«Бұл Ізбасты көп көрген…»

Ауыздыға сөз бермеген, аяқтыға жол бермеген ділмар шешендердің бірі Ізбасты Есіркепұлы. Ыбырай Алтынсарин «Қырғыз хрестоматиясында» Ізбасты би туралы былай деп жазған: «Қыпшақ Ізбасты би он жасар күнінде, көш үстінде көп адаммен бір түлкі қуысып, бәрінен бұрын жетіп, түлкіні соғып алды. Артынан келген жасы үлкен кісілер түлкіңді бізге байла деп еді, Ізбасты бермеді. Қазақшылық әдетте жасы үлкенге мұндай соғып алған түлкіні байлаушы еді, мынау бала бізге байламайды деп заманындағы ханына арызға келісіпті.Сонда Ізбасты ханға айтты дейді:

Ойдан қашты бір түлкі
Тауға қарай дем алмай.
Жабыла қудық көп кісі,
Бірі де қалды ере алмай.
Сол түлкіні кім алар,
Жалғыз жеткен мен алмай?!
Ағайыннан дұшпан жауым жоқ,
Алдына салып айдап жүр,
Алтайы түлкі көре алмай.
Ұялып, тақсыр, жүрмеңіз,
Төресін оңдап бере алмай».
Бұл әңгіме ел аузында да жиі айтылады. Осының өзі Ізбастының бала кезінен жұрт назарына ілінгенін айғақтайды.
Ел аузындағы шежіреге сүйенсек, қарабалық қыпшақтың жолтай руынан тарайтынЕсіркептен 3 бала: Ізбасты, Жауқашты, Байқазы туады.
Ізбасты 4 әйел алған. Төртеуінен 13 бала өмірге келеді.
Ізбасты бидің ел құлағында қалған тағы бір сөз қағысуы атақты Тоқсан бимен арада болған. Ізбасты аузы дуалы бидің бетін қайтару үшін: «Құлағы жоқ шұнақ би, құйрығы жоқ шолақ би, екі елді араздастырайын деп келдің бе? Сөйле ендеше!» дегенде Тоқсан би:
«Құлағым жоқ болса, сұңқар шығармын,
Құйрығым жоқ болса, тұлпар шығармын.
Ешкі егіз табады,
Ит сегіз табады,
Шошқа тоғыз табады.
Сен әбден толған екенсің,
Қырсық болған екенсің,
Сенің тоғызыңды аламын десе, Құдайдың
шамасы жоқ па,
Маған перзент берейін десе, баласы жоқ па?» дейді.
Ізбасты: «Тоқсан, Тоқсан деуші еді, томашадай-ақ екенсің ғой» деген кезде Тоқсан:
«Оның несін сөз деп айтып отырсың,
Ізбасты.
Томаша тоғыз жұмыртқалайды,
Біреуі ғана бұлбұл болады.
Томаша болсам – бұлбұлы шығармын.
Өрмекші он жұмыртқалайды,
Біреуі ғана бүйі болады,
Мүмкін, мен бүйісі шығармын.
Денеңнің ірілігін мақтан етіп қайтесің?» дейді.
Осы сөзді естіп отырған Наурызбай Қазыбайұлы сол кезде: «Сөйлеме енді, Ізбасты, сені басты албасты» деп дауды өршітпей, тоқтау салады.
Ел аузында жүрген тағы бір әңгімеде, Ізбасты бидің жетпіс жасқа келгенде қосағы қайтыс болып, кейін оның Көбе деген қызды айттырғаны сөз болады. Қыз жас болған соң кәрі күйеуге ырза болмаса керек. Осыны сезген би қызға мынандай сәлем жолдайды:
«Барсаң, сәлем айта бар,
Ол жақтағы Көбеге,
Көпті көрген пәлеге.
Ел ішінде есер көп,
Көзін салып жүрмесін,
Ыржаңдаған немеге».
Сонда қыз мынандай жауап қайтарыпты:
«Қиса, қиуы келер ме,
Қарағайдың талменен.
Дәмі бірдей бола ма,
Қара судың балменен.
Бізге лайық емес қой,
Алып тұр ғой малменен.
Қайтып ойнап-күлеміз
Жетпістегі шалменен».
Көбе қыздың айтқандарын кезінде көкше­таулық Біләл Толыбайұлы жазып алған. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов осы сөздерді жинастырып, 1934 жылы Елдес Омарұлына хат жолдап, ауыз әдебиеті үлгілеріне көз қырын сала жүруді тапсырады.
Шоқай шешен жоғалған малын іздеп келген Ізбасты бидің алдын орамақ болып:
«Ей, Ізбасты, Ізбасты!
Ізбастыны қом басты.
Екі көзі бақырайып,
Қайдан келді бұл албасты?» деп ірілік көрсетеді. Сонда Шоқайға Ізбасты:
«Балқанұлы Шоқайсың,
Өзің кесір, ноқайсың.
Өтірік сөзді матайсың.
Басынайын деп пе едің,
Аз ғана ауыл Жолтайды,
Бұл Ізбасты көп көрген,
Сендей талай қоқайды.
Көп сөзбен басты қатырмай,
Мал алған жоқпын деп жаныңды бер,
Болмаса, малымды бер!» дегенде, Шоқай айы­бын біліп, кешірім өтініп, малдарын қай­тарып бер­ген екен. «Ел аузынан» жинағында Шоқай айт­қан «Ізбастыны қом басты» деген сөз «құм басты» болып берілген. Біздің пікірімізше, қом болуы керек. Қом басқан, қом байланған деген сөз қазақта ежелден бар. Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында (179-бетте) Тоқсан бидің Ізбасты биді жеңгенін көріп, Шоқанның оны мұқатпақ болып айтқан сөзін мысалға келтіреді.
– Би, сен бұлбұл да болдың, бүйі де болдың. Сонда сенің арғы түбің «Тарышы» аталатын себебі не? – депті. Олай дейтіні – Керейдің Тарышы аталатын бір атасы (Тоқсан сол атаның ұрпағы) тары егісін күтетін күңінен некесіз туыпты-мыс деген лақап бар. Бала Шоқанның сол «кемшілігін» бетіне басуын сезе қойған Тоқсан намыстана қап:
– Оның несін айтасың, балам? Азар болса құлдан туған шығармын. Ол да адам баласы. Сен «арқар» аталатын аңнан тудың ғой, – депті (Ұраны «арқар» хан тұқымының арғы аталары арқардан екен деген де қауесет бар). Шоқан Тоқсанға іле жауап қайтарып:
– Оның несін бетіме басасың? Арқар – адал аң. Керейдің атасы кер жорға ит деген де сөз бар емес пе? – дейді.
Сөзді өршіткісі келмеген Шыңғыс: «кәрі кісімен салғыласпа!» деп Шоқанды қуып шығады. Ізбасты бидің кезінде қоғамына сыйлы, беделді кісі болғаны осы әңгімеден де анық байқалады.
Шешеннің «отырсам опақ дейсіңдер, тұрсам, сопақ дейсіңдер, ел шетіне жау келсе, Ізбастыдай ұл тумас дейсіңдер, жау кеткен соң – қу бас дейсіңдер» деген сөздері ел аузында сақталған.
Сондай-ақ: «Аласаны атқа санама, жаманды затқа санама, бір сынаған жаманды енді қайтып сынама, тіріде сыйласпаған туыстың құм құйылсын көзіне, енді қайтып жылама» деген сөздері «Қазақтың шешендік сөздері» кітабында («Ана тілі» баспасы, 2006 ж. құрастырған Б.Адамбаев) жарық көрді.
Есімі ел аузына кең тараған тағы бір Ізбасты би (Мұсаұлы) бар. Оның руы – қанжығалы. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары дүние салған. Қонысы Майқайың мен Ақкөл ауылдарының аралығында болған деседі. Оның басынан кешкен оқиғалары мен аңызға айналған сөздерінің бірі Ізбасты би мен уездің тілмашы туралы. Ізбастының әрі болыс, әрі бай кезінде ауылына уездің тілмашы келе қалады да, көздеген жеріне жеткізіп салуға талап етеді. Ізекеннің еті тірілеу баласы Барлыбайдың арбаға жегіп әкелген аты тілмашқа қораштау көрінсе керек. Соған ашуланған тілмаш қарт Ізбастыға кейіп: – Мені кім деп отырсың, сақалыңды жұлып, қолыңа берейін бе? – деп шақыраяды. Сонда Ізбасты әдетінше байсалды қалпымен: – Шырағым, бұныңа рақмет! Біздің Барлыбай ғой, қарттың сақалын жұлып алса, шашып жіберер еді. Сен бір талын шашау шығармай, өз қолыма ұстататын болдың ғой. Рақ­мет! Көргенділік, әдептілік деп, міне осыны айт» депті. Жазушы Мүбарак Жаманбалинов ол туралы «Сарыарқа самалы» газетінде (№130.10.10. 2007 ж.) жазған. Сондықтан Ізбасты есімін иеленген екі би­дің айтқандарын шатыстырмау керек.
Ізбасты Есіркепұлы сөзімен тарихта қалған қайраткер. Ізбасты бидің бейіті Қостанай ауданы аумағында, атақты ақын Нұржан Наушабайұлы бейіті орналасқан зираттан алты-жеті шақырымдай жерде. 2014 жылы үрім-бұтақтары жиналып, Көкшетаудан арнайы көк тас әкеліп, Ізбасты бидің басын қарайтты. Бұл игі іске Қостанай ауданындағы Нұржан Наушабаев мектебінің директоры Жанқұтты Сартов мұрындық болды. Биге арнап ас берілді.

Ақылбек Шаяхмет

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.