Біздің Ғазиз

Жастықтың қызықты жалынды шақтарын, студенттік өмірдің думанды сәттерін бірге өткізген «бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген» курстасымыздан қуанышты хабар есту бір ғанибет.
Сәрсенбінің сәтінде курсымыздың лидері Жұмекең – Жұмабек Кенжалин телефон шалып «Өтеш, Ғазиз атты азамат асқаралы жастың есігін қағып тұрған көрінеді» деп дауысы саңқылдап қоя берді. Әңгіме ауаны түсінікті. Газеттің күйкі тірлігімен отырғанда түнгі сағат 11-лер шамасында старосталық тұғырдан әлі түспеген Талғат Айтбайұлы хабарласып, жаңалықтың желкенін желбіретіп жіберді.

1981 жылы әл-Фараби атындағы (бұрынғы Киров) мемлекеттік уни­вер­си­­теті журналистика факультетінен ­Те­­мірбек Қожакеев, Тауман ­Амандо­сов, Зей­нолла Қабдолов, ­Зейнолла Тұрарбеков, Әбілфайыз Ыдырысов, Намазәлі Омашев сияқты ұстаз ға­­лым­дардан дәріс алып, түлеп ұшқан, бү­гінде еліміздің қарымды қаламгерлері атанған менің курстастарымның алды алпыс деген асуды еңсеріп тастады. Курстағы аға топтан Жайлаубай Қазиев ағамыз бастап, мен қостап, Жұмабек Кенжалин, Дүрәлі Дүйсебаев, Еркін Жаппасұлы, Талғат Айтбайұлы талтүсті артқа тастаса, топтың «молодойларының» бірі Ғабдул-Ғазиз Есембаев та ізімізді қуып келіп қалыпты. Жұмабектің де, Талғаттың да маған хабарласатын жөні бар. Өйткені төрт жыл қатарынан 5-інші жатақханада Ғазиз, Мырзағали үшеуміз бір бөлмеде тұрдық. Кейін жанымызға Самат Бектенұлы жайғасты. «Қара су, қара нанды» бөліп ішіп-жейтін дәуренді күндерді бірге өткіздік. Ғазиз бір күнделігінде мені қыздардан нан сұрауға аяғын аттап бас­пайтын «партизан» қатарына қосып қойыпты. Бірақ Ғазекең КСРО-ның айдарынан жел есіп тұрған заманында мемлекеттік шекараны бұзып, қазіргі Жаркенттегі (бұрынғы Панфилов) Мырзағалидың ауылында 1-мамыр мерекесін сайрандатып қайтқан жастықтың таза «партизандық» жарқын күндерін естен шығарып алыпты.
Семей дегенде менің де бүйрегім бұрып тұрады. Екі жыл Отан алдындағы борышымды әсем Аягөзде өтеп, қақаған қысын, жайдары жазын, пейілі кең, рухы жоғары адамдарын жақсы білемін. Ғазиз де қасиетті Семей өлкесінің тумасы. Көпбалалы, өнегелі отбасынан өрбіген салмақты, салиқалы ұстамдылығымен алдына қойған мақсатына жету үшін талмай іздене білетін жинақы, ұқыптылығы, ешкімге салмақ салмай өзінің еңбегіне сүйенетін алғырлығымен курстың беде­лі­не ие болды. Тапсырмаларды тез орындайды, тез жазады. Ал енді Ғазиздің ақын­­­дығы, әншілік өнері бір кештік әңгіме.
Ауылшаруашылығы жұмыстарында, студенттік құрылыс отрядтарында біздің теледидарымыз, радиомыз – Ғазиз. Ақан серінің, Біржанның, Естайдың әндерін әуелете шырқағанда құлақтың құрышын қандыратын.
Жалпы біздерді «көңілді курс» деп атайтын. Өйткені Әндіржан, Қали, Абдолла, Болатбек, Қайнар, Дәуітәлі, Шархандар бірінен-бірі өткен әзілдің хас шеберлері, пародистер. Ғазиз бен Әндір­жан­ның құйқаның түбін қатайтамыз деп айдың күні аманында әп-әсем шаштарын бұйралатып, қошақан бас болып шыққандары жыр болған күлкі әлемі. Кейбір жігіттер басынан өткізген оқиғаларды айтуға намыстанатын болса, Ғазекең керісінше майын тамызып әңгімелеп беретін. Әсіресе, орысшадан орашолақ қазақтың қара домалағының армиядағы қызықтарын айтқанда таңға дейін күлкіден ішегіміз түйіліп қалатын. Шегініс жасайық.
Кезекші сержант қатардағы жауынгер Есембаевқа баспалдақты сыпыруға (орысша) бұйрық береді. «Лестницаны» түсінбеген Ғазекең қатты ойланып, өзінше топшылайды. «Лес» – орман, «тница» – бұтақ. Дереу жанындағы орманнан сыпыртқы жасап әкеледі. Қоқысы жиналмаған баспалдақты көрген сержант бұйрықты екінші рет қайталайды. Қатардағы жауынгер біреуі аз болған екен деп екіншісін жасап, бұрышқа қояды. Көзі шарасынан шыққан ­командир айқайға салғанда, Ғазекең бұрыштағы екі сыпыртқыны көрсетіп, «вот – лес, вот – тница» дегенде сержантың күлкіден ішін басып, шалқасынан гүрс етіп құлап түсіпті.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін табақтай дипломды құшақтап, туған өлкемізге қарай жол тарттық. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Ғазиздің жаңадан ашыл­ған аудандық газетке орналасқанын сырт­тай естігенім болмаса хабарсыз қалдым.
1987 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып жүргенімде жеке шаруасымен жүрген Ғазиз жатақханаға арнайы іздеп келді. Екі күн шер тарқатып, сырластық. Таскескен ауданының «Еңбек – Труд» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасарына дейін көтерілгенін, шығармашылық қызметіне, ұжымына тоқталып, Сағила атты арумен жүрегін жұптастырып, бе­рекелі шаңырақ құрғандарын, алдағы армандарын тамсана әңгімеледі.
Курстасымның жеткен жетістіктеріне сүйсініп, аңсаған армандарына жететініне сендім әрі тілекші болдым.
Жұмекеңнің стилімен айтқанда, өліара шақта курстастарымыздың біразы­мен хабар үзіп алдық. Таскес­кен ауданы тарап, Ғазиздің Семей облыс­тық теледидарына ауысқанын естідім. Республикалық «Лениншіл жас» газетін­де жарияланған «Ферзінің жүрісі», «Қасқырдың апаны» сияқты көптеген сати­ралық, мораль тақырыбындағы дү­ниелері, республикалық «Халық кеңесі» газетіндегі «Сәкенді атқан мен» деген мақаласын оқып, Ғазиздің нағыз батыл, қарымды қаламгер екенін мақтанышпен айтып жүрдім.
Тоқсаныншы жылдардың басында курсымыздан жарқырап шыққан тағы бір белгілі қаламгер, ақжарқын азамат Шархан Қазығұловпен жиі араластым. Себебі, қызметіміз деңгейлес. Шәкең үкіметтің баспасөз қызметінде, мен облыс әкімінің баспасөз хатшысы. Кейін Шархан «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметіне ауысқанда да жұмысы мұнайлы өлкемен тығыз байланысты болды.
Бір күні Шархан маған телефон шалып, республикалық «Нұр-Астана» газетін ашқалы жатқанын, курстас­тардан Кәрібай мен Ғазизді жұмысқа шақырғанын, Ғазиздің ертесіне жетіп келгенін хабарлады. Оның алдында жаңа астанаға көштің басы болып Дәуітәлі, Дүрәлі, Болаттың барғанын білемін. Солай курстастардың қатарының көбейгеніне қуанып кеттім. Жаңа газетте Ғазекеңнің шығармашылығы жаңа қырынан көрінді. «Нұр-Аста­на­ның» әрбір санында Ғабдул-Ғазиз Есембаевтың публицистикалық, сарап­тамалық мақалалары бұрқырап шығып жататын. Тақырыптары да сан-алуан. Көтеретін мәселелері сүбелі, тілі жеңіл.
Ғазиздің ізденгіштігіне, тақырып тапқырлығына «Нұр-Астанада» тағы бір көз жеткіздім. Жұрт теледидардан талай көрген, екі солдат шашынан ұстап, қолын қайырып әкетіп бара жатқан жігіттің кім екенін анықтап «Таныс та бейтаныс бейне» деген мақала өте сәтті шықты. Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы» әні арналған кейіпкерді Теміртау қаласынан тауып, әннің қалай дүниеге келгенін жария етті. Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Николай Майдановтың шешесі өзге ұлт өкілі болғанымен, әкесі, атасы мен апасы қазақтар екенін зерттеп, «Қазақтың Қайыргелдісі» деген мақаласы жарық көрді.
Ал Семей қалалық телевидениесінде Ғазекең «Үлкеннен ұлағат» хабары арқылы танымал болыпты. Ол қозғаған проблемалар қашанда өзекті болатын. Мәселен, «АЭС: бағымыз ба, сорымыз ба?» деп жазды. Ұлы Отан соғысы жылдары алтын өндірілген Шығыс Қазақстандағы Қанай деген жердің радиациясының шамадан тыс екендігін көтерді. Қоғамның дертіне айналып бара жатқан келеңсіз жайттар, жастар проблемалары туралы батыл жазды.
«Нұр Астана» газетінде скинхедтердің кім екенін әшкерледі. Бүгінде Ғазиздің «Бәйтерек», «Түркістанның тастүлегі», жазушы Әкім Таразидың балалық шағы туралы «Болашаққа шегініс» атты кітаптарымен қатар бірнеше әдеби-көркем шығармалары әртүрлі жинақтарға енді. Бірнеше кітаптарды орысшадан қазақшаға тәржімалаған шебер аудармашы. Қазір А.Жариковтың «Полигон смерти» деген кітабын орысшадан қазақшаға сөйлету үстінде.
Енді бір жаңалық Ғазиздің сазгерлік өнері оянып кететіні. «Туған үй», «Әке», «Арман айым», «Қош дермін саған» деген әндері жұртшылық арасына кең тараған. «Шалқар» халықаралық радиосында жиі айтылып тұрады.
Қаламының желісі, еңбегінің жемісі елеусіз қалмады.Бұқаралық ақпарат құ­ралдары жөніндегі Президент гран­ты­ның иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Осы орайда Ғабдул-Ғазиз ­Есембаев курстасымның досқа адалдығын, батырлығын айтудың реті келді ғой деп білемін. Кезінде өзіне екінің бірі қолынан келмейтін жақсылық жасаған Шархан курстасының басына әділетсіз «қара бұлт үйірілгенде» өре түрегелгендердің алдыңғы легінде Ғазиздің болғанына шексіз риза болдым.
Сағила мен Ғазиз аңсап күткен кө­зі­нің ағы мен қарасындай қызы Айда­на мен ұлы Айдардың қызығы мен қуа­нышына бөленуде. Айдананың қуа­нышын курс­тастар сырнайлатып, кер­нейлетіп әдемі өткізгенін Атыраудан ар­найы барған Әндіржан әңгімеледі. Тек­ті­нің аты текті. Ұлы Айдар – «Назарбаев Университетінің» студенті.
Мерейлі жасың құтты, қуанышың мол болсын, Ғазеке!

Өтеген НӘУКИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Болат-Ақтаудан

    Жақсы, жылы жазылған. Ғазиздің мінезі жан-жақты ашылған. Отбасы аман болсын, шығармашылық табыс тілеймін.

  2. отеген

    боке рахмет

  3. Бахыт

    Газиз мырза, сиздей жерлес болганын мактан тутамын!

  4. Бахыт

    Менин олендеримди газет бетине калай жарияласам болады?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.