Тарихи сана –рух қайнары

Қаламдастар мен оқырман қауым өкілдерінен «сіз енді біржола ежелгі тарих мәселелерімен шұғылдануға көшкенсіз бе? Тарихи сана деген не? Ол несімен қымбат? Азды-көпті тарихпен айналысқасын Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы тақырыбына атсалыспайсыз ба?»  дегендей сұрақтар қойылып, соның өзі қоғам үшін маңызды ойларға түрткі болғасын, бірқатарымен бөлісе жүргенді жөн көрдім.

Әдебиет жанрларын, журналистік қым-қуыт еңбекті, партия ұйым­дарындағы, өндірістегі қыз­меттерді бір-бірімен жарыстыра алып жүргенде, жиі-жиі тарихқа үңілуге де уақыт таптым. Бұл тұншыққанда тыныстайтын ауадай, ағзаға қажет ас-судай табиғи сұраныс еді. Тарихи сана содан қоректеніп, қалыптасады, нығаяды. Тарихи сана дегеніміз – еменнің қабаттарға тараған тамырларындай, оған тереңдердің сөлін тартып жеткізуші және мәуелетіп өсіруші жұлынды арна іспетті. Жас кезде училищеде оқуда, әскерде жүргенде өңі өзге ұлт балаларымен ұлтымыздың тегі туралы қызарақтап айтысып қалатынбыз. Қадыр Мырза Әлі: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» дегендей, ол кезде танымдық кітаптар да жоқтың қасы еді. Мұсатай Ақынжановтың 1957 жылы шыққан «Қазақтың тегі туралы» шап-шағын кітабы қолыма түскенде, кенеттен бойыма күш құйылғандай, бәлкім, тектік сана-сезімнің өршуінен, ешкімге дес бермегенім бар! Қайран да қайран асыл ер, зұлмат жылдардың тауқыметін жанкешті тарта жүріп, «үстемсігендердің аузын жапсын!» деп құдды мен үшін жазып қалдырғандай-ды. Бүгінде Жириновский секілді әсіреңкілер қазақ ұлты, қазақ мемлекеттігі туралы аузына келгенін сандалап жүр. Біздің үкімет пен сыртқы істер бұған тым-тырыс. Бұлар бізді мойындап отыр екен деп, Путин де ұшқалақтанып кетті. Сондайлардың бәріне тек Елбасымыз бір өзі қарсы күресуге тиіс секілді. Басқа мемлекеттік ерлер қайда? Атақты академиктер қайда? Неге бұқпантайлап бас баға береді? Беларусь Лукашенко құрлы бірдеңе айтпай ма?! Президенттің Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шарасы ұлттың айбынындай, талай өзекті сұраққа батыл жауап береді деп сенеміз.

Республикада бұдан шамамен жиырма-жиырма бес ғасыр бұрынғы тарихымыз біраз сараланып үлгерген. 2011 жылы бүгінгі Қазақстан аумағындағы, Ұлы Дала, Алтын Тұран кеңістіктеріндегі осыдан миллион жыл бұрынғы тіршілікті алғашқы адамдар тұрпатындағы генетикалық кейіпкерлердің мыңдаған ғасыр тезінен өте, эволюцияланып, осы заманға жету жолымен суреттей келе, ежелгі дүние мен бүгінгі адамзат проблемаларын салыстыра пәлсапалауға кіріскем. Елу баспа табақтай болуы керек-ті. Бірақ батпаққа, батпақтан ұймаға сіңіп бара жатқанымды біліп, уақытша қоя қойдым. «О, Данышпан Дүние!..» трилогиясына көп күшімді сарп еткем. Ұлттың, Қазақстанның тарихи аренаға шығуының заңды негіз­дерімен тиянақтай, жеті-сегіз проблеманы жеті-сегіз сүйменді топтап, бір шетін қолтығыма қысып, бір шетін қос қолдай бұрап есіп, ширатып отырғандай күйде талдап суреттегем. «Ұлы Дала» романының жазылу технологиясы одан әлдеқайда ауыр болатын.

Сосын көптен көңілімде жүрген Ман Ата тақырыбын бір жүйеге түсіруге кірістім. Ол да көп мың жылдық тарих. 1958 жылдың көктемінде біздің үй машинамен Маңғыстаудың Қара Ойынан қырға, Үстіртке, Самға көшкенде, күн жарық, ерте болса да, Ман Ата тауының етегіндегі, Ман Ата қауіпті асуының бойындағы Ман Ата әулиеге түнеп өтті. Әулие туралы сол түнгі ұзақ әңгімелер, үлкендердің оны «Адам Ата – Ман Ата» деп сыйынғаны құлағымда. Бес жаста едім. Екі жастағыдан бергі негізгі оқиғалар жадымда-тұғын. Олар әскерде жүргенде «Сәби көзіммен» новеллаларымда қаз-қалпында жазылды. Ал бес жаста кәдімгідей есті едім. Тіпті ой ойлаушы ем. Содан бері сол Ман Ата кім екен деп жадыма ап жүрдім. Ата-анам, ауыл үлкендері көп айтатын Масат Ата, Бекет Ата, Құдайке, Ер Қосай бабаларым туралы мәлімет көп. Сондықтан Ман Ата көкейден кетпеді. Деректер ұшқыны ұшыраса берді. Бір қызығы, соның бәрі белгілі бір логикалық жалғастықпен, жіпке тізгендей жүйемен ұшырасты. Сөйтіп, 1984 жылы «Мекенім менің Ман+қыстау» зерттеу мақалам жария­ланды. Отпан (От–ман) мәселесін де сонда көтердім.
Ман Ата мәселесі біздің ұлттық, мемлекеттік саясатымызға нақты не бере алады? Мұны биік, халықаралық деңгейде жариялы етуге жетіп келесіздер. Орнатылатын ескерткіштің жерін белгілеп, эскиздерін жасақтап, жол салу қамында екенсіздер. Сапар орталығы, туристік орталық ауызға алына бастады. Бұдан қандай пайда? «Авес­та» қай заманда жазылған? Оның авторы Заратустра және Ман немесе Воху-Ман қай заманның адамдары?– деген сұрақтар жүздесулерде жиі қойылады. Бұған жауап беру үшін өткен дәуірлерге шегініс жасау абзал.
Еуроцентристік көзқарас бойынша бұрын әлемдегі өркениет ошағы Грекия, Рим делініп келді. ХІХ ғасырдың басында еуропалықтар Мысырды танып-біле бастап, ойланып қалды. Енді бүгінгі еуропалық өркениет сол Мысырдан – Египеттен, Таяу Шығыстан басталған деген түсінік өрістеді. Ал сондай таңғажайып ілім-білім мен мәдениетке Мысыр қалай тез ие болып, тез меңгере кеткен? Бәлкім, оған да сырттан әкелінген шығар? Үндіқытай, Оңтүстік, Солтүстік Америкалар елдеріндегі озық өркениеттер төркіні қайда? Оларға қайдан дарыған? Соншама білім-білікті, үздік технологияны оларға үйретуші Құдайлар кімдер? Құдай тұрпатты атланттар кімдер? «Авестада» Ман, Воху-Ман неге Құдай сипатты, Құдай-Адам делінеді? Төмендегі жайттарға зер салайық. Біздің бүгінгі Қазақстан аймағы, Ұлы Дала, Алтын Тұран кеңістіктері әлемнің төрт бұрышымен, соның ішінде әлгі айтқан өркениет ошақтарымен Жұмыр Жер жаралғалы, оның бетінде адам баласы таралғалы ті­келей байланысып жатыр. Демек, біздің Атажұрт жер бетінде сол өркениеттердің пайда болуына және таралуына тікелей қатысы. Бағзы дәуірлерде мұхиттар астына батып кеткен Атлантида біреу емес, бірнешеу. Солардың бәрінің ошағы болған Атлантида бұл – Солтүстігіміздегі, Қиыр Шы­ғысымыздағы Гиперборея. Өздерін арийміз деп атаған, басқа жұрттар атланттар деп таныған гипербореялықтар осыдан он екі мың жыл бұрын алып құрлық қақ айырылып, Еуразияға, Солтүстік, Оңтүстік Америкаларға бөлініп, құрлықтың біраз сынықтары су астына кеткен апаттан басқа континенттерге боса тарады, жеткен жерлерінде жергілікті халықтарды оқу-білімге, шаруашылық жүргізуге, ұлы құрылыстар салуға, мемлекеттер құрып, оны басқаруға үйретті. Академик Александр Кондратов аталған құрлықтардың бір-бірінен бөлшектену апатын бұдан он мың жыл бұрынғы оқиға деп көрсеткен («Атлантиды пяти океанов», Ленинград, 1987). Ежелгі арийлер қауымдарының жер бетінде бытырай күнелтіс жасап, табиғи өрістеуін (баяу жылжуын) кезінде есептей келе, бұл апат, әлгінде айтқанымдай, бұдан он екі мың жыл бұрын болған деп түйгем. Мұхиттар мен теңіздер астынан, құрлықтардың сынып, бөлшектену аймақтарынан табылған артефактілер және Америка, Еуропа, Ресей экспедициялары зерттеушілерінің соңғы тұжырымдары осы тоқтамның дұрыстығын дәлелдейді. Бұған арнайы назар аударылу себебі алдағы талдаулар барысында белгілі болады. Сөйтіп, Ман есімді ғұламаның өмір сүрген кезеңі осыдан 12 мың жылдан бергі уақыт. Бұны жадымызға түйе отырайық.
Сондай-ақ Аристотель (б.д.д. 384-322 ж.ж) Заратустра Платоннан (б.д.д. 428-348 ж.ж) 6000 жыл бұрын өмір сүрген деп дерек қалдырған. «Авестаны» лингвистикалық талдау Заратустраның өмір сүрген кезеңі б.д.д. XII-X ғасырлар деп көрсетті. Бірқатар ағылшын ғалымдары б.д.д. 11500 жылдан бергі кезеңді айтады. Оларды түзетуге тырысқан орыс зерттеушісі В.Луконин б.д.д. IV ғасырға тоқталған. Ал Заратустраның туған жері Еділ-Жайық өзендерінің аралығы екенін Кембридж университетінің профессоры Мэри Бойс және басқалар бір-бірін қуаттай дәлелдеді («Исходя из содержания и языка, сложенных Зороастром (Заратустра – М.Ш.) гимнов, теперь установлено, что в действительности он жил в Азиатских степях к востоку от Волги»). Сақтар, дей-дей түріктер немесе тұрандар мекендеген өлкелер. Бұны да көкейге түйіп қояйық.
Мына жайтқа да тоқталуға тиіспіз: арийлер шығысымыздан Ұлы Дала аймақтарына бұдан 8500 жыл бұрын ене бастап, мұнда 6 мың жылдай қоныстады. Ал Джавахарлал Нерудің (1881-1964) деректері бойынша («Взгляд на всемирную историю» трилогиясы) арийлердің бір бөлігі Үндістан аумағына солтүстік-шығыстан б.д.д. 2500 жылдары кіре бастаған. Сондай-ақ Ескендір Зұлхарнайынның шығысқа жорығы қарсаңында арийлер Ұлы Даладан Оңтүстікке, Иран бетіне және Каспийдің терістігімен Еуропаға толық көшіп үлгерген. Арийлердің ежелгі қазақ топырағындағы жергілікті халықпен негізінен қоян-қолтық тірлігінің куәсіндей боп тарихта даңқты ұрпақ есімдері қалды. Аты Заратустраның Спитама руы құрметіне қойылған сақ қолбасшысы Спитамен Ескендірге қарсы соғысып, б.д.д. 328 жылы қаза болды. Осы деректер мен пікірлерді сайғастыра келе, Заратустра бұдан 3600-4000 жыл бұрын өмір сүрген деген тоқтамға кідірдім. Әрине, Ман одан бұрынғы адам. Заратустраның Ман бейнесімен, рухымен ұшырасуы Үстірттегі Ман Ащы (Манашы (Манның ащы бұлағы деген мағынада) өзенінің бойы десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Жүрегім сезеді, меніңше, Заратустра да осы Ман Ащы маңында, Күйкеннен оңтүстік тұста, Ман Ата тауларының бір жерінде жатыр. Заратустраның «Авестаны» шерімге сыналап жазған даналары осы жерлерден ақыры табылар деп үміттенемін.
Бүгінгі қазақ баласының тегі жаңағы айтқан 12 мың жылдың да аржағынан бас­тау алады. Аспан құдіреттерімен тілдесіп, ауа райы мен табиғат құбылыстарын ұйымдастыруды, тасаттық беріп, телегей жаңбыр жаудыруды меңгерген, осыдан қырық мың жыл бұрын, қазіргі тілімізде айтқанда: «бүйі-бүйі, бүйі-шық, ызғарыңды жаймай шық, отыз омыртқадан шық, қырық қабыртқадан шық» деп алып қарақұрттарды, әбжыландарды арбаған, жабайы жыртқыштар мен аңдарды қолға үйреткен арғы тектеріміз аспанға, күнге, айға, отқа табынып, суға жан бітіре жүріп, арийлерден талай нәрсені үйренсе үйренген шығар, бірақ оларға да өз қасиеттерін дарытып баққан. «Авестаның» Заратустраның өзі жазған алғашқы кітаптарында ежелгі түркі сөздері, Ұлы Дала, Алтын Тұран аймақтарының жер-су, тау аттары, бүгінде ұлттық нышан мен мерекеге айналған тұрмыс-салт, дәп-дәстүрлеріміз жетерлік. Олардың бірқатары Елбасымызға жолданған ашық хатта, «Періштенің сыбыры» романында, мақалаларда жазылып, суреттелді. Егер бүгінгі көзі ашық әлем ислам, христиан, иудаизм, буддизм діндерінің және әлеуметтік озық идеялардың мәйегі зороастризмде деп мойындаса, сол зороастризмнің өзі біздің Атажұртта пайда болып, өркен жайған деп мәлімдей аламыз. Бұл – әлемдік өркениеттің ұйытқысы, ашытқысы деп танимыз. Заратустраның, бәлкім, Ман Атадан жеткен болар: «ізгілікті ой ойла, ізгілікті сөз айт, ізгілікті іс тындыр» деген өсиетінің өзі біздің тым арғы Озал, Ежел қарияларымыздың аузынан шыққандай даналық. Міне, осының бәрі біздің ұлттық, мемлекеттік идеологиямыздың астарында жатса, орынды болар еді. Қазір байқап отырсақ, солтүстігіміздегі Ресей мен оңтүстігіміздегі Иран мамандары біздің тарихи төл жетістіктерімізді, біздер баяғы кеңдікпен жайбарақат жүргенде, өздеріне жазып, иемденіп ала беріпті. Бұл дәнікпе әдет әлі тыйылмай келеді. Оған төменде тоқталамыз. Оның есесіне неғұрлым өркениетті озық ұлттар өздерінің бағзы дей-дей түркілермен құнарластығын, тілдерінің қалыптасуына ықпалын, бүгінгі Қазақ даласында сұлбалары сақталған, өте ескі ескерткіштеріміз текті Стоунхендж киелі орындарын да түбі бізбен тамырлас кельттер салғанын ашық дәлелдеп жүр.
Заратустра еңбегінің «Авеста» аталу төркінінде бағзы түркілердің бүгінде қазақта «абыз» тұлғасына айналған сөзі бар-ау деген ой жадыма жиі орала береді. Зерттеуші Жұмабай Байжумин «Заратустра» есімдігінің өзі бүгінде «зор, сара дәстүр» тұлғасына айналған ежелгі түркі сөзі дейді. Оны ирандықтардың «Заратуштра», гректердің «Зороастр» деп атауы­нан бізге, атаудың бағзы түркілік шығу тегіне бейімдеп «Заратустра»тұлғасына түзеген – ұлы неміс философы Фридрих Ницше (1844–1900). Зор, сара дәстүр сөздері о замандарда «абыз», «сара сөз иесі» дегенді білдірген. Мэри Бойстың «Авеста» атауын «Обоснованное изречение» («Негізді нақыл») деп тәржімалауы біздің пікіріміздің дұрыстығын айқындайды. Ежелгі түркі және ежелгі герман жазуларының бір-біріне айнақатесіз ұқсастығына назар аудармасқа болмайды.
Желмаясымен желкілдей желе қазаққа жерұйық кең қоныс көздеген Асан қайғы киелі Ман Ата тауының басынан Үстіртке, Қасиетті Қара Ойға көз жібере, еліме несібелі өлке екенсің деп бүгінгі өмірді болжағандай мерейлі күй кешкен. Адай хан (билік құрған кезеңі 1435-1449 ж.ж), Құдайке мен Келінбірді, Ер Қосай, Бекет Ата, Саназар әулиелер бұл қастерлі биіктен ел тағдырына тебіреніп, болашаққа құдіретті ойларын бағыштаған. Құрманғазы «Маната» күйін тартқан. Хиуа жорығынан оралып келе жатқан Есірдің «Манатау» күйі осында, «Ақжармадан» бұрын туған. Сөйтіп, Ман Ата атауының өзі бізге рухани игілік, рухтың қайнар көзі. Бұл маң үлкен тарихи-танымдық орынға айналады, ұрпақтың өскелең тек-санасын орнықтырып, ұлттың жұлын-діңін қуаттандыруға қызмет етеді деп үміттенеміз.
Осы ізденістердің өзі ұлт мемлекет­ті­гінің айтулы жылдығына қо­сылатын бір мысқал үлес секілді. Арғы атам Маңғыстау қазақтарының көсемі Құдайке баһадүр – Ұлығ Мұхаммед пен Асан қайғының ізін қуған замандасы, кезінде Алтын Ордадан қағажу қалған өлкемізді Кіндікке, Орталыққа, Хандыққа бағындыруды ерте көздеген. Оның ісін інісі Келінберді, ұлдары Ер Қосай мен Тәзіке баһадүр жалғастырып, атышулы ерліктері қазақ ертегілеріне айналған (жезтырнақпен, таутайлақпен (динозавр) айқастары) Есекмерген (лақап аты) атамыз бастаған батырлар легі көзделген мақсатты тиянақтаған. Абыл, Нұрым, Ақтан, Қалнияз, Қашаған сынды аталарым елін ұлттық рухпен сусындатқан даңқты майдангер ақындар, абыз жыраулар, күйшілер. Бүгінгі ұрпақ сол ұлылардан жеткен бір тамшы ыстық қанмен Отан мұраттарына адал болсақ деп келеміз.
Жеті жыл ақылы еңбектен қол үзе көр­кем шығармашылықпен айналысқан менің бұл тарихи тақырыппен де сол ретте шұ­ғылдануыма тосын жайт себеп болды. 2013 жылдың аяғында «Періштенің сыбыры» романым Алматыда басылып шығып, Әуезов институты тұсаукесерін өткізген соң, Ақтауда ел қатарлы қызмет жасай жүріп, Ман Ата мәселесімен шұғылдануды ойластырғам. Реті келмеді. Қапаландым. Қорландым. «Мен ұзақ жасамай-ақ қояйын, осы абыройлы сәтімде, бүгін түнде өле қалсам, шіркін!» – деп армандадым! Ұл-қыздарым қос-қостан оқу бітіріп, тым-тәуір қызметте жүр. Киелі тақырыпқа біраз материал жидым. Ісімді жалғастырар жандар ел ішінен табылар дедім. Арманымды Жаратқан Иеге, Әулие, Пірлерге, әкеме хаттап жаздым. Бақастықты осылай оқсатып мұқалтқым келді. Алайда таң алдында санам жарқ етіп оянсам, сан жылдар ізденген Ман Ата мәселесі, Ибрагим мен Жаңабай, Нұржан көз алдымда көлеңдегендей, көкейімде тұр екен! Бойымды қуат кернеп түрегелдім! Үшеуі жағдайды бірден түсінді. «Адам Ата – Ман Ата» қоғамдық қоры құрылып, директорлық жұмысты жүргізу маған жүктелді. Азамат Ерлер қордың шығындарын, күнелтісімді қамдап келеді. Әрқайсысының Ман Атаға байланысты қастерлі естеліктері бар. Ибрагимнің үйі 1958 жылы көктемде қырдан, Жылыойдан Ойға құлап, Ман Атаға түнеп өткенде анасы Сәбилаға өте ұзын бойлы ақ адам (Бәлкім, Атлант?! Бәлкім, Ман Ата?!) баталы аян берген.
Дегенмен, «Адам Ата – Ман Ата» деген тіркес орынды ма? Көпшілік «Адам Ата – Хауа Анаға» үйреніскен ғой, деген пікірлер шынайы. Сәби жастан менің құлағыма осылай «Адам Ата – Ман Ата» деп жеткені айтылды. Мұны қасиетті аңыздардағы Адам Ата – Хауа Анамен шатастыруға болмайды. Ман – бірте-бірте мифке айналған, өте ежелгі нақты адам. Жер бетінде істеген істері қалған. Бұған көз жеткізу үшін әуелі «Большая советская энцик­лопедия», «Советский энциклопедический словарь» анықтамалықтарын оқып, одан әрі іздену тиімді. Бала кезде екі әулиенің көзін көрдім. Бірі – бүгінде жасы 90-ға таяған шешемді 1959 жылы аса қатерлі сырқаттан айықтырған Мырзагелді Қонақбай. Алты жаста едім, біздің үйде бет-әлпетіне, омырауға төгілген сақалына, кірпіктер өскен жиектері қып-қызыл көздеріне, қыбырлаған еріндеріне мән беріп қарап отырдым. Ақборық шекемнен қалған бойтұмарға қарап отырып, әлде, оқып отырып, бәсең, түсініксіз сөйледі. Екіншісі – Тоқтамыс Үсен әулие. Ол да – Шайырдан, бір ауылданбыз. Оның үстіне 1965 жылы бір-екі ай жаз Көңшымырауда бірге отырдық. Терең білімді адам. Әлеуметтік, этнографиялық орыс романдарын әуелі сол үйден көрдім. Жасым он үшке қарап тұрған жасөспіріммін. Лебіздерін көп тыңдадым. Сол кісі «Адам Ата – Ман Ата» дейтін. Адам баласына көп жақсылық жасағанын айтатын. Әкем Іңірбай Шайырда ауыл мешітінде оқыған, жай мінезді, алысты байқап, сезіп отыратын кісі еді, содан ба, үйде әулиелер туралы жиі әңгіме болатын. Ол да, ауылдас басқа қариялар да, мәселен, ғасырға таяу ғұмыр кешкен Сарман мен Қапар (1960 жылғы көктемде және 1968 жылғы күзде) Ман Атаны осылай ауызға алатын. Шындығында, «Адам Ата – Ман Ата» тіркесін сол күйінде түсіну – қате. Елге көп зайыры тиген тұлғаларды осы секілді теңеулермен атау түркі тарихында аз емес. Мысалы, Мұстафа Кемаль Ататүрік. Ол, әрине, түріктің немесе түркінің атасы емес, бірақ түрік халқы мен мемлекетіне сіңірген еңбегі үшін халық солай атады. Не мін бар?! Күш атасы Қажымұқан дейміз. Бұған қазақта ешкім: оу, Толағай қайда? Таусоғар қайда? – деп дауласып жатқан жоқ. Күй атасы Құрманғазы дейміз. Оған да Қорқыт бабамызды қайда қоямыз? – деп ешкім қиғылық салмайды. Өз басым «Танысаң –Адаймын! Танымасаң – Құдаймын!» деп көкірек соғып тұрған адайды көргем жоқ. Бұған да ешкім Құдай кім, басқа кім деп айтыса жөнелмейді. Сыртқы, іргелес жұрттар солай айтты, тұрақты тіркес, мәтел боп кетті. Үңіліңкіреп қараған жан байқайды – бұл тіркестер ұлт тілінің сингармонизм заңдарына сәйкес, дыбыстардың ықпалдасу, үндесу ретімен және сөздердің мағына сәйкестігіне орай, синтаксистік ымыраласу нәтижесінде, семантикалық бірегейлікпен табиғи туған. Қуатты, салыстырмалы поэтика бар. Текетіресе алмайсың. Илана саласың. Сонымен бірге Адам Ата есімдігі Ман Ата есімдігінің толық баламасы, тәржімасы. Бұл 1984 жылы-ақ айтулы мақалада нақпа-нақ көрсетілді. Оның үстіне бүгінгі бүкіләлемдік ғылым мен әдебиетте Ман «Прародитель людей Ман», «Первочеловек Ман», «Алғашқы адам Ман» деп аталады. Бұл да Адам Ата деген баламалы ұғымды білдіреді.
Жалпы, Ман тұлғасын бір-бірімен сабақтаса өрілген, бір-бірін тікелей және жанама толықтырып, дамитын екі арнада қарастыру маңызды. Біріншісі – Заратустра өрнектеген Ман бейнесін осы заманғы ғылыми, анықтамалық әдебиеттердегі мәліметтерге сүйене, нақты тарихи тұлға ретінде танып-білу. Елбасына ашық хат осы тұрғыда жазылды. Екіншісі – Заратустра өрнектеген Ман бейнесін тарихи-көркем әдебиеттердегі, мәселен, Түмен ақынның (1884-1957): «Маңқыстау – машайықтың жатқан жері, Ашылған абыройын жапқан жері» деп келетін бейнелі тұжырымы сынды адам баласының алғашқы қауымдық құрылысқа дейінгі және одан бергі эволюциялану барысымен жымдастыра танып-білу. Маңғыстаумен тұстас географиялық ендіктегі Грекиядан соңғы жылдары табылған артефактілерге сүйенер болсақ, бұл бұдан 150000 жыл бұрынғы кезеңнен де арғы уақытты қамтиды. «Машайық» сөзі Басшы Әзірханов, Көрпе Таған, Базарбай Әбдірахманов секілді зерттеушілер мен ізденімпаздар анықтамалықтарында және осы жолдар иесінің пайымдауынша әулие, бастапқы әулие, ежелгі адам деген ұғымды білдіреді. Ал «ашылған ­абыройын жапқан жері» деген жол сол алғашқы адамның ес кіріп, ұятты жерлерін лыпамен көлегейлеген, арлану сезімдері пайда болған шақтарын суреттейді. Осынау екінші арна өлкеміздегі бұдан ондаған мың, жүздеген мың жыл бұрынғы алғашқы адамдар қоныстарына археологиялық қазбалар жүргізіп, зерттеуге, отанымыздың адамзаттың нәресте шағындағы бір бесігі болғанын дәлелдей беруге мүмкіндік туғызады.
Біз төл тарихымызды өзгелерге қолды етпей, оған өзіміз ие болуымыз керек. Ман Ата тақырыбын кеңірек ашу және меңгеру нәтижесінде біздің жеріміз бағзы дәуірлерде әлемдік мәдениет ұяларының бірі болғанына, мәңгілік өзекті боп қала беретін адамгершілік идеяларының, әлеуметтік идеялардың ұйығы болғанына өзіміздің де, өзгенің де көзін жеткізе береміз.
Өз ішімізде сыңаржақтық кездесетіні өкінішті. Мәселен, тарихта Ман есімді адамдар аз болмапты. Қазақта да. Олардың өз қоныстарындағы зираттары қайда екенін білмейтін бүгінгі ұрпақтары еліміздің әр шалғайынан: «Менің Ман деген атам осында жерленген екен ғой» деп емексіп, Маңғыстауға келгіштеп жүр. Әрине, ежелгі Ман Ата олардың күні кешегі тікелей атасы бола алмайды. Сонда да Ман Ата тауының үстіндегі Ман Ата археологиялық аймағы қабірлеріне белгі қадап кетушілер бар. Ал біреу Ман Атаны меңзей: «Пәленшекең айтып еді, бұл Жетімек Жары кісінің моласы екен» десе, іле одан әрі жағынан жаңылып: «Бұл дүмше молдалардың ойлап шығарғаны, мұнда әулие жоқ» деп, астамдыққа дейін барады. Кластасым Қолғанат дегенге: «Сен тарихшысың ғой, жөн-жосықты пікір айт» деп өтініш білдірсем, о жазған неме кенеттен бұлтаң ете, шикі-жасық жалатай бірдеңелерін газеттерге апарғыштап, одан да ештеңе шықпай, «Әу, Түменнің, Әбекеңнің, туған халқың мен әлем оқымыстыларының тоқтамына топырақ шашамысың?!» деген ескертуді құлаққа ілместен: «Біреуден естіп едім, бұл бір шоңай шалдың моласы көрінеді» деп қоймастан ышқынып жүр. Әсіре даукестікті ұйтқытқан дәйексіз, теріс сөз. Тағы біреу «Бұл түрікмен екен» дей салады. Осындай айып сандырақтар тарихи ұлы тұлға Ман Атаның есімін талан-таражға салу, қорлау деп білемін. Бұл, төл тарихымызды ардақтау түгілі, оған қараулықтың, опасыздықтың бір түрі.
Тарих қаңқу сөзбен жасалмайды. Өзімізге дейінгі сан ғасырлық ұлағаттан сусындаған халықтың, оның ұлы өкілдерінің айғақтарын жоққа шығаруға ешкімнің хақысы жоқ. Ман Ата осы тау беткейіндегі, ел ықылым заманнан ардақ тұтып, өлке өткенінің жанашырлары 360 әулиеміздің басы деп тізімдеріне бірінші қойып жүрген, бағзыдан жеткен жәдігерлік деп білеміз. Ман Ата тауына да, Ман Ата таулы асуына да, Ман Ата құдығы мен Ман Ата археологиялық алаңына да, талай-талай жер аттарына, бағзы әулеттерге де есімін беріп жатқан осы Ман Ата әулие. Егер біз, ойластырып жүргендей, мәселенің мән-жайын айқындай көрсететін тарихи құнды, бейнелі, бедерлі мәліметтермен өрнектелген ескерткіш орнатар болсақ, мұндай әсіре бей-берекетке қуатты тосқауыл қойылмақ.
Ежелгі алып адамдардың, ат­лант­тардың тасқа түскен іздері әлемнің әр жерінен қадау-қадау табылып жүр. Солардың ең үлкені Сирияда. Сондай із біздің Масат Атада да бар. Тұла бойы балқып, таң намазында отырғанда дұшпан шауып үлгерген басын жерге түсірмей, етегіне (жайнамазына(?!) орап ала, жауына олжалатпай қашқан әулиеге ере шапқан құлынды биесінің іздері де сайрап жатқан. Іздердің бірқатарын жуырда біреулер ойып әкетіпті! Әрине, сырттан келген тонаушылар! Өз жерлерінде қыруар ақшаға сатып, ал тиісті мекемелер тасқа ұялатып, жалпақ дүниеге төл тарихының бір «дәлелі» ретінде көрсету үшін. Тарихқа талас майданының обыр да озбыр, қылмысты мысалы. Жақында «РЕН-ТВ» арнасынан Пермь облысынан тасқа түскен атлант ізі табылды деп көрсетті. Екіойлы боп, күмәнданып қалдым. Облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау және табиғат қорғау мекемелері әлгіндей кез келген қабірге өз әкелерінің белгісін орнату тәртіпсіздігін және мынадай қылмыстарды болдырмау амалдарын қарауы, қажет болса әкімшілік, құқық қорғау органдарымен белсенді жұмыс жасауы сұранып тұр.
Әлгінде Таусоғар мен Толағайды ауызға алдық. Екеуі де өмірде болған арғы ата-тұлғалар немесе бағзы ұнамды дәулердің, атланттардың өкілдері деу қате бола қоймас. Арқадағы бір таудың Толағай аталуы тегін емес. Орасан денелі ежелгі тектеріміздің, атланттардың алып сүйектерін геологтарымыз 1967 жылы Хансу жерінен тапты. Біраз деректі жақында күллі әлемге ғалым Талғат Мамыров паш етті. Ежелгі бабаларымыз бен атланттар меңгерген левитациялық, телепортациялық, телепатиялық үздік қасиеттер Арқада Ақмолда деген кісіге, біздің Бекет Ата мен Аққуға тән-ді. Сол қасиет Ман Атада – Воху-Манда болған.
Ман деген ғұламаның Үндістандағы, Әзербайжандағы, Орта Азия мен Ежелгі Қазақстандағы, Еуразия континентінің басқа да аймақтарындағы ағартушылық, ұйымдастырушылық жасампаз қызметте­рінің іздерін көре отырып, барған ­сайын бұлыңғыр тартып бара жатқан ұлы уақыт қойнауында Ман бірте-бірте аңызға, мифке айналған, адам баласының өркени ұлы мұраттары жолында Жаратқан Иенің шапағат нұрына шомылған киелі Маңғыстауға кеп, осында мәңгілік орнын тапқан, Заратустраның «Авеста» («Обос­нованное изречение», «Негізді нақыл» , «Абыз») шығармасында адамзатқа өнеге бейнеде өрнектелген, сөйтіп, халық пен жер жадында мәңгі сақталған деу қонымды.
Біз тарихи саналы ел ретінде ежелден бүгінге дейінгі жолымызды білу, қастерлеу және насихаттау арқылы жер бетіндегі мәніміз бен маңызымызды айқындап, болашақ үшін жауапкершілігімізді мойындай түсеміз.

Воху-Манға дәл қазір
Жан-тәніммен дұға етіп,
Өмірімді қиямын!
Заратусра, «Авеста».
Зороастр Платоннан 6000 жыл
бұрын өмір сүрген.
Аристотель (б.д.д. 384-322 ж.ж.)
Маңқыстау – Машайықтың жатқан жері,
Ашылған абыройын жапқан жері.
Түмен ақын (1884 – 1957).
Зороастризмдегі Алғашқы Адам Манның өзі Маңғыстауда, Ман Ата тауында мәңгілік орнын тапқан.
Әбіш Кекілбайұлы,
ҚР Еңбек Ері, академик.
Ман – Атлант… Аспан мен Жердің ұлы – Алғашқы Адам Ман туралы миф ирандықтарға, германдықтарға мәлім… бірақ тек сақ-скифтерде ғана Алғашқы Адамның жалпыүндіеуропалық бейнесі қалыптасқан.
А.Шапошников,
«Авестаны» зерттеуші.

Мір ШАЙЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.