Туған тіл – тұғырың

Әлемде тіл мәселесі күн тәртібінен түспейтін, адамзат баласының қызығушылығынан бір сәтке де тыс қалмайтын өзекті тақырыптардың бірі. Қазір түрлі деңгейдегі мәдениетаралық қарым-қатынас ауқымы ұлғайған сайын бұл мәселенің өзектілігі де арта түскені байқалады.Себебі тіл – ұлттың ең басты белгісі, ең басты құндылығы. Солай бола тұра, ол стихия­лы түр­де өзгеріске де ең бейім келетін құ­бы­лыс­тар­дың бірі.
Қазіргі күні әлемдік деңгейде өте ауқымды зерттеулер жүргізіліп, UNESCO тәрізді Халықаралық қауымдастықтың да алаңдаушылығын тудырып отырған тақырып осы тіл мәселесі, оның ішінде тілдердің дамуы мен жоғалып кетуіне тікелей қатысты мәселелер болып отыр. Оған себеп жоқ емес, соңғы жылдардағы зерттеулер әлемдегі тілдер санын 6000-ның айналасында деп көрсеткенмен, оның 1000-ға жуығында сөйлейтіндердің саны саусақпен санарлық екенін, жыл сайын 25, әрбір онжылдықта 250 ұлттық тілдің ізім-ғайым жоқ болып кетіп жақтаны жөнінде деректерді алға тартады (http://www.bbc.co.uk/news).

Еліміз туралы айтатын болсақ, Ата Заңымыз бойынша, Қазақстан Респуб­ликасы өз халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Солай бола тұрғанмен, Қазақстанда тұратын әрбір азамат осы тіл мәселесіне ерекше алаңдаулы деуге болады, себебі мемлекеттің ұстанып отырған үштұғырлы (қазақ, орыс және шет тілі) тіл идеологиясының кім-кімге де жеңіл келмейтіні сөзсіз. Бүгінгі уақыттың талабы тұрғысынан үш тілдің де маңыздылығы бірін таңдап, бірін қалдыруға мүмкіндік бермейтіндей жағдайда тұр. Қазақ тілі негізгі мемлекет құраушы ұлттың ана тілі болса, елдің тарихи және геосаяси орналасу ерекшелігі орыс тілінің де ресми тілдердің бірі ретінде қолданылуына басты себеп. Ал ғаламдық деңгейдегі мәдениетаралық қарым-қатынастарға тек қана халықаралық лингва франка ­­­– ағылшын тілі арқылы ғана араласу мүмкіндігі сақталып отыр. Сол себепті мемлекет үштұғырлы тіл идеологиясын ұстануға мәжбүр болып отыр деп айтуға болады.
Ел тәуелсіздігін алған уақытқа дейін қазақ тілінің дамуы орыс лексикасының молынан енуімен біржақты сипат алған болса, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақ тілі дамудың ерекше бір «ерсілі-қарсылы» түріне кез болды. Басқаша айтқанда, қазі­ргі жаңа кезең қазақ тілі үшін, бір жағынан, жетістіктерге жету кезеңі болса, екінші жағынан, өзге үдерісін де басынан кешіріп отыр. Жетістік деп санайтынымыз, орысша күйінде қолданылып келген терминдерді, орыстанып, не бұрмаланып кеткен ономастикалық (жер-су, кісі, көше, т.б.) атауларды қазақшалауға тырысып жатқанымыз. Нәтиже бар. Қазақша мектептер көбейді. Жиындарда емін-еркін қазақ тілінде сөйлейтін болдық. Бірақ көптеген қазақша сөйлеп тұрған сөйлеушілердің тілінде бұрынғы қазақшадан басқаша бір «жаңалық» бар. «Мен ойлаймын … » деп басталатын, «Маған 18», «Бізге 10 жыл», «Жас­тарды шет тілдеріне оқыту керекпіз» («Жастарға шет тілдерін оқытуымыз керек» дегеннің орнына), «11 қонақтар Онлайн», «Темпус бағдарлама туралы» деген тәрізді сөйлемдер қолданысқа келді. Уақыт өткен сайын тілдің әдеби нормасына сәйкес келмейтін мұндай қолданыстардың жиілеп бара жатқаны байқалады. Айталық, осыдан 5-6 жыл бұрын ғана «Мен ойлаймын, …» деп ешкім айтпайтын, қазір ең көп қолданылатын тіркестердің біріне айналды.«Мен ойлаймын …» деп сөйлемейтін адам қалмай барады деуге болады. Жас та, үлкен де, журналист те, қоғам қайраткері де, тіпті ғалым да… осы тіркесті ауызекі сөйлеу тіліне енгізіп алды.
Соңғы уақыттарда қазақтілді телеарналарда жиі байқалып жүрген әдеби нормадан ауытқудың кестеде берілген бірқатар мысалдарына зер салып көрелік.
Тіл өзінің әдеби нормасынан мынадай қарқынмен ауытқып кете беретін болса және бұл жай кездейсоқ қолға түскен деректер емес, ресми БАҚ-тың көрсеткіші болса, мемлекет тарапынан қандай да бір шараларды жедел қолға алмайынша, істің түзетуге келмей, тым кеш болып, қолдан шығып кететін күні туралы ойлаудың өзі оңай емес. Мұндай «дабыл қағатын» ойдың тууы тегіннен-тегін емес, бұған техногенді уақыттың да өз «еншісін» алып қалып жатқан жағдайын қосайық. Бұл сөзімізді былай түсіндірейік: мектепті қазақша бітірген студенттердің қазақшасы қазақша үйреніп жүрген шетелдіктердің тіліне ұқсайтын болды. Мысал үшін олардың бірқатарының мына бір сөйлемге жасаған аудармасына зер салып көрелік, сөйлем аса қиын емес, «Establish friendly relations between you and the speaker at a consecutive translation»:
1-студент: Сөйлеуші мен өзіңнің арасында достық қатынас болуы міндетті.
2-студент: Жүйелі аударманың шешені мен сенің араңдағы достың қарым-қатынасты орнату.
3-студент: Өзіңмен және сөйлеушімен араға достық қарым-қатынас орнат.
4-студент: Тікелей аудармада өзіңнің және сөйлеушінің арасында достық қарым-қатынас орнат.
5-студент: Алдыңғы аудармаларда, өзіңіздің және сөз сөйлеушінің арасында достық қарым-қатынас орнатыңыз.
6-студент: Аудармашымен аударылып жатқан адамның арасында жақсы қарым-қатынас болуы керек.
Сөйлемнің біршама дұрыс аудармасы былай болған болар еді: «Ізбе-із аударма барысында сөйлеушімен достық қарым-қатынас орнатуға тырыс». Ал мына мектепті қазақша бітірген, университетте ағылшын тілінде білім алып жүрген студенттердің аудармасы бұлардың өз ана тілінде грамматикалық тұрғыдан сауатты сөйлем құрастыра алмайтындығын көрсетіп отыр. Әдетте бір топ студенттерінің жартысынан көбі осы тектес нәтиже көрсетеді.
Ал қазақ бөлімінде (Көркем мәтін аудармасы пәнін) оқитын студенттердің боз өкпе, алдаспан, сойыл, қыл шылбыр деген сөздерді білмеуі былай тұрсын, бұлттар жөңкиді, араздасу, кексе тартып қалған,іріткі салу деген тәрізді кәдуілгі күнделікті лексиканы да түсінбейді. Ал мектепті орысша бітіріп, енді қазақ бөліміне келіп отырған бір ұлты қазақ студентіміз «Қазақша қандай мақал-мәтелді білесің?» деп сұрағанымызда: «Екі түйе соғысса, ортасында шыбын қайтыс болады», «Қаржы бар жерде жемқорлық бар», «Сырты басқа, іші басқа» дегені де ойланарлық мәселе.
Бұл келтірілген мысалдардың барлығы қазіргі компьютермен бірге туып, бірге өскен, үш тілділік принципін ұстанған жас ұрпақтың оқу-сызу барысына қажетті мағлұматты ғаламтордан негізінен ағылшын және орыс тілдерінде алып, ал қазақ тіліндегі лексиканы күнделікті бару, келу, айту, қайту деген тым тар «диапазонға» түсіріп тастап отырғанының әсері деуімізге болады.
Бүгінгі жедел ақпарат заманында ғалам­тор сайттарының көмегіне жүгінетіміз рас.
Бұл орайда өз саламызға (бірден-бір) тікелей қатысты сайтты (http://www.edu.gov.kz/kz/dejatelnost/navstrechu_sezdu_filologov/) ашып қарағанда көргеніміз:
«… Филологтің құрылтайының кездесу
Қазақстан Республикасындағы филологиялық білім беру: жай-күйі және перспективалары» тақыры­бын­дағы филологтардың съезін өткізу қарсаңында Жам­был облысы бойынша өткізілген іс-шаралар (дайджест)
«Қазақстан Республикасындағы фило­логиялық білім беру: жай-күйі және перспективалары» дайджест
Іс-шаралар Филологтарының съезін
Тұжырымдамасы филологтардың съезін өткізудің …».
Бұл мәтіннен тіл маманы болсақ та ешнәрсе түсіне алмадық. Еріксіз «мынадай мәтінді түсінбей осыншама артта қалып кеткенбіз бе, қазіргі қазақ тілі осындай деңгейге дейін дамып кеткен бе?» деген ойға қалдық.
Мемлекеттің ұстанып отырған 3 тұ­ғырлы тіл идеологиясы нәтижесінде кестеден және жоғарыда кел­тірілген басқа да мысалдардан қазақ тілін екі үлкен тіл грамматикалық тұрғыдан да, лексикалық тұрғыдан да бағындырып алып бара жатқанын көріп отырмыз. «Мэн айтпадым, сэн айтасын, кэрэк эмэс» дегенге ұқсас құлағымызға «таңсық емес» айтылымдар тілдің фонетикалық тұрғыдан да құрыққа іліккенін жоққа шығармайды.
Шетел тілдерін меңгеру барысында тағы бір стихиялы түрде орын алатын құбылыс, бұл үйренушінің сол тілде сөйлейтін халықтың менталитетін қабылдауы. Тілдің отаны оқулықтарын өздері жасап беріп отырған жағдайда бұл тіптен мән бермей қалдыруға болмайтын маңызға ие болады. Менталитет оқулықтарда ғана насихатталмайды, тіл ұстарту үшін үйренушінің тапжылмай көретін фильмі арқылы да, басқа да қарым-қатынастың әртүрлі деңгейлерінде еліктеушілердің санасына еріксіз еніп кетіп жатады. Кей жағдайларда дамыған жоғарғы мәдениеттің үлгісі ретінде танылып, қабылданады. Тағы бір мысалға зер салайық:

table2
«Рақымжан, Рақымжан, …» деп, Еуразия телеарнасының кешкі жаңалықтарын (7/8 сәуір, 2014) жүргізуге қатысушы журналистің жас шамасына қарағанда байланыстың екінші ұшында тұрған Рақымжан есімді дәрігердің немересіндей деуге болады. Бұл өз атасын да, енесін де атымен атайтын ағылшын тілді батыс мәдениетінің баса көктеп ене бастағанының дәлелі. Жас журналист орысша сөйлеп тұрса да, өзінің қазақ екенін және Англияда емес, Америкада емес, Қазақстанда сөйлеп тұрғанын ескере келе, қаратпа сөзді Рақымжан аға деп, не болмаса, әкесінің атын қосып, не болмаса, ресми түрде Рақымжан мырза деп қолданғанда да сөкеттік бола қоймаған болар еді. Жас ерекшелігі тым алшақ екендігі көзге ұрып тұрса да, осы мысалдағыдай, келесі қатысушыны атымен атап сөйлеуді халықаралық, не болмаса батыстық (жоғарғы) стандартқа бейімделу деп түсіну – жаңсақтық. Себебі бұл батыстық мәдениетке еліктеуден басқа ешнәрсе емес. Керісінше, халықаралық локализация ұстанымына сәйкес, қандай да болмасын мағлұмат өз адресатына, яғни тұтынушысына оның талап-талғам, мәдениетіне бейімделе жасалып жеткізілуі тиіс. Себебі ешбір өркениет қандай да бір тілдің және оны сөйлейтін халықтың төл мәдениетінің жоғалып кетуін қаламайды.
Сонымен, үш тұғырлы тіл идео­ло­гия­сы­ның негізгі келеңсіз тұстарын атап көрсетсек:
– тілдерді үйрену кісінің басқа пайдалы амалдарға жұмсауға болатын ұзақ уақыты мен көп энергиясын алады;
– өндірісте кейде құжаттарды үш тілде де толтыруға тура келеді, жұмыс бірнеше еселенеді;
– компьютерде тілдерді ауыстырып отырудың өзі де уақыт алады, кейде қай тілде тұрғанын білмей сөйлемді жазып қойып, өшіріп қайта жазуға тура келеді, бұл уақытты ғана алмайды жүйкеге де елеулі дәрежеде әсер етеді;
– қазақ тілін екі үлкен тіл (орыс және ағыл­шын тілдері) фонетикалық тұрғыдан да, грамматикалық тұр­ғыдан да, лек­си­калық тұрғыдан да ба­ғындырып алып бара жатқандай үдеріске куә болып отырмыз;
– үстем тілде сөйлейтін халық­тар­дың тілімен қоса менталитетін де қабылдау кісіні өз мәдениетінен біртіндеп қол үзуге, соның салдарынан өз рухани құндылықтарына немқұрайлы қарауына, кейде тіпті аяқасты етуіне дейін алып барады, т.с.с.
Аталған тұжырымдардың ішінде тіл үйренуге кететін уақыт мәселесіне келсек, басқа-басқа ағылшын тілінде оқу-жазуды меңгеру ағылшындардың өз балаларының 13-14 жасқа дейінгі уақытын алады. Сөздің жазылуы мен айтылуының арасындағы ал­шақтық, толып жатқан оқу ережесі мен орфографиялық ережелер және әрбір ережеден бөлек есте сақталуға тиісті әдіс-тәсілдер, 26 әріптің шама-шарқысы жетпейтін «жүйесіз жүйе» олардың өз ұлтының басындағы ауырт­палық (national tragedy) деп бағаланған. Сол ауырпалықты түгелімен өз ана тілінде және тағы орыс тілінде оқу-жазумен қоса еңсеру – қазақ баласы үшін қандай ауыр жүк?!
Ал осы үш тілділіктің біз көрсетіп отырған негізгі келеңсіз тұстарының ішіндегі соңғы аталған екі тұжырымның орын алу-алмауы адамның бала күнінде бесіктен алған тәрбиесінің қаншалықты екендігіне байланысты. Отбасында өз өзегі мықты қалыптасқан бала ненің керек, ненің керек емесін айыра біледі, басқа тілдер арқылы алған ілім-білімінің барлығын тұтастай өз мәдениетінің болмыс-бітімін бекіте, биіктете түсуге жұмсай біледі. Бұл, әрине, этноценрист (өз ұлтынан өзгені сүймейтін) болу деген сөз емес, шын мәнінде текті болған ұрпақ бүкіл адамзат баласының пайдасына, бүгінгі терминмен айтқанда, гуманист болып келеді, қазақтың текті деген сөзінің ауқымы осы ұғымға саяды деп ойлаймыз.
Осы зерттеуден қорытынды түйсек, ғалам қарқынды түрде дамып барады. Есесіне «қажетсіз» тілдер жойылып, онымен бірге сол тілде жасалған тарих пен мәдени құндылықтар да келмеске кетіп жатыр. Бүгінгі таңда кейбір тілдердің өмір сүруін тоқтатып жатқандығы туралы мәлімет жай қауесет сөз емес, ол осы саланы бүге-шігесіне дейін зерттеп жүрген кәнігі мамандардың көз жеткізіп отырған нақты нәтижесі. Сондықтан әрбір мә­дениет өкілі өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмей, өз тілінің жаһандану жолында құрбан болып кетпеуінің алдын алатын амал жасаса, сол арқылы ғаламның да өз табиғи бояуын сақтап қалуына үлес қосқан болар еді.

Нұрсәуле Рсалиева,
С.Демирел университетінің
ассистент-профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.