Әріптес болмысы

Әріптес туралы сөз айту, ой бөлісу бір жағынан оңай, екінші жағынан қиын. Оңай болатындығы әріптестің жұмыс істеп, зерттеп жүрген саласы өзіңе ұқсас, түсінікті. Ал қиын болатындығы өзің білетін әріптесің жайлы артық мақтан айтудың қаупі. Артық мақтау мен әсерілеуден пайда жоқ екендігі белгілі. Қазаққа керегі дұрыс пікір мен әділетті бағалау деген қағидатты басшылыққа ала отыра әріптес болмысы туралы сөз айтпақпыз.

Филология ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық университетінің «Тұлғатану» ор­талығының жетекші ғылыми қыз­меткері Салтанат Далбайқызы Ізтілеуова 1955 жылдың қаңтарында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында мұғалімдердің жанұясында өмірге келіпті. 1973 жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология факуль­тетіне студент болды.
КазГУ-дің филология факультеті Салтанат үшін білім, ғылым, өмір мектебі болғандығы ақиқат. Студент Салтанат ұстаздары ­Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Ханғали Сүйіншәлиев, Темірғали Нұртазин, Сағат Әшімбаев, т.б. оқыған дәрістерін, айтқан ой-пікірлерін жазып, көңіліне түйіп, болашақ зерттеулеріне негіз етуді мақсат тұтты. Шәкірт ұстаздарынан ғылымды меңгерудің әдіснамасын, теориясы мен методологиясын студент кезінде-ақ үйрене бастады. Зейнолла ағайдың әдебиет пен сөз сырына терең бойлауы, Тұрсынбек ағайдың өз зерттеулеріне қажет деректерді ­жинауы, Рымғали ағайдың кең эрудициясы, Ханғали ағайдың қазақ мәдениетінің терең тамырларын ашуы, Темірғали ағайдың қазақ әдебиетінің ерекшеліктерін көрсетуі дәрістер, оқулар мен ізденістер шәкірт Салтанаттың ойын ұштады, ғылыми көзқарастарына негіз болды. Оның ғалым, оқытушы болып қалыптасуында ұстаздары ерекше орын алды.
Университетті бітірген соң ол Кеңестік кездегі тәртіп бойынша Семейдегі Крупская атындағы педагогикалық институтқа қазақ әдетиеті пәнінен оқытушылық қызметке жіберілді. Осы оқу орнында аты қазаққа әйгілі ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы қызмет ететін. Салтанат бос уақытында Қайым ағаның дәрістерін студенттермен бірге тыңдауды әдетке айналдырды. Қайымның кафедрадағы қағаз, құжаттарын толтыруға көмектесіп жүрді. Қайым Мұхамедханұлы да жас оқытушыға өз білгенін үйретті, әдебиеттану ғылымын терең меңгеруіне көмектесті. Абайтану, шәкәрімтану, мұхтартанудың жетістіктерін, шешілмей жатқан мәселелерін, «ақтаңдақтарын» ашып түсіндірумен Қайым аға Салтанаттың ғылыми көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті.
Салтанат өз ізденістерін 2001 жылы кан­дидаттық диссертацияға ұластырды. «Шәкәрім шығармаларындағы кейіпкер тұлғасы» тақырыбына жазған диссертациялық зерттеуі сәтті шықты.
Салтанат Далбайқызы 1979 жылы университет бітіріп, оқытушы болғанымен алғашқы ғылыми жетістігіне араға көптеген жылдар салып жетті. Оның себебі 4 баланың анасы болуына байланысты. Салтанат отбасында 3 қызы мен 1 ұлының тәрбиесіне басты назар аударды. Жұбайының ғылым жолында болуы да оның ғылымға тікелей атсалысуын тежеді. Салтанат балаларының «қара құлақтанып» ержетуін тосты. Жұбайының ғылымда нәтижелерге жетуіне көмектесті. Балалары естияр болған соң, жұбайы ғылым докторы болған соң ғана Салтанат ғылымға ден қойды. Ондаған жыл жинақтаған ғылыми материалдарын, деректерін ғылыми айналысқа жылдам-жылдам қосуға кірісті.
Салтанаттың шығармашылығы оның оқытушылық қызметімен тікелей байланыста болды. Ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде филология факультетінде көп жылдар «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша дәрістер оқыды. Осы кезеңде ғалым қазақтың көне дәуір әдебиетін, жыраулар поэзиясын жете меңгерді. Қазақ әдебиетінің көне үлгілерінің қазіргі әдеби процеске жалпы ықпалын терең түсінуге қол жеткізді. Осы жылдарда шешендік өнерді меңгеріп, шеберлік-сыныптарын ойдағыдай қызықты өткізетін әдіскер-оқытушы деңгейіне көтерілді. Оның «Абайтану», «Шәкәрімтану» арнаулы курстарын университет студенттері жылы қабылдады.
Ғылым кандидаты болғаннан кейін Салтанат Далбайқызына Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректораты «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығына директор болуды ұсынды. Осы жылдарда Салтанат Шәкәрім шығармашылығын,оның өмір сүрген ортасын зерттеуді одан әрмен тереңдете түсті. Салтанаттың басшылығымен 2002-2007 жылдары «Шәкәрім әлемі» атты ғылыми-танымдық журнал шығарылып тұрды. Семейдегі екі оқу орны университет пен педагогикалық институт біріккеннен кейін бұл журнал «Шәкәрім» журналымен бірігіп кетті. Семей халқы мен ғылыми орта «Шәкәрім әлемі» журналын қызыға оқып, оған жақсы баға берді. Бұл журнал шәкәрімтануға зор үлес қосып, көптеген тың материалдарды ғылыми айналымға қосты, Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген деректерді алғаш рет жариялады. Мысалы, Шәкәрімнің Қытайға кеткен ұлы Зият пен қызы Гулләр туралы деректер берілді. Шәкәрімнің дарынды ұрпақтары туралы көптеген мақалаларды Салтанаттың өзі жазды.
Салтанат Далбайқызы 2007 жылы «Шәкәрім поэтикасы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ізденушіге бұл тақырыпты ұсынған, ғылыми кеңесшісі болған елімізге ерен еңбегімен танылған, белгілі әдебиет зерттеушісі, академик Серік Қирабаев болатын. Салтанат диссертациясын дайындау барысында ұстазының тікелей басшылығымен 2004 жылы «Шәкәрімнің сырлы сөзі» монографиясын «Арыс» баспасынан шығарды, 2006 жылы «Шәкәрімнің сөз әлемі» монографиясын жариялады. 2007 жылы «Шәкәрімнің шеберлігі» атты монографиясы жарық көрді. Зерттеуші докторлық диссертациясына 3 бірдей монографиясын және 50-дей мақалаларын жариялатып қомақты ғылыми нәтижелермен келді. Академик С.Қирабаевтың қатаң талаптарын ізденуші ойдағыдай орындап шықты. 2008 жылы Салтанат Далбайқызына филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Академик Сейіт Қасқабасов та Салтанаттың докторлық диссертациясына жоғары баға беріп, ізденушінің біліміне өз ризашылығын білдірді.
Ғалым докторлық диссертациядан кейін 2008 жылы «Шәкәрімнің дарынды ұрпақтары» кітабын жазып шағарды. Сол жылдың аяғында «Зият Шәкәрімұлы» кітабы баспадан шықты. 2011 жылы «Інжу-маржан» баспасынан «Абай, Шәкәрім шығармаларындағы адам тәрбиесі» кітабы жарияланды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ұлттық тәрбие», «Педагогика және психология» журналдарында ондаған мақалалары шықты. 2013 жылы Қытай Халық Республикасының «Халықтар» баспасынан «Абай, Шәкәрім шығармаларындағы адам тәрбиесі» кітабы Қытайдағы қазақ қауымы үшін тіке жазумен басылып шықты. Қытайдағы қазақ зиялылары бұл еңбекке жоғары баға берді.
Ғалым соңғы жылдары Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дың «Тұлғатану» орталығында қызмет ете жүріп қазақ батырларының ерлік өміріне ерекше назар аударды. Оның соңғы жылдарда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Алаштың ардагері – Батыр Баян», «Қазақтың Ер Жәнібегі» мақалаларын оқырман қауым жылы қабылдады. Қазір ол өзінің ұлы бабасы сайдалы Нияз батыр туралы жазуда. Атақты Райымбек батыр туралы да деректер жинап жүр. Жоспар – «Қазақ батырлары» мақалалар сериясын жеке кітапқа айналдыру. Осы тарихи-әдеби еңбектермен қабаттас зерттеуші «Абай, Шәкәрім және қазақ халқының рухани әлемі» атты монографиясын да жазып бітті.
Осыншама ғылыми жұмысты Салтанат өмірінде кездескен бөгеттерді, қиыншылықтар мен қайғыны жеңе отыра жүзеге асырды. 2001 жылы өзі қатты ауырып, ауыр отадан шықты. Балаларының мәпелеп күтуінің және өзінің өміршеңдігінің арқасында тез сауығып ғылыми ізденістерін жалғастырды. Ұзақ ауырып 2006 жылы тұңғышы Шырын өмірден кетті. Ауыр қайғыны Салтанат ізденіп, жаңа еңбектер жазумен жеңе алды. Шырыннан қалған екі баланы тәрбиелеуді өз қолына алды. Тұңғышын күтіп жүріп, Алматы мен Семейдің арасында қатынап жүріп көп еңбектер жазды. Салтанаттың осы сапалары әрбірімізге үлгі болар, әсіресе жастарға өнеге болатын адами сапалар деп батыл айтуға болады. Қайғыға, ауруға қарсы тұра білудің өзі мықты, ұстанымы берік адамның ғана қолынан келетін іс. Салтанаттың осындай адами қасиеттерін қазақтың әрбір қызы өзіне үлгі-өнеге ретінде қабылдағаны абзал. Төрт баланың анасы, ғалым, тәрбиелі және оқытушы Салтанаттың мақсаттары әлі де биік, армандары әлі де асқақ. Ол халқыма бергенімнен берерім әлі де мол деп есептейді.
Ол ешқашан атаққа, лауазымға, билікке құштар болған емес. Саналы өмірін жастарға білім беруге, ғылымға арнаған әріптесімнің мерейтойында ол туралы көңілімде жүрген ой-пікірлерімді халыққа айтуды азаматтық және әріптестік парызым деп санадым. Әріптес болмысы жас ұрпаққа үлгі болсын дедім. Шынтуайтқа келгенде, қоғамымыз бен еліміз Салтанат Далбайқызы сияқты адал, еңбекқор, ұлтжанды азаматтардың арқасында өрге басып келеді. Ондай адамдар марапат пен құрметке әбден лайықты деп білеміз.

Серікқазы Қорабай,
филология ғылымының кандидаты,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
Абайтану бөлімінің меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.