СЫРЫН БҮККЕН СЫРДАРИЯ

(Өзеннің көне атаулары жөнінде)

Байырғы Қазақ елінің, сондай-ақ ежелден Орта Азия халықтарының тарихи-мәдени өмір кезеңінің куәсі болған Сырдария қазіргі географиялық бөлініс бойынша Қырғызстан Республикасының Нарын, Жалал-Абад және Ош облыстарын, Тәжікстан Республикасының Соғды облысын, Өзбекстан Республикасының Әндіжан, Наманган, Ферғана, Ташкент, Джизак және Сырдария облыстарын, ал Қазақстан Республикасы аумағында Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын ағып өтеді де, Арал теңізіне құяды. Сырдарияға қатысты болған түрлі тарихи оқиғалар Орталық Азиядағы саяси, мәдени және экономикалық үрдістерге әсер тигізгендігі белгілі. Сондықтан өзеннің аумағындағы қалалар, елді мекендер, ілкідегі мемлекеттер антикалық дәуірден бері Сырдарияны әртүрлі атаған. Соның ішінде ежелгі және ортағасырлардағы көптеген авторлардың еңбектерінде осы өзенге қатысты тарихи мағлұматтар да бар. Осыған орай, Сырдария өзенінің ертеде аталған атауларына тоқталып, оның мағыналарына қатысты мәнін ашып, тарихи танымдық түрде мәліметтер беруді мақсат етіп отырмыз.

Ең алдымен, бұл мәселеге қазақ ғалымдарынан азды-көпті тоқталып кеткен Шоқан Уәлиханов болды. Оның 1856-1857 жылдары жазылған Қазақстан, Орталық Азия және Шығыс Түркістан аймақтарының географиялық очерктері туралы ғылыми еңбегінде өзеннің атауы Сырдария болып өзгергені жөнінде мынадай мәлімет қалдырған: «Өзеннің бастауы Нарын және Гулишан (қазіргі Қарадария) атты екі өзеннен құралады. Біріншісі, Нарын өзені Қырғыз Алатауының оңтүстік баурайындағы Баскаун және Көкек атты өзендерден бастау алады (бұларға бірнеше кішігірім өзендер құяды). Ал екіншісі Гулишан өзеніне Тасмұрын тауынан бірнеше кіші өзендер келіп құяды, оның ең басты өзендері Үш, Таш-Ата және Бұлақбашы. Осы Гулишан (қазіргі Қарадария) және Нарын өзендері қосылғаннан кейін өзеннің аты Сырдария болып өзгереді» дейді. Бірақ өзеннің көне атаулары жөнінде мәліметтер бермеген. Дегенмен, Сырдария өзенінің алқабындағы қалалардың, тайпалық мемлекеттердің заттай мәдениеті мен ерте кезеңдердегі саяхатшылардың жазба деректері негізінде зерттеушілер Сырдарияның көне атауларына бірнеше баламалар енгізіп, нәтижесінде бүгінгі күні өзеннің бірнеше ежелгі этимологиясы қалыптасып отыр. Сонымен қатар көп жылдардан бері Сырдария өзенінің алқабында кешенді археологиялық-этнографиялық зерттеулердің нәтижесінде көне мәдениеттердің ошағы ашылып, жаңаша ғылыми болжамды тұжырымдар да қалыптасқан-ды. Әрине, аталмыш болжамды тұжырымдар Сырдарияның көне атауларына да қатысты екені сөзсіз. Мәселен, ертеде Сырдария аумағында өмір сүрген сақ-скифтер, өзеннің төменгі ағысын және Арал өңірін Силис, ал Сырдың орта ағысын Яксарт деп атаған (қараңыз: С.Кляшторный Яксарт – Сыр-Дарья // СЭ. – 1953. – №3). Мұндағы, өзеннің Яксарт атауын X-XI ғасырлардан дерек берушілер әл-Масуди – Яхшарт (Тахшарт), әл-Бируни – Хашарт деп атап кеткен. «Яксарт» сөзі әртүрлі тілдегі аудармаларына қарай мағыналары да өзгеріп отырады. Мысалы, қытай тілінде – «Нағыз інжу өзені», көне иран тілінде – «Інжу өзені», түрік тілінде – «Інжу өзен», моңғол тілінде – «Үлкен өзен», парсы тілінде – «Суық өзен» деген мағыналарына ие. Осындай мағыналарға тән Яксарт сөзі түрік тіліндегі мәнін айрықша талдауға негіз болып отыр. Мәселен, Яксарт сөзі түрікше «Иенчү-үгүз», яғни «Інжу өзен» деген мағына береді. Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі» атты ең­бе­гінде: «өкүз» сөзін Жейхун мен Ефрат секілді үлкен да­рияларды атаған. Бұл сөз оғыз тілінде: «Benegit: Бе­негіт–Бенегит» дариясы деген ұғымды білдіреді (қа­раң­ыз: Махмұт Қашқари. Түрік тілінің сөздігі. I-том. – Ал­маты, 1997. – 87-б). Ортағасырлық автор Йақұт әл-Хамауи дерегіне сүйенсек, Сырдария өзенін «­Банакит» деп аталғанын көреміз (қараңыз: Б.Е.Көмеков, З.С.Илья­сова Йақұттың «Му‘джам әл-булдан» (XIII ғ.) жағ­рафиялық жинағы. – Алматы, 2011.). Алайда зерт­­теушілер Банакит атауын Сырдария өзенінің оң жа­ғасында орналасқан ортағасырлық қала орнымен шендестіреді. Бұл қала орны қазіргі Ташкенттен батыс­та орналасқан. XIV-XV ғасырлардан бастап ол «Шахрухией» атанып, бүгінгі күнге дейін орны сақталған. Бұл қаланың атауымен ортағасырда Сырдария өзенінің орта ағысын, Ташкент және Ферғана өңірлерін «Шахрухией» деп аталған-ды (қараңыз: А.Кудряшов Канка и Банокат – древние предшественники Ташкента // www.fergananews.com).
Сонымен қатар Сырдария өзенінің көне ­атаулары қа­тарынан Танаис деген де атау кездесіп жатады. Мә­селен, Сыр бойының ескерткіштерін зерттеуші Т.Қоңыратбаев көптеген антикалық жазба деректерін тыңғылықты зерделеп, Геродот дерегінде кездесетін Танаис өзенін қазіргі Сырдария деп топшылайды (қараңыз: Т.Қоңыратбаев Ертедегі ескерткіштер. – Алматы, 1996. – 13-19 бб.). Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жорықтары барысында Танаис өзенін кездестіріп, оның бойында «Александр-Эсхат» атты қала салғаны туралы деректер бар. Осы күнде Александр-Эсхеттің орны Ходжент (қазіргі Тәжікстан республикасы, Ленинабад облысының орталығы) қаласы болуы мүмкін деген тұжырым бар. Мұнда археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттай деректер б.з.д. IV-III ғасырлар кезеңін көрсетті. Бірақ кейбір зерттеушілер Александрия қаласын Үзгент, Ош, Нау қалалармен баламалап жүр. Дегенмен, ғылыми еңбектерде Ескендір жорықтары барысында кездескен Танаис өзенін Сырдарияның көне атауымен байланыстырады (қараңыз: Б.Г.Гафуров, Д.И.Цибукидис Александр Македонский и Восток. – М., 1980).
Көне дәуірден хабар беретін, зоорастризм дінінің кітабы «Авестада» Сырдарияның атауы «Канха» деп берілген (қараңыз: Авеста. Избранные гимны Видевата. – М., 1993. с. 36). Осы Канха атауын кейбір зерттеушілер кангар, кангюй, қаңлылармен байланыс­тырады. Мәселен, С.Г.Кляшторный Сырдарияның көне атауын Кангар деп көрсетеді. Ал Ибн-Хордадбекте «Кангар өзенінің халқы», Шах-Намэде Сырдарияның орта ағысын «Канга өзені» деп берілген (қараңыз: С.Г.Кляшторный Кангюйская этно-топонимика в орхонских текстах // СЭ. – 1951. – №3. – с. 60-62). «Канга» сөзі көне иран тілінде «арықтар» деген ұғымды білдіреді. Алайда белгілі ғалым З.Жандарбек канха сөзінің этимологиясын Сырдың бойында мекен еткен қаңлылармен байланыстырады. Оның ғылыми болжамды тұжырымы бойынша Оғыздардың батыс аймағына қарай көшуімен өзеннің көне атауын да бірге алып кетті дейді (қараңыз: З.Жандарбек Түріктердің Ата жұрты қайда? //http://old.abai.kz/content/zikiriya-zhandarbek-t-rikterdin-ata-zhyrty-kaida).
Енді ортағасырлар кезеңдерінде Сырдарияның атауы «Сейхун» деп кездеседі. Мәселен, Йақұт әл-Хамауидің (XIII ғ.) Қазақстанның VIII-XII ғасырлар тарихына қатысты құнды мәліметтерінде Сырдария атауын Сейхун деп атап, өзеннен керуен өте алатындай болып қыста мұз қатады дейді (қараңыз: Б.Е.Көмеков, З.С.Ильясова Йақұттың «Му‘джам әл-булдан» (XIII ғ.) жағрафиялық жинағы. – Алматы, 2011. 214-б.). Сейхун этимологиясы көптеген оқулықтар мен ғылыми еңбектерде Сырдарияның көне атауы ретінде белгілі. Соның ішінде ортағасырлық әдеби естелік-шығарма Бабырнамада кездесетін Сейхұн Сырдария деп берілген.
Қорыта келгенде, Сырдарияның ежелгі атаулары өзеннің алқабында өмір сүрген халықтар мен тайпаларда әртүрлі аталған, онда ғұмыр кешкен тайпалардың, қалалар мен елді мекендердің ықпалымен, өзеннің атауы әрдайым өзгеріп отырған, ал антикалық тарихшылардың, географтар мен саяхатшылардың еңбектерінде өзенді Танаис, Силис, Канг, Яксарт, Банакит, Сейхун деп аталғанын көреміз.

Б.ӘШІМОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.