«Құсты жисаң – бүркіт жи…»

 

Қазақ ұлтының қанына сіңген, көшпенділер өмірінен берік орын алған үлкен өнердің бір түрі – құсбегілік. Адамзат тарихындағы елеулі жаңалықтардың бірі де дәл осы құсбегілік өнер. Ұлы Абайдың мынандай өлеңі бар:   Құсты жисаң – бүркіт жи,  Қыс тоныңды түлкі етер. Бұлғын, сусын киінтіп, Азбас, тозбас мүлкі етер. Өнердің бұл түрі қазаққа етене жақын болғандықтан, құсбегілік біздің ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтындай. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде-бір елдің мемлекеттік рәміздерінде кездеспейтін қыран бүркіттің тек Қазақстанның ғана Туында көрініс тапқандығын айтуға болады. Сонымен бірге құсбегілікті Ұлттық спорт түрінің бірі ретінде кіргізген де қазақ елі. Бүгіндері тіпті шет жұрттағы қандастарымыз ата дәстүрімізді жалғастырып, ұрпаққа аманат етіп келе жатқаны қуантады. Жуықта Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында халықаралық «Қытай-шіңгіл Халықаралық Салбурын» мерекесі өтті. Бұл шараға Моңғолиядан, Қытайдан, Қазақстаннан шақырылған арнайы қонақтар қатысты. Осы орайда атау­лы шараға Қазақстаннан қатысқан «Жалайыр Шора» құсбегілер мектебінің директоры, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, журналист-этнограф Бағдат Мүптекеқызы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Жас Алаш» газетінің фототілшісі Асылхан Әбдірайымұлы және «Алматы ақшамы» газетінің фототілшісі Сәрсенбек Қызайбекұлымен кездесіп, сапардан кейінгі әсерлерін сұрап, әңгіме өрбітудің сәті түсті.

Буркккит

Асылхан Әбдірайымұлы: –Ха­лықаралық Қытай-Шіңгіл Салбурын салтанатын тамашалауға жергілікті және шетелдерден арнайы келген көрермендер саны отыз мыңға жуықтады. Салтанатты іс-шараның шымылдығы сап түзелген шерумен ашылды. Бұл салтанатқа шақырту алғанымыздың өзі біз үшін үлкен мәртебе. Өткен жылы көптеген тарихи жерлерімізді түсіріп, фотосаяхаттар өткіздік. Қытай аймағындағы фотосуретшілермен Сәрсенбек жақсы байланыс орнатқан. Осы орайда Ұлытауда өткізген фотосаяхатымызға Алтай өңіріндегі фотосуретшілер қоғамы төрағасының орынбасары Серік Мұқыш пен «Шыңжан» суретті журналының бас редакторы Серік Нұрлыбайды шақырдық. Олар Ұлытау өңірінің табиғатына тамсанып қайтты. Кейіннен бізге хабарласып Салбурын салтанатына шақырды. Бұл шара барысында құсбегілік жайлы ғылыми конференция болатынын, біздің елден де маман қатысса жөн болар еді деген ойын жеткізді. Сәрсенбек бұрыннан құсбегілік пен саятшылық өнерді түсіріп келеді. Содан ақылдасып, бізбен бірге Бағдат Мүптекеқызының болғанын қаладық.

Асылхан
Іс-шара салтанатты түрде ашылған соң, саятшылыққа қомданған бүр­кіт­тердің топтары арнайы таныс­ты­рылды. Бұл күнгі саятшылық өнерімен жұртшылықты тәнті етер құсбегілерге сәттілік тілеп, қонақтар ізгі ниеттерін білдіріп жатты. Аудандық көркемөнерпаздар үйірмесі атынан қойылған шағын концерттік бағдарлама жиналғандарды бір желпінтті. «Дала көкпарына» қатысқан 50 көкпаршының қимыл-қарекеттері көпшілікті ерекше қызықтырды. Ал «Саятшылық» бөлімінде қанатын қомдаған сексеннен аса бүркіттің отызы қоянға, қарсаққа, түлкіге және қасқырға түсті. «Қазақ төбеті» бойынша арнайы көрме өткізілді. Көрмеге қатысқан қырық төбетті сан қырынан тамашалағандар оларды сатып алуға өтініш білдірді.
Біз барлық көріністерді суретке түсіріп алдық. «Шыңжан» суретті журналының бас редакторы Серік Нұрлыбай Үрімші қаласында жергілікті журналистермен кездесу ұйымдастырды. Бұдан соң Құбының құмын араладық. Жалпы, біздің сапарымыздың негізгі мақсаты екі арада ынтымақтастық, байланыс орнату еді. Фотосурет арқылы талай тарих пен сырды жеткізуге болады. Бұл -ұрпаққа аманат болып қалатын үлкен өнер. Тіпті ұлттық дәстүр мен ғұрыпты келер ұрпаққа жеткізуде фотосуреттің алар орны ерекше. Сондықтан біздің міндетіміз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, насихаттау. Осы орайда өзімнің жарыққа шығарған «Фотожурналис­тика» оқулығын да сөз еткім келіп отыр. Фотожурналистика хақында 1962 жылдан бері қазақ тілінде бірде-бір оқулық шықпаған. Ал жас фотографтар дәстүрді, өнерді суретке түсірудегі өзіндік ерекшеліктерді біле бермейді. Осы оқулықты Қытайдағы қазақтарға таныстырдық. Олар үлкен қызығушылық танытты.
Қытайда біздің сапарымызға орай бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Белгілі фотосуретші Қапез Шағы­бан­­ұлының «Атамекен» атты фото­көрмесі өтті. Соның лентасын қию бізге бұйырды. Бұл да біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен бірге Алтай ай­мақтық фотосуретшілер қоғамының мүшелерімен, Қытай ақпарат құралдарының фототілшілерімен, тәуелсіз фототілшілермен кездесу ерекше әсер қалдырды. 30-ға жуық фотосуретші қатысты. Біз мұнда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жұмысын таныстырдық, алдағы жос­пар­ларымызбен бөлістік. Кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап бердік. Сонда бір қытай азаматының сөзі жадымызда қалды. Ол «Қытайда 56 ұлт бар. Бірақ солардың ішінде сіздерден басқа бірде-біреуінде фотографияға осылай жанашырлық танытып отырғанын көрмеппін» деп өз ойын білдірді.
Бағдат Мүптекеқызы: – Қы­тайдағы қандастарымыздың осы бір киелі өнердің түрін сақтап, оны осындай үлкен деңгейде салтанатпен өткізгелі жатқаны бізді қуантты. Бәрінен де Қытай жеріндегі қандастарымызбен қауышқан сәттер әсерлі болды. Олардың әлі күнге дейін дәстүрге беріктігі тәнті қылды. Негізінен бұл шара үкіметтік деңгейде, Шіңгіл ауданының ұйымдастыруымен үшінші рет өтіп отыр екен. Қарақия елді мекенінде өткен «Халықаралық Қытай-Шіңгіл Салбурын» салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледік. «Қыран» федерациясының директоры Нұрлан Өнербайдың атынан Алғыс хатымызды тапсырдық. Бұдан кейін елдің назары біздің елде 2013 жылы өткен І-ші Халықаралық Бүркітшілер фестиваліне арнайы шығарылған «Қыран бүркіт» деген фотоальбомымызда болды.

Багдат
Таңғаларлығы, бізде респуб­ли­калық дәрежеде осындай шаралар ұйымдастырылғанның өзінде көрермендер саны көп дегенде 10 мыңнан аспайды. Ал мұнда 30 мыңнан аса көрермен қатысты. Қытайдағы қандастарымыз бізде өткізілетін шараларды интернет желісі арқылы тамашалап, үнемі бақылап отыратынын, біздегідей ережелерді сақтап өткізуді мұрат тұтқан екен. 32 градус аязда Алтай төрінде екі жүздей үй тігілді. Саршұнақ аязға қарамастан, күн шайдай ашық болды. Расында, біз де қаншама жарыс өткізіп жатырмыз, сол күні әрдайым ашық болады. Қыран бір сілкінсе мың бәле қашады деген бар. Сол сияқты бұл да бір қыран құстың киелілігін көрсетсе керек. Ең әуелі, құсбегілікке байланыс­ты ғылыми-практикалық конференция өтті. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келгендер баяндама жасады. Бір айта кетерлігі, Моңғолияда да, Қытайда да салт-дәстүріміз бен құсбегілік өнерді зерттеп жүрген ғалымдар көп. Ал бізде құсбегілік хақында еңбектер жоқтың қасы.
Көпшілікті Қазақстанда құсбегілік дәстүрдің қалай дамып келе жатқаны қызықтырды. Менің баяндамамның тақырыбы «Қазақстандағы бүркіт­шіліктің дамуы: бүгіні мен келешегі» деп аталды. Ұлттық спортқа құсбегіліктің кір­геніне талай уақыт өтсе де, бұл саланы зерттеушілер қатары аз. Әлкей Марғұланның өзі «Қазақтың құсбегілік өнері әлі де зерттелмей тұрған тарихымыздың үлкен тарауы» деп жазған болатын. Шынтуайтында, Ә.Марғұланнан кейін бүркітшілік туралы зерттеген Сәбит Мұқанов 1950 жылдары өзінің зерттеу еңбектерінде «Бүркітшілік – қазақтың ұлттық спортының ең биік шыңы» деп жазыпты. С.Мұқановтың сол бір ғана сөзі Алматы облысында алғашқы бүркітшілер мектебін ашуға түрткі болды.
Менің құсбегілікке келуіме атамның әсері зор болды. Тоқтасын деген атам 1961 жылы Қытайдан атамекенге келгенде бүркітін өзімен бірге алып келген еді. Таңертең бүркіттің шаңқылынан оянатынбыз. Бала күнімнен бүркітшілікке деген қызығушылығымның әсері мол болды. Сөйтіп, 1988 жылы құсбегілік мектептің шаңырағы көтерілді.
Қазір республика бойынша жүзге жуық құсбегі болса, біздің Алматы облысы Нұра ауылындағы «­Жалайыр Шора» мектебінде ғана 20-дан аса бүркітші бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келіп жатады. Еңбекшіқазақ ауданында ұлттық спорт мектебінің жанынан «Саят» бөлімі ашылды. 20-ға жуық бала қазір сонда білім алады. Олар бұл мектепте он үш жастан бастап оқиды. 5-6 жыл осында білім алған оқушы оқу бітіргенде «Спорт шебері» атанса, Спорт және туризм академиясына жеңілдікпен оқуға қабылданады. Осы мәселені дер кезінде көтеріп, оны осындай деңгейге жеткіздік. Қазір Көкшетау, Қарағанды, Атырау қалалары мен Оңтүстік Қазақстанда, Меркі елді мекенінде саят мектебі ашылып жатыр.
Жыл сайын республикалық құсбегілердің «Сонар» ұлттық спорт жарысын өткіземіз. Биыл да жиыр­ма жетінші рет «Сонар – 2015» атты құсбегілер байқауын өткіздік. Жарысқа Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Астана қаласынан барлығы 44 бүркітші мен 5 қаршығасы бар құсбегілер қатысты. Құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, құстың аңға түсу шеберлігі, құсбегімен арақатынасы, шырға тарту сынды бірінші кезеңнен іріктелген  17 бүркіт екінші кезеңде қоянға, түлкіге салу ақтық айналымына өтті. Қатысушылардың басым бөлігі мектеп оқушылары болғаны қуантты. Сөйтіп, бас жүлдені ­Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының тұрғыны Айбек Өтеген қанжығасына байлап, 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. ІІ орын оңтүстікқазақстандық Бауыржан Тәжібайға, ІІІ орын Алматы облысынан келген Аян Сейітжанға бұйырды.
Қаршыға ұшыруда Серікболсын Жалғасұлы І орынға, Бағдәулет Бабажа­нов ІІ орынға ие болып, Берікболсын Бабажанов ІІІ орынды еншіледі. Қаршыға ұшыруда жеңімпаз атанған жас жеткіншектердің барлығы дерлік Жамбыл облысының тумалары.
Өткен жылы алғаш халықаралық бүркітшілер фестивалін өткіздік. Міне, сонда ұйымдастыру жағында кемшіліктер болды. Қасқырды іріктеу дұрыс болмады. Қыранның киелілігі ол мықты қарсыласты таңдауында. Қыранды жібергенде ол шамасы жететін қасқырға барады. Ал қазір бізде бүркітті қасқыр тұрмақ, түлкі, қоянға салуды шектеп жатыр. «ИАФ» деген Еуропадан белгісіз қоғамдық ұйым бұған шектеу қойып отыр. Олардың жарғысын біз көрген жоқпыз. Онда қан шығаруға, көпке қанды көрсетуге тыйым салынған екен. Жансыз не ойыншық түлкіні салғаннан біз құсбегіліктің қасиетін жоғалтып алатынымызды ұғынғанымыз абзал. Түздің қыраны ешқашан жасанды қоян мен түлкіге бармайды.
Тағы бір айта кететін жайт, бо­лашақта Қытай мен Моңғолиядағы бауырларымызды біздегі саятшылық мектебімен таныстыруға, тәжірибе алмасуға шақыруды ұйымдастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Олар қазақ жеріне келіп, үйренгісі келеді. Мемлекет тарапынан осы мәселе қолға алынып, ұйымдастырылса. Өйткені, құсбегілікті бүгін жандандырып, осындай байланыстар орнатпасақ ертеңгі ұрпақ бұны ұмытады. Сондай-ақ қыранды не қоянға, не түлкіге сала алмай, жасанды бір түлкіге салсақ бұл да дәстүрді сақтай алмауымыз.
Енді көкейдегі жүрген мына бір мәселені айту керек. Алматы облысындағы таулы өңірде бүркітшілерге арнайы 2000 гектар жер алған едік. Ал қазір осы жерден айы­рылып қаламыз ба деген қауіп бар. Біздің жарғыда бұл жерде экологияны сақтау, құсбегілікті дамытуға арналған делінгенмен, сан түрлі сылтау­мен, аудан әкімшілігінің араласуы­мен жерімізге басқа компанияның көзі түсіп отырғанына 3-4 жыл болды. Үш рет қылмыстық іс қозғалып, компанияның қазу жұмыстарын тоқтағанымен, түбегейлі шешілмей тұр. Заң жүзінде бұл бүркітшілердің жері. Сондықтан ұлттық дүниеге жергілікті жердегі шенеуніктердің көзқарастары өзгерсе дұрыс болар еді.
Сәрсенбек Қызайбекұлы:– Бұл сапар жаңа ойлар, тың бастамаларға серпін берді. Бәрінен де, Көк туымызды ел алдына шығарып, көтергеніміз әсерлі болды. Жарыс аяқталған соң сол жақтағы қандастарымыздың Туды көріп, көздеріне жас алғандарын байқадық. Туды иіскеп, сүйіп, осылайша атамекенге деген сағынышын басқандай болды. Тіпті біздің баяндамамыз оқылғанда жиналған дүйім жұрттың көз жанарынан елге, жерге деген махаббатын, құрметін аңғардық.

Сарсенбек
Қытайдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көптен бері түсіретін қытай фотографымен бірге біраз жерді араладық. Қытай қазақтың салт-дәстүрлерін көрсету арқылы шетелден туристерді көбірек тартатын көрінеді. Туризмді насихаттайтын басты құрал да осы құсбегілік екен. Ал біз болсақ, қолымызда бар алтынды бағаламай отырмыз.
Қытайда фотожурналистика ақ­параттық, салт-сана, табиғат, спорт сынды салаларға бөлінген. Халықтың дәстүрге, осынау жарысқа деген қы­зығу­шылығы таңдандырды. Тағы бір айта кететін жайт, бұл елдегі әріптестеріміздің фотоаппараттарының өзі заманға сай, соңғы үлгіде. Бір байқағанымыз, елде фототілшілер не журналистер болсын, олардың еңбегі жоғары бағаланады.
Салт-сана мәдениеті саласының профессоры, белгілі фотосуретші Түсіпбек Сләмқұлұлымен кездесу болды. Қытайда «Салт-сана» деген фотосуретшілер қоғамы бар. Олар төрт жылда бір рет халықаралық дәрежеде фотобайқау өткізеді. Қазақтың көшпелі тұрмысынан фоторепортаж дайындаған Серік Мұқыш ағамыз сол байқауда жүлдегер болыпты. Ал бізде бұндай байқау жоқ. Жалпы ол жақта құсбегілік ең әуелі фото арқылы на­сихатталады. Мұның әсері ерекше көрінеді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. асыл

    ҚҰсбегілік қанмен берілген қасиет.Сондықтан оны дәріптеу парыз

  2. Гұлнұр Айтқұлова

    Қытай елінен қазақ жігіттерін шақырып, осындай ілтипат көрсетіп жатқаны қуантады. Олай болса, неге қазақ елінде құсбегілікті дәл осындай дәрежеде шетелдіктер қызығатындай қылып насихаттамасқа?! Өкініштісі, тіпті қытайлықтар мен моңғолдар біздің төл спортымызды пайдаланып, дамытып жатқанда біз бос қарап отырғанымыз ұят

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.