ұсынған болатынды. Өкінішке қарай, бұл екі награда да Баукеңе бұйырмады. Себебі жоғарғы әскери басшылар Баукеңнің өздерінен бұрын әскери романға бас кейіпкер болғанына «риза» болып жүрген. Демек, «қайдағы жоқ қазақ» біздерден бұрын әскери-тарихи романға кіріп кетті деген көпе-көрнеу көреалмастықтан жолы кесілді. Осы себепті Александр Бекке де Сталиндік сыйлықты бергізбей қойды. Баукеңді дивизия командирлігіне тағайындау кезінде оны Жуков: «Мен полковникті соғыстың қаһарманы екен десем, кітаптың қаһарманы екен ғой» деп кекетеді. Баукең сөзден ұтылсын ба, оның бет-жүзіне қарамай, бірауыз сөзбен мықтап тұрып жауап береді. Жуков өзінің ойланбай сөйлегені үшін, Баукеңнен кешірім сұраған екен.
Екінші дерек – Рейхстагқа жеңіс туын бірінші болып тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтар да атақсыз қалып қойды. Бұларды 150-інші дивизия командирі Шатилов құшақтап сүйіп, қуанышын жоғары жақтағы командирге баяндайды. Олар болса, екінші рет Жеңіс туын қайта тіркеуге бұйрық беріп, біреуі – орыс Егоров, бір грузин Кантария дегендерді жіберіп, екінші Жеңіс туын тіктіреді. Бұл – 1-мамыр күні еді. Ал Қошқарбаевтар 30-сәуір күні түстен кейін тіккен болатын. Ұлы Жеңістің 36 жылдығы карсаңында казақстандықтар үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Ұлы Отан соғысының Батыры Рақымжан осы ерлікті айқындайтын құжаттарды еліміздің мемлекеттік мұражайының қорына табыстады.
Үшінші дерек – марапаттау мәртебесі бойынша, дұшпанның 100 солдатын атып өлтірген мерген «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болуға тиіс болатын. Ал біздің қазақ мергендері Қ.Адамбеков – 239, Ы.Сүлейменов – 341,Т.Әбдібеков – 397 дұшпанның көзін жойса да, бұл атақты ала алмады. Жасыратыны жоқ, соғыс кезінде аз ұлттардың өкілдерін ұлты орыс қолбасшылар мен командирлердің тарапынан кемсітуге жол берілді. Бұл – тоталитаризмнің солақай саясатының салдары еді. Жеңіспен аяқталған осы соғыстың тура және жанама шығындары сан рет өліп, сан рет тірілген қазақ халқы үшін 30 жылға (1916-1945) созылған қасіреттің ойранымен де тікелей ұштасып жатыр. Соғыс басталар алдында КСРО бойынша қазақ халқының саны 3 млн.250 мыңға жетіп, апатты оқиғалардан кейін қайта толығып келе жатқан болатын. Демографиялық деректерге қарағанда, тікелей майданға 500 мың қазақ азаматы аттанған. Соның 350 мыңы, яғни 70 пайызы соғыста қазаға ұшыраған. Сонымен қатар елге қайтпағанмен, соғыста қолға түсіп тірі қалғандары да жоқ емес. Соңғы кезде ғана белгілі болып отырған бір шындық бойынша – 5,3 миллионға жуық солдат жау қолына түскен болса, соның кемінде 75 мыңы қазақ азаматтары болған. Олардың бірқатары аман-есен елге оралған. Осы жерде бізді сорлатқан тағы бір шындық, сол елім-жерім деп келген азаматтың көбісін «сатқын» деген жаламен түрмеге жауып тастаған кезеңдерді де бастан кешкен халықпыз. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ сияқты халықтың өзінен ғана 300-350 мың азамат қазаға ұшыраған. Бұл жеңістен кейін дүниені жаңа бөліске салған АҚШ сияқты ұлы державаның Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығынынан (191 мың) бір жарым-екі есе дерлік көп шығын десе де болады. Соғыстың әлгі айтқан 350 мың тура шығынына 150 мың жанама шығыны қосылып, халқымыз Ұлы Отан соғысы жылдарында 500 мың адамға тағы да демографиялық зардап шекті. 1939 жылғы халық санағы бойынша еліміздің халқы 6,2 млн. адам еді. 1 млн. 366 мың адам соғысқа аттанды. Соның 601 мыңы (онда бір кала, жеті. ауданның көрсеткіші жоқ) елге оралмаған. Соғыс кезінде бала туу азайды. Сонда Қазақстанның майданға байланысты тура және жанама шығыны (еңбек армиясынан келмегендерді коспағанның өзінде) 1 млн. 202 мың адам екен. Бұл – бұрынғы Одақ бойынша соғыс жүрген аудандардан кейінгі көрсеткіш.
Сталиндік режим бұрынғы патша өкіметінің 1916 жылғы тәжірибесін пайдаланып, әскермен қоса арнайы құрылыс батальондарын құрды.Оларға Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарының және осында жер аударылып, репрессияға ұшыраған халықтардың өкілдері шақырылды. Сөйтіп, республикадан еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Соңда Қазақстаннан соғыс жылдары әскери комиссариаттар арқылы 2 миллионнан астам адам сапқа тұрған екен. Еңбек армиясына жіберілгендер негізінен ауыл адамдары болды. Оның 400 мыңы 55 пен 60-тың арасындағы қазақтар еді. Архив деректері бойынша тыл армиясына кеткендердің де көбі киындықтарға душар болып, ауру-сырқаудан құрбан болғандары да аз емес. Сондықтан еңбек армиясына кеткендерді тікелей майданға барып, шайқастарда болғандардан бөліп қарауға болмас дер едік.
Соғыс кезінде Қазақстанға майдан төңірегіндегі аудандардан эвакуациямен келген және осында жер аударылғандары бар – барлығы 1,5 миллиондай адам келеді. Соларды қосқанның өзінде әскерге және еңбек армиясына шақырылғандардың үлесі, республикада басқа жерлерге қарағанда өте жоғары болды: майдан мен қорғаныс өнеркәсібіне Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны алынды. Бұл тіптен екі майданда соғыс жүргізіп жатқан Германияның адам күшін мобилизациялау дәрежесінен де асып түсті. Онда халқының 12 пайызы кетсе, Қазақстаңда 24 пайыздан асып кетті.
Еңбек армиясына Қазақстаннан 700 мың адам шақырылды. Олар Орал, Алтай, Қиыр Шығыстың майдандық объектілерінде аш-жалаңаш еңбек етті. Бұлардың құрамында кемінде 400 мың қазақ болса, оның 15-20 мыңы елге қайтып оралмады. Зерттеушілерін тосып тұрған бұл бір үлкен тақырып.
Соғыс жылдарында майданға әскер күші жетпей жатқан шақта сталиндік режим көптеген халықтарды әртүрлі жасанды айыппен атамекенінен күштеп қуып, жер аударды. Олардың негізгі конысы енді Орал мен Сібір, Қазақстан мен Орта Азияның кейбір республикалары болды. 1941 жылы республикаға 300 мыңнан астам неміс жер аударылса, 1943 жылы күзден бастап 1944 жылға дейін Қазақстанға 507480 адам зорлықпен көшірілді. Олардың ішінде 45,5 мың қарашай, 406 мың шешен мен ингуш, 21,150 балқар, 2,2 мың қалмақ, 4,5 мың қырым татарлары, 27,6 мың месхет түріктері және басқалары бар еді. Бұларды күштеп көшіруге, жаңа жерлерге апаруға қаншама көлік шығыны, мал мен қаражат жұмсалды. Тек бір ғана шешен мен ингуш халықтарын көшіру үшін, басқа шығындарды былай қойғанда, Сталин мен Берия 100 мыңға дейін солдаттар мен НКВД қызметкерлерін пайдаланды. Дәл осы кезде майдандағы жағдай да мәз емес еді. Ауыр шығындармен шабуыл жасап бара жатқан әскер үшін жоғарыда айтылған күш пен қаражат қаншама септігін тигізіп, қаншама жауынгер тірі қалған болар еді. Сталиндік режим аударылған халықтардың өкілдерін майданға алмады. Соғыста жүргендері кері қайтарылып, қара жұмыстарға жіберді. Солтүстік майдан маңынан басқа халықтар және күшпен жер аударылғандар туралы баспасөз беттерінде ешқандай мағлұматтар жарияланбады, бұл мәліметтердің бәрі архив құжаттарында шетіне «құпия» деген белгілер қойылып сақталып, көп уақытқа дейін зерттеушілердің де қолына тимей келді. Тек соғыстан кейінгі жылдары ғана, әсіресе, жариялылық кезеңі басталған соң, ашық әңгіме қозғалып, халық тарихтың ақтаңдақ беттерімен танысуға мүмкіндік алды. Кеңес мемлекетінің соғыс жылдары жасаған зұлымдықтарының беті ашылып, бұл туралы жаңа зерттеулер, еңбектер жарияланды.
Соғыс салған салмақ аз болған жоқ. Жау басып алуы ықтимал аудандардың өнеркәсіп орындарын, әсіресе қорғаныс кәсіпорындарын, халықты мал-мүлікті шығысқа қарай көшіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстанда 460 жаңа зауыт-фабрика іске қосылды. Осының нәтижесінде Қазақстан майданның сарқылмас кен қоймасына айналды. Республикаға көшіп келген 220 фабрика мен зауыт, әртүрлі шеберханалар мен өндіріс комбинаттары қысқа мерзім ішінде іске қосылды. Соғыс жылдары Қарағанды кеншілері Отанға 34 миллион тонна көмір берді. Бұл осыған дейінгі 86 жыл ішінде өндірілген көмірден 3 миллион тонна артық еді. Орал-Ембі кәсіпорындары жанармай өндіруді арттырды. Соғыс жылдарында өнеркәсіптің жалпы өнімі 37 пайызға өсті. Шығыс Қоңырат Одақта шығарылатын 100 тонна молибденнің 60 пайызын берді. 38 күнде іске қосылған Жезді кеніші бұрынғы Одақта шығарылатын марганецті жалғыз өзі өндіретіндей дәрежеге көтерілді. Жауға атылған 10 оқтың 9-ы Шымкент қорғасын зауытында құйылды. Соғыс жылдарындағы құлдырау мен күйзеліске қарамай, ауылшаруашылығы еңбеккерлері де жеңіске лайықты үлес қосты. Қазақстан егіншілері 1942 жылы қияр егіп-ақ 842 мың гектар тың жер көтерді. Республикада техникалық дақылдар (темекі, қызылша) егіле бастады. Сөйтіп, жау қолында қалған Украина, Молдава, Белоруссияның өндіретін өнімдерін беретін болды. Майдан мен тылды азық-түлікпен қамтамасыз етуге Қазақстан малшылары да зор еңбек сіңірді. Олар жау қолында қалған Украина мен Ресейдің көптеген облыстарынан келген жүздеген мың бас малды қабылдап, шығынсыз бағып-күтті. Кейін олардың басын түгендеп иелеріне қайта апарып тапсырды. Соғыстың төрт жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 428,9 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 148,2 тонна көкөніс, 1193,2 тонна қант қызылшасын, 155,3 тонна шикі мақта және басқа да өнімдер тапсырды. Республиканың ауыл еңбеккерлері майданға 110 мыңнан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға жарты миллионнан астам мал берді.
Соғыс жылдары Қазақстан еңбек­шілері майданға 2,5 млн дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді. Елдің қар­жысына «Қазақстан колхозшысы Қазақстан комсомолы» сияқты танк колонналары, «Советтік Қазақстан» атты әуе эскадрильясы жасалып, май­данға жіберілді. Жалпы соғыс кезінде республика тұрғындары өз еркімен жинаған қаржысына зеңбірек пен миномет сияқты ірі атыс қаруларын қоспағанның өзінде, шамамен сол кездегі құны бойынша 1890 танк немесе 3790 самолет жасап шығаруға болар еді. Халықтың жеңіс жолындағы патриоттық қозғалысы осындай болды.
Қазақстанның ақын-жазушылары өздерінің жаңа шығармаларымен фашистік басқыншыларға қарсы бүкілхалықтық күресті рухтандырды. 50-ден астам Қазақстан жазушылары майданға аттанды. Ұлы ақын Жамбылдың «Мәскеу», «Ленинградтық өрендерім», «Отан бұйрығы» сияқты шығармалары Ұлы Отан соғысының шежіресінен мәңгі орын алып, жауға оқ боп тиді. Қазақстан өнерінің тамаша жетістіктері жауды жеңу үшін қызмет етті. Республика өнерінің көрнекті қайраткерлері Отан соғысының майданында болып, 900-ге жуық концерт берді. Госпитальдарда, шақыру пунктерінде және Қызыл Армияның тылдағы бөлімдерінде 19 мың концерт берілді. Шара Жиенқұлова мен Жамал Омарованың көркем-музыкалық ансамблі Қиыр Шығыс, Орал мен Кузбасқа шеру тартты. Сонау қиын-қыстау кезеңде Ресейден, Украинадан және Белоруссиядан келіп ондаған ғалымдар мен жүзден астам жазушы жұмыс істеді. Алматыда «Мосорильмен» және «Ленорильмен» бірлесе отырып, біріккен орталық киностудия құрылды. «Екі жауынгер», «Майдан», «Ол Отанын қорғайды», «Күт мені», «Әуедегі тасушы», тағы басқа тамаша фильмдер түсірілді. Олар миллиондаған адамдардың азаматтық қалыптасуына, керек десеңіз, Жеңіске жетуге үлкен ықпалын тигізді. Алматыда С.Эйзенштейн, В. Пудовкин, А.Толстой, С.Маршак, К. Паустовский, Л.Орлова, С. Прокофьев, В. Луговской, тағы баска әдебиет және өнер қайраткерлері жұмыс істеп, шығармашылықпен айналысты. Олар ұлттық кадрларды дайындауда көбі еңбек сіңірді, біздің мәдениетімізді жоғары бағалап, казақ халқының дәстүрлері мен өнеріне, игілігіне зор құрметпен қарады.
Сол кездегі қазақтың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің орасан зор екендігін ерекше айту керек. Соғыс жылдары, ғалымдар, әсіресе КСРО Ғылым академиясының В.Комаров басқарған комиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесінде 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы шаңырақ көтерді. Зиялы қауым үшін, жалпы рес­публика тұрғындары үшін сол кездегі большевиктік идеологияның соғыс жылдарында да ұлттық мәдениет пен ғылымға тигізген зияны тарихтан белгілі. Ел басына қауіп төнгенде И.Сталин Ресей тарихынан Суворов, Кутузов және басқа да осы сияқты тұлғаларды көтеріп, халыққа патриоттық рух беруге тырысқаны мәлім. Осыған сәйкес іс бізде де қолға алынды. Кенесарыны да, Наурызбайды да, Абылайды алып, ұлттық тарихымыздың тереңіне үңілдік. Қазақ халқының елін қорғаған, жерін қорғаған кезеңдерін еске түсірдік. Сөйтіп, қазақ халқының санасын қалыптастыру ісі басталды. 1943 жылы «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылымы осындай рухпен жарық көрді. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Соғыс аяқталмай жатып сынға ілінген бұл жұмыстың аяғы қырқыншы жылдардың соңында қайтадан қуғын-сүргінге ұласты. Бұл да соғыс тарихының бір беті. Қазақстандықтардың ерен еңбегін Кеңес үкіметі жоғары бағалады. Республиканың 800 мыңнан астам еңбекшілері Кеңес Одағының орденімен және медальдарымен марапатталды. Балқаштың мыс қорыту комбинатының ұжымына он тоғыз рет, ал Жезқазған кенішіне он алты рет, Түрксіб пен Қарағанды теміржолдарына 13 рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы берілді. Балқаш мыс қорыту комбинатына, Жезқазған кеніш, Шар стансасы делосының ұжымына, Гурьев облысына, Павлодар облысы Баянауыл ауданының малшыларына Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл тулары мәңгілік сақтауға тапсырылды.
Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен рухының жеңісі. «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешіп», Отан үшін отқа түскен өршілдік пен елшілдіктің өшпес айғағы.
Аталарымыз бен аналарымыздың тылдағы маңдай терінің арқасы. Міне, содан бері талай ұрпақ жаңғырып, заман жаңарды. Әйтсе де, соғыс табы әлі де толық жойыла қойған жоқ. Қайта сол соғыстағы Ұлы Жеңістің айбыны алмастай жарқырап, арта түсті. Ол да болса бейбіт заман, берекелі тірліктің жемісі. Қазақ қазақ болғалы қаншама сұрапылды, зар заман зұлматты көрді. Осынау сайын даланы қорғап қалған бабаларымыз да, сол даланың сай-төбелеріндегі сан мыңдаған мазарлар да жанкешті шайқастардың, жарқын жеңістердің куәсі. Дана халқымыздың даңқты шежіресі, еліміздің тағылымды тарихы.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқ­тал­ғанына 70 жыл толмақ. «Уақыт – емші» дегендей, халқымыз бастан кешірген сұ­рапыл қайғы мен қасірет жеңілденді, ер-азаматтарымыздың төгілген қаны мен тері өзінің жемісін беруде. 2000 жылдың 1-қаңтарындағы дерекке қарағанда, майдангерлердің қатарында 75 мыңнан астам адам бар еді. 2005 жылғы 9-мамыр қарсаңындағы мәліметте олар 35 мың 300-ге түскендігі көрсетілген. Ал 2009 жылдың қаңтарындағы цифр бойынша біздің республикамыздағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерден 12 мың 879 адам қалған. Бүгін 5 мың 135 соғыс ардагері ғана арамызда жүр.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қар­саңын­да біздің осы адал ниетіміз, жақсы тілегіміз соғыс ардагерлеріне арнаған құттықтауымыз болсын! Ал, бұл күнге жете алмай, көз жұмған ардагер батырларымыздың, боздақтарымыз­дың аруақтары осы тілегімізді қабыл алсын! Сонымен бірге, жас ұрпаққа ар­дагерлеріміздің ерлігі үлгі-өнеге, өсиет болғай!

Тілеу Көлбаев,
ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі,
тарих ғылымының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Қадырбек

    Атыраулық тарихшы-журналист Жұмабай Доспанов 3,5 жыл зерттеумен айналысып, 2-ші дүниежүзілік соғысқа 8200-ге тарта қазақ ұлтты офицер қатысқандарын анықтады.
    Олардың ішінде 100-ден астам батальон командирі, 220-ға тарта батальон командирінің саяси және саптық орынбасарлары, жарты жүз штаб бастықтары бар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.