Менің Мұхтар ағатайым немесе мағауиндік мәңгілік күй туралы толғау

Әдебиеттің «Сегіз қиыр шартарап» ғаламында өзінің сәруар сәулелі әлемін жасайтын қаламгерлер сирек. Бұл шапағатты бақыт кез келгеннің маңдайына бұйыра бермесе керек. Айталық, «Абай әлемі», «Әуезов әлемі» дейміз. Заманалар зарлығы, қазақтың Махамбеттен кейінгі қызғыш құсындай, Бұқар жыраудан кейінгі ұлт ұраншысындай Мағжанның мұздай құрсанған қайсар да мұңлық байтағы бір бөлек. Осы аталған және аталмаған Алаш руханиятының алыптарымен арқаулас, алқаулас һәм рухтас та бауырлас Мұхтар Мағауин әлемінің де ілкіде сонау ел анасы «Еділден аққан сызашықтай» бірте-бірте жылғалана арна тартып, ұлттық рух кеңістігін мыңжылдық қобыз үніндей әуелете кернеп, бұрқанған бұлтты аспанда қаракөктене мұнартып келіп, ақтығында Алаш баласының тоқсан толғаулы жан күйін толғаған аласапыран ұлы сарынға ұласқаны да күн сайын атар таңдай ақиқатқа айналғалы қашан. Ата-баба аруақтарынан аманат арқалаған алдаспан жазушының мәңгілік күйі де осы Мағауин әлемінің айнасындағы Алаш рухты аласапыран сарын екендігін зиялы қауымның құймақұлақ, зерен көкіректері қапысыз аңғарып ұққанына және күмәніміз жоқ.
Жә, менің Мұхтар Мағауинім қашан басталды? Кезінде Мұхаңмен астыртын-ашық, еркінсіп еркелей білім жарыстыруға дәт-батылы жеткен жүрегі түкті Жұртбаев Тұрсынның кейіпкерге айналу кебін кимесек те, жастайымыздан үлгі тұтып келе жатқан ардақты ағамен ішкі бір үндестігіміз, әрдайым толқулы жүрер көңілдегі ортақ иірімдеріміз, сірә, бар болар деп шамалаймыз.

Ағаны алғаш көруім 1970 жылдың шілдесі. Толық 17-ге де толмаған қауырсын қанат қара баламын. Алматыға оқуға түсуге келгем, бірақ басқа ешқайда бұрылмастан әуелі Жазушылар одағына кіргем. Бірінші қабаттың сол қанатындағы «Жалын» журналының редакциясының табалдырығынан именбесем де, ұяң аттағаным күні бүгінгідей көз алдымда. Көзі қуақы нұрмен күлімдеген қияқ мұртты жігіт ағасы жылышуақ сұрақтарды бастырмалата төгіп тастады. Қайдансың? Қай оқуға келдің? Бұдан бұрын бір жерге бардың ба? Өлең әкелдің бе?… Көкшетауда қазақ қалып па еді өзі? (Мұхаңның қандай сападағы қазақты айтып тұрғанын кейін білдік қой!)… Көкшетауыма сөз келгенге намыстандым ба: «Көкшетауда қазақ бар болғасын келіп тұрмын ғой!» деп салыппын. Осы сәтте қияқ мұрттың көзіндегі қуақы күлкі жалт-жұлт қайшыласа ойнады да, сол жақта отырған қағілез қаршыға бойлыға қарата: «Әй, Жарасқан, мына баланың Алматыда бірінші аттаған табалдырығы біз екенбіз. Талабы қайтпасын. Тауаны шағылмасын. Ана дәптерінің ішінде жарайтын бір өлең болмауы мүмкін емес. Ішінен біреуін таңдап ал да, осы қазір кетіп бара жатқан нөмірге салып жібер» дегені. Болғаны сол. Үш ай өткенде курстас­тарым «Жалын» журналына Қорғанбектің өлеңі шығыпты, – деп сүйіншілеген кезде сол өлеңді шығарған кісінің Мұхтар Мағауин екен­дігін мен толық түйсініп, түсініп, саналы түрде зерделей алып едім деп әлі күнге дейін айта алмаймын. Жарасқан ақынға ат ізін салып жүр­сем де, республикалық әдеби журналда бозөкпе баланы алғаш жарияға шығарған Мұ­хаңа бір ауыз рахмет айту миымызға кірмепті.
Бірақ Мұхтар ағамен жолымды қиылыс­тыра берген Тәңірдің жазуы шығар демеске де лажым жоқ. 1984 жылы алыс Көк­ше­тауда жүріп, бір жағынан ол жақта да «қазақтың бар екенін» білдіріп, «Аласапыран» романы туралы мақала жазып бастырыппын. Бұл туындының қазақ тарихи романдарының үздік үлгілерін еске түсіретінін, өзінің Ораз-Мұхамедін М.Мағауин ыстық сүйіспеншілігімен аялай жырлап, парасатты парыз арқалатып, тарихи биікке көтере білгенін атап айтыппын. Алайда автор менің бұл інілік ізетімнен бейхабар қалғанына күмәнім жоқ. Дегенмен де, қарап жүрмей, кейінірек «Жұлдыз» журналына «Ерте оянған бұлақтар» атты бір әңгімемді жолдамаймын ба. Сонда тағы да жаңағы көп жасағыр Тұрсын Жұртбайдың жалғасқан ақкөйлек дәнекершілігімен Мұхтар аға журналға әңгімені шығарудан бұрын, әуелі қияндағы Көкшетаудан мені «Жұлдызға» жұмысқа шақыртып алдыртып еді. Бұл, енді, 1989 жылдың қаңтар-ақпаны, советшіл емес, қара тырнағына дейін қазақшыл жазушы М.Мағауиннің Көкшетау қазағының да қазақшылдығын мойындаған жылы еді.
Сонан бергі жиырма жылда негізінен ағаның айналасынан табылдық. Біраз шығармаларын, мақала толғамдарын қолжазба, терімдегі күйінде алғаш оқу, тіпті өзіне пікір айту бақытына да ие болдық. Мінез-құлық, мәнер-машықтарына қанықтық. Қасындағы жігіттердің қай-қайсын да жақсы көріп, қамқор болды. Басқа газетте істеп жүрген кезімнің өзінде анам қайтқанда таңертеңнен кешке дейін менің Талғардағы үйімде болып, жалғызсыратпай, үлкен басымен қайғымды көтеріскенін қалай ұмытармын. Баз біреулер діні қатты деп санаса да, әр сағаты санаулы қаламгердің ізгі жүректі, кісілік мейірімі еді бұл. Өз басым Мұхаңнан асқан алды кең, жұмсақ бастықты көрген емеспін. Не нәрсені болсын кісінің өз ар-ұятына салады. Осындай азды-көпті жағдайларды ескере келгенде, бір заманда қарт Шыңғыстың Сыртындағы Саят қорада сая тапқан ғұлама Шәкәрім атасындай, бүгінде қазақ рухының пырағындай болып Чехия жерінде туған халқы алдындағы қалам сертін қапысыз атқарып жатқан жазушы, әдебиеттанушы әйгілі ғалым, танымал тарихшы Мұхтар Мұқанұлы Мағауин хақында бірауыз сөз айтуға біздің де хақымыз бар шығар деп ойлап едік.
Жоғарыда алғаш көруім шілде айы дедім ғой. Иә, дәл осы уақыт М.Мағауиннің де әуелгі қадамдардың қияпатты болса да аса нәтижелі бел-белестерінен өтіп, алғашқы заңды асу-қамалдарды алып, енді өзінің «көкорай шалғын бәйшешегі» қаулап та қаптай өсер, ұзарып толысар кемел шілдесіне аяқ басқан, шалқар айдынға кеме салған шапағатты шағы екен-ау. Жазушы шығармашылығының қуанышы мол жазиралы жазы жаңа басталған. Өмірінің һәм қаламгерлігінің қызуы қайтпас тамызына дейін, қазақ елінің екі жүз нешеме жылғы құлдықтан құтылуына жол ашқан Тамыз бүлігіне дейін әлі жиырма жылдан астам уақыт бар болатын.
Бірақ жас Мағауин осынау кемел шілдесіне дейін-ақ әдебиеттану ғылымында өзінің алғашқы романы «Көк мұнардағы» еркін ойлы, биік кеуделі, өр мұратты кейіпкері Едіге аңсайтын, елдікті бірлеген ерліктерді жасап-ақ тастап еді. Әулие шал, ұлтшыл ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ширек ғасыр бойы жіптіктей сәулеленген асыл үмітін ақтап, советтік солақай саясат пен өзіміздегі жандайшап сананың тасқамалын бұзып, әдебиетіміздің тарихын ит мұрыны батпас үш ғасырдан көктей өткізе, арғы замандарға шегіндіру тек Мұхтар Мағауин сынды жанкештіміздің ғана қолынан келді. Ғылымның машақатты қия жолдарында соның зарын да тартып, қуанышына да бөлене жүріп, ауыр еңбектің миға шектірген мехнатына шыдап, үміт пен сенімнен айырылмаған жас ғалым, Қазақ университетінің аспиранты «XV-XVIII ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» деген тақырыптағы іргелі де батыл монографиялық зерттеу еңбегін қорғап, паш ету арқылы қазақ әдебиетінің қалыптасқан тарихына қаншама жаңалық, түбегейлі де түбірлі өзгеріс әкелумен бірге төл әдебиетіміздің бастау тұмасын XV ғасырға, қазақ мемлекеттілігі мен Қазақ хандығының бағзыдағы ілкі дәуіріне алып барып еді. Осының өзі мен деген дырау ғалымның өмір бақи мақтаныш етіп, нәпақа қыларға тақиясына тар келмес толағай тарихи еңбек-тін. Бірақ сонымен тоқмейілсіп тоқтап қалу Мағауиндік мәрт мәнер, мәнді мінезбен еш сыйыспайтын.
Оның әуел-бастанғы аңсар-зары: жан-жүрегіне үзілмес кіндіктей байланған жазушылықтың мәңгілік шемен күйі бір сәтке де тоқтау, толас таппағанын көреміз. Ең бір ғажап нәрсе, ол әуел бастан-ақ қазақ жазушысы, туған жұртының тұлғасы болуды артық бақыт санады, әдебиетті – киелі іс, қаламгерді – ұлттың ұлы мұратын жүзеге асырушы, ықылымнан бергі ата-бабалар арманын алға апарушы және аруақтар аманатын арқалаушы деп білді. Қасиетті қалам ұшында айнымас серт ұстанды. Әдебиетте ұстанар алтын қазығын дұрыс айқындап алды. Ол – Алаш мұраты еді. Әдебиетке Тәңір бұйрығымен, тағдырдың пешенелі жазуымен осылайша саналы түрде келген екі жазушы болса бірі, біреу болса дәл өзі Мұхтар Мағауин деп айтуға оның жарты ғасырлық қат-қабат қаламгерлік жолы, Абылай аспастай әдеби асулары кәміл сенімділік беретіндей.
Заманының тірі классигі саналған Ғабит Мүсірепов ақсақал М.Мағауинді кезінде «Әйел махаббаты» және басқа да алғашқы әңгімелерінің өзімен қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарына шығыпты деп бағалауы тегін емес. «Әйел махаббаты» деген осы бір жұмбақ сипатты әңгіме. Оқыған кезде адамды магниттей баурап тартады. Әдемі мұңға бөлейді. 1961 жылы бір-ақ күнде жазылған, сегіз жыл бойы ешбір баспа орны қабылдамай қойған осы әңгімесінде автор шын мәнісінде еуропалық биік әдеби мәдениет өресіне жеткен дер едік. Осы орайда және өзінің соған дейінгі қазақ әдебиетіне тосын, өзгеше мінезімен бұл шығарма Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелері мен Мағжанның «Шолпанның күнәсін» еске түсіргендей, солармен тағдырласа үндесіп тұрғандай әсер қалдырады. Сол әңгімеде махаббат шері де, заман тынысы да, әлеуметтік салмақ та бар. Киноға кереметтей сұранып тұр. Бұл ғана емес. Мұхаңның басқа да талай-талай шығармалары. Өзіне керегін аңдамайтын қазақ киногерлеріне осындайда қайран қаласың.
«Әйел махаббатындағы» биік әдебиет мәдениеті студенттік бастау кезеңінде жазылған, екі-үш жыл бойы газет-журнал­дар­дағы белгілі ағалары «бәрекелді!» деудің орнына өзін күстәналап сөккен «Кешқұрым» әңгімесінде де бар. Бұл әңгімені 1964 жылы алғаш «Жұлдыз» журналына бастырып бағын ашқан Қадыр Мырзалиев екендігін Мұхаң қашанда алғыспен еске алады. Бір қызығы, өз мықтыларымыздан сөгіс естіген сол әңгіме көп ұзамай орыс тілінде өткелексіз жарияланып, бүкілодақтық «Огонек» журналының сыйлығын еншілегеніне не айтарсыз. Өкінішке орай, болмай қалмаған мұндай-мұндай қысастықтар талант жолының ауыр кешулерін танытса керек.
Сол шытырман жолдағы жазушының тартқан жан азабы рухани еркіндікке ұмтылдырып, тәуелді заманда тәуелсіз сөз айтуға жетелейді. Алпысыншы жылдардың аяғында «Қара қыз» бен «Тазының өлімі» хикаяттарындағы ұлттық мәселеге пейіл мен бейіл берген кейбір жағдаяттар соншалық батылдықпен, шығармаға табиғи кіріктіріліп қалай жазылғандығына қазірдің өзінде жағаңды ұстағандайсың. Байқап отырсаңыз, содан бергі уақытта М.Мағауин шығармашылығында аз да болса ұлттық идеямен тұздықталмаған немесе тұтастай соған құрылмаған туынды кездестіруіңіз қиын. Социалистік қоғамның іштен ірітіп, аздырып-тоздырған, жегідей жеген жұлынқұрт дерттері әр шығармасынан дерлік көрініс тау­ып отырды. Бір қарағанда бейкүнә көрінетін «Тұлымханның бақыты» әңгімесінде әйелі үй кеңейту есебімен, бәлкім, басқадай да бір тойымсыздықтарын қанағаттандыру үшін Алматыда алшаңдаған армян бастығымен ашына болып, өзі іссапардан артылған бес-он тиынды олжа санаумен көңілсіз де күйбең тірлік кешкен тоғышар да маубас, ынжық қазақ интеллигентінің бақытының сиқын бажайлағанда адамның іші күңіреніп ұлып қоя бермеуші ме еді. Иә, нақ осы тұрғыдан келгенде, жетпісінші жылдардың басында Мағауин жазушының жете меңгерген бір дара қасиет-сапасы тап сол күндердегі өмір шындығын санаға сіңіріп, ой қазанында қорытуға ұзақ-сонар уақыт өткізбей, бірден нанымды да сенімді, шынайы қалпындағы көркем шындыққа айналдыра білуі болатын.
Қалай десек те, шығармашылық шілдесіне қадам басар алдындағы, әуелгі кезеңнің соңындағы ең биік туынды – «Тазының өлімі» хикаяты қырық жыл бойы әдебиетшілер қауымының әрбір толқынын айрықша шабытпен балқыта құйылған мәнерлі мінсіздігімен таңғалдырудан жазбай келеді. Сұлу мүсінделген, шынайы түзілген, күрделі сомдалған, терең шымырлаған осынау тартымды хикаят қаламгердің классикалық өреге көтерілгенін айғақтады. Одан кейінгі уақытта, ұлы Әуезов: «Е, бәлі, аты да, фамилиясы да жақсы екен» деп сүйсініс білдіретін Мұхтар Мағауин есімді жазушының сол деңгейден төмендегенін талғампаз жұртшылық білген де, көрген де емес. Керісінше, сол деңгейден әлдеқайда биік шырқап шарықтағанына, Ақан серінің Құлагерінің кейінгі көзіндей Мағауия атасының Нарқызылынша көсіле шауып, өнер бәйгесінде озғанына бәріміз куә-дүрміз.
Жетпісінші жылдардағы Мағауин қазақи болмыс-бітімді көркем кейіптеп таңбалауды саналы түрде мақсұт тұтқан ұлттық ділдің ұраншысына айнала бастайды. Өмірді табиғи нанымды түрде шынайы әрі шыншыл суреттеудің шеберлік машықтарын жан-жақты игереді. Әуелгі әңгіме-хикаяттарда сыздықтап басталып, шым-шымдап шыжымдалған ұлттық идеяның шерлі шамырқанысы тұңғыш роман «Көк мұнарда», әсіресе осындағы жас кейіпкер жазып жатқан роман үзіктерінде, яғни роман ішіндегі романда түркілердің кең сақарасындағы ұлы сарын, жойқын дүбірге ұласады. «Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күлтегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!» деп кеңестік кер заманда «Көк мұнардың» беттерінен өр дауыспен жігерлене де тебірене жар салған Едіге деген өр мінезді жас қазақ, шынына келсек, тірі суреті кейіптеліп кітапқа түскен Мұхтар Мағауиннің өзі болатын. Қазақтың жас ғалымының басына түскен тауқыметті арман-зарын, алғашқы талайсыз махаббатын мөлдірете, таңғы тұнық ауаның сарқыраған ағынындай жан сарайын аша төгілдірген «Көк мұнар» 70-жылдардың басында оқыр­ман қауымның, әсіресе сол кездердегі ала­бөтен кітапқұмар студент жұртшылығының көзайымына айналғанын білеміз. Сөйте тұра, әдебиет сыншыларынан сөгіс естіген, түсіністік таппаған. Бұған таңдануға да болмас. Себебі өз уақытынан, өз келесінен мойны озық жүйріктердің маңдайына жазылған тиесілі сыбаға екен-ау бұл дегеніңіз. Десе де, Мұхаңның өзі бар тұнығының бастауында тұрған, сол тұстағы қоғамдық ой мен ұлттық сананың айғақты үлгісі болған «Көк мұнарды» күні бүгінге дейін мақтан тұтуы орынды һәм заңды деп білсек керек.
Жазушының суреткерлік дара қолтаң­басын айқындай түсер бір ерекшелік сол, тұтастай алғанда, оның туындылары кеңестік кезеңдегі қазақ қоғамының жалпы кескін-келбетін, ішкі иірім-ағыстарын, сондағы дала қазағының да, қала қазағының да заман ырқымен өзгеріп жатқан мінез-құлқы мен психологиясын көз алдымызға айнытпай келтіреді. Және осынысында бір мақсатты жүйе бардай көрінеді бізге. Осыған қарағанда, жазушының бағзыдан келе жатқан қазақ өнері мен ұлттық діл-дәстүрдің әрбір саласына бір-бір сүйекті шығармасын арнауы тегін емес. Ит жүгірту мен аңшылық жайы көркем баяндала отырып «Тазының өлімі» хикаятында кеңестік қыспақ пен қуғын-сүргіннің сұры, тіпті астарлап та емес, ашық мәтінмен көрсетіледі. Үлкен әкесі Мағауия баптаған Нарқызыл деген ерекше бітісті, өзгеше мінезді күліктің бәйге жолындағы ғаламаттары мен ақырындағы қайғылы тағдыры, қазақтың атбегілік өнері өрнектелген «Жүйрік» атты хикаяты да ұлттық сипаттағы ғажап дүние болғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Тұлпар тағдырын ғана емес, жалпы адам затындағы дарын-талант иелерінің жазмышты пешенесін нышандап мегзейтін осы «Жүйрік» шығармасындағы Нарқызылдың азапты қасіреті Ақан сері Құлагерінің трагедиясына пара-пар құдіретпен жан ауыртатыны да анық. Бұл ретте, М.Мағауин хикаятын Ілияс Жансүгіровтің қазақ қанына құйылған «Құлагерімен» біраз орайларда теңдес те шендес шығарма екендігін мойындағанымыз лазым. Ойымызды одан әрі жүлгелей түссек, қазақтың ғасырлар бойы жасап келе жатқан қазыналы күй өнерінің кеудеден итерген кеңес заманындағы тағдыр-талайы, талапайға түсуі, небір қиын-қысталаңдарда болашаққа жол табуы маған қазақ күйінің мерекесіндей болып көрінетін «Көкбалақ» романында айрықша зор шабытпен, терең толғаныспен баян етілді. Тағы да қазақ жырының Құлагері Ілиястың «Күйшісінен» кейін күйдегі сырлы сезімдерді қилы тағдырлармен тоғыстыра, нақ мұндай шебер толғаған шығарма некен-саяқ екендігі және күмәнсіз.
Жазушы шыққан кемел биікке ешкім шәк келтірмейтін шүбәсіз шақта жазылған «Шақан-Шері» романы, әлбетте, М.Мағауин­нің ең шоқтығы биік, ғажайып туынды­ларының ішінде де өзгеше бітімімен оқшау тұратын серек шың. Іле-Балқаш өңірінің шерлі табиғаты, жазмышы кеудесіне кек толтырғаннан сол өңірдің жолбарыс атаулысын жоюға серт ұстаған налалы батыр, орыс отаршылығындағы ел трагедиясы осынау тұрпатты туындыда кемел көркемдікпен, қайран қалдырар әдеби тәсілдермен айшықтала көрінгенін еске алайықшы, ағайын. Көп жұрт М.Мағауиннің «Шақан-Шерісінің» көркемдігі оның Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленген «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясынан да асып түсті деген алыпқашпа сөзді әлі күнге айтып қалып жүреді. Бірақ мұндай сөздерге жазушының өзі баспа жүзінде тоқтау салғанын да білеміз.
Осы арада айтайық, М.Мағауиннің Алаш мұраты атты ұлттық идеяны алтын қазық еткен атаулы шығармаларының ішіндегі ең толағайы, ауқымы кең, көлемі де зор, кемеңгерлігі де мол ұлт тарихына терең бойлап, ғасырлар тұңғиығынан інжу-маржанды сыр тартқан, халқымыздың рухани мәдениетіндегі айтулы оқиға болған «Аласапыран» романы екендігі даусыз. Мұхтар Әуезовке бүкіл өмірін сарп еткен «Абай жолы» қандай аяулы болса, Мұхтар Мағауинге баба жыраулардың баһадүр поэзиясынан елес берген, бозбала шағынан арман еткен «Аласапыраны» да сондай қымбат. «Өмірімнің басты шығармасы «Аласапыран» деп автордың өзі айтып тұрса, дұрысы да сол. Сонымен бірге Мұхтар ағаның: «Аласапыранға» менің өмір бойы қастерлеп жинаған табиғат эскиздерім, таңдаулы слайдтарым мен ең жақсы күнге сақтаған түрлі-түсті, деректі таспаларым түгел кетсе керек. Жанды сурет қана емес, көңіл түкпіріндегі сырлы, мұңды сезімдер, мидың барлық қатпарындағы ой-толғам, парасат-пайым – табиғат берген, тағдыр сыйлаған ең асыл, ең қымбат қазынамызды осы кітаптың бетіне төктік» деп «Мен» атты мемуарлық романында елжірей ақтарылуында да көп мән бар сияқты. «Сонау Алтын Орда, Ноғайлы дәуірінен бергі Қазақ хандығының тарихын терең зерттеген Мұхтардың мол білімі мен суреткерлік шеберлігі «Аласапыранда» жақсы үйлесім тапқан» дей келе, қас шебердің қолынан шыққан осынау жауһар дүниені ХХ ғасырдың ұлы романы деп орнымен бағалаған дарабоз жазушымыз Қабдеш Жұмаділовтің әділ пікіріне біздің басқадай алып қосарымыз жоқ. Тек айтарымыз: кенен тарих та, ұлт мұраты да, ой шұраты да, шілде көкорайындай тіл мәйегі де осында. Бұдан 26 жыл бұрын жазған жоғарыда айтқан мақаламызда біз осы роман-дилогияда көне жәдігер сөздердің көптігіне назар аударған екенбіз. Ол кезде «Аласапыраннан» жазушы Нұрқасым Қазыбектің 600-дей соны сөз тіркегенін, ана тілін бір кісідей танитын Тұрсын Жұртбай өзіне беймәлім 800 сөз жазып алғанын, ал айтулы ғалым Ақселеу Сейдімбек 200 шамасында ескі сөз аңдағанын білген жоқ едім. Ал енді қазіргі таңда Мұхтар Мағауин тілінің түсіндірме сөздігін жасаудың қажеттігіне, оның ұлт мәдениеті үшін игілікті іс боларына көзім әбден жетеді.
Қазақ тілінің шалқар айдынында еркін жүзген, рухани еркіндіктің зеңгір көгінде шарықтай самғаған самала туынды 1991 жылғы тамыз бүлігінен үш күн бұрын «Жұлдыз» журналында басылып шыққан «Сары қазақ» романы болды. Қазаққа қара жерден де ауыр қасірет-қайғы әкелген зұлмат заманға, тасбауыр қоғамға атаукересін ішкізер, керез сөзін айтқызар қарғыспен аяқталған, коммунистік жүйенің халқымыздың басына түсірген бақытсыздығының бір парасын аяусыз әшкере түрде паш еткен ең бір шамырқанысты, таңдаулы шығармасының бірі де осы «Сары қазақ». Қазақ әдебиетінің советтік кезеңінің соңғы шығармасы. Уақыттық тұрғыдан алғанда да, басқадай жөнімен келгенде де. Қайран қаларлық нәрсе сол, қарғыс айтылып, тасқа басылып шыққан кезде Совет өкіметі әлі құламаған, «сүйікті» Компартия әлі орнында тұрған болатын. Сөйтіп, «Сары қазақ» шынымен-ақ қапас қабырға құлар алдындағы қатал үкімдей, кеңестік құрылыстың жаназасындай естіліп еді. Соның өзі-ақ көркемдік қуаты зор бұл романды Мағауиннің әдеби һәм азаматтық ерліктерінің қатарына қосуға хақылы ететіндей.
Ерлік демекші, қазақ баспасөзінің белгілі қайраткері Сабыржан Шүкірұлы Мұхтар Мағауиннің ерекше үш ерлігін атап көрсетеді. Бірінші ерлігі, әрине, біз жоғарыда айтқан, ежелгі жыраулар поэзиясын жаңғырта тірілткен, әдебиетіміздің тарихын үш ғасыр әріге алып барып тереңдеткен «Қобыз сарыны». Екінші ерлігіне қазақ көркем әдебиетінің бірегейіне айналған, Мұхаңның өз сөзімен айтқанда, Мемлекеттік сыйлықтың сахибы атандырған «Аласапыран» романын жатқызады. Сәкеңнің айтуынша, тағы бір ерлігі – «Поэты Казахстана» кітабы, бағзы заман жыраулары мен Мағжан Жұмабаевтардай әлі «халық жауы» деген аттан арылмағандардың советтік саясатқа еш сыйыспайтын ұлтшыл, өр дауысты сөздерін Ленинград қаласынан орыс тілінде шығаруы болған. Иә, дұрыс айтады. Сонау сіреу мұзды 1978 жылы бұл кітап М.Мағауиннің жанкештілікпен машақаттануы арқасында ортағасырлық ұлы поэзиямызды әлемдік айналымға шығарды. Кертартпа Шортанбай мен Мұрат, алашордашыл Ғұмар мен Нарманбет, діндар Ақмолла мен Мәшһүр Жүсіп… атын атаудың өзіне тыйым салынған Шәкәрім! Бәрі сол кітаптың ішінде еді.
Бәрі дұрыс. Бірақ бізге Мұхтар ағамыздың ерлігі үштен әлдеқайда көп сияқты көрінеді. Антикалық заманның аңыздағы алыбы Геракл жасаған ерліктердің саны 12 болатын. Меніңше, М.Мағауиннің бүкіл өмірі әдеби, ғылыми һәм азаматтық ерліктерден түзілгендей, қайтпас ұлтшылдықпен, қайыспас күрескерлікпен айшықталғандай. Әрбір қадамы, әрбір қайрат-қарымы бір-бір ерлік. Халқының кәделі игілігіне жарамағаны жоқ. Ұлты мен жұртының көсегесін көгертті. «Қобыз сарынына» ілесе, жүйкеге тиген қиғылық күрес үстінде шыққан М.Мағауиннің өзіне ғана тиесілі төл перзенті – ежелгі қазақ поэзиясының антологиясы «Алдас­пан» шын мәнінде де қазақ рухының алдаспанындай жарқылдады емес пе. Сол шақтарда жалындаған жас Мұхтардың өзі де Алаштың аруақ қолдаған Алдаспанына айнала бастағаны анық болатын. Одан кейінгі «Көк мұнардың» шырқыраған шындығы. Одан бұрын алпысыншы жылдары қаулаған «Жаңа Алашшылдар» қозғалысының рух қайсарлығын өмірлік мұратына айналдыруы. Сол мұраттан айнымаған «Көк балағы», «Шақан-Шерісі», «Сары қазағы», советтер езгісіндегі қазақ халқының руханиятында ғаламат серпіліс жасаған «Бес ғасыр жырлайды» және «Ай, заман-ай, заман-ай» атты антологиялық ұлы кітаптары – бәрі бір-бір ерлік еді.
М.Мағауиннің барлық ерліктерін ежіктей санамалап шығу мақсат та емес және біздің бұл мақаламыздың ауқымына да сыймас. Тек тәуелсіздік жылдарында, өзінің байсал тамызында ағамыз арғы тарихты қопара қазып түгендегенін, бүгінгі күннің бар болмысын талмай талдап тексергенін айтсақ дейміз. Бұл орайдағы бір елеулі дүниесі – «Қазақ тарихының әліппесіне» қоғамдық сұраныстың керемет болғандығын көзімізбен көрдік. Ұлтын ұлықтаған жазушы қажет болса тарихшыға да айналады екен! Министр Алтынбек Сәрсенбаев сол кітапты 40 мың дана таралыммен екінші мәрте шығартқызғаны есімізде. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсы үшін, қазіргі кезіміз үшін де мұндай таралым қиял-ғажайыппен бірдей-ау. Сол қиял-ғажайып Мұхаңдай мықтының қолынан келді. Құнды тарихи еңбекті өздері тіленіп орысшаға аударушылар да кешікпеген. Ол да оқырманға 5 мың данамен жеткен. Сусаулы жұртқа қазақ тарихының сауат ашу сабағын тарихшылардың егініне түскен жазушы М.Мағауин осылай жүргізіп еді. Кейін «Ұлттың күре тамыры» кітабына топтастырылған мақалалары, «Жұлдыз» журналында жария­ланып, басқа бірсыпыра басылымдарда көшіріп басылған «Ұлтсыздану ұраны» атты зарлы толғау жаңағы тарих сабағының сілкіністі сенсациясын одан әрі жалғастырды. Қоғамның түрлі салаларындағы кеселдерді әшкерелеген, бүкіл ұлтымыздың сан қилы өмірлік мүдделерін зерделеген пайымды көсемсөздер мен толғау-эсседе көтерілген мәселелер мен ұстынды тұжырымдар жалпы жұртшылықтың көкейінен ғана шығып қойған жоқ, ұлттық мұрат тұрғысындағы бұл толғамдарды сол тұста Президент аппаратының басшысы болып істейтін елжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов толығымен мақұлдап, қостап қолдады. Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтай абзал інісі авторға арнайы хат жолдап, ұлттық рухты қайта жаңғырту, қазақ халқының құндылықтарын (оның ішінде қазақ тілі де бар) құрметтеу орайындағы пікірлері мен сын-ескертпелерін өз ведомст­восында басшылыққа алатынын мәлімдей келе, жазушының өзі айтқандай, «ешқашан ескірмейтін, мәңгілік категорияға» жататын халқымыздың қажетіне жарайтын қайталанбас туындыларды жаза беруіне игі тілектестігін білдірген ізеттілігін біз де куәландыра аламыз.
Өзі де текті жазушының ұлы – Қасым-Жомарт інісі айтса айтқандай, қайталанбас туындыларды жазуда Мұхтар ағасы елі-жұрты еркін тыныс алған кезеңде тың серпін, өзгеше қуат танытты. Құдайдың құдіреті, қазіргі көркем әдебиетімізде тәуелсіздік талаптарына сай бүгінгі күн тақырыбын іздегіш заржақтар қаламгердің «Подонок», «Күмбез», «Оңғақ», «Қисық ағаш», «Ұлтаралық жанжал» сынды туындыларын неге көрмейтініне таңым бар. Нарқызыл тұлпардай қарыштай шапқан қарқынды жаңа үдеріс жазушының әлі таусылмағанын һәм қиял әлемінің әлемет кеңдігін айғақтаған, әдемі астарлы, ұлт бірлігін аңсайтын «Құмырсқа-қырғын» әңгімесінен бас­тау алып еді. Бұдан соң көркемдік әдістердің, әдеби тәсілдердің, суреткерлік шеберліктің шынайылық пен шыншылдықтан ауытқымас мүлдем жаңа қиялары бой көрсетті. Тәжірибе кемелденіп, машықты қолтаңба ширығып шымырлана түсті. Сөйтіп қазақ әдебиетіне жаңа заманға сай тыңнан қалыптанған, тосын мінезді, ұлттық сыр-сипатқа мейлінше бай, әлемдік өредегі әсем үлгілер қосылды. Осы тұрғыдан келгенде, «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп», «Жармақ» сынды жаңа тұрпатты хикаят-романдары Мұхтар Мағауиннің айрықша жамалды, бірегей бітімді, жаһани шығармашылыққа бет бұрғанын, бұрынғыдан да биігірек көркем суреткерлік өріске шыққанын әйгіледі. Әсіресе бүгінгі күндер суретін сұлбалаған, ұлттық діліміздің қақ жарылған қасіретін таңбалаған «Жармақ» романы ұлттық прозамыз ұмтылар замани межені меңзейтіндей.
Осы ойымызды академик Сейіт Қасқабасовтың өткен жылдың ақпанында бізге берген сұхбатында: «Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетіміздің аяқ алысы жаман емес. Жаңа леп, жаңашыл көзқарастар баршылық. Постмодернизм нышандары байқалуда. Мысалы, жаңа әдебиеттің үлгісі деп Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романын айтар едім» деген сөздері айқындай құптамай ма. «Басқалар сәл-пәл тоқырап тосаңсып қалған өтпелі уақытта ХХІ ғасырдағы жаңа прозаның үлгісін жасап жүрген бірден-бір жазушы Мұхтар Мағауин. Мұндай жаңа сипатты озық дүниелер әлем тәжірибесінде де соншалықты көп болмаса керек» деп алдыңғыға орайлас пікірді осы мақаланы жазуға тапсырма беріп тұрып, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы, белгілі әдебиеттанушы Сауытбек ­Абдрахманов та айтты. Бұл айтқандарды қаламгердің студенттік шақтан бергі қанаттас досы, әдебиетіміздің тағы бір асқар алыбы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен бір түйіп қойсақ, «Мұхтар Мағауин саяси озбырлық, рухани әрі-сәрілік, кәсіби балаңдық жабыла қинап, дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз» болып шығады.
Осылай дей тұрсақ та, ақбас Алатау­дың аңғарларына кешігіп жететін қыс сияқты, асқар Алтайдың қияларына зарықтырып жетер көктем сияқты, нағыз мағауинтану кешеуілдеп жатыр. Өзінің ескілікті досы, жазушы Валерий Буренковтың куәландыруына жүгінсек, Мұхаң жас кезінде айтады екен: «Мен ғылымда жаңалық ашам, бірақ академик болмаймын; классикалық шығармалар жазам, бірақ Жазушылар одағының басшысы болмаймын; мен «Жұлдыз» журналына редактор боламын» деп… Біздіңше, осы үш арман-мақсат та орнына келді. Ғылымда жаңалық ашылды. Туған халқы хан көтерген классикалық шығармалар жазылды. Еліміздің бас әдеби журналы «Жұлдызды» табаны күректей жиырма жыл бойы бас редактор болып басқарды. Журналды жаңартып, жаңғыртып, жұлдызды шақтарына, қаншама жас толқынға жол ашты. Сол тұста ақталған арыстардың көптеген шығармалары алғаш осы басылымда жарияланды. Ашаршылық ақиқаттарын, басқа да ақтаңдақтардың ­жайын 1989 жылдан бастап алғаш айтып, үзбей жүйелі жазып тұрған да «Жұлдыз». Мұрат, Шортанбай, Нарманбет, Ғұмар Қараш, Нысанбай ақындар жырлады «Жұлдыздың» беттерінен. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Мағжанның «Батыр Баяны» мен «Оқжетпестің қиясындасы», «Ер Едіге» жыры, Жамбылдың Кенесарының ұлы Сыздық сұлтанға толғаған өлеңі… Қайсыбірін айтарсың. Қайткенде де «Жұлдыз» М.Мағауиннің басшылығымен қысталаң жылдардан аман өтіп қана қоймай, бүкіл қазақ әдебиетінің, яғни Алаш рухының мерейлі көрінісіне айналып, болашағына қадам басты. Өткелектерден алып шығып, аяулы «Жұлдызын» алғы ғасырға Мұхаң асырды. Амал қанша, осы жиырма жылдық ересен еңбекке жарым минуттық рақмет-ілтипат білдірілмегенін де көзіміз көрді. Бірақ ол бүгінгі сөзге қатысы жоқ, мүлдем басқа тараптағы әңгіме.
Классик әңгімесінің жай-жапсарына қайтадан оралсақ, бір жағдай еске түседі. Қазақтың үлкен жазушысы Сәкен Жүнісов ағамыз Мәскеудегі жазушылар съезінен келе жатып, Көкшетауға соқты. Қолында съезден тәбәрік – «Классик» деген бедерлі жазулы әдемі дипломаты бар. «Енді, классиктерге берілетін сый дипломаттың аты «Классик» болмағанда қайтеді!» деп көтеріле сөйлеу Сәкен серіге жарасып та тұратын. Бірақ Сәкең бір мезгілде байсалдана қалып: «Өзін классик санамайтын жазушы жоқ қой. Әйтсе де, мен осы жолы Мәскеудегі жазушы дос­тарыма айттым. Мақтауды жек көрмейтін қазақ жазушыларының арасында, мысалы, Мұхтар Мағауин шын мәніндегі классик дедім» дегені күні бүгіндей құлағымда. Анау-мынауды менсіне бермес Сәкен серінің өзі мойындаған қаламгер, сірә, классик болса болар.
Тағы да осы Сәкен сері бірде Жазушылар одағында тарихи романдар жөніндегі жиылыста сөз сөйлеп тұрып, бір уақытта сұқ сау­са­ғын алға қарай шошайта: «Әне, ана отырған екеуі…» дегені. Жұрт жапырлай мойындарын артқа бұрып, залдың ортасында жайма-шуақ қатар отырған Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауинді көрді. Сөзін ары қарай жалғаған Сәкен сері: «… Әбіш пен Мұхтар бар ғой, мен бұл екеуінің біліміне таласпаймын. Бірақ мен көркемдікпен ұрамын ғой» деп алқына тоқтады. Жұрт ду күлісіп, дүркірете қол соғып жіберді. Әбіш пен Мұхтар ағалар орындарынан күлімдей көтеріліп, алақандарын жайлап соғып қолпаш жасады. «Ақан серіні» жазған адамның «көркемдікпен ұрамын» деп еркелей еркіндегенін ешкім ерсі де көрмеді. Қазақ әдебиетінің үш бірдей арыс азаматының мәз-мейрам жарасқан жадыра көңілдерінің мерекелі сәтіне көппен бірге мен де қуанып отырдым.
Ал енді Мұхтар Мағауинмен Сәкен сері ғана емес, басқа да көптен-көп кісілер білім таластыра алмайтыны көпшілік мойындаған ақиқат. Тегінде, Мұхаңның: «Менің білмей­тінім жер астында» дейтіні рас болар. Бұл күнде жалпы үлкен-кіші қызығып оқыған, әсіресе жас әдеби қауымның оқулы­ғына айналған «Мен» атты мемуарлық қос кітабының өзі де ұшан-теңіз білім мен жазушылық тәжірибенің қоймасы сияқты. Өзі қазақ прозасының атасы санайтын Мұхтар Әуезов даналығын бажайлаған сөздерін өзіне қарата айтсақ, М.Мағауиннің Батыс пен Шығысты, Көне мен Жаңаны – төрт тарапты бірдей таныған терең эрудициясына, қазақша айтқанда, өзін асқаралы биікке көтерген ғұламалығына ден қоймау мүмкін емес. «Кейбіреулер менің мәдениеттілігімді жуастығым екен деп ойлайды. Жоқ, мен жуас емеспін, мәдениеттімін» деп отыратын мағауиндік ішкі зор мәдениеттің де негізі осы білімдарлықта жатыр. «Сен тимесең мен тимен бадырақ көз» дейтін сыңайдағы тымырсық тыныштықты қаламайтын күрескер Мағауин принципті тұрғыдағы пікірталас, полемика, айтыстан жалтармайды, тайсақтамайды. Өйткені ол да абыз Әлкей Марғұланша, білген соң айтпай тұра алмайды.
Бекзат болмыстың нәр мен құнар алған тамырлары қайда десек, көз алдымызға Абай рухы тұнып тұрған Шыңғыстау өңірі, Бақанас пен Көпбейіт келеді. Абай рухына, Алаш мұратына адалдығынан жазбаған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының лауреаты Мұхтар Мағауин шығармаларының мәңгілік күйі туған халқына қызмет етпек, қазақ руханиятының көсегесін көгертпек. Ол дегеніңіз – қалың-қалың 13, содан кейін төрт кітаппен үстемеленген, жалпы жиыны 17 том. Бәрі де алғы болашаққа күмәнсіз өткен мәйекті асыл қазына. Идеологиялық күресінде қалғаны жоқ.
Шалғай Прагада, одан соң Карловы Варыда ұлтын сүйер үлкен жүрекпен үдере жазылып адамзат тарихының ірі тұлғасы, қазақ мемлекеттігінің бір бастау көзіндей, өзіңіз айғақтағандай түркіден тамыр тартқан Шыңғыс хан туралы төрт томдық деректі тарихи хикаяларыңызбен сәтімен қауышқанымызға қуаныштымыз, аға. Кұңфудзы ғақлияларын ретіне келтірдіңіз ғой, енді ежелгі түрік бабаларымыздың Орхон ескерткіштерін бүгінгі қазақ үлгісіне икемдеу, қасиетті Құран Кәрімді қазақшалау орайындағы арман-мұраттарыңыз орындалуына Алла жар болғай. Олай болса, толғанысты мақаламызды мына өлең шумақтарымен түйіндейік.
Мен!.. дегенде алыс жатыр қаншама.
Мен!.. дегенде жақын жатыр қаншама.
Мен-жүректің қияметін кешуге –
Жету – дозақ…
Қанша жақын болса да.

Мен!.. болмаса – болмайды
Ердің қарымы,
Алауламас «Мен!»-сіз жүрек жалыны.
Мен!.. болмаса, естілмейді мыңжылдық
Қазағымның қобызының сарыны.

Болар оғлан «Мен!»-мен ғана қаржасқан,
Мен! – құдірет қара нардай алға асқан.
Мен!.. болмаса жасалмайды ғажайып,
«Мен!»-сіз, сірә, суырылмас алдаспан.

Қу дүниенің алданыш қып тезегін,
«Мен!»-і жоқтар шірітеді өзегін.
Мен!.. – тектілік,
Мен!.. – даналық,
Мен!.. – намыс,
Мен! – Мұхтарлар көгертеді өз елін.

Арқасына ауырларды теңдеген,
Құм Нарында шөлдегенде өлмеген,
Өлмегенді былай қойып…
Ерлеген…
Қайсарлықтың өзегінде Мен!.. деген.

«Мен!»-сіз, сірә, өркен жаймас Ел деген.
«Мен!»-сіз қаны қыза ма екен Ер деген?!
Менің Мұхтар ағатайым, Мәңгілік
Өзіңізге жарасады Мен!.. деген.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Кіші жүз

    Мұхтар дегенің нағыз пасық!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.