Ұлттық тарихтың тарланы


Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөздің ең ұлысы –
тарих!» деп ынтызарлықпен шегелеп айтады. Шын
мәнісінде, ұлттың көркемдік және философиялық дүниетанымын, сана-зерде, ой-сезім әлемін жетілдіріп
гүлдендіретін, көсемдікпен дұрыс жөн-жоба көрсететін шынайы тарих екендігі әлімсақтан мәлім. Бұл тұрғыдан келгенде, атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов«Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» дейтін еңбегінде қазақ фольклоры мен әдебиет тарихына қатысты ұшан-теңіз әдебиет пен фольклорлық
деректерге жүгініп отырады. Иіні келгенде, Қазақстан мен Орта Азия тарихы турасында жазылған орыс
пен шығыс тілдеріндегі тарихи әдебиеттерді орынды қолданып, ретті ой-пікірімен өз байламдарын тұздықтап қызықтырады. Айталық, Л.Баллюзек, А.Мякутин, П.Маковецкий, Д.Самоквасов, А.Добромыслов,Н.Ядринцев, Ф.Усов, Н.Середа еңбектеріне үңіледі. Я болмаса «Вестник Европы», «Русский Вестник», «Русская мысль», «Земледелие», «Журнал Министерства Юстиции»
секілді басылымдардағы көл-көсір этнографиялық материалдарды пайдаланған. Екпіні тау қопаратындай
қайсар мінезді, шарболаттай шамырқанған шабытты  тарихшы-зерттеуші Е.Бекмаханов «Түркістан өлкесін
жаулап алу тарихы жөнінде» деп аталатын отыз томдық мұрағат материалдарын (жинаған А.Г.Серебренников) ақ тарыдай ақтарған. Өзбек тілінде жазылған Молла- Әлим-Махмұд-Қажының «Тарих –
Түркістан» дейтін еңбегінде Кенесары  қозғалысына байланысты мәліметтер берілген. Ол Кенесарының таңдаулы батырларының бірі Бұқарбайдан 1870 жылы жазып алған және оның орындаған әнінің мәтіні де бар.

Бекмаханов-2Әріптестер арасында.

 

Сонымен қатар шығыс елдері тарихының білімпазы Кәрі-Құрбан-Әли-Қажы-Халид-Бек-Оғлының «Тауари – Хамсе» атты шығармасында (Қазан, 1915) ұлт тарихына қатысты этнографиялық материалдар, би­лер­дің ділмар сөздері мен өлеңдері, әлеу­меттік терминдерге (төре, төлеңгіт, ақсақал) философиялық сипаттамалар бар екен.

Бекмаханов

Профессор Е.Бекмаханов бес жүз отыз томдық «Түркістан жинағын», Молла-Мырза Әлим-бек-Дамолла-Мырза-Рахим-Ташкендидің «Сұлтандар генеалогиясы және Қоқан тарихы», Молла-Жүніс Шигаул Дадқаның «Әлемнің бау-бағы», Мұхаммед Риза Мирабтың «Мемлекет бау-бағы» қолжазбаларындағы бағалы деректерді ғылыми айналымға қосқан.
Е.Бекмахановтың көрсетуінше, құжатты материалдарды ғылыми айналымға қосу, дұрыс пайдалану мақсатында мұрағаттағы жазбалармен, яки түпнұсқалармен жарыс­тыра салыстырып, сәйкестігі мен сәйкессіздігін мұқият тексеріп жүйеге түсірдім деп жазады.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихын жан-жақты бажайлап байыптау барысында кең құлашты, кемел білімді, көсем пікірлі майталман оқымысты Е.Бекмаханов әдеби және мұрағат деректерімен қатар фольклорлық деректерді (оқиғаға қатысқандардың тарихи жырлары, әңгімелеулері, естеліктері), сондай-ақ қазақ фольклорын жинаушылар М.Көпеев, Ә.Диваев, О.Шипин, С.Мұқанов жазбалары «Кенесары көтерілісіне қатысты белгілі бір қағидалардың дәлелдемесі ретінде қызмет атқаратындығын», «сан алуан оқиғалардың бірін қалдырмай баяндайтындықтан», «не қилы деректерге толы болатындықтан, бұл фольклор дегеніңіз тарихшы үшін, әсіресе, қоғамдық қатынастар саласын зерттейтіндер үшін, шын мәнінде, баға жетпес қазына» екендігін терең түсіндіреді. Әлбетте, халықтың ауыз­ша шығармашылығына ден қою – тарихшыдан үздік шеберлікті, сын­шылдықты, білімдарлықты қажет етеді. Мәселен, қазақтың жы­рау­лары мен жыршы-ақындары түй­дектетіп, түрлендіріп жосылтқанда та­рихи шындыққа поэзиялық сипат­таулар, ақындық жорамалдар, ертегілік қасиеттер бір-бірімен қо­сылып кететіндігі даусыз. Сол се­бепті әдістемелік негізгі қағидаларды мықтап ұстанады.
Кенесары көтерілісінің куәгерлері Нысанбай жырау, Досқожа ақын, Күдеріқожа, Ғасан ақындардың шығармашылық мұрасы, өмір тарихы жөнінде қадау-қадау ой-пікірлер өрбітеді.
Нысанбай жыраудың «Кенесары туралы жырында» елшілдік-мемлекетшілдік идея мәселесі, тарихи тұлғалардың есімдері жарқын түрде көрініс тапқан. Кенесарының қырғыз манаптарына бірігейік, тізе қосайық деп үндеу тастауы, Жеке батыр бастаған өкілдерді қырғыздарға аттандыруы және де Хан Кененің қалайша қаза тапқанын дұрыс баяндағанын Е.Бекмаханов айрықша айтады. Нысанбай дастанының жариялану тарихына, текстологиялық өзгерістеріне де мән береді. Дауылпаз жырау Орта Азия елдерінде тентіреп, толқымалы тұрмыс-тіршіліктің нешеме алуан шырмауығына шырмалып 1870 жылы дүниеден озады.

Бекмаханов-3

Қызы Найлямен.

Нысанбай сияқты көтерілісшілер сапында атақты ақын Ғасан дейтін болған. Бұл турасында қазақ фольклорының білгірі А.Алекторов «Қырғыздардың халық әдебиеті» дейтін жазбасында («Астраханский Вестник», 1893, №1222) былай деп жазады: «Нысанбай қолындағы қобызын аңырата тартып, Абылайдың немересі өміріндегі соңғы оқиғалар жайында ел ішінде жыр толғап жүрген шақта екінші бір қырғыз Гомері, өткенді жырлаушы, соқыр Ғасан, Кенесарымен қоян-қолтық араласқан және оның қаһармандық жорықтарына қатысқан осы жырау Кенесарының орыстармен соғысы туралы, Қытай империясы төңірегіне көшу жөнінде жырлаған… Даланың суырыпсалма ақындарының жырларында Кенесарының жеке басының сипатталуына ой жібере отырған тыңдаушылар ерлікпен қаза тапқан, өзінің аталастарын азат, тәуелсіз халық етуді ғана аңсап бүкіл өмірін соған арнаған сұлтанға іш тартпай отыра алмайтын еді».
Профессор Е.Бекмаханов осынау ке­сек зерттеуінде Досқожа ақын жөнінде мынандай деректер берген. «Менің есімім Досқожа, Тоқбурин ба­ласымын, Орта Ордадан, Алтай-Қалқаман руынанмын. Сұлтан Кенеса­ры Қасымов Ақмола округіне келіп кір­генде мен бүкіл отбасымызбен Қасымов Көшек сұлтанға қосылдық».
Ал Ахмет жыршының естелігінде былай делінеді: «Патша отрядтарымен талай рет қарулы қақтығыс жасағаннан кейін Кенесары өзінің жақтастарымен бірге Алатау жаққа қоныс аударуды ұйғарды. Оның ауылдары жолға дайындалды, ал Кенесарының өзі төбенің басына шығып терең ойға шомды. Осы кезде алыстан екі салт атты көрінген. Оларды көзі шалған Кенесары айналасындағы адамдарға былай дейді: «Анау келе жатқан Досқожа. Мені көшуден бас тартуға көндірмек ойы бар шығар. Онымен өзім сөйлесейін, сендер көшуді тоқтатпаңдар». Досқожа ақын Кенесарының қасына жетіп атының басын ірікті де, өзінің қоштасу жырын төгілтіп қоя берді».
Ұлт тағдыры ұстараның жүзінде, найзаның ұшында тұрғанда Күдеріқожа «Қарқаралы тауымен қоштасу» жырын туындатқанын, Мәшһүр-Жүсіп Кенесарының соғыс тактикасын, қырғыз манаптарымен шайқасын, көтерілістің тарихын сарабдалдықпен хатқа түсіргенін, ақын-композитор, шежіреші Доскей Әлімбайұлының естеліктері Орталық Қазақстан өңірінде кең тарағанын, Омар Шипиннің «Жеті батырдың қысқаша тарихын» тәптіштеп жазғаны ұлт тарихын жетік білген Е.Бекмаханов рет-ретімен келісті өрнектейді. О.Шипин жазбаларының құндылығына айрықша тоқталып, басты-басты ерекшеліктерін атайды.
1) Кенесары заманынан бері сақталған заттық ескерткіштердің тізімін жасаған; 2) Кенесары есіміне қатысты тарихи орындарды, тұрақтарды сипаттаған; 3) Кене­сары жасақтарының 1838 жылы Ақмола бекінісіне шабуылының тарихы әңгімеленген; 4) Кенесарының өз нояндарына берілген мінездемесі өз құлағымен естігендердің аузынан жазып алған: «Шайқаста қорқу дегенді білмейтін Басығарадай батырды көрген емеспін… Алдыңғы айтқандарын бір рет те қайталамай бірнеше рет күн қатарынан суы­рыпсалып, жырлайтын Нысанбай­дай жырауды көрген емеспін». Омар Шипиннің Наурызбайдың 90 жасауылының қырғынға ұшырауының тарихын жазғаны бар. Мұның мұрағат деректеріне дәл үйлесетінін Е.Бекмаханов айрықша атайды.

Бекмаханов-4

Сапардан оралған сәт.

Жамбыл естеліктерінде (1940 жылы әдеби хатшысы Ғали Орманов жазылған) Дулат тайпасынан Кенеса­ры жасағына қосылған Байсейіт батыр, Сұраншы батыр, Саурық батыр жайындағы жайттер зейін аударарлық екендігін дәйектейді.
Зерделі зерттеуші, оқымысты Е.Бекмаханов академик В.Радлов жинақтап бастырған Кенесары туралы тарихи 2 жырға, белгісіз автордың «Ағыбай батыр» дастанына, импровизатор ақын, композитор Шашубай Қошқарбайұлының Саржанның өлімі мен Наурызбайдың тұтқындалуына байланысты жырларға, орыс тіліне С.Марков аударған «Қырғыз-қазақ жырлары» жинағына, 1918 жылы семейлік қарт жыршы Әжібек Барменовтың аузынан ақын П.Феоктистов жазып алған «Кенесары туралы аңыз» материалына, Ұлы Абай ақыл-кеңесімен шығарылған Көкбай Жанатайұлының «Абылай мен Кенесары» дастанына, Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында Сүйінбайдың Кенесарыны «Халық қозғалысының дарынды көсемі» дегеніне ой көзімен барлау жасайды.
Кенесары көтерілісінің шындығын шынайылықпен суреттейтін Нысанбай жыраудың «Кенесары-Нау­рызбай» дастанындағы тарихилық пен деректілікті оқымысты-тарихшы Е.Бекмаханов орайлы жарасыммен қолданып отырады.
Солтүстікте орыс бар,
Жеріңмен берсең малыңды.
Балаңды берсең солдатқа,
Отыратын қоныс бар.
Күншығыста шүршіт бар,
Адам жейтін аюдай…
Оңтүстікте қоқан бар
Қатын қылып қызыңды.

Қарсы келсең дарға асып,

Күнде Қоқан қоқаңдар.
Кенесарыны қырғыз манаптары тұтқындап, құмырсқаның илеуіндей жұрттың ортасында басын кесер алдында тақпақтап сөйлеп, Қазақ елінің Тәуелсіздігін қорғау жолында қаһармандықпен қимылдаған жорықты жылдарын күңіренте өлеңдетті: «Кенесары жиналған жұрт­қа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, онан соң жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар ұйып тыңдады. Ән сөздері тыңдаушының бойын билеп, жүрегін баурап, қатты толқытқан. Ол өзінің өлеңінде туып-өскен кең даласында, кіндік кескен ауылында өткен бар өмірін есіне ал­ған еді».
Сонан соң Нысанбай жыраудың «Е… е… ее… Алла-ай!» деп күрсініспен бас­­тап, Кенесары баһадүрді жоқ­тайды:
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Халық иесі Хандардан
Жетім қалдық айырылып.
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайырылып,
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майырылып,
Кемшілік түсті басыма
Көрінгеннен қаймығып…
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз,
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз.
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз.
Жоқтаудың сарынына жанды-жансыз жаратылыс зар илеген кейіпке түседі.
Кенесары заманында Қазақстан Ресей мен Қытай және Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтарының қыспағында, сонымен бірге өз ішімізде ру араздығы, жайылымға талас, би-сұлтандардың, болыстардың опасыздығы өршіп тұр­ған еді. Бұл орайда Наурызбай жырау:
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы,
Алдырып жүрген дұшпанға
Өзді-өзінің аласы.
Ұлт қаһарманы, мемлекет қай­раткері Кенесары қырғыз манаптары Орман (1790-1855) мен Жантайға жолдаған хатына ой жүгіртейік: «Менің осында келуімнің себебі, – деп жазды ол, – жауласып, қан төгу емес, қазақ пен қырғыздардың күшін біріктіріп, оларды Қоқаннан бөлу және жалпы қоқандықтардың қыспағынан құтқару. Солай бола тұрса да кейбір ыңғайсыз істерге жол берілді, ал қазір арамызда болып өткен жайлардың бәріне мен салауат айтамын және сіздердің түсінбестіктеріңізді кешіремін. Менің жаулық ойламайтынымды Қалша биді 200 жігітімен титтей де жәбірлемей босатқанымнан көре аласыздар. Осы хатты алған соң қауіптеріңізді сейілтіп, менің алдыма келіп, сөзіме құлақ асу рәсімін жасаңыздар да көңілдеріңізді жайландырыңыздар. Егер бұл ұсы­нысты қабыл алмасаңыздар және жауласудан бас тартпасаңыздар онда өз обалдарыңыз өздеріңізге».Бекмаханов-5Отбасымен бірге.

 

Төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайындас жұрттардың келешегін терең ойластырған мемлекет елшілдік санадан туған көреген қайраткердің жан тілегі. Е.Бекма­ха­новтың көрсетуінше, қырғыз-қазақ елдеріне кең қанат жайып, поэзиялық, фольклорлық шығармаларға негіз болған дейді.
Кенесары қолбасшылық, бас­тамашылдық, ұйымдастырушылық өне­рімен қатар ойға, сөзге тапқырлығы да Е.Бекмаханов зерттеуінде жарқын түрде сипатталған. Мәселен, «Бұқарбай батыр әңгімесінде» мынандай түйінді, тұжырымды ой айтылған. «Бұл кезеңде, – деп еске алады Бұқарбай, – біз, Кенесары батыр­лары күні-түні ат үстінде жүріп, Қоқанмен күресіп, Созақ, Түркістан, Ақмешіт қамалдарын қоршауға алған болатынбыз. Сырдарияның оң жақ бөлігінде, Шу өзені бойындағы қыпшақ ауылдарында жүрген кезімізде, қыпшақ байының Құраш деген сұлу қызына көзіміз түсті. Мен, Ағыбай және Нау­рызбай үшеуіміз де қызға ғашық болып қалдық. Қыздың әкесіне «Қызыңды кімге бересің?» дегенімізде, ол «қалың малсыз ешкімге де бермеймін» және де «сендер бүгін мұнда, ертең анда жүретін қаңғыбассыңдар» деді. Бұл сөзге шамданған біз «оның қызын тартып алып, малын айдап әкетейік» деп Кенесарыдан рұқсат сұрадық. Кене­са­ры бізге қарап: «Бізге халық керек пе, қалыңдық керек пе? Алыстағы дұшпанды жеңбей тұрып, біздің қол астымыздағы халықтың бірлігін бұзуды ойлағандарың ба бұл. Егер сендерге қалыңдық керек болса, барыңдар да Созақ қамалын алыңдар, сөйтіп өзбектің қыздарына үйленіңдер, ал өзіміздің адамдарды тонауға рұқсат бермеймін» деді.
Қырғыз жерінде тау ішінде түнде Орманхан жапа-тармағай от жаққызады екен. Соны көрген Кенесары: «Қырғыз көп пе, әлде аспандағы жұлдыз көп пе?» деп таңырқаған екен.
Профессор Ермұхан Бекмаханов тарихи-мәдени, әдеби-фольклорлық деректерді жұтынтып жеткізеді. Мысалы, 1845 жылы Арғын тайпасының ұлтжанды ақылды рубасы Шеген Мусин Ахмет Жантөринге мынадай хат жазған: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым… Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып маған орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш киіп, аузымызды мұртпен жабу ғана қалды. Оны да істеймін әлі! Біздің дініміз бір және тіліміз де бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге біз сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен тақтық сұлтандықтан, ал мен би лауазымынан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біз кеңесіп іс қыла алмадық, сондықтан мен өзімді лауазымды би, сені тақтық сұлтан деп ойламаймын. Мен: Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын, бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен-өзім ақылдастым. Неліктен бұлай, білмеймін».
Е.Бекмаханов ой, пікір ретіне қарай халықтың мақал-мәтелдерін тапқырлықпен қолданады.
ХІХ ғасырдың 40-жылдарында ортаазиялық хандықтардың ішкі жағдайын түсіндіруде арабтың мынадай мақалын әдемі пайдаланады: «Румда (Түркияда) – жан рахаты, Дамаскіде – қайырымдылық, Бағдатта – ғалымдық, ал Түркістанда ашу-ызадан және жауласудан басқа ештеңе жоқ».
Бай шонжарлардың мүддесін қорғайтын мақал-мәтелдер:
«Жұлдыздар жиналып, ай болмас, кедейлер жиналып бай болмас».
«Бай мақтанса – табылар, кедей мақтанса – қағылар».
«Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін».
«Бай қатыны өлсе, төсек жаңғыртады, кедей қатыны өлсе, басын қаңғыртады».
«Бай болсаң – шалқай, кедей болсаң – еңкей».
«Күштімен күреспе, баймен тіреспе».
«Кедейдің ұлы болғанша, байдың құлы бол».
«Байдың ісі – бұйыру, жарлының ісі – жүгіру».
«Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы».
Құлдар турасында: «Өзіңнен тумаса – ұл емес, сатып алмасаң – құл емес».
Патриархалдық-рулық қатынас­тарға қатысты мақал-мәтелдер: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол».
«Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас».
«Көлденең кісі көңілге қарамайды».
«Жеті атасын білмеген – жетесіз».
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын».
«Ит тойған жеріне, ер туған жеріне».
«Туысы бірге түртпейді, түбі бірге кетпейді».
Билер хақында: «Жаңа соттан әділдік күтпе, жаңа байығаннан қарыз алма», «Егер халқыңда екі би парақор болса – халықта маза жоқ, егер қой қорасында жақсы ит болса – қас­қыр­дан келер қаза жоқ», «Аяздың аңдығаны арық мал, ал бидің аңдыға­­ны – басына іс түскен адам», т.с.с.
Алуан-алуан дереккөздерді ­тау­ып, талғап-таңдап пайдаланған Е.Бек­маханов Я.Краф дейтін зерт­теу­шінің «Судебная часть в Туркес­танском Крае и степных областях» дейтін кітабындағы (Орынбор, 1898) мына бір қазақтың әңгімесінде қоқандықтардың айла-шарғыға, бақай есепке құрылған шырмау сөздері беріліпті. «Салық жинаушы қоқандықтардың қаншалықты айлакер болғанын түсіну үшін мына бір оқиғаны келтіру жеткілікті. Қырғызбен кездесіп қалған зекетші оның бетіндегі жырықты көреді де:
– Бетіңді қайда жырып алып жүрсің? – деп сұрайды.
– Қамыстың арасымен жүріп ем, жырып кеткені, – дейді қырғыз.
– Мен ендеше сенің жауыңды құрттым, – дейді зекетші, шабылған қамысты көрсетіп, – сол үшін маған бір қой беруге тиіссің.
Немесе: Қырғыздар Қоқан ше­неу­нікке атқосшы болып келе жатқанда біреуінің аты сүрініп кетеді. Ше­неу­нік сол сәтте-ақ:
– Атың неге сүрінді? – деп сұрайды.
Қырғыз жайбарақат қана жауап береді:
– Төмпешікке сүрінді.
– Сол төмпешікті көрсет, – дейді ше­неу­нік. Ештеңе ойында жоқ қырғыз әлгі төмпешікті тауып, көрсетеді. Шенеунік қылышымен төмпешікті шауып түсіреді де қырғызға:
–Маған бір қой бересің, сенің оң сапарыңда кездескен кедергіні жойдым мен» дейді.
Асылы, фольклор мен әдебиет – халық өмірінің шежіресі, тағылымды өнегесі, асыл ой, асыл сөздің құт-берекесі. Заман айнасы. Рухани кеңістіктегі дара сәулелі құбылыстар: Ендеше, ұлттық тарихтың тарланы Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» дейтін тарихи-филологиялық сипаты бөлекше зерттеуде қазақ фольклоры мен әдебиетінің елеулі мәліметтерін, деректерін барынша тиянақты пайдаланған деуге болады.

Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.