Айналдым ер мінезді ерікті елден

елгілі ақын, әдебиет сыншысы Жұма-Назар Сомжүректің
Астана қаласындағы «Сарыарқа» баспасынан «Сарыарқа сазы» атты қос томдық көлемді жыр жинағы жарық көрді. Оның 19 бөлімнен тұратын бірінші томына лирикалық өлеңдердің тақырыптары бойынша, сонымен бірге ойнақылық, ойсалар және басқа ерекшеліктері мен қасиеттеріне қарай топтастырылған жырлары енген. Ал екінші томында поэмалары мен жазбаша айтыстары, «Абай –ару Тоғжан» , «Ана махаббаты», «Серінің сергелдеңі» пьесалары және «Сегіз қырлы сері өлең» атты өлең қырлары жан-жақты ашылып талданған теориялық еңбегі жарияланған. Көп жылдары елде өткен ақын Астанаға, ондағы әдебиет ортасына оралғаннан бері өлеңдер мен поэмаларды өндіре жазып жүр. Астана ақынның екінші тынысын ашқандай. Бүгін біз оның қос томдық жыр тойы қарсаңында қуанышын бөлісіп, бір топ өлеңдерін жариялап, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Жуманазар

Жұма-Назар Сомжүрек

Қазақ тілі –
жыр тілі, ақын тілі!

Қасиетті,
ардақты,
Ана тілім!
Айшықты
әрі шешен,
дана тілім!
Анамның ақ сүтімен еміп қоса,
Арқаңда саналы ұл боп жаратылдым.

Сенен таптым, халқымның бар асылын,
Сенен ұқтым, тарих, дала сырын.
Ғажайып тылсымыңды тыңдай-тыңдай,
Талай түн тағатымды таң асырдым.

Сүңгіп сенің сұңғыла сырларыңа,
Інжу іздеп жатамын жырларыма.
Асқақпын, мәртебем де биік менің,
Сен берік тұғырыңда тұрғаныңда.

Алғашқы ертегі өлең, жыр жаттаған,
Анамдай – ана тілім қымбат маған!
Ашығын айту керек, азамат па,
Өз тілін үйренуден сырғақтаған?

Тұрудан қарап асқан азап бар ма,
Қазақ тілін білмейтін қазақтарға.
Тіліміздің түбіне жетіп тынар,
Салғырттық сіңе берсе тарап қанға.

Осы қауіп кетпейді күнде есімнен,
Ана тілім –
асылым, шын несібем.
Ар туындай ардақтап сақтайық! – деп,
Сөз тастайын уақыттың мінбесінен.
***
Білмеген өз ұлтының тіл арнасын,
Ұлылығын халқының ұғар ма шын?
Өз тілінде-ақ
Әуезов жазып шыққан,
Әлемге аты әйгілі шығармасын.

Бет бұрып өз тіліңе тұрсаң бүгін,
Сәкеннің аш онда сен «Сыр сандығын».
«Аққуы», Көкшетауы» тебірентіп,
Ойыңның алар сылып қырсаулығын.

Оқып шық келтір-дағы бір орайын,
Исаның «Ақбөпе» мен « Құралайын!»
Білмесең өз халқыңның қазынасын,
Мен сені қалай, қайтіп сынамайын?

Арқаның дүбірлеткен құба белін,
Қолыңа ал
Ілиястың «Құлагерін».
Тұлпардың дүбірі мен Ақан зары,
Ерте оятқан санамды мына менің.

…Жатқанда қырда түрен нота сызып,
Қастықтан қалса қиын соқа сынып.
Ана тілін үйренбеу, мансұқ ету, –
Өз халқыңа жасалған опасыздық.

Азамат сергіт ойды,
сілкін бүгін!
Тоғышарлар ойлайды бір күндігін.
Халқыңның тілін жақсы меңгеруге,
Жетеді уақыт, білім мүмкіндігің.

Халқыңның жатта жырын жалықпайсың,
Көгінде қыраны боп қалықтайсың.
Ана тілін үйреніп, білмей жүріп,
Ұлтыңның
ұлы болып жарытпайсың.

Мен айтсам, айтам бүгін ойын көптің,
Қатарға тарт жүрсе егер кейіндеп кім.
Оқысын өз тілінде кітаптарын,
Ұлы Абай,
Сәкен, Сәбит,
Бейімбеттің.

Шығарған небір талант асылдарын,
Қазақ жыры — жайқалған жасыл бағым!
Өлеңдерін қалдырған жалынға орап,
Мұқағали,
Төлеген,
Қасымдарым.
Тамаша өлең!
Таңдайға татып балдай,
Өз тіліңде жыр оқу бақыт қандай!
Жан дүниең жарқырап сала берер,
Ағарып келе жатқан атып таңдай.

***
Қалағандай қиюлап үй тастарын,
Балталап бұза алмайсың ұйқастарын.
Тіліңнің білгің келсе құдіретін,
Солардың оқы өлеңін жыр-дастанын.

О, бозбала,
бойжеткен,
талантты інім,
Мына ағаңа сеніңдер ғажап тілің!
Үлкен ұят емес пе, айналайын,
Қазақ болып білмесең,қазақ тілін.

«Уа, жұртым, кеттің деме,
мақтанып тым»,
Сендерге арнап біраз сыр ақтарыппын.
Өз кілті – өз тілінде аш сандықтарын,
Кекілбаев,
Шаханов, Ахтановтың!

Сол кілтпен сыр-сандықты ашасың көп,
Ақын ойы үстінен басасың дөп.
Меңгер ана тіліңді шын тілесең,
Халықтығы халықтың жасасын! – деп.

Өз тілін жетік біліп үйренсе кім,
Ең жақын ұрпағыі сол
Жиреншенің.
Азамат, сергіт ойды заман туды,
Тіл тағдыры қолыңа тиген сенің!

 

АЗАЙМАСЫНШЫ
АСЫЛДАР

Жарқ етіп сөнген жасындар –
Мұхтар мен Хамит, Қасымдар.
Толарын кіммен кім білсін,
Азайып жатыр асылдар?!

Өнердің жұлдыз жаны боп,
Ұлтының өткен ары боп,
Жем болып жатыр таланттар,
Тауық-тағдырға тары боп.

Дарындар ұшып құс аппақ,
Барамыз бүгін ұсақтап.
Өзі жоқ, бірақ көзі бар,
Кітабын қалдық құшақтап…

Сияқты бейне ар-иман,
Ғабиден, Ғабит, Қалижан.
Сыймайтын ба еді жүрсе әлі,
Далама мынау далиған.

Мейлің сен аһ ұр, аһ ұрма,
Таяйсың бір күн ақырға.
Ортадан кетті қаһарлы,
Бауыржан сынды батыр да.

Талантты кейін таниды,
Мұң-қайғы мұздай қариды.
Сазгерлер жырын ән қылып,
Жоқтап жүр Мұқағалиды.

Жаулаған жыры әр үйді,
Төлеген менен Сағиды,
Жоғалттық дара Ғафуды,
Азамат ақын жаны игі.

Сахнаның жүрген сәні боп,
Жұлдыздай сөнді Жәнібек.
Сырағаң өтті өлеңнің,
Ыңырана тартар нары боп.

Демейміз көптің бірі екен,
Өлеңнің ойлы пірі екен.
Жүр ме екен пейіш төрінде,
Бір туар талант Жұмекен.

Дарыны бөлек ғажап тым,
Ұлы еді дарқан қазақтың,
Сыншыны қайдан табамыз,
Суытпас орнын Сағаттың?!

Құйылып әні тамшылап,
Шәмші де кетті шамшырақ.
Жоғалтып жылда қаншасын,
Қайғыдан жүрміз қансырап.

Жаралап соғып жас жанды,
Аямас жайсаң, қасқаңды,
Сұм ажал айдап кетті алып,
Қарсы бұтақтай Асқарды.

Мықты ақындармен тең шығып,
Жинақты біраз енші ғып,
Айтарын айтып тауыспай,
Шарт етіп сынды Кеңшілік.

Соғатын самал майда леп,
Махаббат нағыз қайда деп,
Хор қызын құшар пейілмен
Жұматай өтті Ләйлә! – деп.

Қалғандай суып қоламтам,
Тартқандай жүдеу төралқам,
Ойсырап қалды ортамыз
Оралмай кетіп Оралхан.
Аллам-ай,
Алла, Аллам-ай!
Алланың басқа салғаны-ай!
Ойда жоқ жерден оқ тиіп,
Аһ ұрып халқы қалғаны-ай!

Ақындар жырын төкпес пе,
Қартайып барып өтпес пе.
Қиылып жатыр көбісі,
Елуге жетер-жетпесте.

Болысып Алла асылға,
Жеткізсе нетті ғасырға?
Обал-ау, обал әкету
Қырық бес-елу жасында.

Қуратып гүлді үсіріп,
Сұрапыл соғып ұшырып,
Азайып жатыр асылдар,
Сұм ажал баудай түсіріп.

Шыдарсың қалай қайғырмай,
Жырлары дария-айдындай.
Ормандай ойлар қалдырып,
Қадыр да кетті қайрылмай.

Бұландай десе, бұландай,
Өлеңде жүйрік құландай.
Қадырдан қалып қайтем, – деп,
Соңынан тартты Тұманбай.

Қара бұлт басып көңілді,
Көзімнен жасым төгілді.
Ажалды ерте шақырып,
Ақселеу сабаз, ерім-ау,
Егілтіп кеттің еліңді.

Алаңсыз сәтте қас қағым,
Есеңгіретіп тастадың.
Аласарып қалды-ау көп,
Сен барда биік аспаным.

Беу-беу, дүние, дариға-ай,
Өзекті қайғы қариды-ай.
Қазақтың қайсар қызы едің,
Дертіңе дауа таба алмай,
Өттің-ау сен де, Фариза-ай!

Том-том жыр жазған ақын боп,
Қайраткер және ақыл көп.
Жезкиіктерін өргізіп,
Өмірден озды-ау Кәкімбек.
Азамат еді-ау аяулы,
Елменен бірге егілдік,
«Аға, – деп тұрғай бақұл» боп.

Ер еді сынды Толағай,
Құйылған құрыш-қоладай.
Қалдырып жетім «Қазағын»
Аттанып кетті Қоғабай.

Қиындық қанша біз өткен,
Тұрғанбыз құлап сүзектен.
Жабысып дерт боп жатыр ма,
Табаннан сонда сыз өткен?

Іс етпей дұрыс лайықты,
Өзіміз, мүмкін, айыпты?
Жүк артып, жөнсіз жүрекке,
Шайқаймыз жүзген қайықты.

Көз жасын жесір бұлай ма,
Із салар қайғы шырайға.
Ажалға сабыр қылар ма,
Құлшылық қылсақ Құдайға.

Айтылды қанша арман ән,
Қазақтан қайғы қалмаған.
Жырым бұл шыққан шырқырап,
Мейірім сұрап Алладан.

Алаулап оттай лапылдар,
Таң болып талант атыңдар.
Ұшыра берсін жыр құсын
Арманда кетпей ақындар.
Жайнасын гүлдей асыл жар,
Жыр төксін жаңа Қасымдар.
Өкініш өртеп өзекті
Азаймасыншы асылдар!
Азаймасыншы асылдар!

САРЫАРҚА САМАЛЫ

Ғажайып қай жерде бар
дала мұндай?!
Жайнаған жазғы дала
жамалын-ай!
Ауа қайда тап-таза исі аңқыған,
Сағымды Сарыарқаның
самалындай?!

Арқаның сүйем қалай
сал самалын!
Саумалдай қанбай жұтып тамсанамын.
Сапардан жұпар шашып қарсы алады,
Шыққандай болып алдан аңсағаның.

Дерттің де, көңілдің де дауасындай,
Тыныстап кеуде керіп табасың жай.
Сергітіп ой-санаңды, тіл үйірер,
Тәтті жоқ,
туған жердің ауасындай!

Ескенде
саумал самал аңқып алдан,
Күйдей-ақ көңіл болмас шалқымаған.
Серпіліп шат сезімге бөленесің,
Жаннатқа айналғандай жалпы ғалам.

Ғажайып қай жерде бар дала мұндай?!
Қайтеді күй күмбірлеп, ән ағылмай.
Қайда ауа жусан, жалбыз исі аңқыған,
Сағымды
Сарыарқаның самалындай!!!

«Күн көсем» орын берген
күн ақынға!
Қазаққа өттік кезден күлетұғын,
Ірі елдер болды көзге ілетұғын.
Ұлтымыздың ең ұлы ақыны сен,
Абай десе,
қазақ деп білетұғын.

Бас көше
өз атыңда бар қалада,
Рухани азық – жырың әр балаға.
Әр мектепте басты ұран өсиетің –
«Ғылым таппай мақтанба» алға қара!

Қалың елің қазағың жаңғыруда,
Өнері өрлеп әлемді таң қылуда.
Өзің де көріп бәрін, тұрсың тыңдап,
Алматыда
Абайдың даңғылында.

Ленин «көсем» орнында
басты алаңда,
Мүсінің асқақтады Астанада.
Хандарды да шығардық төрге биік,
Тізгін қолға тиген ел жасқана ма.

Келеді жетіп қазақ мұратына,
«…скийлерді» шетінен құлатуда.
Бас Құдай
тас Құдайды тақтан алып,
«Күн көсем» орын берді
Күн ақынға!

САЙ БОЛҒАЙ САНАМЫЗ
Жыр терме
Табиғат ғажап!
Табиғат — ата-анамыз.
Аялы алақанында
Еркелеп өскен баламыз.
Боз жусан, жалбыз, гүлдердің,
Жұпарын жұтып қанамыз.
Дарқандық бойға дарытқан,
Далиған байтақ даламыз.
Болған ғой бұрын соған сай,
Сарыарқадай санамыз.
Қаратау, асқақ Алатау –
Арқа сүйер панамыз.

Болған ғой, иә, болған ғой,
Сарыарқадай санамыз.
Айғағы соның – Әйтеке,
Төле би, Қазбек данамыз.
Көреген абыз-данышпан
Бұқар жырау бабамыз.
Ұлытаудай ұлы Абай –
Дариядай дарамыз.
Біржанды буып састырған,
Сары қыз саңлақ Сарамыз..
Ахаң мен Жақаң, Сәкендер…
Жазылмас әттең жарамыз.
Бабалар – дара даналар,
Өткенге көз сап қараңыз.

Бүгіндер бүгін болғанда,
Тәуелсіз ел боп толғанда,
Ақыл-ой қандай шамамыз?
Ұлтына ұл боп жарар ма,
Әкеге тартып баламыз?
Асқар таулар панамыз,
Қазына толы даламыз.
Қара көздеріміз құралып,
Көбейіп қалды қарамыз.
Рулар, жүздер бауыр боп,
Жақындап жатыр арамыз.
Егіні бітік жайқалып,
Үйірлеп бие байланып,
Саумал исі бұрқырап,
Қымызға толды сабамыз.
Сайын дала төсінде.
Астана ғажап қаламыз.
Есілден есіп ақ самал
Жанға да сая табамыз.

Соларға лайық болғай деп,
Санаға салмақ саламыз.
Бойласа бұлтқа бәйтерек
Биіктей берер біздің де,
Сәулетке сай боп санамыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.