Сұлулық сиқыры

Қазақ – ертеден «қызым – барым, арым, қонағым» деп қастерлеген халық. Тумысынан батыр халықтың Тұмар мен Заринадай патшасы, әділдік пен әділеттіліктің ақ туын ұстаған Айша бибі және Қарашаштай шешендері, жарының ошағын сөндірмей, бүтін бір елді басқарған Айғанымдай көсемдері, кешегі неміс фашистеріне қарсы күресте Мәншүк пен Әлиядай қорғаны, Жібек, Баян, Ақжүністей айдай сұлулары, тәуелсіздіктің ертеңі үшін күрескен Ләззат пен Сабирадай батыр қыздары болды. Бүгінгі таңда да өмірдің барлық саласында әдептілігімен, біліктілігімен, өнерімен көзге түсіп жүрген аруларымыз баршылық. Алайда біз тек қана топжарған бірқатар әйгілі спортшы қыздар туралы ғана әңгіме етпекпіз.
Күллі жамандықтардан, кесір­ліктен, жағымсыз мінез-құлықтардан да арылтатын қасиетке ие спорт – еңбек, спорт – сұлулық. Спортшыға әдептілік, төзімділік, өзін-өзі ұстау, тәртіптілік, адалдық, сенімділік, ынталылық, тілектестік, табандылық, жауапкершілік, жинақылық, батылдық ауадай қажет. Осы орайда жас ұрпаққа адам денсаулығының қымбаттылығын, өмір сүрудің бағалы байлық екенін түсіндіруде ересектердің атқаратын қызметі ауқымды. Егер ата-ана баласын 1 жас пен 5 аралығында өзін-өзі құрметтеуге үйретпесе, мұны баланың 13 жасында қалыптастыру өте қиын. Спортшылардың бәрі де кішкентай кездерінен бастап, ең алдымен еңбекке баулынатынын естен шығармағанымыз жөн.

Теннисші
Зарина Диас

Зарина Диас

Зарина Алматыда туған. Алайда 1999 жылы ата-анасы қызмет бабымен Чехияға қоныс аударады. Бұл кезде Зарина теннис клубына барып жүріпті. Жасына сай жақсы нәтижелерге де қол жеткізіп үлгерген. Чехияда танымал теннис мектептері, спортқа қажеттінің бәрі бар. Тіпті тамаша бапкерлерді де табуға болады. Сондықтан да олар қыздарының болашағы үшін жат жерде тұрақтап қалуға мәжбүр болған. Қазір Зарина Прагадағы жүзжылдық тарихы бар теннис академиясында тәлім алып жүр. Арманы – Қазақ елінің атын шығарып, көк Туын желбірету. Десе де, Қазақстанның шашбауын көтергеніне қарамастан, чехтар біздің қызды былтырғы жылы Чехияның жыл теннисшісі деп таныпты.
Заринаның теннисті таңдауының өзі қызық. Бір күні бүкіл отбасының теледидар алдына жинала қалмасы бар ма? Дәл сол сәтте атақты чех спортшысы Мартина Хингис Австралиядағы Ашық біріншілікке қатысып жатыпты. Бұлардың дәл финалдың үстіне түскенін қайтерсің? Ойын тартысты да қызықты өтіп жатады. Ал кішкентай Зарина теледидарға телміріп отырыпты да, бір кезде анасына: «Мен енді тенниске қатысамын» депті. Бұл кезде Зарина бар-жоғы алты жаста екен. Ол кезде көркем гимнастикаға қатысып жүрген. Қызының жаңа таңдауын хош көрген ата-анасы Заринаны теннис клубына алып келеді. Міне, осыдан бастап қыздың өмірінің мәні де, сәні де теннис корты болып кеткен.
Зарина жеті жасында Чехияның үшінші кішкентай теннисшісі болды. Тоғыз жасында 12 жасқа дейінгі қыздардың халықаралық турнирінің бас жүлдесін жеңіп алды. Осыдан бастап теннис оның өмірінің мәніне айналды. Еуропада теннис жақсы дамыған, оны «миллионер спорт» қатарына жатқызады. Теннисші болу аса көп қаражатты қажет етеді. Бағасы өте қымбат. Сондықтан да, Заринаның ата-анасы бар тапқан-таянғандарын қыздары үшін жұмсап келеді. Ал кейінгі жылдары біздің қызға Қазақстан Теннис федерациясы қаржылай көмек беріп жүр. Зарина да ел үмітін ақтап жатыр. Бұрын жасөспірімдер арасында өзін қалай көрсетсе, енді әйелдер арасында да оқ бойы озып келеді. WTA бойынша қатысқан турнирлерінің саны онға жетпейді. Алайда үздік жүздік қатарында.
Қазірдің өзінде Заринаның қол жеткізген жетістіктері жаман емес. ITF нұсқасындағы төрт турнирдің (жекелей сын) жеңімпазы. Жастығына қарамастан WTA турларында біраз жетістікке жетті. 2009 жылы Прагадағы ашық турнирде, 2010 жылы Кремль кубогында топ жарды. Атақты бапкер Карлос Родригестің оң бағасын алған. Голландтық бапкер Эрик Ван Харпен Заринаны көрген кезде «Бұл қыз жарқыраған жақұт қой» деп қуанып, ойын үлгілерін Мария Шараповаға ұқсатқан екен.
«Australian Open» турнирінде көзге түсуі – Заринаның ең үлкен жетістігі деп білеміз. Өйткені, бұл додада жерлесіміз алғаш рет негізгі сеткада өнер көрсетті. Зарина Қытайда өткен ITF сериялы тур­нирінің жеңімпазы атанды. Шешуші кезеңде Зарина тайландтық Ноп­паван Лертчивкарнмен додаға түсті. Қар­сыласына айқын басымдылықпен соқ­қы берген Зарина 50 мың АҚШ доллары тұратын қомақты жүлдені ұтып алды.

Бокстан әлем
чемпионы –
Назым Қызайбай

Назым

Бүгінгі жоғары технология дәуі­рінде таңғалатын ештеңе жоқ. Жолы жіңішке деген нәзік жан­дар­дың меңгермеген мамандығы, шұғылданбайтын спорт түрлері қал­мады десек болады. Бойжеткендер ауыр атлетика, бокс, күрес түрлерімен ай­налыса бастағанда жағамызды ұстасақ, қазір аралас жекпе-жектің де ортасында жүр. Олардың арасында ел абыройын асқақтатып жүрген арулар аз емес. Сондай оза-шауып бәйге алып жүрген аруларымыздың бірі – Назым Қызайбай.
Кішкентай кезінен спортқа жақын болып өскен Назым мектепте көппен бірге доп қуып, ұл балалардан қалыспай белтемір мен қоссырықта шынығыпты. Балалық шағы өткен Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Жетіген ауылында жүргенде мектеп балаларымен алысып, төбелесіп өскенін көрген әкесі қызына бокспен айналысуға кеңес беріпті. Ол оқушы кезінде бокстан бөлек футбол, баскетболды да жақсы ойнапты. Ауылдағы бокс пен күресті қатар үйрететін жалғыз жаттықтырушы оның спортқа жақын екенін байқап бокспен жүйелі шұғылдануға үндеген. Спортқа деген ынтасын байқап, көріп-біліп жүрген ағасы Алматыдағы «Шаңырақ» мөлтекауданында спортқа қабілеті бар балаларға арналған интернаттың ашылғанын айтады. Сөйтіп, Назым сынақтардан қиналмай өтіп, дарынды балаларға арналған мектептің оқушысы атанып шыға келеді. Ал, арада бес ай өткенде алғашқы жарысқа қатысады. Бұл – жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі еді. Алғашқы қадамы сәтті болып, 44 келі салмақта топ жарды. Сол жарыста үш кездесу өткізіп, қарсыластарымның бәрін айқын басымдылықпен ұтты. Қызылордада өткен әйелдер арасындағы ел чемпионатында Назым 46 келіде бірінші орын алды. 2010 жылы әлем чемпионатында жарыс регламентінен 46 келі алынып тасталып, әлем чемпионатына бара алмай қалды. Есесіне, 2012 жылғы әлемдік додада 48 келіде қола медаль иемденді. Бүгінгі таңда небәрі бес айдың ішінде Қазақстан құрамасынан бір-ақ шыққан Назым жаттығып жүрген алаңда одан бөлек жиырмадан астам қыз бала бокс­пен шұғылданып жатыр. Барлығының да мақсаты бір. Халықаралық жарыс­тарда Қазақстанның намысын қорғап, абыройын асқақтату.
Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласы­нан ақжолтай ақпарат алдық. Тұңғыш рет қазақ қызы бокстан әлем чемпио­ны атағын жеңіп алды. Қазақстан құрамасының ең жеңіл бокс­шысы Назым Қызайбай көк Туымызды биікке көтеріп, Әнұранымызды асқақтатты. Назым жартылай финалда Жапония спортшысы Мадоку Вадуды 3:0 есебімен ұтса, финалда Үндістан боксшысы Шамджетсабам Сарджбуманды айқын басымдылықпен тізе бүктірді. Осылайша Қазақстан спортында жаңа көрсеткіш пайда болды. Қазақ қызы Назым Қызайбай әуесқой бокстан әлем чемпионатының алтын медалін алды.
Қазір Қазақ­тың спорт және туризм академиясының үшінші курсында оқып жүр. Олимпиадалық әйелдер боксы үш салмақ дәрежесінен тұрады.
Спорттың қай түрінде болсын кімнің дайындығы мықты, соның жолы болары сөзсіз. 2016 жылы әйелдер арасындағы лицензиялық әлем чемпионаты біздің елде өтеді. Осындай үлкен сыннан сүрінбей өту үшін Назым салмақ қосуға және дайындықты күшейтуге баса назар аударады. Қазақстандағы қыздар боксының үлгісі әрі мақтанышына айналған Назым бүгінде халықаралық жарыстарға қызу дайындық үстінде. Тіпті ата-анасын, бауырларын көру үшін аптасына санаулы сағаттарға ғана босатылады.
Қалған уақытының барлығы спортзалда денесін шынықтырып, қарсыластарын зерттеумен өтеді.

Әлемді тамсандырған
волейболшы Сабина

Сабина

Көркіне ақылы сай қазақтың қызы тектілігімен де көзге түседі. Осындай батыр халықтың тағы бір қызы бүгінде 17 жасында әлемді аузына қаратып, сұлулығымен миллиондаған табынушының құрметіне бөленді. Алдымен, қазақ қызының келбетін қытайлықтар байқаған. Ал оны «Азия біріншілігіндегі ең сұлу воллейболшы» деп атаған шетелдік «Дaily Mail» басылымы еді. Ал шетелдік «9gag.com» сайтындағы Сабина Алтынбекованың жарияланымы мен фотосуреті 300 000 пікір жинаған. Көпшілік Сабинаның табиғи сұлулығын жапондық анимация кейіпкерлеріне ұқсайтындығын айтқан.
18 жастағы Сабина Тайбэйде жас­тар арасында волейбол бойынша Азия чемпионатында айрықша көзге түсті. Сөйтіп, қазақстандық бойжеткен сол кезде жарыстағы ең сұлу спортшы атағына ие болған еді. Сұлулығымен дүйім жұртты таңдандырған ару швейцариялық «Ernest Borel» сағатының жарнамасына түсті. Қытайлық ақпарат құралының хабарлауынша, «Ernest Borel» сағатының құны шамамен 10 мың АҚШ долларын құрайды екен. Биылғы ақпан айында «аспан асты елінің» ірі сау­да орындарына аталған сағаттың 999 данасы әкелініп, арнайы сатылған. Ал Сабина бұл жарнаманың суретіне қаңтар айында түссе керек-ті. Оның  Индонезия еліндегі әйелдер волейболын дамытуға да үлес қосатындығы туралы да әңгімелер айтылуда.
Тіпті сыртқы келбеті мен сұлу­лы­ғы әлемді мойындатқан Сабинаға қазіргі таңда түрлі модельдік агент­тік­тер ұсыныс білдіруде, бірақ олар­дың барлығына Сабина: «Мен сән агенттіктерінде жұмыс істеуге қарсымын. Мен спортты таң­дадым» деп жауап берген. Волейболдан Қазақстан жастар құра­ма­сындағы жалғыз қазақ қызының тіл-көзден аман болып, шетелдің сән модельдері мен жарнама агенттіктерінде жүрмей, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғағанын қалың қазақ қауымы құптайды.

Зілтемірші
Жазира Жаппарқұл

Жазира

2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданы, ­Задария ауылындағы спорт үйірмесінің табалдырығын аттаған Жазираның ауыр атлетикаға аңсары ауыпты. Ол кезде спорттық құрал-жабдықтар өте қат болып, жаттығу кезінде зілтемірдің аздығы көрер көзге кәдімгідей байқалған екен. Тіпті зілтемірді көтеретін сәтте алдын ала кезекке тұрып алатындықтан осындай жағдайлар жаттығуға кесірін тигізер деп бапкерімен ақылдасып, Жазира 2007 жылы Шымкент қаласы­на ауысады. Оның ең алғашқы жаттық­тырушысы, денешынықтыру пәнінен сабақ берген және осы спортқа алып келген кісі – Дүйсенбек Құрманбеков.
Жеті қызды бағып-қағып өсірген анасы Күлайхан мен әкесі Әбдірахманның отбасында Жазира – сүт кенжесі. Бүгінгі таңда ол Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің денешынықтыру факультетінің 1-курс студенті.
2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қазақстандық Жазира Жаппарқұл қоссайыс бойынша күміс алды. Алғашында 113 келіні алған. Кейін 118 келіге тапсырыс беріп, бұл салмақты үшінші мүмкіндігінде алды. Жұлқа көтеру қорытындысы бойынша Жазира Жаппарқұл кіші қоланы алды. Серпе көтеруде 140 және 144 келіні еңсеріп, бұл жаттығуда кіші күміс алды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 262 келіні бағындырып, күмісті еншіледі. Жазира Жаппарқұл – ауыр атлетикадан әлем чемпионатында күміс алған алғашқы қазақ қызы.
Алда Азия чемпионаты бар. Сол сында бар күш-қуатын көрсетіп, жеңіске жетуді Жазира алдына мақсат етіп қойды. Мәселен, 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасында бақ сынау үшін ол тынбай тер төгіп, тыңғылықты дайындық үстінде.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.