Күндер зулап,барады жылдар ағып…

Нұрлан Қабылов – республикаға танымал журналистердің бірі. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Алматы жоғарғы партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің, Елбасы «Алғыс хатының» иегері. Сонымен қатар Т.Амандосов атындағы сыйлыққа, көптеген мерекелік медальдарға ие болған. 2001 жылы «Атырау облысының үздік журналисі», Қызылқоға ауданының «Құрметті азаматы» атақтарын алды. Екі кітаптың авторы.
Ол ұзақ жылдар аудандық «Қызылқоға», облыстық «Атырау», республикалық «Алтын Орда» газеттерінде бас редактор болып қызмет атқарды. Бүгінде облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары.
Алпыстың асқарына көтеріліп отырған әріптесімізді мерейжасымен құттықтап, оның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жалғыз ауыл

Кезінде болған дейді алып қорған,
Көліне құс қанаты талып қонған.
Көз ұшында құлазып, бір ауыл тұр,
Жапанда жалғыз өзі қалып қойған.

Мұңын айтып бұлттарға көкте тұнған,
Иесі жоқ үйлер көп текке тұрған.
Хабар күтіп қария жол қарайды,
Қалаға жұмыс іздеп кеткен ұлдан.

Үйінді боп қалса да қанша тамы,
Өткен күнді сол ауыл аңсатады.
Бір жақсылық болар деп қалжыраған,
Армандау да адамды шаршатады.

Жарысатын мініп ап ұрлап тайды,
Тағы келдім ауылға, міз бақпайды.
Кезіндегі қарасы калың елден,
Он шақты үйдің түтіні будақтайды

ШАҒАЛА

Жайықты сен үнемі жағаламай,
Жаныма жақын ұшшы самаладай.
Аппақ нұрдан жаралған ару құсым,
Айдын бетін шарлаған шағалам-ай!

Бауырыңмен су бетін жонып алға,
Ұшасың кеп, ерліктің қаны бар ма?
Сен болмасаң Жайықтың жаны бар ма,
Сен болмасаң Жайықтың сәні бар ма?!

Қара жер, қара мұнай, қараңғылық,
Бәрі де қарайтындай саған күліп.
Бұл елдің адамы да сен сияқты,
Қиналады, бірақ бар табандылық.

Теңізден тұңғиық сыр ашқан адам,
Судың бетін мұнаймен ластаған.
Сен жағада отырсың дір-дір етіп,
Көрінбейді ұландар құлаштаған.
Жайықтың жағасында тал қалмады,
Сарай салды заманның заңғарлары.
Суыңды да, нуыңды жұтып жатыр,
Әзірге толар емес аңғарлары.

Адамдарды ешқашан алаламай,
Неге, неге ұшасың жанамалай.
Сен де маған мұң айтқың келіп жүрме,
Аппақ болған аяулы шағалам-ай.

Қаңтардағы
жаңбыр

Көбейіп тұр табиғаттың сұрағы,
Тартылыпты таудың талай бұлағы.
Бұрындары қар борайтын далада,
Қаңтарда да жаңбыр жауып тұрады.
Ақпан туса тал-теректер көктейді,
Аққан өзен теңізіне жетпейді.
Бұрынғыдай бір ағашты кескендер,
Орнына он ағашты екпейді.

Кейбіреулер тамақ қылып торайды,
Малдан қашық жүргенді көп қалайды.
Ала жаздай бір тамшы су тамбайтын,
Қырда бүгін қара топырақ борайды.

Құм төбелер бірін-бірі көшіріп,
Жайлауларды бара жатыр өшіріп.
Ақ бөкендер көрінбейді кешегі,
Кең далада зымырайтын жосылып.

Қорқыныш бар, бір нәрсеге алаңбыз,
Болашақта кімге кінә тағармыз.
Табиғаттан бәрін алып жатырмыз,
Ал беруге неге біздер сараңбыз?!

Сыр

Айыра алмай өтірік пенен шынымды,
Бөлісе алмай қиналып жүрем сырымды.
Сенделген жұрттан сөз түсінетін
жан таппай,
Өлеңім менің, өзіңе айтам мұңымды.

Қайда барсаң да жанығып жүрген
жандар көп,
Тобыр көбейсе, тірлікте мынау
талғам жоқ.
Осындай сәтте іздейді екенсің, аяулы,
Алыста қалған арайлы күнді арман боп.

Ақылды болсаң, азая берер сырласың,
Себебі бүгін болмасын дейтін тым басым.
Аз күндік қана қызық қуғандар ішінен,
Қиын-ау табу адамның ұлы тұлғасын.

Жақсы жыр ғана жаныңды нұрға бөлейді,
Әнші деп жүрміз құмығып қалған көмейді.
Ой айтар деген ортадан шаршап шығамыз,
Кісіден гөрі кісімсігендер көбейді.

Сағынышпен жанымды жылытамын
Өткендерді қалайша ұмытайын,
Сағынышпен жанымды жылытайын.
Күйіп-жанған кеудемді ауылға кеп,
Сап-салқын самалыңмен суытайын.

Күндер зулап, барады жылдар ағып,
Көкжиекке көз тігем қырға барып.
Ең бақытты ғажайып сәттерімді,
Уақыт-ай, кетіпсің ұрлап алып.

Өмір-өзен арнасын дара салып,
Таулар да қартаяды аласарып.
Күндерім-ай, құлдырап неге асықтың,
Үлбіреген жаныма жара салып.

Өткен жылдар бейне бір сағым дала,
Бақыт деген балалық шағың ғана.
Өзімді өзім қайраймын «Қойшы болмай,
Өлең жазған бар екен бағың бала».

Оңашада өлең жазу –
сол бақыт!

Жанымды жеп, жабырқатып талай мұң,
Өткеніме кейде өкініп қараймын
Ырду-дырду, тобыр-тойлар өлтіріп,
Босқа кеткен күндерімді аяймын.

Өмір-дәурен өзің қандай тәтті едің,
Біреуге сор, біреуге зор бақ па едің.
Мағынасыз сөз тыңдаумен құр босқа,
Өтіп жатыр ең аяулы сәттерім.

Аналардай сәби күткен толғатып,
Кейде қалам ұстай алман қолға түк.
Көппен бірге күн өткізу – далбаса,
Оңашада өлең жазу – сол бақыт!

Қоңыр үйде маздап жанып бақ-шырақ
Алыстарда кісінейді ақсұр ат.
Дабырадан аулақ кетіп кей сәтте,
Жалғыз қалып, ойланғаның жақсырақ.

Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.