Білім айдынындағы ақ желкен

Жалпы білім беретін орта мектептерден «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» айырмашылығы неде, қандай ерекшеліктері бар деген оймен өткен жылы қыркүйек айында ашылған «Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне» барып, оның бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Біз барған мектеп Таулы Қырат ықшам ауданында орналасқан. Еңселі ғимаратқа кіре берісте-ақ күзет қойылған. Жеке төлқұжатыңды көрсетіп, тіркеліп барып ғана кіруге рұқсат. Бізді осы мектептің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалия Қалиева қарсы алды.

Наз универ -3

Қазіргі күні мектепте 768 бала білім алуда. Аты айтып тұрғандай, физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп. Мектепке қабылдау 7-сыныптан басталып, конкурс негізінде іске асырылады. Құжат қабылдамас бұрын, республикалық комиссия уақытын анықтап, алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ сайтында хабарландыру беріледі. Мәселен, келесі жылға 7-сыныпқа оқушыларды қабылдау алдын ала хабарланып, желтоқсанның 29-ынан ақпанның 5-і аралығында құжат қабылданған. 1246 оқушы (оның ішінде 768-і қазақ сыныбына) құжат тапсырыпты, оның 96-сының ғана бағы жанары анық. Белгіленген тәртіп бойынша құжат қабылдау қатаң түрде жүргізіліп, әр оқушының мәліметі бірден электронды базаға енгізіледі.

Наз мектеп-3

изика-математика бағы­тын­дағы мектеп болғандықтан, балалар математикадан, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен пәндік тест түрінде емтихан тапсырады. Тестілеудің екінші кезеңінде үміткерлердің жаратылыстану-математикалық ғылымдарды оқуға қабілеттілігін байқайтын тест өткізіледі. Оқушылардың бүкіл жұмысы жиналып, білім беру саласындағы стратегиялық әріптестері болып табылатын Педагогикалық өлшеулер институты Cito (Нидерланды), Джонс Хопкинс Университетінің Дарынды жастар орталығы CITY (АҚШ) халықаралық ұйымдарына жі­­беріледі. Шетелде тексерілген жұ­­мыс­тардың қорытындысы «­Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ сайтында жарияланып, рес­пуб­­ликалық комиссия ­отырысын­да қа­растырылады. Осылайша ең жоғары ұпай алғандары ғана оқуға қабылданады. Көріп отыр­ған­дарыңыздай, бұл жерде ешқандай тамыр-таныстық жүрмейді, яғни тек қана «байдың баласы оқиды» деген желсөзге еру бекершілік.
Конкурстық іріктеуден өткен оқушылар Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті грантының иегері атанады. Прези­денттік грант көлемінде үш мезгіл тамақпен, үш киім үлгісімен (мектеп формасы, тоқыма және спорт киімі), оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Республика өңіріндегі Зият­керлік мектептердің көпшілігі жа­тақханамен де қамтамасыз етілген. Жа­тақханада тұратындарды бес мез­гіл тамақпен қамту жолға қо­й­ыл­ған.
Мектеп директоры Жәмила Кенченбаевамен әңгімелесіп, «­Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен жалпы білім беретін орта мектептің арасындағы ерекшеліктерді білуге тырыстық. Оның айтуынша, ең басты ерекшелік – білім беру мазмұ­нында. «Назарбаев Зияткерлік мек­тептеріндегі» білім беру жүйесі ұлттық және халықаралық тәжірибелердің ең үздік үлгілері кіріктірілген оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Оқу үдерісі қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектепке қабылданған оқушылардың тең жартысы қазақ сыныбында оқыса, қалған жартысы орыс тілінде дәріс алады. Зияткерлік мектептерде білім алған оқушылар үш тіл – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей деңгейде меңгеріп шығуы міндетті. Осы орайда Зияткерлік мектептеріндегі үштілділік саясаты талаптарына сай оқушылар ағылшын тілінде де дәріс алады. Мектепте ағылшын тілі тек пән ретінде ғана оқытылып қоймай, «Математика», «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндері «Тeam-teaching» жүйесі негізінде қазақша-ағыл­шынша немесе орысша-ағылшынша оқы­тылады екен. Сонымен қатар «Қа­зақ­стан тарихы», «География», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан», «Құ­қық негіздері» пәндері мектеп бо­йын­ша, яғни орыс сыныптарында да қазақ тілінде оқытылса, «Дүниежүзі тарихы», «Информатика», «Денешынықтыру» сабақтары қазақ сыныптарында да орыс ті­лін­де оқытылады. Ал жоғары 11-12 сыныптарда бейінді пәндер және «Жа­һандық перспективалар және жобалық жұмыс», «Экономика», «Ин­фор­матика» сияқты пән­дер то­лы­ғымен ағылшын тілінде оқы­тылады.
Бұл жөнінде мектеп директоры Жәмила Мәжитқызы былай дейді: «Біздің өзге мектептерден ерек­шелігіміздің бірі де, осы – үштілділік саясат. Қазақ сыныбында пәндердің көпшілігі қазақ тілінде оқытылғанымен, физика-математика, химия-биология пәндерін 7-9 сыныптарда алдымен қазақстандық және шетелдік мұғалімдер бірлесе жүргізеді. Сабақ барысында берілетін білім мазмұны қазақ-орыс тілінде және шетелден келген мұғалімнің көмегімен ағылшын тілінде беріледі. Осылайша біртіндеп-біртіндеп, 10-11 сыныпта бұл пәндерді тек ағылшын тілінде оқытуға бағыттап, дайындайды. 11-12 сынып жоғары оқу орнына түсуге дайындық кезеңі болып есептеледі. Мектептің оқушылары шетелге барып оқуға түсуге мүмкіндік алуы керек. Шетелде оқу үшін бұл пәндерді ағылшын тілінде жетік білуі шарт. Сондықтан тек тереңдетілген пәндер ғана емес, жоғары сыныптарда «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыстар» деген пән де ағылшын тілінде оқытылады. «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыстар» пәні ешқандай білім беру жүйесінде жоқ, тек біздің мектептерде ғана бар. Бұл жерде оқушылар сыни тұрғыдан ойлау, эссе жазу, зерттей білу, өз бетінше білім көздерін таба білу және мектепте алған білімдерінің негізінде оны шынайы өмір жағдаяттарында қолдану дағ­дылары қалыптастырылады.
Ал «Қазақстан тарихы», «Геог­рафия», «Құқық негіздері» секілді пәндерді қазақ тілінде оқытуы­мыз­дың басты себебі – орыс сыныбының оқушылары қазақ тілін үйренсін, тек қазақ тілі сабағында ғана емес, біздің тарихымызды да қазақша оқысын, қазақ тіліне деген құштарлығы артсын, сөйлеу мәнері қалыптассын деген ой. Алғашында балалар қиналып, ата-аналар тарапынан да біраз мәселелер туындаған. Қазір қарап отырсақ, орыс сыныбындағы оқушылардың сөйлеу деңгейі біраз көтеріліп қалды. Бұрынғыдай емес, сабақты түсінеді, тақтаға шығып өткен тақырыпты айтып бере алатын дәрежеге жетті. Сұхбатқа, әртүрлі пікірталасқа қазақ тілінде сөйлеп, қатысады. Тіпті 2-тоқсаннан кейін кейбір ата-аналар риза болып, «баламыз әжептәуір қазақша сөйлейтін болды» деп алғыс айтып жатыр. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік.
Өзге мектептерден тағы бір ерек­шелі­гі­міз – баланың білім дең­гейін бағалау сабақ барысында алған білімін өмірде пайдалана білу дағдылары, оқу үдерісінде жеткен жетістіктері әр пән бойынша белгіленген бағалау ұстанымдары арқылы жүзеге асады. Бұл бағалаудың ерекше түрі деп есептеледі. Сондай-ақ шетелге бару, әртүрлі олимпиа­да, жобалық жұмыстарды қорғау, спорттық жарыстарға қатысу секілді шаралардың қаражатының барлығы осы Президенттік грант көлеміне кіреді. Мәселен, былтыр қазан айындағы демалыс кезінде 40 оқушы Америкаға, биылғы қысқы демалыста 36 оқушы Оңтүстік Кореяға барып келді. Оның визасы, оқуы, жатын орны оңай шаруа емес, қаншама қаражатты қажет етеді. Бұл да біздің Президентіміздің қамқорлығы. Біз­дің мектептердің ашылуы да ­Елбасы бастамасы. Республикадағы дарынды балаларды жинап, жан-жақты білім беру мақса­тында жасалып жатқан шаруа болғандықтан Елбасының үмітін ақтауға, оқушыларымыздың жеке тұлға болып тәрбиеленіп шығуына үлесімізді қосуға ат салысудамыз».
Айта берсек, аталған мектептің үлгі алатын тұстары жетерлік. Мәселен, мектеп директорының шешімімен аптасына бір сабақ көлеміндегі уақыт арнайы кітап оқуға бөлінеді. Мектеп директорынан бас­тап күзетшіге дейін белсенді түрде қатысып, барлығы бір мезгілде кітап оқиды. Мұны Жәмила Мәжитқызы шетелге барғанда көргендігін, олардағы мектептерде кітап оқуға арнайы уақыт жұмсалатындығын, қазіргі компьютерленген заманда, ең бастысы кітап оқуды үйрету керектігінен туындаған жайт екенін меңзеді.
Тағы бір айта кетерлігі, сынып жетекшілері сабақтан босатылған. Тек оқушының тәрбиесімен айналысып, ата-аналармен тікелей байланыста болады.
Мектептегі Баспасөз қыз­метінің жетекшісі Ғалия Қалиева бүгінгі күні атқарылып отырған жұмыс барысымен таныстырды. Еңселі білім ордасын еркін аралап, біраз жайтқа қанық болдық. Көзге бірден түскені – «Қысқы бақ» деп аталатын жылыжай түрінде жабдықталған демалыс орны. Онда қазақтың ұлттық бояуы мен табиғи ландшафт үйлесім тапқан. Оқушылар бос уақытын осы жерде өткізеді екен. Бірі шахмат ойнап, бірі қабырға газетін шығарып, енді бірі көгалда кітап оқып отыр. Таудан аққан судың сылдыры, жасыл желекке бөленген демалыс орны оқушылар үшін таптырмас орын. «Қысқы бақта» мектеп мұғалімдері пән мақсатына орай оқушылармен сабақ та өткізеді, мектептің Оқу­шылар кеңесі өз отырыстарын да осы жерде ұйымдастыруымен қатар мек­тепішілік шараларды да осы «Қысқы бақта» өткізу ыңғайлы.
Кітапханаға кіргеніміз сол еді, бір топ кітапханашыларды кездестірдік. Жыл сайын кітапханашылар­дың кәсіби деңгейін көтеру мақ­са­тында ұйымдастырылатын іс-шараға сәйкес үстіміздегі жылы Алматы қала­сын­дағы физика-математикалық Зияткерлік мектебінде 17-20 ақпан аралығында «Назарбаев Зият­кер­лік мектептері» ДББҰ мамандарына арналған «Ақпараттық сауат­тылықты арттыру» семинары өткізіліп жатыр екен. Бұл семи­нарға біздің мамандарға дәріс беру мақсатында Оңтүстік Корея­дан тәжіри­белі кітапханашылар Чон Бора мен Кан Сукюнг шақы­рылған. Республикадағы ­Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітап­ханашылары осы семинарда қазіргі заманғы кітапханада кітап оқуды қалыптастыру әдістері, оқушылардың кітап оқу мәдениеті мен белсенділігін арттыру, зерттеу дағдыларын жетілдіру және оқу стратегиясында ақпаратты пайдалану деңгейін көтеру бойынша дәріс алып, өзара тәжірибе алмасып жатқанына үшінші күн болыпты. Бұл жерден кітап қорынан өзге, қазақ басылымдарының тігін­дісін көріп, қуанып қалдық. «Егемен Қазақстаннан» бастап, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», ең аяғы жасөс­пі­рімдер мен балаларға арналған «Ақ желкен», «Ұлан» және көптеген педагогикалық-әдістемелік журналдарды да табасыз. Кітапхана меңгерушісі Рима Мұсаханқызынан сұранысқа ие қай басылым екенін сұрағанымызда, «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» газеттері және орыс-ағылшын тілдерінде шығатын логикалық журналдарды атады.
Мектептегі кабинет­тердің де жаб­дық­талуы талапқа сай. Қа­зіргі заманауи қажеттілікке сәйкес әдістемелік құралдармен, ақпараттық технология көздерімен қамтылған. Барлық оқу кабинеттері интерактивтік тақтамен жабдық­талған. Әр кабинетте оқушы санына есептелген ноутбук бар. Сыныпқа кірген оқушы кез келгенін алып қолданып, сабағы біткен соң орнына қойып кетеді. Келесі сыныпта дәл осындай ноутбукпен жұмысын жалғастыра береді. Физика, химия, биология кабинеттері Германия, АҚШ, Украина, Ресей елдерінен әкелінген «PASCO», «PHYWE», «SPARK», «Hohenloher» зертханалармен жабдықталған. Атап айтқанда, «Hohenloher» инновациялық оқу жабдығымен қамтамасыз етілген зертхана тәжірибелік сабақты бүгінгі талапқа сай өткізуге мүмкіндік береді. «Nawis» ілме коммуникациялық жүйесі газбен, электр қуатымен, сумен, жарықпен және интернетке қосылуды қам­тамасыз етеді. Сондай-ақ оқушы­лар­дың өз идея­ларын жүзеге асыру мақсатында «Журналистика», «Киноклуб», т.б. үйірмелер жұмыс жасайды. «Журналистика» үйірмесінде қажетті мәліметтерді жинақтау, сұхбат алу әдебі, өзін-өзі ұстау мәдениеті, шешендік өнер, т.с.с. дағдыларды оқушы бойына сіңіруді алдарына мақсат тұтыпты.
Міне, қоңырау үнін күймен жеткізіп, қазақтілді басылымдарды жаздырып, ұлт тарихы мен тілін қазақша оқытатын мектептің бүгінгі жай-күйі осындай.

Бағдагүл Балаубаева

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Арман

    Мұғалімдерге қандай талаптар қойылады екен? Мен осы мектепке ұстаз болғым келеді…

  2. Аселя

    Заманауи мектеп. Болашағы зор. Түлектері үш тілді білгені дұрыс, бастысы жүректері Отан деп соқсыншы.

  3. Көкше Ақын.

    Мақаланы бастан аяқ оқып шықтым.Бұл оқу орнында тек ауқатты адамдардың ғана баласы оқиды деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес тек жүйріктердің жүйрігі ғана мүмкіндік алатындығын ұғындым.Сосын «Қазақстан тарихы» «География» және «Құқық негіздері» пәндері орыс сыныбына тек қазақ тілінде оқытылатыны өте ұнады. Өйткені меніңде ойымда көптен жүретін мәселе еді. Бірақ бұл аз деп ойлаймын, кем дегенде 5-6 пән болса, жас ұрпақтың тілді тез игеріп кетуіне көп әсері болар еді. Нақты мысал ретінде мына бір жайтты айта кеткім келеді. Мен кезінде шағын қазақ ауылында 8-жылдық қазақ мектебінде оқыдым. Содан 8-сыныпқа көшкен жылы 5-6 пән моңғол тілінде сау ете қалды. Алғашында күлкіміз елді, кейіннен жыларман болдық.Менің түсінгенім бала тілді мектеп қабырғасында тез игереді. Кезінде осы тәжірибеден өткендіктен айтып отырмын. Сондықтан біздің елде де 5-6 сыныптарда осы тәжірибені қолданса және бағаны сабақты қалай айтқанына емес тілді қандай деңгейде игергеніне байланысты қойса деп ойлаймын. Менің пайымымда қандай маман иесі болсаңда, ойыңды жан-жақты жеткізе алатын, тілің бай болуы керек.

  4. Көкше Ақын.

    Алдыңғы пікірімнің жалғасы. Сосын аптасына бір күнді кітап оқуға белгілегені өте құптарлық әрі қызықты екен. Кей жағдай солай арнайы уақыт бөлдіріп тіптен мәжбүрлеседе болады. Қазіргі кезде -Иә кітап оқыған дұрыс ғой, жақсы ғой деп жатады. Ал шын мәнінде ешкім қолына алғысы жоқ. Сондықтан өте пайдалы іс деп ойладым.

  5. Жандос

    Көп тіл білген сайын, білімің молаяды, көзің ашылады, бәрін салыстыра қарайсың, керемет

  6. Мұстафа қарт ұстаз

    Қәзіргі «назарбаев зиаткерлік білім беру жүйесі»роботтарды дайындап шығарып жатқандарын мойындағысы келмейді ,бірақ ертеңгі нәтижесіне кепілдік тағы бере алмайды .Кітәп оқымаған ,ойжүйесі жетілмеген ,жаттандылықпен машықтанған папугайдан не күтуге болады .Бұл алдау қашан бітеді . Оқушы түгіл ,оқытушыда дұрыс тіл ,білім жоқ.Кейінгі жыйырма жылда пединститутты бітіргендер ,мұғалімдік дәрежеде жүрсе де ,Ұстаз бола алмайды . Ал ,Ұстазсыз Білім ТҰЛ !

  7. Мұстафа қарт ұстаз 30наурыз2015ж.15,41

    Қәзіргі «назарбаев зиаткерлік білім беру жүйесі»роботтарды дайындап шығарып жатқандарын мойындағысы келмейді ,бірақ ертеңгі нәтижесіне кепілдік тағы бере алмайды .Кітәп оқымаған ,ойжүйесі жетілмеген ,жаттандылықпен машықтанған папугайдан не күтуге болады .Бұл алдау қашан бітеді . Оқушы түгіл ,оқытушыда дұрыс тіл ,білім жоқ.Кейінгі жыйырма жылда пединститутты бітіргендер ,мұғалімдік дәрежеде жүрсе де ,Ұстаз бола алмайды . Ал ,Ұстазсыз Білім ТҰЛ !

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.