«Қазтест» қажеттігі туралы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өткізген басқосуда сөз болды

Тәуелсіздікке қол жеткеннен бері мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің адымын аштыруда бірқатар жұмыстардың жүзеге асырылғанын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен де, бұл бағытта атқарар шаруа әлі де шаш етектен. Міне, осы, мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі мен болашағына қатысты мәселелер жақында ғана халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өткізген мәжіліс-кеңесте әңгіме өзегіне арқау болды.

3-бетт

Басқосуды қоғамның прези­ден­ті Өмірзақ Айтбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Сөз алған аталған қоғамның вице-президенті Ерден Қажыбек «Қазақ тілі» қоғамының алдағы белгіленген жоспар-шаралары жөнінде айтып өтті. Олар: мүмкіндігінше ай сайын зиялы қауымның басын қосып, кеңесіп отыру, сырт елдердегі қандастарымыздың жағдайына көңіл бөлу, этномәдени орталықтар жетекшілерімен пікір алмасу, жер-жерде қоғамның көшпелі отырыс­тарын өткізу және т.б.
Бұдан әрі сөз кезегі мәжіліске қатысушы­ларға берілді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының Алматы қалалық филиа­лының төрағасы Құсман Шалабаев қоғамының жұмысына тілге жанашыр кім болса да атсалысу керектігін айтты. «Қазақстан халқы ассамблеясымен тығыз байланыста болуымыз керек» деген ойын да жиналғандар құп көрді. Осы жерде көкейдегі ойымызды да тілге тиек ете кетейік. Әрине, Ассамблеяның дүниеге келуі – бұл өте құптарлық. Енді осы маңызды құрылымның қазақтың мүддесіне қызмет ететін уақыты келді. Этномәдени орталықтар ұлттық тілдерін үйренумен қатар, өздерін ауасын жұтып, суын ішіп отырған елдің мемлекеттік тілін білуді де басты парыздары санағандары жөн болар. Тағы бір айтылатын жайт, Ассамблеяның Астанадағы жиындары негізінен орыс тілінде өтіп жүргені белгілі. Ассамблеяның құрамындағылар бірнеше ұлттың өкілдері. Орыс ұлтының өкілі де солармен тең дәрежеде. Сонда неге айрықша орыс тіліне басымдық берілуі керек? Біздегі тәртіп бойынша әркім қай тілде сөйлеймін десе де құқылы. Дұрыс, жөн делік. Алайда бірнеше ұлт өкілдері бас қосқан Ассамблея жиыны басынан аяғына дейін болмаса да ең болмағанда елу-алпыс пайыз көлемінде мемлекеттік тілді өтуі керек емес пе? Бұған «Неге бұлай?» деп сол жиынға қатысып отырғандардың ешқайсысы да өкпе-реніш айта алмас еді. Ал, бара-бара жиындардың мемлекеттік тілде өтуіне қол жеткізген жөн.
Тіл тазалығы – бүгінгі күн­нің өзекті мәселесі. Осыны А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов көтерді. Оның «Қай тілде – қазақша, орысша не ағылшынша сөйлесек те, тілді бүл­дірмей, шатып-бұтпай таза сөйлейік» дегені өте орынды. «Тілдің келешек ұрпаққа өз қалпында жетуіне бүгінгі азаматтар – біздер жауаптымыз» деуі баршамызға ой салуы тиіс.
«Ұлт тағдыры» қоғамдық қоз­ғалысының төрағасы Дос Көшім өз сөзінде мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелермен жете қанық екенін байқатты. Ортаға салған ойлары да көңілден шықты. Оның ойынша ортақ мүдде жолын­да қоғамдық ұйымдар мен атқарушы орындардың бірлесе іс-әрекет жасауы көңіл көншітпейді. Әрқайсысы әр тарапта. Бір-бірінің жұмыстарынан, тіпті ой-ниеттерінен хабарсыз. Мемлекеттік тіл мәселесі – бұл жекеге қатысты шаруа емес. Мемлекеттік іс. Демек, осы бағытта күш біріктіре, ынтымақтаса қимылдаудың еш өрескелдігі жоқ. Қайта осындай қимыл-қарекет қажет. Саясаткердің ортаға салған ұсыныстарының бірі – еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақ мектептерін көбірек ашу, оларды одан әрі дамыту. «Біз соңғы уақытта солтүстіктегі төрт облыстың он сегіз ауданында болдық. Мыңнан аса плакаттар шығардық. Жүздей кездесу өтті. Мұны үлкен іске қосылған тамшыдай үлес деп білеміз. Осындай кездесулерді жиі ұйымдастыру керек. Әсіресе, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлері ауылдық жерлерде жиі болып, кездесулер ұйымдастырса олардың ел, тіл тағдырына қатысты сөздері бізге қарағанда өтімдірек болар еді» деді ол. Шешен тілдің шұбарлануына, қазақ тілі орфографиясының бұзылып бара жатқанына қа­тысты алаңдаушылық білдірді. «Қазақ тіліндегі қателіктерді, бұрмалаушылықтың түзетудің бір жолы – арнайы сайт ашу. Жұрт көздері шалған өрескелдіктерді осыған жіберіп отырса. Осыдан кейін бұл қателіктердің орын алуы­на кінәлі кім? Қандай мекеме, қай әкімдік? Осыны қолға алып, хат жіберіп, тексерген дұрыс. Қалт жібермей бақылап отыру керек. Бұл жұмыс тиісті нәтиже берері дау­сыз» деген ол, «Қазтест» жүйесін енгізуге қатысты ойын жалғастырды: «Бұл жүйе екі жыл бұрын қолға алынып еді. Әлі толыққанды енгізілмей отыр. Мен жер-жерде болғанда кейбір облыстардың өз бастамаларымен осы істі жүргізіп жатқанына куә болдым. Осы жүйені қолға алу керек. Бұл ұлтшылдыққа, басқа тілді кемсітуге жатпайды. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе».
Дос Көшімнің ортаға салған келесі бір ойы әрі отырғандардан қолдау тапқаны – мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында «Менің болашағым – қазақ тілінде» тақырыбында шығарма жаздырту. «Осының арқасында тіл мәселесі ең кем дегенде екі миллион адамға ой салар еді. Жұртты ойлантуымыз – бұл да табыс. Шығарманы тексеріп, бағалайтын басқалар емес, тіл жанашырлары болғаны жөн. Жүлдегерлерге тиісті құрмет көрсетілуі тиіс. Мәселен, Астананы аралату… сияқты» деді ол. Мұндай игі іс АҚШ-та да бар көрінеді. Ондағы оқушылар: «Мен АҚШ азаматымын» деген тақырыпта шығарма жазады екен. Жеңімпаздар Ақ үйде, Америка Президентімен болатын кездесуге қатысу құрметіне ие болады.
Бұл жайт өткен жылы Түркияда болған сапарымызды еске түсірді. Мәдениет күндеріне қатысушы әр елден келген делегация мүше­лерін Түркияның Президенті қабыл­дағаны бар. Біз жайғасқан атшап­тырым залда жанымызда жүз-жүз елудей жас қыз-жігіттер отырды. Сұрастырғанымызда, олар мек­тептердің жоғары сынып оқушылары екен. Түркияда жылда «Менің отаным – Түркия» деген тақырыппен оқушылар арасында шығарма жазудан байқау ұйымдастырылатын болып шықты. Мына келгендер сол байқаудың жеңімпаздары. Түркия Президенті біздің көзімізше оларға арнап Отанның, Түркияның құдіреті жөнінде сөз сөйледі. Осыдан кейін жастар Президентпен бірге суретке түсті.
Мемлекеттік тілге деген сүйіс­­пен­шілікті арттыруға қатысты қан­дай да болмасын шара­ның маңызы зор. Олай болса оқу­шы­ларға тіл тақырыбында шығарма жаздырту арқылы да олардың тілге, елге байланысты құрмет-сезім­дерін күшейтуге әбден болады. Бүгінгі оқушы – ол елдің ертеңгі тұлғасы екенін ескергеніміз абзал. Сондықтан оның қазақ тілінің қадір-қасиетін ертерек біліп өскені маңызды.
«Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп көбіміздің көкейіміздегі ойды ортаға салды. «Өзге ұлт өкілдері арасында қазақша сөйлегісі келетіндер бар. Тіл білетіндерін көрсеткісі-ақ келеді. Бірақ біз олардың қазақша сөйлеуіне мүмкіндік бермейміз. Орысша сауал қойып не жауап беруді өзіміз бастаймыз. Бұл да қазақтың енжарлығы, ұлттық іске мойын бұрғысы келмейтіндігі» деді ол. Бұл ретте нақты мысал да келтірді. Мәселен, ұшақтағы қазіргі стюардессаның үш тілден – қазақша, орысша, ағылшыншадан жеткілікті хабары бар. Алайда біз қазақ бола тұра бірнәрсе сұрарда не тапсырыс берерде қазақша сөйлеудің орнына орысшамызды алға тұтып жатамыз. Осындайда неге қазақша сөйлемеске? Бұл қылығымызға не айтуға болады? Өзіміз қазақшамызды құрмет­те­мегеннен кейін өзгелерге несіне өкпелейміз? Осыны неге түсін­бейміз, ағайын. Қазақ тіліне алдымен қазақтың жаны ашуы керек қой. «Өздері мынау керітарт­қан, бізге не жорық?» демей ме іштерінен.
Белгілі қаламгердің заманауи технологияларға, мәселен, байланыс құралдарына қазақ тілінің енгізілмей отырғандығы жөніндегі жанайқайы да құлақ қоярлық. Расында да қазақ тілі заман ағымынан қалыс қалмауы тиіс. Қазақ тілі ешқандай тілден де кем емес. Тіліміздің орыс не ағылшын тілдеріндей қызмет көрсете алатын мүмкіндігі зор. Мәселе, ана тілімізді кеудеден итермей, жаңалықтар әлеміне құшағымызды ашып, енгізе білуде болып тұр.
Алматы қаласы Тіл басқарма­сының басшысы Мамай Ахметов өзі жетекшілік ететін басқарманың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Бір сүйсінерлігі, қала­дағы тілдік ахуалға байланысты мониторинг жасалған. «Қазтест» жүйесінің қаладағы мемлекеттік қызметшілер арасында пайдаланылып келе жатқандығы да құптарлық. Басқарма басшысы тіл шұбарлығына, әсіресе телеарналардағы тілбұзарлыққа алаңдайтынын байқатты. «Қандай да хабар болмасын хабар эфирге шығарда сараптамадан өтсе» деген тілегін жеткізді. Ол сондай-ақ қазақ балабақшаларындағы тіл мәселесіне баса назар аудару керектігін ескертті.
Пікіралмасуға қатысқан ха­лықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамы­ның вице-президенті Ғарифолла Әнес қоғам жұмысына кәсіпкерлеріміз белсене қатысса десе, қоғамның жауапты хатшысы Нұрлан Асқаров соңғы кездері қазақ тіліне байланыс­ты арыз-шағымдарды қараған сот отырыстары жиі өтетінін, осыған орай қоғам жанында жұмыс істейтін заңгерлер керектігіне назар аударды. Бұлардан басқа «Темірқазақ» ЖШС директоры Омар Хакім, қоғамның вице-президенті Бораш Әлібекұлы, журналист Жомарт Молдахметұлы да көкейкесті пікірлерімен бөлісті.
Бұл басқосудан аңғарғанымыз, «Қазақ тілі» қоғамы мақсатты істеріне білек түре кіріскелі отырғандығы. Бұл – жақсылық. Тілімізге байланысты айтылып жатқан сөз көп. Алайда нәтиже күткендегідей емес. Қазіргі уақыт әрекетті талап етеді. Өз жерімізде, өз елімізде отырмыз ғой деп арқаны кеңге салу жараспас. Тағы бір ескерілер жайт, «Қазақ тілі» қоғамы – өз қоғамымыз, өз бірлестігіміз. Бұл қоғамға бәріміздің де мүше екенімізді сезінейік. Қоғамға қолұшын беріп, оның жұмыстарына қатысып отыру абзал. Өйткені қазақ тілінің туған топырағында мерейі үстем болып, жұлдызы биікте жануы бәрімізге қажет.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «Қазақ тілі» қоғамының беделі – абыройы дүрілдеп тұрып еді. Сол қайратқа мінетін, азуыңды білейтін, айбатыңды танытар кез келді, енді.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Бақтұр

    Өйту керек, бүйту керек, ұйымдастыру керек, ашу керек не деген көп керек. Ең бірінші, дыбысымызға сай алфавитімізді түзесек,сөзіміз түзеледі, одан тіліміз бен санамыз түзеледі, содан қазақи болмысымыз өзінен өзі түзеледі. Ау мырзалар! Мыңжылдық тарихтың алдында тұрғанымызды неге ойламайсыздар,ұрпағымызға қандай Рух қалдырамыз, тарихқа «Кімдер» болып атағымыз қалады. Көптеген сөздіктер мен оқулықтардың сапасы сын көтермейді.

  2. ҒИБАДАТ

    Сөзден іске көшу керек айналайын ел ағалары. Қашанғы жалтақтай береміз, өсіп келе жатқан ұрпақ ертең өз тілін ұмытып дүбәрә болатын болса оған сіз бен біз кінәлі боламыз.Сондықтан ұрпағымыздың, енді қаз-қаз тұрып келе жатқан еліміздің болашағын ойласақ істің бәрін қазақша жүргізіп, басқа тілде қажет жағдайда аударып пайдалану керек. Осындай тілге байланысты басқосуларды жиі өткізіп отыру керек сияқты.Бір істі бастаған екенбіз аяғына дейін нәтижесіне жетуге бейімделейік ағайын!!!!

  3. Сәке

    Ерден Қажыбек қашып-пысып шетел асып кетіп еді қазақ тілін дамытуға бөлінген ақшаны жеп,енді неғып жаны аши қалған?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.