Pуx ұштастығы мен дәстүр жалғасының жаршысы

Қазақ поэзиясына қара нардай жүк көтерерлік әрі қайтпас қайсарлықпен келген ақындардың бірі – Темірхан Медетбек. Оның о бастағы жыр жинақтарының өзінен-ақ рух пен дәстүршілдіктің лебі есіп тұратын. Ол қадір-қасиет әлі де сол бағыт-бағдарынан таңбаған. Біз кейде жаңалық деген ұғым-түсінікті көктен немесе жеті қат жер астынан іздеп жатамыз. Ал ол болса, бар болғаны қасымызда жүр. Әрі жасампаздық танытып-ақ тұр емес пе? Міне, осыны ақын Темағаң – Темірхан Медетбек жақсы сезінеді. Жақында мерейтойын тойлағалы отырған ақынның шығармашылығына қайта бір үңіле отырып, оған толық көз жеткіздім. Сенсеңіздер, сонау бір жылдары оқыған, содан соң қайта, күні кеше ғана оқып бітірген күрең қошқыл кітапқа қарап отырып алдымен байқағаным, ондағы ақынның тегеурінді тебіренісінен туған жырлардың адам нанғысыз әрі таңғаларлық бура бұлқыныс пен өжеттік, қоғам, мемлекет, өмір, ұлт мүддесіне сай іс-әрекеттер мен қылыққа тұнып тұрғандығы. Оны айтасыз, кітаптың сыртындағы ақынның аты-жөнінен бастап, оның «Көк түріктер сарыны» деген атауына дейінгі аралықтағы жазу-белгінің өзі жинақтағы «Әріптері де қару-жарақтай» өлеңіндегідей «Көк түріктер жазбалары, Көк түріктер әріптері – қандай айбатты еді, қандай қайратты еді.

Жер үстінде жоқ Ірілік неткен! Жазуларын Қара тастарға сіңіріп кеткен. Бір әріптері Шашақты найзадай үшкір. Бір әріптері Көбе сөгетін – Қозы жауырынды! Жебедей ұшқыр. Біреулері Еменнің бұтағынан иілген Адырнадай керіліп тұр. Біреулері – Тастың ішінде! – Тұлпардың тұяғындай Тебініп тұр… Біреуі Қалқанның шеңберіндей. Біреуі – Тасты бүріп тұрған! – Бүркіттің шеңгеліндей. Біреуі Ту көтеретін сырықтай. Біреуі Асау ұстайтын құрықтай. Біреуі – неткен тәкаппар! – шалқайып тұр. Біреуі – Қиып түсемін деп! – Қылыштай қайқайып тұр. Осының бәрі – Біз үшін! – Тәлім сабақтай: Көк түріктердің – Әріптері де! – Елін қорғайтын Қару-жарақтай!» пікір қалдырады. Намыс жанып, қайрат шақырар осынау жолдарды оқығанда еріксіз есіңе Махамбет, Ақтанберді, Шалкиіз жырлары түседі. Бұл досым Әмірхан Меңдеке тілімен айтқанда «конспекті» емес, Рух үндестігі, дәстүр жалғастығы. Әйтпесе, біреулер мұндай ізденістерді не өлең формаларын поэзиядағы ашылған «жаңалық» дейді. Жаңалық ашатын поэзия – химия не математика болмаса, техника саласы емес қой. Поэзия да дәстүр, заман, уақыт, кеңістік талабына сай өзінің түп-төркінінен тамыр тарта жаңарып, жасарады. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны…» жинағы мен жалпы поэзиясы дәстүр жалғастығын айғақтайтын Рухқа толы, сол топырақтан тамыр тартқан үлкен бәйтерек сияқты. Мен неге ақынның осынау тілге тиек етіп отырған жинағын ғана әңгімеге арқау етіп, ал осыған дейінгі жыр кітаптарына қалам тартпай отырмын. Өйткені осынау жыр кітабында ақынның бүкіл рухы мен дәстүршілдігі жатыр. Ал мұндай қадір-қасиет Темағаң – Темірхан Медетбектің бұған дейінгі жыр-жинақтарында да ұшан-теңіз еді. Ал мына жинағы сол бағыт-бағдарды тереңдете, барынша ауқымды көтерген кітап. Ендеше, бүгінгі қазақ поэзиясын Темағаңсыз қаншалықты көз алдымызға келтіре алмасақ, оның бұған дейінгі жыр кітаптарын да «Көктүріктер сарынынсыз» көз алдымызға келтіре алмаймыз. Бұл ақын мен азамат тұтастығының бірден-бір белгісі.
Бүкіл түркі, әсіресе, оның ішінде Қазақтың ашу-ызасы, әлгі арғы тегіміз ежелгі көк түріктер сарынына түсірілген ұлттық болмыстың табиғи, табиғатқа тән бұлқынысы, өкініші, намыс жануы, алшылы-шікті түскен үміт пен күдігі арпалысқан көңілдің күйі, бәрі-бәрі астасып Рух жырының басын біріктірген күрең қошқыл кітап дәстүр тірілтіп, оны жаңа бір жан-жақты қырынан танытады. Қайталап айтамыз, бұл поэзия әлемінде жаңалық ашу емес, керісінше өлеңімізді формалық та, мағына-мазмұнда да, стильде де, образ бен метафора, теңеу мен ұқсатуға толы басқа да өлеңге тән категорияларды барынша бойына сіңірген көркемдікке негізделген дәстүршілдік. Өйткені ежелгі түрік, оның ішінде қазақ кезінде жырмен осылай толғанған, толғаған. Қазақтың қарасөздің шебері болуының да түп-тамыры сонда. Егер дәстүршілдікті тек қазақтың қара өлеңінен іздесек, қатты қателесеміз. Міне, осы жерде қазақ ақындарының әр текті, әртүрлі болуларының сыры да, қыры да ашылады. Жалпы, стиль дегенімізді – мінез деп жүрміз. Осы сөзде жан бар. Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» жинағын оқып отырып осындай ойға берілесің.
Аталған жинақтан менің аңғарғаным, Темірхан Медетбекке күрескерлікті әрі азаматтық белсенділікті оқытып, үйретудің еш керегі жоқтығы. Өйткені о қасиеттер оның тұла бойында тұнып тұр. Тұнып тұратындығы, ол өмірге солай келген. Ендеше, ақынның «менің өлеңім Өмірдің өзіндей боп Талқаны шығып, Ішек-қарны ақтарылып Жайрап жатыр» деуінде де үлкен мән бар екен. Бүкпесіз ашық сөйлейтін ақын мінезі аталған жыр жинағында жан-жақты ашылған. Мені ақынның қай тақырыпты жазса да көлгірсімей сөйлеп, көңілінің төріндегі қуанышын да, ренішін де, күйінішін де, тұла бойын алған ашу-ызасын да «жалаңаш» жеткізетін ақжармалылығы тәнті қылады. Сондай мінезден ғана өзін-өзі аямайтын, өткенін жанайқайына орап, мақтаныш ете алатын жырлар туады. Мысалы, ақынның:
«Алып едім,
Таудай биік,
Даладай кең едім.
Жұлдызы құйылып жатқан
Көк аспанмен тең едім.
Жауларым
Айтқанына жүргізіп,
Айдауына көндірмек болды
Мені өлтірмек болды.

Ернеуі таудай биік,
Даладай үлкен
Табыт жасады.

Басымды жерге тигізді,
Үстіме кебін кигізді.
Бірақ мен көнбедім.
Өлтірем десе де,
Өлмедім.

Табытты қайық еттім.
Кебінін жыртып
Желкен еттім.
Тәлкек еттім.
Әлі күнге мен табыт-қайықпен
Жүзіп келемін.
Кебінімді желкен етіп
Албастыдай өкірген,
Жындай көпірген
Арасат толқындарын
Бұзып келемін.
Е, Тәңірі,
Жолымды оңғара көр!» деген жыр жолдарын оқып отырып неге буырқанбасқа, неге ша­мырқанбасқа. Осындағы метафоралар мен шексіз кеңістік пен биіктік көлеміндегі қасиеттен туған ұқсатулар кім-кімді болса да таңғалдырмай қоймайтыны анық. Мұнда қаталдық пен қатқылдық қатар өрілген. Өлең табиғаты соны талап етеді.
Мені тағы бір таңғалдырғаны, ақын жыр кітабындағы буырқанған бура ашу мен алапат бір дүлейлік шеңберінің өз аясында қалып қана қоймай табиғат болмысын суреттеуге келгенде де өз құдіретін бір сәт те түсірмейтіндігі. Ақын көктемгі суретті қалай көреді дейсіздер ғой. Назар аударыңызшы. Ол «Аспанымды – Жүндей қопсыған – Қара бұлттар Қамап жатты. Қып-қызыл жыңғылдардай Қып-қызыл найзағай – сабау­лар Қара бұлттарды Жүндей түтіп Сабап жатты. Қайта-қайта күркіреп Қақ жарып сабады. Желмен төңкеріп Аударып сабады. Қаратауға жайып сабады. Алатауға Салып сабады» дейді. Осындағы қазақтың әдет-ғүрып, салт-дәстүр, күнделікті тіршілік-тынысындағы қарым-қатынаста пайдаланылатын құралдардан туған бейнелі образдар әлгі біз қайта-қайта айта беретін дәстүршілдіктің көрінісі емес пе?
Темірхан Медетбек қай тақырыпты жырына ар­­қау етпесін, оның «ішек-қарнын» ақтарып тас­тайды. Оны «Экологиялық өлеңінен» кө­ре­міз. Онда:
Майлы тоқ ішектей
Толып ағатын өзендерім
Арық қойдың
Аш ішегіндей шұбатылып
Тартылып қалды.

Күміс құйғандай
Жарқырап жататын көлдерім
Қайнап қайнап
Суалған қазандай
Сарқылып қалды.

Кілем жабылған керуендей
Созылып жататын жоталарым –
Үйелеп қалған түйелердей –
Жұлым-жұлым болды.
Кеуіп қалған
Өзен мен сайларым
Тілінген шүберектей
Жырым-жырым болды.

Далам қурап жатыр!
Орманымды
Ара мен балталар
Жіліктей сындырып,
Шұжықтай
Турап жатыр.

Кешегі
Егістік алқабым
Малайдың ерініндей,
Құлдың табанындай
Тілінген.
Кешегі жайлауым
Ібіліс аунағандай
Бүлінген.

Құлпырып жататын
Шалғын-сырмақтарым
Лас аяққа,
Басылып қалғандай.

Даламның
Алтын алқасы үзіліп,
Маржан моншақтары
Шашылып қалғандай.

Иесіз қалған ауылдар
Аралдың
Жағаға шығып қалған
Кемесіндей.

Сор басқан жерлерім
Алапес адамның
Денесіндей.
Елімнің іргесін
Өріп кеткен бәлелер
Талап тұр…

Аждаһаның деміндей
Оттай жел шығып
Жерімді жалап тұр, – деген қарымды жолдар бар. Бұл жырдағы ең басты қасиет – ол ақиқаттың бетіне тік қарай алатын ақын алымдылығы. Бірін-бірі қуалай ескен ішкі ұйқастар сыртқа тепкен кезде тұтас та жинақы жырдың үлгісін көрсетеді.
Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» жинағын оқып отырып, ақынның ғасырлар қойнауында қалған дәстүрлі жыр үлгісін жаңа заман легімен үйлестіріп, оны оқырманға айналасы жұп-жұмыр тұтас күйінде жеткізгеніне еріксіз тәнті боласың. Бұл жинақ қазақ поэзиясына соңғы кездері келіп қосылған дәстүршілдіктің үлгісіндей туындылардан тұратын кітап. Сөйтіп, біз «Көктүріктер сарыны» жыр-жинағына үңілу арқылы ақынның бүкіл шығармашылық бағыт-бағдарындағы тұтас бір понораманы көз алдымызға келтіріп отырмыз. Ол понорамада ақынның ғана тағдыры емес, бүкіл қазақ атты ұлт тағдырының толайым тағдыры жатыр. Міне, бізге Темағаң, Темірхан Медетбек осысымен қымбат. Яғни ол алып бір аймақты алып жатқан ел-жерге ие, қазақ атты ұлттың тамырын тереңнен тартқан бәйтеректей ақын азаматы. Біз қызықсақ – соған қызығамыз, біз мақтансақ – сонымен мақтанамыз!

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.