Салғырттық пен сауатсыздық ғылыми еңбектерде етек алып барады

Мұрат Қойшыбаев.
ауылшаруашылық ғылымының
докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Ғылым саласында жарты ғасырдай еңбек етіп келе жатқандықтан қазақ тіліндегі ғылыми тілдің, ғылыми терминдердің, мақалалар мен монографиялардың, жинақтардың қалай жазылып, қалайша қалыптасып жатқанына мән беремін. Мұны айтып отырған себебім, соңғы жылдары ғылымның әр саласы бойынша көптеген халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, көлемі 400-500 бет немесе 30-40 баспатабаққа жететін қалың жинақтар жарық көріп келеді. Мақала берушілерге қойылатын талап бойынша, материалдың сауатты жазылуына, ондағы дәйектерге авторлардың өзі жауап береді және ол редакцияланбай, баспаға бірден жіберіліп жатады. Сонда байқайтынымыз, осындай жинақтарда қисыны келмей, бір-бірімен үйлеспейтін сөйлемдер мен сөз тіркестері, орфографиялық, стилистикалық және т.б. қателер тіліміздің талапқа сай дамуына айтарлықтай кедергі жасайды.

Жалпы, ғылымдағы қазақ тілінің жай-күйі, ғылыми еңбектер мен оқулықтар, тіл сауаттылығы, аударма сапасы көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Бұл орайда мен ауылшаруашылығы мен биология саласын тілге тиек етсем деймін. Себебі өзім осы салада шығып жатқан еңбектерді қадағалап, танысып отырамын.
Еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ ті­лінің қолданыс аясы кеңейгені сөзсіз. Біраз ізденушілер ана тілімізде кандидаттық, тіптен докторлық диссертациялар қорғады. Орыс тілінде жазылған диссертациялар мен мақалалардың түйіні ана тілімізде берілетін болды. Бірақ та көпшілік жағдайда олардың мәтінін былай қойғанда тақырыптарының өзі дәл аударылмай, өрескел кемшіліктер орын алып жататын. Ол жайлы 2-3 мақалам өткен жылдары «Ана тілі» газетінде жарық көрді. Өкінішке орай, көтерілген өзекті мәселелер шешуін таба алмай келеді. Ұлы Абай айтқандай, «баяғы жартас – сол жартас». Енді көпке созбай мәселемізге бірден көшелік.
Үстіміздегі жылы Қарабалық ауыл­шаруа­шылығы тәжірибе стансасының (АШТС) құрылғанына 85 жыл толуына байланысты: «Достижения и перспективы в области селекции, использование генетических ресурсов и агротехнологий в условиях изменяющегося климата» деп аталатын жинақ шығарылды. Аталған жинақта жиыны 86 мақала берілсе, оның 4-еуі қазақ тілінде. Мақаланың авторлары Орал АШТС-тың қызметкерлері И.Л.Диденко мен Г.Х.Шектыбаева. Тақыбыры: «Батыс қазақстанның құрғақ далалы аймағындағы еркекшөптің батыс 4417 атты жаң а сортының өнімділі» деп аталыпты. (Осы және келесі сөйлемдерде орын алған қателердің асты сызылған. Өкінішке орай, жинақтың беттері көрсетілмегендіктен, оның нақты қай бет екенін көрсету мүмкін болмай отыр. – М.Қ.) Мақала мәтінінде көп­­теген қателер кездеседі: «Жаңа сорттың түптері морфологиялық көрсеткіштері бойынша қуатты, тік тұрады. Масақтары ұзын жұмыртқа тәріздес, қалыпты. Шөпке жиғанда өсіп-өну кезеңі 48 күн және тұқым үшін -98 күн». Кестеде: «Көкшөп салмағы өнімділігі, ц/га, + стандартқа және т.с.с.» деп келетін сөйлемдерден нені ұғып, нені түсінеміз?!
Келесі мақала: «Жаздық бидай егістігін­дегі дәнді арамшөптер» деп аталыпты, ав­торлары ­­– Қостанай ауылшаруашылығы ғылыми зерттеу институтының (АШҒЗИ) қызметкерлері М.Б.Нұрғалиева, С.И.Нұр­ғалиев, А.С.Бекбосынова. Мен осы күнге дейін дәнді арамшөптер деген өсімдік тобын естімеген едім. Мақала мәтініне үңілсем, мәселе итқонақ, қарасұлы сияқты астық тұқымдас (злаковые сорняки) арамшөптер жайлы екен. Енді мақаладағы мына бір мәтінге назар аударайық: «Соңғы жылдары дәнді дақылдардың өнімділігіне біржылдық дәнді арамшөптердің маңызды әсер етеді итқонақ, қарасұлы, діңше, қарадән. Бұл топтағылар бидай тұқым шаруашылығына, сонымен қатар, басқа дақылдарды өсіру барысында ең үлкен зиян келтіреді». Бұл ма­қаланың ғылыми тұрғыда сауатсыз жа­зыл­ғаны өз алдына, осында келтірілген діңше және қарадән деген арамшөп түрлерін бұ­рын естімеппін. Бидайда дән ұрығының қа­раюы деген ауру бар, бірақ ол арамшөп емес.
Өрескел қателерге толы тағы бір жинақ­қа зер салайық. Ол «Защита растений и экологическая устойчивость агробио­це­нозов» деп аталады. Онда 2014 жылы Ал­матыда өткен халықаралық конференция материалдары топтастырылған. Көлемі – 444 бет. Жинақтағы 180-нен аса мақалалардың 17-сі ана тілімізде жазылған. 9-ы ағылшын тілінде. Мұндағы 4-5 мақалаға тоқталайын. Жинақта ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты А.К.Есеркеновтың: «Қазақстанда өсетін жусанның негізгі зиянкестері» деп аталатын мақаласы назар аудартты. Бірінші сөйлем: «Жапырақ жемірі ауылшаруашылығы өсімдіктерінің сондай-ақ жайылым мен шабындықтағы мал азықтық өсімдіктердің зиянкесе ретінде белгілі» деп басталыпты (67-бет). Сонда табиғи өсетін жусан қалайша ауылшаруашылық өсімдігі болып кеткен?
«Бидайды сабақ зиякестерінен қорғау» деп аталатын мақалаға (авторы – М.Бай­жанова) назар аударалық. Мақаланың екінші азат жолындағы бірінші сөйлем былай басталыпты: «Дәнді дақылдарды минималды және нөлдік технологиялары бойынша , атап айтқанда, топырақты механикалық тұрғыдан аз өңдеу, топырақ бетін жабын ретіндеөсімдік қалдықтары мен сабанды көп мөлшерде қолдану гессен шыбынының таралу аймағының артуына мүмкіндіктер туғызады». Бұл сөйлемнің ғылыми және стилистикалық тұрғыдан дұрыс құрылмағаны бірден байқалып тұр. Нөлдік технология деп отырғаны – топырақты алдын ала өңдемей, тұқымды бірден себу. Мұндағы топырақ беті жабын ретінде қолданылмайды, сабан да өсімдік қалдықтарына жатады. Бар-жоғы бір бетке жетпейтін мақаланың келесі сөйлемдерінде осы тәріздес қателер жиі кездеседі.
Ғылым кандидаты, зертхана меңгерушісі Г.Д.Исенова мен Г.Е.Түйтебаеваның: «Қызылорда облысында күріш алқабына қолданылған пестицидтердің қалдық мөлшері» атты тақырыптағы мақаласы: «Жоғарыда аталған пестицидтер күріштің дәнінде, сабағында және топырағында табылмады. Қорыта айтқанда, күріш егісіндегі аталған препараттарды қолдану өнімді жинау алдында толығымен ыдырап, қалдық мөлшерінің кездеспегендігін көрсетті» деген сауатсыз құрылған сөйлемдермен аяқталады. Сонымен қатар Г.Е.Түйтебаеваның «Күріш егісітіндегі топырақтың экологиялық жағдайы» деп аталатын екінші мақаласының тақырыбы орфографиялық қатемен берілген. Мақала мәтінінің өзі «Біздің елімізде суармалы топырақтар оңтүстікте және оңтүстік шығыстағы төрт облыс көлемін алып жатыр» деп сауатсыз жазылған сөйлеммен басталып: «Құрғақ топырақтарға қарағанда суармалы топырақтардың өнімділігі 4-5 есе жоғары» деп жалғасады (251 б). Мақала тақырыбында кеткен өрескел қатені автор қалай байқамаған? Суғармалы жерлердің (топырақтар емес. ­­– М.Қ) көпшілігі шөл және шөлейтті болып келетін төрт облыс көлемін тұтас алып жатқан жоқ. Олар 1-2 пайыздан аспайды. «Құрғақ топырақ, суармалы топырақ» деу дұрыс емес, дұрысы – тәлімі және суғармалы жер, топырақтардың өнімділігі емес, өсірілетін дақылдардың өнімділігі. Осындай кемшіліктер А.К. Есқалиеваның «Орман ағаштарында зиянды организмдерге қарсы қоллданылған инсектицидтердің қалдық мөлшері (230бет) және Қытайбұшақ дақылындағы пес­тици­дтердің қалдық мөлшері» деген мақалаларында орын алған (232 бет).
Ғалымдар өз зерттеулерінің нәти­же­лерін, ой-тұжырымдарын халықаралық конференция жинақтарында жариялаумен қатар тұрақты басылымдарда да жария­лайтыны белгілі. Ауылшаруашылық ғылым­дары саласына келсек, ай сайын шы­ғып тұратын «Вестник сельско­хозяйственной науки» және «Жаршы» деп аталатын журналдар бар. Өкінішке қарай, соңғысында жаңалығы мен өзектілігін былай қойғанда сауатсыз және түсініксіз жазылған мақалалар жиі кездеседі. Мысал ретінде, «Жаршы» журналының 2013 жылғы 8-9 санында жарияланған «Бидай жапырақтарының сары дақ ауруын қоздырғыш Drechslera саңырауқұлақ түріне сипаттама» деген мақаланы алайық. Авторлары – Қазақ ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу ҒЗИ-ның қызметкерлері ғылым кандидаты В.В.Ремеле және магистранттар – Л.С.Каримова, Д.С.Аубакирова. Енді аталған мақаладағы мына бір сөйлемдерге назар аударалық: «Астықтың жоғарғы және төзімді түсімін алуға саңыраукұлақ тектес аурулар кедергі болады»… «Бидай өнімінің ауру әсерінен ғаламдық шығыны 12,4 пайызды құрайды. Осы бағытта зерттеулер жүргізуқажетті, себебі соңғы уакытта саңырауқұлақ түрі туғызатын бидай жапырақтарының сары дақ ауруының таралуы кең өріс табуда…». «Ауру қауіпті, ол негізгі бидайды өңдеу өңірлерінде жылдам үдейді…». Не түсіндік? Не ұқтық? Бұл сөй­лемдерде ғылыми тұрғыдан жіберілген кемшіліктер де аз емес.
«Жаршы» журналының осы санында «Қуаң тәлімі жердегі арпа егістеріндегі топырақты әртүрлі өңдеу тәсілдері мен нұсқаларының экономикалық тиімділігі» деген тақырыпта Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Е.Қ.Жүсіпбековтың мақаласының тақы­рыбы шұбалаңқы қойылғаны аңғары­лып тұр. Осындайда ғалымдар, ізденушілер мақа­ланың тақырыбына жауапкершілікпен қараса дейсің. Өйткені шұбалаңқы қойыл­ған тақырыптар соңғы кезде жиі байқалатын бо­лып жүр.
«Жаршы» журналының 2013 жылғы 12-санында «Оңтүстік Қазақстан жағдайында бракон (Bracon Hebetor Say) биоагентін мақта дақылын мақта қөбелегінен қорғауда пайдалану» (авторлары К.А.Алпысбаева мен Э.А.Абзейтова) атты мақала жарық көріпті. Елімізде мақта тек Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілетіндігін ескерсек, оны «Мақта қөбелегіне қарсы бракон препаратының тиімділігі» десе де, жеткілікті болар еді. 6 беттен аса мәтіннің тек бір жарым бетінде зерттеу нәтижелері берілген. Кесте бағаналарының тақырыпшалары да шұбалыңқы. Бұл ана тілімізде басы­лып жатқан мақалалардың деңгейін төмен­дет­песе, арттырмайтыны анық. Егер біз өз тілімізді ғылымның әр саласында бәсекеге қабілетті етеміз десек, мақаланың мәтіндік сауаттылығына, тақырыбына, тіпті үтір-нүктесіне дейін мұқият қарап, назар аударып отыруымыз керек. Бұлай кете беретін болсақ, он-он бес жылдан кейін туған тілімізде жазылған ғылыми мақалаларды оқып түсіне алмайтын күйге түсуіміз әбден мүмкін. Сондықтан ғылыми журналдар мен жинақтарды шығарушылар болсын, жекелеген авторлар болсын, мақалалардың ең бірінші кезекте жазылу сапасына, деңгейіне, қозғалған мәселесінің өміршеңдігіне назар аударып, сараптамадан өткізіп барып басқаны абзал болар еді. Тек солай ғана біз ғылымның деңгейін көтере аламыз.
Жоғарыда келтірген мысалдарға қайта оралатын болсақ, осындай кемшіліктер мен өрескел қателерге кім кінәлі деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Бірінші кезекте, әрине, мақала авторлары. Егер оны жас ғалымдар немесе магистранттар дайындаса, кінәлі ғылыми жетекшілері болып шығады.
Жалпы, еліміздегі «Вестник сельско­хозяйствен­ной науки» мен «Жаршы» жур­налдарының ғылыми мақалаларға қоятын талабы жоғары екенін білемін. Біріншіден, мақала міндетті түрде мекеме директоры немесе оның орынбасары қол қойған ресми хатпен жолданады. Оның сараптама актісін ҒЗИ-ның директоры бекітіп, орынбасары қол қояды. Сонымен қатар мақала жайлы мекеменің мөрі басылған бір ғалымның пікір болуы қажет. Екіншіден, аталған ғылыми басылымдарда журналдардың бас редакторымен қатар, ғылымның әр саласынан академиктер, ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттарынан құралған ақылдастар және редакциялық алқа мүшелері бар.
Журналдың екінші бетінде берілген кісілердің тізіммен танысқанымда олардың жалпы саны 20-дан асып жығылады. Бір-екеуі болмаса қалғандарының барлығы ғылым докторлары. 2013 жылы басылымның редакторы Қазақ ҰҒА-ның құрметті академигі, РАШҒА, РТҒА академигі, «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның бұрынғы президенті Д.Ізбасаров болған екен. Ал 2011-2012 жылдары басылымға аталған мекеменің атқарушы директоры физика-математика ғылымының кандидаты Ы.Т.Тоқбергенов редактор болыпты. Оның ауылшаруашылығы саласынан қандай хабары бар екенін кім білсін. Өкінішке орай, редакциялық алқа мүшелерінің бірі де жарияланатын мақалалармен танысып, олардың өзектілігін, нәтижелерінің жаңалығын, іргелі немесе қолданбалы құндылығын бағалап жатқан жоқ. Ата-тегі көбінесе көрсетілмейтін журналдың арнайы редакторларына келсек, олар тек орфографиялық, шектен шығып бара жатқан стилистикалық немесе құрылымдық қателерді ғана түзете алады.
Әрине, елімізде сауаттылығы жоғары ғылыми басылымдарда жоқ емес. Оларда жарияланып жатқан мақалалар мұндай кемшіліктерден ада. Өйткені ол басылымдар әрбір мақалаға, сөйлемдердің құрылымына, қисындылығына, т.б. мәселелеріне жауапты қарайтыны байқалып тұрады.
Қазақ тілінде жарық көріп жатқан ғылыми еңбектерде орын алып жатқан олқылықтардың басты себебі неде дегенге келетін болсақ, мәселенің барлығы жоғары оқу орнына, ондағы сабақ беретін ұстаздардың біліміне, ғылымның әр саласы бойынша сауатты жазылған оқулықтарға келіп тіреледі.
2010 жылы «Нур-Принт» баспасынан «Ауылшаруашылық дақылда­рын зиянкестер мен аурулардан қорғау» (авторлары А.Ж.Агибаев, З.Ш.Сулей­менова, А.К.Тулеева) деп аталатын оқу құралы шықты. Рецензенттері ауылшаруашылық ғылымдарының докторлары, профессор С.І.Байракимов пен А.Т.Сарбаев. Кітаптың полиграфия­лық сапасына көңіл толады. Өкінішке орай оқу құралында бірінші беті мен мазмұнынан бастап толып жатқан грамматикалық қателер кездеседі. Тіптен оқулық авторлары мен рецензентінің ана тілінде өз тектерін дұрыс жаза алмағанын қалай түсінуімізге болады? Кітап мазмұнында көптеген қателер мен қайталаулар орын алған, авторлардың оқулық немесе кітап шығару жөнінде мүлде тәжірибесі жоқ екені, қолжазбаның редакцияланбағаны айқын аңғарылып тұр. Мамандығыма қатысты 9-14 тараулар келетін болсам, (89-162 бб) олар ғылыми тұрғыдан мүлде сауатсыз жазылған. Сөзім дәлелді болу үшін 5-6 мысал келтірейін: «Дәнді дақылдардың қаракүйе ауруларын қаракүйе қатарына жататын қоздырғыштар тудырады. Ұлпалар бұзылып, түрі күйік тәрізді болады. Қара түсті телиоспоралар пайда болып, зақымдалған жер қарайып кетеді(89 б). «Бидайдың ергежейлі қаракүйесі» атты тақырыпшада»: «Көбінесе күздік бидайды зақымдайды. Залалданған өсімдіктер баяу өседі» (90 бет) деген сөйлем бар. Бұл сөйлемдер ауру этиологиясы мен биологиясын дәл сипаттамайды. Біріншіден, қаракүйе ауруларын саңырауқұлақтар тудырмайды, қоздырады. Телиоспоралар қара түсті емес, қоңырқай келеді. Зақымдалған жер қарайып кетпейді, ауруға шалдыққан масақшаларда дән орнына қаракүйе түйіршіктері пайда болады немесе ол масақ өзекшесінен басқа мүшелері толығымен қаракүйеге айналады. Өсімдік аурумен зақымдалмайды (поврежденение, повреждается), залал­данады (поражение, поражается) немесе ауруға шалдығады. Тере берсе мұндай қателер кітаптың кез келген бетінде кез­деседі. Оқулықта берілген 100-ден аса зиян­ды ағзалар суреті ғаламтордан немесе басқа әдебиет көздерінен еш сілтемесіз алынған, демек, ол плагиатқа жатады.
Студенттерге арналған «Өсімдікті химиялық қорғау» (Алматы, 2013, 196 бет, авторлары – А.О.Сағитов, Г.Ж. Исенова, Г.О. Рвайдарова және т.б. ) оқу құралының сауатсыз жазылғаны 2-беттен-ақ білініп тұр. Қысқаша түйін:«Оқу құралы бір жылдық курсқа арналған» деп басталып: «Жоғарғы оқу орындарының агрономия мамандығы студенттеріне арналған» деп аяқталады. Кіріспесінде: «БҰҰ тамақ және ауылшаруашылығы ұйымының санағы бойынша зиянды ағзалар ауылшаруашылық өнімдерінің 30 пайызын төмендетеді..Ауылшаруашылық өнімдерінде ауру қоздырғыштары қаракүйе, тат , ақұнтақ, таз қотыр, жалған ақұнтақ, фитофтороз және т.б. дәнді залалдап, микотоксиндер түзеді. Аурулардың эпифитотиялық таралу жағдайларында ауылшаруашылық дақылдары өнімін түгелдей жояды» деп жалғастырыпты (4-бет).Енді осы сөйлемдерді талдап көрелік. БҰҰ-да тамақ ұйымы емес, азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы бар. Ол зиянды ағзалардан келетін шығынды санақ нәтижесінде емес, ғылыми деректерді қорытындылай келе анықтайды. Екінші сөйлем мүлде сауатсыз жазылған. Біріншіден, қаракүйе, тат ақұнтақ, тазқотыр, жалған ақұнтақ деп отырғанымыз ауру қоздырғыштары емес, түрлері. Екіншіден, олардың көпшілігі, мәселен тат, ақұтақ, дәнді залалдап микотоксин түзбейді, тазқотырға келсек ол алма жемістерін, фитофтороз картоп түйнегін залалдайды, жалған ақұнтақ – қияр, күнбағыс, жүзім дақылдарының аурулары. Афлотоксиндер көбінесе ылғалдылығы жоғары жүгері, бидай және т.б. дәндерді сақтау кезінде дамиды, тат, қаракүйе, ақұтақ саңыраукұлақтары оларды түзбейді. Өкінішке орай, стилистикалық және ғылыми тұрғыдан сауатсыз жазылған сөйлемдер оқу құралының кез келген бетінде, тіптен азат жолында кездесіп қалып жатады. Мәселен, «Қолдану регламенті» деп аталатын тақырыпшада: «Кеден одағында мүше болатын мемлекеттер аумағына Мемлекеттік пестицтидьтер тізіміне тіркелген препараттат кіргізіледі (54 бет). «Пестицидтердің қоршаған ортаға әсері» деп аталатын 4 тарауда: «Пестицидтердің ерекшелігіне тәуелді биосферада олардың әсер ету формасы жасалынды» (59-бет). Осы бетте: тұйық әсер, а –зиянкес ағзаларға тікелей.б. қосымша басқа ағзаларға, суға. 2 Қолданғаннан кейін жақын әсер ландшафты, аумақты 3 Қолданғанана кейін алыс әсер аумақтық, бассейнді … деген сөз тізбектерін қалай түсінуге болады? Оқу құралының бірінші бетінен басталған сауатсыздық соңғы бетіне дейін жалғасады. Нақты 2-3 мысал келтірейін. Фосфорорганикалық біріккен қоспасы жәндіктің ағзасына түскенде, олардың бірі алиеэстереза белсенділігін қатты жаншып,келесі заттың құрылуына кедергі келтіреді. Пестицидтердің өнімділігінің төмендеуі антогонизм жағдайында өтеді. Бұл жағдайлар пестицид қоспаларын механикалық жолдың бір түрін пайдаланғанда, бірақ әртүрлі улылықта болуы мүмкін (182-183 бб). Орын алған қателерге тоқталайын. Бірінші сөйлемде ненің фосфорорганикалық қоспасы екені түсініксіз. Қоспа қалайша «олар» болып кетеді. Ферменттің белсенділігі жаншылмайды, бәсеңдейді немесе төмендейді. «Келесі заттың» деп отырғаны­мыз не? Пестицидтердің өнімділігі төмен­дейтін ол тірі ағза емес, тиімділігі болуы керек. Үшінші сөйлемді мүлде түсіну мүм­кін емес. Оқу құралы өткен ғасырдың 70-80 жылдары Ресей ғалымдары шығарған кітаптан сауатсыз аударылғаны келтірілген біраз деректерден байқалады.
Аталған оқу құралында осындай өрескел қателердің орын алуының басты себебі – негізгі авторлар Г.Ж.Исенова мен Г.О. Рвайдарова әл-Фараби атындағы Қаз МУ-дың химия факультетін және осы сала бойынша магистратура бітірген, ауылшаруашылық ғылымдарының кан­ди­даты атақтары болғанымен, өсімдік және егін шаруашылығы жайлы хабарлары үстір­тін, нақты не болып жатқанын білмейді.
Енді «Өсімдік қорғау» деп ата­латын оқу құралына келейік. Ол «Фо­лиант» баспасынан 2011 жылы жа­рық көрген. Авторлары – Н.Ашықбаев, Б.Дүй­сембеков, А.Ағыбаев, Р.Карбозова. Оқулық энтомология, фитопатология және ауылшаруашылық дақылдарын зиянкестер мен аурулардан қорғау деген үш бөлімнен тұрады. 1 және 3 бөлімдері жатық тілмен жазылған. Соңғы бөлімде зиянды ағзаларға қарсы кешенді жүйе негізінен өткен ғасырдың 70-80 жылдарына тиесілі, ал соңғы жаңалықтар назардан мүлде тыс қалғанын байқадым. Еліміз егемендік алғаннан кейін өсімдіктер қорғау саласында қандай өзгерістер болды? Бұл туралы бір ауыз сөз жоқ. Оқулықпен жете танысу барысында оның бірінші және үшінші бөлімдері 1994 жылы автор Ә.Т.Тілменбаевтың «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Энтомология» атты оқу құралынан көшірілгенін байқау қиын емес. Өзгертілгендері суреттер мен тек бірен-саран сөздер. Мәселен, «насекомдар», «гусеница», «личинка» және т.с.с. тер­мин­­дер, бунақденелілер, жұлдызқұрттар, дернәсілдер деп ауыстырылған. Кей тақырыпшалар бойынша болар-болмас толықтыру немесе өзгерістер бар.
«Өсімдік қорғау» оқулығының 2-бөлі­міне келсек, ол 2000 жылы баспа­дан шыққан «Ауылшаруашылық фитопато­ло­гиясы» (авторлары: академик А.О.Саги­тов, доценттер А.А.Джаймурзина, Р.Д.Карбозова, К.Н.Туленгутова) деген оқу құралынан алынған екен. Бұл бөлімнің кейбір беттерінде, мәселен 209, 210, 5-10 грамматикалық қателер орын алған. 1.2. 1. Тақырыпша: «Өсімдік ауруларын қоздыратын саңыракұлақтар» деп дұрыс жазылса, 1.2.2 – «Өсімдік ауруларын туғызатын бак­те­риялар», 1.2.3 – «Өсімдік ауруларын туғызатын вирустар» деп көрсетілген (211-212 бб.). Микроағзалар өсімдік ауруын туғызбайды, қоздырады. Бұл бөлімде де өсімдік аурулары жайлы ғылымның соңғы жаңалықтары ескерілмеген, өткен ғасырдың 70-жылдары жарық көрген «Болезни сельскохозяйственных растений Казахстана» деп аталатын Л.Д.Казенастың кітабынан қысқарта аударылғаны білініп тұр. Оқулық авторларының өсімдік қорғау ғылымы саласындағы шетел жетістіктерін былай қойғанда, еліміздің ғалымдары жазған сүбелі еңбектер мен анықтамалар, өндіріске арналған ұсыныстардан мүлде бейхабар екені байқалады.
Оқулық соңында кесте ретінде 30 бетте түсіндірме сөздер берілген екен. Ол үш ба­ғанаға бөлінген, тақырыпшалары: 1 – абиотикалық факторлар, 2 – сыртқы ортаның бейорганикалық факторлары (темпе­ратура, ылғалдылық) , 3 – улы заттар, абиотикалық фактор. Бағана тақырыпшаларына түсіндірме сөздер сай келе ме, 2-3-ін терминді талдап көрейік. Мәселен, 5 жолда бірінші бағана – ақ алабұта, екінші бағана – зиянды арамшөп, үшінші – марь белая, 6-жолда 1-бағана – ақ ұнтақ, 2 – саңырауқұлақ залалданған мүшеде түзілетін өңез түрі, 3 – мучнистая роса деп көрсетілген. Демек, аурудың орыс тілінде аталуы. Сонда бірінші бағананың тақырыпшасы зиянды ағзаның түрі немесе атауы, екінші бағана – олардың белгілері немесе тобы, үшінші бағана – орыс тіліндегі аталуы болып отыр. Жалпы саны 300-ге жуық терминдер түсніктемесінде орын алған осындай келеңсіздіктерді «бір академик, 5 бірдей ғылым кандидаты қалай байқамаған?» деген сұрақ туындайды.
Сонымен жоғары оқу орындарының агрономия факультетінің студенттеріне арнап Ә.Тілменбаев 1994 жылы баспадан шығарған «Энтомология» мен «Ауылша­руа­шылық фитопатологиясы» оқу құралдары біріктіріліп, «Өсімдік қорғау» деген атпен баспадан шығарылып, оны Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқулық ретінде ұсынып отыр.Сонда кәсіптік немесе орта білім мен жоғары білімнің арасында айырмашылық болмағаны ма дерсіз?
«Өсімдікті биологиялық қорғау» (Алматы: «Айтұмар», 2012 ж. 334 б.) деп аталатын оқу құралының авторлары А.О.Сағитов, Н.Ж.Ашықбаев; Н.Ж.Слямова, Қ.Төлебаев, Б.А.Дүйсембеков. Олар Қазақ өсімдік қорғау ҒЗИ-да жұмыс істейді. Сырттай қарағанда оқу құралы жақсы әсер қалдырады, мұқабасы қатты, жылтыр қағазға басылған, көлемі 334 бет. Өсімдіктерді биологиялық қорғаудың барлық салалары қамтылған, екі бөлім, 15 тараудан тұрады, жатық тілмен жазылған. Рецензенттері ғылым кандидаттары Х.И.Шанимов пен Ж.С.Жүргенов. Өкінішке орай, орын алған бірен-саран қателер алғы сөз бен кіріспеден бірден байқалады. Мәселен, пайдалы энтомофагтар мен зиянкестердің аурулардан өлген суреттерінегізінен авторлардың түпнұсқа фотосуреттері берілсе, кейбіреулері интернет жүйесінен шетел ғалымдары түсірген фотомате­риалдары пайдалынылады (3-бет). Кіріс­пенің 2-сөйлемінде грамматикалық қате менмұндалап тұр, ауыл шарушылығы деп жазылған (4 бет). Оқу құралының мазмұнында 2-тарау … Бунақденелілердің және кеміргіштердің бактериялық ауруы, 3- тарау … вирустық, 4-тарау- … саңырау­құлақты аурулары (331 бет) – деп көрсе­тілсе, мәтінінде – бактериялы (25 б. ), вирусты (38б.) деп аталған. Кітап соңында берілген терминдердің анықтамалары да нақты емес. Мәселен вирус туралы: «Клетка иесінің ішінде дамитын нуклеин қышқылы ДНК немесе РНК және протеиннен тұратын инфекциялық организм. Вирус деген сөз аудармада (лат)у деген мағына береді. Бұл атты 1892 ж. Ивановский ашқан. Біріншіден вирусклетка иесінің ішінде емес – өсімдіқ жасушасында түзілетін ДНҚ немесе РНҚ және протеиннен тұрады. Екіншіден, Д.Ивановский вирус деген атты ашқан жоқ, ол бактериялық сүзгіден өтіп кететін, патогендік қасиеттері бар жаңа микроағза тобын — вирустарды ашты. Екінші мысал. «Антагонизм- тірі оргазизмдер арасындағы қарым-катынас, нәтижесінде бір немесе екі организмде тежеледі немесе өледі.Үшінші — бактерицид – …өсімдіктердің патогенді бактерияларын жою үшін сынапты немесе мысты қосылыстарды пайдаланылады. Тізе берсе, осындай орын алған қателер толып жатыр. Оқу құралын дайындағанда жетекшілік еткен академик пен 6 ғылым кандидаты (рецензенттерін қоса алғанда) қайда қараған, осындай өрескел қателерді қалайша байқамаған деген сұрақ туындайды..
Бұл оқу құралында да көптеген деректер өткен ғасырдың 70-80 жылдары жарық көрген әдебиет көздерінен алынғаны байқалады. «Энтомофагтарды пайдалану және пәрменділігін арттыру» деп аталатын 4 тақырыпшадан тұратын 9-тарау (110-164 бб) Б.Матпаеваның 1983 жылы баспадан шыққан «Ауылшаруашылығы дақыл­да­ры­ның зиянкестерімен биология­лық күрес тәсілдері» деп аталатын кітабы­ның 15- 18, 25-30 және 108-146 беттерінен сөзбе-сөз көшіріліп алынғанын байқадым (жалпы алғанда 70 беттен астам). Өзгертіл­ген­дері суреттер мен тек кейбір терминдер ғана.
Осындай сауатсыз жазылған оқулықтар тек өсімдік қорғау саласы бойынша ғана шығып жатыр деп ойламаңыз. Мұндай мысалдарды әлі деп көптеп келтіре беруге болады.
Соңғы жылдары еліміздің жоғары білім беру саласында да біраз өзгерістер жасалып жатқаны белгілі. Бұрын 5 жыл оқып жоғары білім алып шығатын мамандар, енді 4 жыл бакалавриатта оқып, жоғары білім алу үшін тағы 2 жыл магистратурада оқиды. Сауатты жазылған оқу құралы жетекшілік ететін білікті ұстазы болмаса олар қандай терең білім алмақ деген де заңды сұрақ туындайды? Біз қайткен күнде барлық мә­селеге сапа тұрғысынан қарауымыз керек. Ғылым мен білімді дамытудың бұдан өзге жолы жоқ.
Өкінішке орай, Білім және ғылым министрлігі кәсіптік білім беру мен жоғары оқу орындарына арналып шығарылып жатқан оқулықтар мен оқу құралдарының ғылымның соңғы жаңалықтарын ескере отырып, талапқа сай сауатты жазылуын қадағалап отыр деп айта алмаймын, оған менің нақты көзім жетті. Бұған министрлер өз қызметтерінде 2-3 жылдан аса тұрақтамауы, олардың ойланбай жасалынған реформалары әсер ете ме?

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бақтұр

    Жазғандай ақ жазыпсыз, қолдаймын. Жоғарыда отырғандардың (тексеретіндердің)өздері қазақшаны жақсы білмейді, тексере алмайды деп ойлаймын(қазақ тілді маман жоқ деуге болады). Сондықтан, сіздің сыныңыз сол қалпында қалады-ау деп қорқамын. Көптеген оқулықтар, орысшадан тікелей аударылғандар(ұялмай өздерін автор ретінде көрсететіндер толып жатыр), плагиаттар да жетерлік. Материалдары өткен ғасырдың 50-70-ші жылдарының мәліметтері. Сондай оқулықтарға қосатын, ғылыми еңбектеріндегі мәліметтер, соңғы ғылыми материалдар жоқтың қасы(шетелдік тұрмақ Қазақстанда жарияланған), суреттері мен сызбаларын айтпағанда. Осындай оқулықтармен студенттерге сапалы білім беру мүмкін есмес. Оларды өзіміз мәңгүртке айналдырудамыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.