Тағылымы татымсыз шетел кинолары теледидарымызды жаулап алды

«Мен – Хюррем, сен – Махидевран, Бекжан – Сұлтан Сүлеймен болады. Мен сенен Сұлтан Сүлейменді тартып аламын» деген алты жасар Жанерке басына тәж киіп, Хюрремнің жүрісіне салып көпшілікті қыран-топан күлкіге қалдырды. Айтып отырғанымыз «Сұлтан Сүлеймен» телесериалының кейіпкерлері. Тұтқынға түскен украин қызы Хюррем-Александра басынан өткен қиындықтарға қарамастан, көздеген мақсатына жетіп Сұлтан Сүлейменнің әйелі атанады. Бұл – қазіргі балалардың ойыны, яғни теледидар телесериалдар арқылы мықты идеологиялық құралдың міндетін атқарып отыр. 

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап ене бастаған телесериалдарға бүгінде тоқтам жоқ. Тоқсаныншы жылдардан бастау алған телесериалдардың алғашқыларының бірі – «Байлар да жылайды» сериалы еді. Кішкентай ғана ауылда қарапайым тіршілік кешкен жұрт үшін бұл кино әлемі таңсық та еді. Ақша жетпегеннен арман-мақсаттарымызға жете алмай жатамыз деген ойдан арылып, қаражаты мол, асып-тасып жататын байлардың да басынан мұң арылмайтынын, қайғыға бататынын көрдік. Бала көңіл өмірдің мән-мағынасы тек қаражатта емес екенін түсінгендей, ұғынғандай болдық.
Одан кейін «Қарапайым Мария» шықты. Телесериалдың дәмін татып қалған жұрт­шылық «Қарапайым Марияны» жаппай көре бастады. Кешкі уақытта малын жайғап болған соң, емін-еркін шайын ішіп отырып, ки­ноның қызығы мен шыжығына берілді. Тіпті қорасынан қойы ұрланып, сиырын айдап кетіп, жылқысынан айырылған кезеңді де бастан кешірді.
Теледидарға телміру, телесериалға тәуелділік осы кезеңнен бастау алғандай. Бұдан кейін елімізде көрерменін молынан қамтыған шетелдік телесериал­дар легі толастаған емес. Телеарналар бәйгеге түскендігі соншалық, бос уақыттың көпшілігін сериалмен толтыруда. Тіпті күніне бір сериалды екі мәрте қайталап көрсететіндері табылады. Қолымызға биылғы жылдың 9-ақпан күнгі бағдарламаны алып, көз жүгірттік. Сонда байқағанымыз, қаптаған телесериалдар. Мәселен, мұндай телесериалдар 31-арнада 14 сағат, КТК-да 12 сағат, НТК-да 11 сағат, «Астана» арнасында 10 сағат 30 минут, «Таң» арнасында 7 сағат 50 минут, «Еуразия» бірінші арнасында 6 сағат көлемінде көрсетіледі екен. Дайын өнімдерді қомақты қаржыға сатып алып, көрерменге ұсыну телеарналар үшін рейтинг жинаудың оңай жолына айналғандай.
Осыдан 2-3 жыл бұрын отандық телеар­налардың бірінен «F4» атты корей фильмі көрсетілді. Сонда басты рөлдегі актер Ку Джун Пхё бастаған төрт жігітке бесіктен белі шықпаған қыздарымыз ғашық болып, естері кетті. Жастарымыз соларға қарап еліктеп, киінуді, шаштарын түзеуді шығарды. Сөйлеу мәнерінен бастап, іс-қимылына дейін көшіріп алды. Кәріс актерлері кумирларына айналды. Жоғары сыныпта оқитын қыздардың арасында кәріс жігіттеріне тұрмысқа шығуды ойлап, корей елінде тұрақтап қалуды мақсат еткендері де болды. Сол кезде мұның теріс екенін оқушы қыздарға түсіндіріп жеткізу, санасына құю мүмкін емес еді. Өйткені олар өмірді кинодағыдай елестетіп, тәтті қиялға берілді. Бұл бір қарағанда, өткінші нәрседей болып көрінуі мүмкін, бірақ мұның астарында жас адамның психикасын өзгертіп, өзге елдің мәдениетіне бойұрып кетушілік қалыптастыратын идеология жатқанын түсіну қиын емес.
Қазіргі таңда 31-арнадан көрсетіліп жүрген «Сен келерсің» деген үнді телехикаясына тоқталайық. Бір отбасының тағдыры арқау болған телехикаяда Танвир деген кейіпкер бар. Ол тек байлықты көздейді. Осы жолда кімді де болсын өлтіруден тайынбайды. Жанындағы адамдарға күн көрсетпейді. Билеп-төстейді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз қанішердің өзі. Осы сериалдағы тағы бір кейіпкер – үй күтуші Латиф. Етжеңді ер адам үй күтуші әйелдің рөлін сомдайды. Оның да әрекетінде тәлім-тәрбие аларлық ештеңе жоқ. Ол телехикаяның басты кейіпкерінің бірі Ахил деген жігітке көз салып, қылымсып жүреді. Мұндай сериалдар арқылы жас ұрпаққа қандай үлгі-өнеге бермек. Ұлттық дүниетанымымызға, пайым-түсінігімізге жат нәрселерді өз елімізде қашанғы насихаттай бермекпіз?
Оның үстіне мұндай шетелдік кинотуындылардың бағасы да арзан емес. Мәселен, «Хабар» арнасынан көрсетілген «Сұлтан Сүлеймен» сериалының бір сериясы 5 мың еуро тұратын көрінеді. Сонда қаншама қаржы шетке кеткенін өзіңіз есептей беріңіз. «Құмға сіңген судай» құрдымға кеткен бұл қаражатқа қазақтың жан дүниесіне жақын, қазақ қоғамы қабылдай алатын фильмдер неге түсірмеске деген ой келеді.
Бұл – бір. Екіншіден, көп жағдайда телехикая ойдан құрастырылып шығарылуы да мүмкін. Хикаяның шарықтау кезеңіне келгенде, өзінің сүйікті кейіпкерінің тағдырына алаңдаған көрермен көңілі босап отырғанын да сезбей қалады. Ол күлсе күліп, жыласа қосыла жылап жатады. Күнделікті күйбең тірліктегі ұсақ-түйекті ұмытып, бір сәт сергігісі келіп, ойым бөлінсін деген ниетпен бастаған сериалына қалай байланып қалғанын білмей, дал болады. Тіпті ертеңінде не болатынын ойлап, көрмесе тұра алмайтындай жағдайға жеткенін, яғни сол сериалға тәуелді болып қалғанын де байқамайды. Оның үстіне, шытырман оқиғаға толы телесериалда махаббат та, зұлымдық та, қатыгездік те, бірін-бірі жек көріп, өсек айту да, бәрі-бәрі кездеседі. Отбасылы адамның ғашық болып қалуы, өз ата-анасына қарсылық таныту, қылмысқа итермелеу, ақша үшін қиналмай-ақ кісі өлтіру секілді жантүршігерлік жағдайлар ұрпақтың санасын улап, теріс тәрбие беруде. Мұндай телесериалдарды көріп өскен жастың арасынан өз салт-дәстүрін жатсынып, өзге мәдениеттің шылауында кеткен ұрпақ шықса, кімді кінәлаймыз. Сондықтан тәрбиелік мәні бар, жастардың сана-сезімін қалыптастыратын отандық телесериалдарды көбірек түсіріп, елдікті, ұлттық құндылықтарымызды насихаттағанымыз дұрыс емес пе?
Тақырыпқа орай кинотанушы Әсем Шапай­қызының пікіріне назар аударсақ, ол былай дейді: «Кино – идео­логиялық құрал екенін бәріміз жақсы білеміз.  Бүгінгі таңда көкжәшікті қосып қалсаңыз орыс, үнді, кәріс, түрік телесериалдарынан көз ашпайтын болдық. Телеарналар бос уақыттарын толтыру мақсатында шетелдік сериалдарды сатып алады да, жыл сайын «көрерменнің сұрауы бойынша» деп қайталап көрсете береді. Оның үстіне шетелдік телесериалдарды ана тілімізге аудартып алып, қазақ қоғамына сіңісті ете түседі. Оның пайдасынан гөрі зияны басым. 31-телеарнадан көрсетілген «Уәде беремін» телесериалын алайық. Бұл телесериал адамды қатыгездікке тәрбиелейді. Бейне бір сериалдың мақсаты қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік, отбасылық мәселелерді барынша әсірелеп, шектен шығарып көрсету сияқты. Кішкентайынан үнді телесериалын үзбей көретін баланың болашақта пұтқа табыну туралы түсінігі қалыптаспауына кім кепіл бола алады?! Ал «Сұлтан Сүлеймен» телесериа­лын көрген әр қазақтың қызы бүгінде өзіне Хюррем Сұлтанның бейнесін, болмысын, қала берді киіміне дейін көшіріп алған. Әлеуметтік желідегі қазақ қыздарының суреттеріне қарайтын болсақ, барлығы дерлік Хюрремнің көшірмесін жасап алғандай. Ал мұндай еліктеушілікке бой ұрған қазақ қызы ертең қандай ана болады? Шетелдік фильм­дер мен телесериалдың кейіпкерлеріне еліктеу, солардың істеген істерін қайталау мінезімізге, салт-санамызға теріс әсер етуде. Орыс, кәріс, түрік, үнді телесериалдарындағы бұлыңғыр өмір көріністерін көре бергенше, отандық фильмдеріміз бен телесериалдарымызды көргеніміз әлдеқайда абзал болар еді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, ұрпағымыз саналы болсын десек, мұны осы бастан ойлағанымыз жөн. Жат құндылықтарды насихаттайтын телесериалдарға Заң жүзінде шектеу қоймасақ, ертең кеш болуы мүмкін».
Иә, соңғы кезде отан­дық қазақ киносын жиі аңсайтын болдық. Қазақ киносы дегенде көз алдымызға «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште» фильмдері келеді. Бұлардың қай-қайсысын алсаңыз да ғажап, қай-қайсысы болмасын классикалық дүниелер! Кешегі тентек Қожаның басынан кешкендерін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қазақ туындысы міне, осындай болуы керек. Рас, соңғы кездері «Қазақстан» телеарнасынан беріліп жүрген «Қара шаңырақ», «Сырғалым» секілді өмірімізге жақын фильмді көрермен жылы қабылдауда. Дегенмен, бұл миллиондаған көрермен үшін аздық етері сөзсіз. Кино өнерінің үздігі, кинорежиссер Мәжит Бегалин: «Мен фильмді өзімнің қазақ көрермендерім үшін түсіремін. Ең әуелі менің фильмімді өз елім қабылдауы керек. Содан кейін өзге елдер мойындасын» деген екен. Ендеше, өзге елдерде Қазақтың бейнесін қалыптастыратын, ұлттық рухты көрсететін, ойы терең, жаныңа ләззат сыйлайтын, қазақ көрермендерінің талғамына сай, әр қазақ баласы кеудесін кере мақтана алатын сериалдар түсіретін уақыт жетті. Өз өнерімізді бағалай білейік.

Қазақ киносы дегенде көз алдымызға «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште» фильмдері келеді. Бұлардың қай-қайсысын алсаңыз да ғажап, қай-қайсысы болмасын классикалық дүниелер! Кешегі тентек Қожаның басынан кешкендерін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қазақ туындысы міне, осындай болуы керек.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

6 Пікір

  1. Жанар

    Дұрыс мәселе көтерілген…

  2. Арман

    Телеарналардағы саны көп, сапасы жоқ «ток-шоу» дегендерді алып тастау керек. Үзіп-жұлып бірдеңе көрсетеді, түкке тұрғысыз.

  3. Үлгілі

    Бір кездері осы мәселені көтерген еді, уақытша тоқтатып, енді қазақша беретін болды ғой

  4. Азамат

    Экранға киноны жіберіп қойып, жұмыс жасап жатырмыщ деп ақшаға кенеліп жатыр-ау сабаздарың

  5. Көкше Ақын.

    Пайдалы кеңестердің бірінде, теледидар көп қарамаңыз делінеді екен. Бала кезімізде киноны қатты жақсы көрдік ғой.Біздің ауылға келген «Қыз жібек» фильмін қайта-қайта көре бергеніміз есімде.Кейіннен үнді фильмі дегенде аузымыздың суы құрыды.Сонда өзімше үнділер мейірімділікті де жауыздықты да шегіне жеткізе көрсете алады екен деп топшылайтынмын.Ал бірнеше жыл бұрын «Ханзада Жумон» сериалын біраз көрдім. Осы сериалда Жумон бір жерде қателесіп, жауынан жеңіліп қалады. Сонда батыр жігіт патшаның алдына келіп -хан ием мені аямай жазалаңыз деп көзіне жас алатын жері бар. Сондай бір адамды толқытып жібереді.Яғни ел-жерге деген сүйіспеншілік, патшаға деген адалдық көрсетілген.
    Осы сериалға байланысты бір танысым мынандай қызық әңгіме айтты. Әлгі анау кинодан бас алмайды, ішіндегі жапа шегуші болса сол өзі болады екен де, жағымсыз кейіпкерді тағы біреу ғып жасап алады екен. Сосын соған телміріп, басын шайқап, таңдайын қағып, көзіне жас алып тұрып көреді екен деп сөзін аяқтады. Рас! өмірде ондай жағдай болып жатады. Ал мен шек-сілем қатқанша күліп алдым.

  6. Көкше Ақын.

    Шынымды айтсам қазір сериал көрмеймін. Меніңше ол дегенің уақыттың қас жауы.Ал жаңалықтарды жібермеуге тырысамын.Негізі автор өте орынды мәселені көтерген.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.