Шежіре – қалам қуаты

Бектур китапМаңғыстау облысында мәдениет қайраткері, Ақтау қаласы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысындағы өкілі, жазушы Бектұр Төлеуғалиевтің 75 жасқа толу мерейтойы аталып өтті. Жиында Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің қаламгерге жолдаған құттықтау хаты тапсырылды. 

 

Облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне сый-сияпат жасады. Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамының през­иденті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, «Қа­зақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар ке­ң­есінің төрағасы Жұмабек ­Кенжалин, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы ­Самат Ибраим, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ғалым-баспагер Ғарифолла Әнес, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Жұмабай Құлиев, Маңғыстау облысындағы Қа­зақстан Жазушылар одағы филиалының директоры Ғалым Әріп ізгі тілектерін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиевтің мерейтойы қарсаңында «Арыс» баспасынан «Ғасырлар құндылықтары» атты кітабы жарық көрді. Айта кетейік, қаламгер мұның алдындағы «Балдағы алтын ақ болат» және «Бас сардар» тарихи-танымдық хикаяттары мен «Адай тарихи сыр шертеді» роман-эссесі арқылы көпке танымал. Ардагер жазушының бұл жаңа кітабына «Ұлттық мәдениет және салт-дәстүр» атты танымдық зерттеуі, «Махамбет пен Исатай» тақырыпты хикаяты, сондай-ақ үшінші бөлімде түрлі мерейлі жиындарда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, өзекті заманауи ұлттық мәселелер хақындағы мақалалары, естелік-эсселері топтастырылып отыр.
Автор «Ұлттық мәдениет және салт-дәстүр» деген еңбегінде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінің талай ғасырлық тарихының барлығына, оның түрлі жалғастық пен сабақтастық нәтижесінде кейінгі ұрпаққа, бүгінгі кезеңге қандай деңгейде жетіп отырғанына талдау жасайды. Мәдениетті ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан бөлек алып қарау, ол үлкен қателікке ұшырататынын, мәдениеттің көзі болып келген ата-бабаларымыздың бірін-бірі өте жоғары сатыда сыйлап, соның арқасында рухани құндылықтарды бойларына жинап, тұқымнан тұқымға дарыта білгенін айтады. «Қазіргі кезеңде өз ұлтымыздың мәдени деңгейін алып қарасақ көңіл толыңқырамайды. Мәдениетіміздің асыл мұраларын жәдігер түрінде ғана көріп, шын мәнінде жастарымыз түсінбей таңданатын сияқты. Батысқа еліктеушілік біздің басқа халықтардан жоғары тұрған салт-дәстүріміз бен мәдениетіміздің өресін күннен-күнге тарылта түсуде. Әрине, қазіргі батыс елдерінің жоғары да­мыған мәдениетін, өнердегі, ғылымдағы жетістіктерін жоққа шығаруға да болмайды. Солай бола тұрғанымен үлгі алуға болмайтын жағымсыз жақтары жетіп артылады. Дәл осындай біздің халқымыздың түсіне де кірмейтін көргенсіз әрекеттерді насихаттайтын шығармалардың немесе бейнетаспаға түсірілген фильмдердің ішімізге кіріп, кеңінен жайылып орын алуы, оған деген әй дейтін әже, қой дейтін қожалардың дәрменсіздігі, жастардың әулекі құштарлығының күшейуі шошынарлық жағдайға жатады. Ал батыстың өзінде мұндайға жол бере бермейді» деген ойлары көңіл аудартады. Осыны сөз ете келе қаламгер егеменді ел болып өз тіліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілген уақытта мәдениетімізді жабайы көріністер арқылы жаңғыртуға тырысатындардың жолын бөгеп, оны ата-баба салт-дәстүрімен қабыстыра алсақ қана ұлттың тарихи бейнесі сомдала түсетіндігін айтады.
«Махамбет пен Исатай» болса тарихи тақырыпқа арналған хикаят. Бұл екі тұлғаның есімі, ерлік істері оқырман қауымға жақсы таныс. Дегенмен де, автордың ізденуі, еңбегінің арқасында бұған дейін беймәлім болып келген деректерге қанығамыз. Солар арқылы қазақ қос батырының тұлғасы бұрынғыдан да биіктей түседі. Әсіресе, Махамбет туралы айтқан: «Ақындарымыздың бәрі бірдей батыр болмаған. Жауына сырттан тіл безегенмен, көк сүңгісін қолға алып, жауын шанши алмаған. Махамбет қасарысқан жау ортасына қол бастап кіріп, ерліктің үлгісін көрсетіп, шыбын жанын пида етіп айқасып, ақ алмасымен тіліп түсіп отырған» деген пікірімен келіспеске шараң жоқ.
Кітап соңындағы ел-жұртқа танымал, сыйлы да қадірлі Бектұр ағамыз туралы замандастарының жүрекжарды ой-пікірлері мен әдебиетші, сыншы ма­ман­дардың жазушының шығар­ма­шылығы хақындағы талдау еңбектері де тартымды оқылады.
Құрметті демалысқа шықса да ұлт мүддесі жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Бектұр ағамызға тілейтініміз – зор денсаулық, қалам қуаты.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.