Қисса аталатын әдебиеттің қазақ мәдени өміріндегі орны

Бабаш Әбілқасымов,
филология ғылымының докторы,
профессор,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты тіл тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері

XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақша баспа нұсқалардың ішіндегі ең қомақтысы – қисса аталатын әдебиет.
Жалпы, қазақ тілінде алғашқы баспа бетін көрген кітап – Ертарғын. Қазан университетінінің профессоры, белгілі шығыстанушы Н.И.Ильминский қазақ тілін үйрену мақсатымен жай қызметкер ретінде Орынбор шекара комиссиясына жұмысқа келіп, қазақ жерінің батысы мен шығысын бірнеше ай аралайды. Бұл сапарында ол қазақтың би-шешендерінің әңгімесін тыңдап, ақындардың жырын жазып алады. Сапардан Қазанға оралған соң, қазақ тілінің грамматикасын жазып, сөздігін түзеді. Ең бастысы, атақты Марабай ақыннан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, 1861 жылы кітап қылып бастырып шығарады. Бұның тілі ауызша әдеби тілдің жазба әдеби тілге айналуының алғашқы үлгісі деуге болады. Қисса аталған әдебиет содан 10-15 жыл өткенде шыға бас­тайды. Ал қиссалардың тілі көне түркі әдеби тіл дәстүрін сақтап қалған.

Көне түркі Әдеби тілінің қайнары

Қисса арабтың «әңгіме, тарих» деген сөзі. Түркі халықтары тілінде қиссалық әдебиеттің пайда болуы да тікелей араб әдебиетінің әсерінен десек, қателеспейміз. Өйткені түркі жазбаларында «қисса» деген сөзді алғаш рет XIV ғасырдағы Рабғузидің, «Қиссасүл анбия» («Әулиелер тарихы») кітабының атынан кездестіреміз. Бұдан кейінгі қиссалардың аты да араб грамматикасы заңдылығымен «Қисса-и…» болып келеді. Алғашқы қиссалардың мазмұнының, негізінен, мұсылман дінін уағыздайтын ертегі, әңгімелермен шектелуінің себебі де сондықтан. Кейін махаббат, ерлік тақырыптарын жыр еткен қиссалар шыға бастаса да, олардың бірқатарының негізгі мазмұны ислам дінінің «кереметтерін» насихаттауға арналатын.
Қисса араб сөзі болғанымен, ертедегі араб әдебиетінде ондай әдеби жанр болмаған тәрізді. Бұл жанр, керісінше, түркі халықтары әдебиетінде кең тараған. Қазақтың ауыз әдебиетінде жыр, өлең, толғау сияқты жанр түрлері әріден келе жатса да, қисса аталған әдебиет XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болған. О бас­та шығыс әдебиеті сюжетіне құрылған көлемді, уақиғалы шығармаларды қисса деп атаса, кейін бұл термин талғаусыз, әйтеуір, баспа бетін көрген, өлеңмен жазылған дүниелердің бәріне де қосыла берген тәрізді. Дегенмен, қисса термині о бастағы мағынасына сай, «әңгіме, тарих» деген ыңғайда көбірек қолданылған.
«Қисса» деген атпен қазақ тілінде шығыс әдебиетіндегі белгілі сюжетке құрылған фантастикалық, лирикалық поэмалар, ислам дінінің бес парызын насихаттайтын насихатнамалар, қажыға барғандардың жолжазбалары, өлген адамдарды мадақтайтын арнау өлеңдер, әртүрлі медициналық, ветеринарлық тақырыпқа жазылған кеңестер де жарық көреді. Негізінен, XIX ғасырдың 70-80 жылдарынан басталатын бұл еңбектер Қазан төңкерісіне дейін біршама етек алып, кең жайылды. Тек қана XIX ғасырдың аяғына дейінгі: 20-30 жылдарда, Қазақ КСР ҒА орталық кітапханасының библиографиялық көрсеткіші бойынша, қазақ тілінде 100-ден астам атпен қисса-хикаялар жарық көріпті. Бұлардың таралымы бізге мәлім емес, алайда кейбір қиссалардың, әсіресе қазақтың ауыз әдебиет үлгілерінің, сол жылдар ішінде 5-тен 10 мәртеге дейін қайта басылып тарағанын ескерсек, бұл әдебиетке халықтың қаншалық құштар болғанын айқын көруге болады. Әрине, халықтың қиссаға деген құштарлығын пайдаланып, не сюжеттік мәні жоқ, не өлеңдік қасиеті жоқ көр-жерді қисса етіп жазып, табыс таппақшы болған адамдардың да болғаны байқалады. Қисса жазудың әлдекімдерге қаншалық оңай кәсіп болғанын павлодарлық Ғали Махмұтұлы дегеннің мына сөзінен көруге болады:
«…Жай тұрғанча бір қисса болсұн деп
Егіз баланы деб қисса қылыб йаза салам».
«Павлодар шаһарында саудамыз бар
Керек болса алуға кітаб таяр
Колыңызға алдұрыб табшырармыз
Сомына игірма тиын берсең задатқа»
(«Қисса-и Егіз бала, Көп кеңеш», Қазан, 1897, 29-бет).
Қиссаның «Көп кеңеш» деп аталатын екінші бөлімі әркімге құрғақ ақыл айтуға арналған. Бос жүрме, дін біл, намаз оқы, дүниешілікке берілме деген сияқты таныс жайлар. Бәйбішеге «етті көп ас, байың тоқал алам десе, ұрыспа» деген сияқты да «ақылдар» айтады. Аталған қиссаның іліп алар не ғибраттық, не өлеңдік қасиеті жоқ, белгілі сюжет, жауыр болған насихат сөздер.
«Қисса-и Әдеблі бала» деп аталған 15 беттік кітапшада да (Қазан, 1897) ешбір сюжет жоқ, тек құрғақ ақыл айту.
Әрине, бақытымызға қарай, мұндай қиссалар көп емес. Бұларға қарап, қисса атаулы әдебиетке баға беруге немесе оларды қазақ әдебиеті тарихы­нан шығарып тастауға әсте болмай­ды. Филология ғылымының докторы М.Бөжеевтің «Қиссалардың бәрі бірдей көркемдік нәрі жоқ, қазақ әде­биетінің өсуіне, қалыптасуына септігін тигізбеген, оқушыларын көркемдік се­зімге баулымаған, тек қисынсыз уа­қиғалар жиынтығы емес. Олардың ішін­де өз заманының шындығын белгілі дә­режеде көрсете білген, шығыс әдебиеті үлгілерімен таныстырған құнды туындылар баршылық» деуі орынды айтылған сөз.
Осы арада белгілі қазақ жазушысы Бауыржан Момышұлының өмірбаяндық туындысындағы қиссалар туралы мына бір сөзін келтіре кету артық болмас. «Хиссалардың маржандай тізілген таза тілі, оралымды ойы, қиял жетпес теңеулері, ертіп отыратын екпіні, ұйытып тастайтын ұйқасы тыңдаушының жан сарайын жарқыратып жіберетіндей сезілетін. Мен осынау халық қазыналарын алғаш рет ақындардан, көкем сияқты көзі ашық білімділерден сіңіргем. Солардан дәм татып, солардан сусындағам» деп жазады. Қазақ әдебиетіндегі қиссалардың рөлін сөз ете келіп, профессор Қ.Жұмалиев: «Шы­ғыс классиктерінің махаббатты жыр ет­кен поэмалары XIX ғасырда өмір сүрген қа­зақ ақындарына белгілі дәрежеде әсерін тигізді. Кейбірін ерікті түрде аударса, кейбіреулерінің тақырыбын, сюжетін алып, өздерінше поэма етіп шығарды. …Қазақ әдебиетінің бұл саласы кең шолып, терең зерттеуді қажет етеді» деп көрсетті.
Сөз жоқ, қиссалық әдебиет «Қазақ әдебиетінің тақырыптық, сюжеттік арнасын кеңейтіп, оны шығыс әдебиетінің үлгілерімен молықтыру ісіне себін тигізді».
Сонымен қатар қиссалардың қазақ әдеби тілін дамытуда да қосқан белгілі үлесі болғаны даусыз. Алайда қиссалар тілі лингвистикалық тұрғыдан арнайы зерттелмегендіктен, ол жөнінде ертеректе ұшқарылау айтылып қалған пікірлер көп. Қиссалардың тілі туралы алғашқы пікірлерді біз «Түркістан уәлаяты» газетінің (1870-1883) бетінен кездестіреміз. Газеттің 1876 жылғы 29-нөмірінде Қазанда басылған «Қожа Ғафан уа һәм Сәдуақас» деген қиссаның тілі сөз болады. Бұл кітаптың «қазақша делінгенімен, сөзінің көбі ноғайша» екені айтылып, мысалдар келтіріледі.
Қазақтың белгілі ақыны С.То­рай­ғы­­ров «Айқап» журналы беттеріндегі ма­­қалаларында өз тұсындағы өлең, қис­са­ларды сынай келіп, олардың көңіл аударар жақтарын да көрсетіп өтеді. Біз бұдан қиссалардың, аталған кемшіліктеріне қарамастан, қазақтың төңкеріс алдындағы рухани өмірінде белгілі орны болғандығын байқаймыз.
Қиссалар туралы бұдан кейінгі зерт­теулердің көпшілігінде-ақ, негізінен, олардың идеялық мазмұнына, сюжеттік желісіне назар аударылады да, тіліндегі өзге тілдік элементтерге бірер мысалдар келтіріліп, қиссалардың баршасы да «кітаби тілде» жазылды деген қорытынды жасалады.
Бұдан өзгеше пікір академик Р.Сыздықованың «XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ әдеби тілі» деген мақаласында айтылады.
«Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ мәдениетінде орын тепкен жазба нұсқалардың бір тобы шығыстың классикалық әдебиетінен алынған тақырыптарға арналған «Шахнама», «Тотынама», «Мың бір түн», «Жүсіп пен Зылиха», «Таһир – Зухра» сияқты лиро-эпос поэмалары мен «Мұңлық – Зарлық», «Көрұғлы», «Шахмаран» сияқты азаматтық тақырыптарды жырлаған дастан-жырлар болды. Бұлардың тілі әлі күнге дейін лингвистикалық зерттеу нысаны болған емес, дегенмен біз олармен бір қыдыру танысқаннан кейін, мынадай жайды байқадық» деп, діни «Сал-салдың» тілі мен азаматтық «Мұңлық – Зарлықтың» тілі бірдей емес екенін, соңғыда қазақ тілі элементтері басым екенін көрсетеді.
Міне, бұл шолудан біз қазақ лингвистикасында қиссалар тілінің арнайы зерттеу нысаны болмағанын, жоғарыда айтылған пікірлердің көпшілігінің басқа бір мәселемен байланысты жол-жөнекей айтылған пікірлер екенін көреміз.
Қазақ тіліндегі қиссаларды зерделеу нәтижесінде біз тілдік ерекшеліктері жағынан оларды негізгі 3 топқа жіктеуге болатынын байқадық.
1) Мазмұны, негізгі идеясы жағынан дінді, діни моральді уағыздайтын, тілі жағынан түркі әдеби тілінің әсері күшті қиссалар. Олардың лексикасында араб, парсы сөздері молынан кездеседі де, грамматикалық құрылысы мен орфографиясында түркі әдеби тіліндегі пішіндер толығынан сақталып отырады. Бұл топқа «Зарқұм», «Жұм-жұма», «Сал-сал», «Кербаланың шөлінде», «Тамимдер», «Адам», «Анхазірет Расулның Меғражға қонақ болғаны», «Бозжігіт», т.б. жатады.
2) Мазмұны жағынан шығыстық сюжетке құрылған, идеясы адамгершілік, махаббат, ерлікті жырлайтын, лексикасы, негізінен, қазақ сөздерінен тұратын, бірақ орфографиясы мен грамматикалық құрылысында кейде түркі әдеби тіліне тән дәстүр кездесетін шығармалар. Бұған «Таһир», «Үш қыз», «Қисса-и Қожа Ғафан уа һәм Сәдуақас», «Жүсіп – Зылиха», «Қисса-и Рүстем», «Қисса-и Серғазы», т.б. жатқызуға болады. Бұлардың тілінің өзінде де авторының кім екеніне қарай аз-кем ерекшеліктер байқалады.
3) Халық ауыз әдебиет үлгілері: «Қисса-и Алпамыс», «Қисса-и Қыз Жібек», «Қисса-и Айман – Шолпан», т.б. Бұлардың орфографиясында ғана жазба дәстүр сақталған, грамматикалық құрылысында бірен-саран көне пішіндер кездесіп қалып отырады, ал лексикасы толықтай қазақ сөздерінен тұрады, таза қазақтық образды теңеулер мен қалыпты тіркестер жиі кездеседі.
Бұлайша топтап қараудағы мақ­са­тымыз – әр топқа жатқызған қисса­лардың бір-екеуін алып, лингвис­тикалық талдау арқылы сол топтағы қиссаларға ортақ тілдік ерекшеліктерді көрсету. Сондықтан негізгі нысанымыз әр топтан бірер қисса болады да, ал қалғандарындағы ұқсас не ерекше тілдік формалар жол-жөнекей көрсетіліп отырылады. Жоғарыдағы 3 топқа жіктеген қиссаларымыздың тілдік ерекшеліктерін даралап көрсету мақсатында әр топқа шартты түрде «Діни сарындағы қиссалар», «Азаматтық тақырыптағы қиссалар» және «Халықтық туындылар» деп ат қойдық.

Діни сарындағы
қиссалар

Бұл топқа енгізген қиссаларды жо­ғарыдағы атына қарап тек дінді насихаттайтын қиссалар деп ойлауға әсте болмайды. Бұлар тақырып жағынан алуан түрлі болса да, қиссаның өн бойында мұсылманшылық идеясы, ислам дінінің жөн-жоралғылары мен қасиеттерін насихаттау орын алып отырады. Мәселен, «Жұм-жұма» қиссасында Ғайса пайғамбар аңда жүріп, ораза ұстап, намаз оқымаған, сондықтан тамұққа түсіп, Әзірейілдің күрзісінің дәмін татқан бұрынғы Мысыр патшасы Жұм-жұманың басымен әңгімелеседі. Ал «Сал-сал» қиссасынан мынадай жолдарды оқуға болады:
«Йәрдем бергіл бізлерге йалғыз Алла,
Тұғры йолны асан қыл барча жанға.
Шариғатдын тышқары сөз сөйлетіб,
Шерменде қылұб дозахқа бізні салма.»
«Зарқұм» қиссасындағы суреттелетін соғыс – мұсылмандардың дін үстемдігі үшін кәпірлермен соғысы. Әскер сарбаздарына соғысқа кірерде айтатыны: «Олар өлсе кетеді жаһаннамға, Сізлер шаһид боласыз барсаң анда». Бұл топтағы өзге қиссаларда да осындай жолдар кездеседі. Ал тілдік жағынан баршасына ортақ қасиет жоғарыда айтқанымыздай, түркі әдеби тіліне тән ерекшеліктердің толықтай сақталуы.
Уақыт жағынан баспа жүзін ертерек көрген және қазақ арасына көп тараған қиссалардың бірі – «Бозжігіт» қиссасы. Бұл қисса ең алғаш баспа бетінде 1870 жылы В.В.Радлов жинап бастырған «Түрік тайпалары әдебиет үлгілерінің» III бө­лімінде жарық көреді. Бұл басылымға негіз болған – аты белгісіз бір қазақ ақыны жазған қолжазба болса керек. Жырдың алғы сөзінде аты беймәлім автор былай деп жазыпты:
«Опа [Уфа] шәріне барғанда «Бозжігіт» кітапты бір қатар [рет] көрүб едім. Бұ кітап жақсы жазылған еді, жыры көп жоқ екен, сөзү мұңдұ екен. Жігіттің аты Бозжігіт екен, қыздың аты Қарашаш екен. Бозжігіттің досұнұң аты белгісіз екен. Біз Күмән деп жазып едік. Және шәрдің аты жоқ еді… Бұ «Бозжігіт» кітапты 1842 жылда жазып едік. Әуелі жазғанда қисса деп жаздық; сөзүн жазып жырлап едік, шәкірттеріміз «Бозжігіт» кітаптың бәрін әніменен жазылсын деген себепте, бәрі сөзүн әніменен жаздық». Бұған қарағанда, бұл автордан бұрын да «Бозжігіт» атты кітап болғанға ұқсайды. Ол баспа нұсқа ма, әлде қолжазба ма – ол арасы мәлім емес. Өзі қиссаның 2 вариантын (қара сөз аралас және түгел өлеңмен) жазған. В.В.Радлов «Үлгілеріне» кіргені – сол өлеңмен жазылған соңғы нұсқасы. Ал алдыңғы варианты туралы мәлімет жоқ. Біздің қолымыздағы нұсқа – жырдың 1881 жылғы Қазандағы басылымы.

Азаматтық
тақырыптағы қиссалар

Бұл топқа енетін қиссалардың негізгі сюжеті түркі халықтарына ортақ болғанымен, оларды қайта жырлаушылар – қазақ ақындары немесе қазақша жақсы білген басқа ұлт өкілдері. Сондықтан бұлар қиссада сөз болатын оқиғаларды шама келгенше қазақ шындығына жақындатуға тырысқан, сол себепті олардың тілінде де ортаазиялық түркі әдеби тілінің жалғау-жұрнақтарына қарағанда халықтың сөйлеу тіліне тән үлгілер көбірек орын алған. Бұлардың ара салмағы қиссаның та­қырыбына, авторына қарай әр қиссада әртүрлі болып келеді.
Бұл қиссалардың тақырыбы кө­біне адамгершілік, махаббат және тәрбие мәселесіне арналады, өлеңдік көркемдігі, идеясы аса жоғары болмағанымен, бұлардың көпшілігінде образды теңеулер, әдемі көріністер, суреттеулер кездесіп қалып отырады.
Бұл топқа жатқызуға болатын қиссалар көп. Алайда біз солардың ішінен бұрын жұртқа көп мәлім емес, әсіресе тілі туралы бұрын сөз болмағандарын ғана алып талдауға тырыстық.
«Таһир» қиссасы (Қазан, 1877). Араб әрпімен жазылған 43 беттік шығарма.
Қиссаның мазмұны белгілі «Мың бір түн» оқиғасын көз алдыңа елесте­теді. Бұл қисса бізге оқиғасының тар­тым­­дылығымен, діни сенімдерден бір­келкі аулақтығымен, тілінің таза қазақ­ша­лығымен өте құнды.
Қиссаның авторы – Қазан жерінде туып, Петропавлда өскен Латифолла Ғалиолла ұғлы деген.
Жалпы алғанда, қиссаның өлеңдік құрылысы, ұйқасы да біршама жатық. Оған мысалға төмендегі шумақты келтіруге болады:
«Мен тайақдан жығылдым есім ауыб,
Екі ағам кеңешті ақыл тауыб.
Танымаймыз бір залым келген бізке
Малым бар деб бізлерке жала жауыб» (9-бет).
Курсивпен терілген сөз тіркестері – қазақ ұғымында бұрыннан бар сөз өрнектері. Бұлардан басқа да «Жақсының өзі өлсе де, аты қалар», «Көзімнің тия алмаймын аққан жасын», «Сұлу хатұн, жүйрік ат, түзу мылтық, Мал мен ферзент – адамның дәулет құсы» сияқты сөз оралымдары баршылық.
Лексикасы түгелге дерлік қарапайым (нейтралды) қазақ сөздерінен тұрады, тіпті сол тұстағы жазба нұсқаларда молынан кездесетін араб, парсы сөздері де бұл қиссада бірен-саран, олардың өзі де халықтың ауызекі тілінде айтылу тұлғасында ұшырайды. Бүкіл қиссаның өн бойынан біздің кездестірген араб, парсы сөздеріміз – уәзір, халифа, гауһар, тіллә, ғариб, шаһзада, гүнакар, ғауға, зындан, бибақ, ғибрат тәрізді азын-аулақ сөздер. Қиссада, сонымен қатар қазір мағынасы өзгерген не ұмытылып бара жатқан көне түркі сөздері де ұшырайды.
Үч саурыға бір қойны таңдаб алдық,
Саурыдан біз бір талай олжа табдық (42-бет).
Көб сарпайлар кикізді екеуіне,
Той қылды жұртұн жиыб куанғаннан (25-бет).
Мұндағы сарпай, сауыр – киім аттары, кейінгі кезде бұл сөздер киім аттарынан гөрі киімнің неден істелгенін, материалын көрсету ыңғайында сарпай шапан, көк сауыр етік (мәсі) тіркестерінде көбірек қолданылғанын байқаймыз. Сонымен қатар жырда мал сөзі «дүние, тауар» мағынасында қолданылған.
Кітаптың орфографиясында дәс­түрлі түркі әдеби тіл әсері толығымен сақталған. Қазіргі емле заңдылығымыз бойынша қ, п-мен жазылатын қызмет, қазір, сапар, топырақ, перзент сияқты сөздер хызмет, хазір, сафар, тофырақ, ферзенд түрінде жазылған. Сол сияқты әділ, арыз, еш, әр сөздері араб тіліндегі нұсқасынша ғаділ, ғарыз, һеч, һәр түрінде келіп отырады.
Түбірге қосымша қосылғанда дыбыс үндестігі заңының сақталмауы жырда жүйелі түрде кездесіп отырады. Мысалы, салтанат-лы, біз-ні, із-леб, мың-дай, біз-лер-ке, тын-май, бар-нық, алтын-дан. Барлық позицияда да ш орнына ч жазыла береді (қылыч, бичара, чечен, ічінде).
Сөздің орта, соңғы буынында қысаң ы, і-нің орнына көп жағдайда ұ, ү жазыла береді, бұл орайда ерін үндестігінің әсері шамалы. Мәселен, қойұн, жұртұн деген сияқты сөздермен қатар, барұб, ерүб, келтүр, артұмыз деген сөздердің соңғы, орта буындарында ұ, ү жазылыпты. П, г әріптерінің орнына б, к таңбалары жазыла береді. Бұл да – араб графикасымен байланысты дағдылы жазба дәстүр.
Ж әрпі орнына и, с әрпінің орнына ш жазу сияқты орфографиялық дәстүрге келетін болсақ, мұнда да ешбір заңдылық байқалмайды. Бір тұлғадағы сөз бір жерде ж-мен жазылса, екінші бір жерде и-мен жазыла береді, с/ш да сол сияқты. Мысалы:
Иахшы өткен дүниеден жаман өткен,
Иахшының өзі өлсе аты қалар (2-бет).
Қелішмесе түзерсіз калған жерін,
Білкенімні мен жаздұм жақсы-жаман (3-бет).
Қиссада кездесетін морфологиялық ерекшеліктер мардымсыз. Көмектес сеп­тігінің қосымшасы және жалғаулық шылау мағынасында келетін мен/пен/бен пішіні қиссада, негізінен, сол тұстағы ауыз әдеби тілдік форма мен түрінде кездеседі, ал бірлән/білән пішіндерінің кездесуі өте сирек.
Есімшенің келер шақтық пішіні қиссада, негізінен, тұғұн түрінде кездеседі, бірен-саран жерде тұрған тұлғасы да кездесіп қалады. Бұдан басқа мор­фо­логиялық тұлғалар қазіргі әдеби тілімізбен тұлғалық жағынан да дәл түсіп жатады.
Қорыта келгенде, «Таһир» қиссасы – тілі жағынан өзге қиссаларға қарағанда, қазақтың сол тұстағы ауызша әдеби тіліне бір табан жақын және қазақ тілі байлығын молынан пайдаланған шығарма. Шығарма тілі өзге тілдік сөздер мен сөз оралымдарынан біршама таза.
Тілдік жағынан бұл топқа жат­қы­зылған қиссалардың («Үш қыз», «Қожа Ғафан уа һәм Сәдуақас», «Жүсіп – Зылиха») бас­ты ерекшелігі – өзге түркі халықтарына сюжеті ортақ болғанымен, тілінің, не­гізінен, қазақша екендігі. Жоғарыда айтқанымыздай, түркі әдеби тіліне тән пішіндер бұларда сирек кездеседі. Оның есесіне халықтың сөйлеу тілінің жалғау-жұрнақтары көбірек орын алады. Авторына қарай бұлардың тілінде бірді-екілі диалектілік құбылыстар да көрініс береді.

Халықтық туындылар

Бұл топқа жатқызғанымыз — халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баспа нұсқалары. Бұлар, негізінен, қазақ топырағында туып, халық ақын-жыршыларының жырлаған туындылары. Сондықтан бұл топтағы қиссалар материалдарынан XIX ғасырдың екінші жартысындағы халық тіліне тән сөз өрнектерін молынан көруге болады. Әрине, бұл дәуірде басылып шыққан халық ауыз әдебиеті үлгілері көп. Бірақ біз солардың ішінен біреуіне ғана тілдік талдау жасамақпыз. Өйткені, біріншіден, осы талдаған қиссадағы негізгі ерекшеліктер басқа да жырларға тән. Екіншіден, ауыз әдебиетінің кейбір үлгілері («Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Алпамыс»), «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» монографиялық дәрежеде зерттеліп, олардың тіл ерекшеліктері жан-жақты сөз болды.

«Айман-Шолпан» қиссасының тілі жайында

XIX ғасырдың екінші жартысында баспа бетін көрген қисса деген айдармен жарық көрген халықтық туындылардың бірі – «Айман-Шолпан» жыры. Бұл шығарманы ескі қазақ жазба әдеби тіл үлгілеріне жатқызуымыздың себебі, біріншіден, оның фонетика-орфографиялық жүйесінде көне түркі әдеби тілі дәстүрінің сақталуы болса, екіншіден, оның лексикасында ескі қазақ тілі сөздері мен араб, парсы элементтерінің жиі кездесуі, сондай-ақ көне түркі тілдік жалғау-жұрнақтардың ішінара ұшырасып қа­латындығы.
Бұл жыр ауыз әдебиетіндегі лиро-эпос жанрына жатқызылғанымен, елін сыртқы жаудан қорғаған ерлік те, Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген ара­сындағы өздерін өлімге қиған шынайы махаббат та жоқ. Мұндағы «ерлік» егескен адамдардың ауылын шабу, малын айдап, қыздарын алып кету сияқты әрекеттер. Алайда жырда бұл әрекеттердің арты Айман сияқты қыздардың ақылының арқасында жақсы аяқталады. Дегенмен, жыр қазақ арасында кең таралған, оның ел ішінен жазып алынған бірнеше нұсқасы сақтаулы. Оларды салыстыра зерттеген Ж.Жүнісова бұл нұсқалардың жырдағы оқиға желісінде, кейіпкерлердің іс-қимылында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсетеді. Бұлардың барлығына негіз болған «Айман-Шолпан» қиссасының 1896 жылы Қазанда басылған нұсқасы екенін мәлімдейді.
Мәтінде баян етілген оқиғалар желісіне қарағанда, «Айман-Шолпан» қиссасы біршама кейінірек пайда болған туындылар қатарына жатады.
«Аяғы бұ қиссаның енді бітті,
Иүсіфбек йазған сөзін тамам етті».

Әрі қарай өзі туралы баяндайды:
«Арқада, Сарысуда туған жерім,
Сартауқұмда сары үйсін тұрған жерім.
Шаһары Верный деген дуанымыз,
Семиреченский облұс жүрген жерім».
Бұдан Жүсіпбектің мәтінді Сарысудағы тама руының айтушыларынан жазып алып, соның негізінде қисса жазып шығарғанын көреміз.
Қисса мазмұны көпшілік оқырманға етене таныс, ол бір ғана нұсқада тараған. Сол себепті сюжетті қайта мазмұндаудың қажеті жоқ. Жырдағы оқиғалар шынайы өмірден алынған, ондағы кейіпкер­лер – тарихтан танымал тұлғалар. Жырдың та­қырыбы көршілес екі рудың арасындағы ұсақ-түйек қақтығыстарға құрылған. Айман қыздың ақылы мен тапқырлығының арқасында екі ел арасындағы қайшылықтар мен келіспеушіліктер толастайды.
Мақаламызда жырдың сюжетін, тақырыбы не мазмұнын емес, тілдік ерекшеліктерін сөз етуді мақсат етеміз.
Жыр он бір буынды өлеңге құралған. Кей тұстарда ғана 7-8 буынды күрделі жыр үлгілері кездеседі. Қара сөз түрінде баяндалатын жерлері өте аз.
Қиссаның мәтініне сюжетке тікелей қажеті жоқ, қайталаулар жиі кездесіп отырады. Автор қолданысындағы мұндай тәсілдердің қатарында жол бойындағы қайталанатын тіркестерді келтіруге болады. Мысалы, «Маманды ұрулы елге қылған баға // Маман бай мал біткенге қылған тоба» тіркестері 3-4 рет қайталанады. Келесі жолдар бірнеше рет қайталанады: «Саба артып тоғыз нарға Маман келді», «Маманды үрпек баста чауыб алды», т.с.с.
Жыр мәтінінде таза халықтық поэтикалық теңеулер, метафоралар мен образды қолданыстар көп кездеседі: «ақ мамықтай білегі», «майысқан жез қармақтай сүйегі», «қатбаған қабырғасы жас бала еді», «Атыссақ – жау, табыссақ – ел» немесе меруерт жалды (ат), мың ала бас (түйе), жанат ішік, шаһи көйлек (киім түрі), т.б. сонымен қатар қиссада осы қиссаға ғана тән жаңа сөз тіркестері «заң қылу», «қол жүргізу», «сағының садақасы», «шайтан сөз», «нақ сүйер», т.с.с. Тілдік қолданыстағы «сағы сыну» тіркесінің негізінде «сағының садақасы» сияқты жаңа тіркестер пайда болған.
«Бар еді Көтекемнің үш қатыны
Нақ сүйер ең кічісі осы Теңке».
Мұндағы наң сүйер тіркесі – жаңа қолданыс. Тілдік қолданыста «жел сөз», «қотыр сөз», «бұзық сөз» деген тіркестер бар, ал «шайтан сөз» осы қиссаға ғана тән, ол жек көру, жақтырмау мәнінде қолданылған.
Жыр лексикасы қазақтың төл сөз­дері мен сөз тіркестерімен құралған. Терминологиялық мәнді сөздер өте аз, болыс, батыр, бай, кедей сияқты саяси-әлеуметтік терминдер кездеседі, алайда «Ер Тарғын» жырымен салыстырғанда, олардың мәні өзгешелеу. Батыр сөзі мұнда әкімшілік қызметті білдірмейді, адамның сапалық белгісін білдіреді әрі ол нақты бір адамға – Көтібарға қатысты қолданылады. Көтібар батыр болудан қалғанына біраз уақыт өткен, ол өзінше мықтысынады. Бір жерде Маман батыр түрінде қолданылады, алайда Маман батырлықтан мүлде ада. «Ауқатты», «дәулетті» деген мәндегі «бай» сөзі Маманға көбірек келіңкірейді, «кедей» сөзі Көтібар атымен тіркеседі. Осыған байланысты «қума кедей», «мұндар кедей», «қу кедей» тіркестері қолданылады.
Тілдік жағынан алғанда, жыр сол тұстағы ауызша әдеби тілде жазылғанымен, оның орфографиясында дәстүрлі түркі әдеби тіл заңдылықтары сақталған. Оның себебін біз жыр авторының мұсылманша оқыған адам болғандықтан ескі жазба дәстүрден шыға алмауынан көрсек, екіншіден, қисса басылған Қазан баспа­сын­дағы татар ағайындардың да әсері бол­ғанын жоққа шығара алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл қисса бізге ескі жазба әдеби тіл дәстүрінің біртіндеп ауыз­ша әдеби тіл заңдылықтарына икемделе бастауының алғашқы көрінісі деуімізге болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.