Өзіңді-өзің тани біл

Адам өзін-өзі тани білуі керек. Сенің биологиялық, физиологиялық негіздерің қандай? Ағзаң неден тұрады? Денеңдегі қандай ерекшеліктерді, кұбылыстарды білесің?
Содан соң түр-түсің, мінезің, ақыл-ойың, білімің қандай? Осының бәрін жете білмесең де, жалпы-түсінігің болуы керек. Адам дүниедегі ең күрделі, ең ақылды, ең шебер, өнерпаз жан иесі.

Ең басты міндет – өзіңнің қа­бі­ле­тіңді, қадір-қасиетіңді білу! Оған мінез жатады. Адамның ең жақсы қасиеті өз мінезін біліп, ашуын, ызасын басып ұстай білу, ақылмен жеңу. Ашуланшақ адам өзін-өзі ұстай алмай, дөрекілік көрсетеді, тіл тигізеді, тіпті төбелеске, кісі өлтіруге дейін барады. Соның бәрі өз мінезін, ашуын, ызасын біліп, оның ұят екенін, барып тұрған мәде­ниет­сіздік, көргенсіздік екенін біліп, түсіне алмағандықтан өзін ұстай алмаған­дықтан болады.
Егер сен көп білсең, көп оқысаң көқірегіңе көп тоқысаң – сонда нағыз мәдениетті адам боласың.
Кейбіреулер ойлайды (айтып та жүр) «Менің дипломым бар, жоғары білім­ді­мін, тіпті ғылым кандидатымын, мен мәдениетті адаммын» деп. Бірақ ол тарихты, әдебиетті, өнерді тіпті тілді (ана тілін) білмейді. Ал әдебиетті, музыканы (әнді), көркем суретті түсінбеген (оқы­маған) адам қалай мәдениетті болады?
Көне гректер: «Нағыз сауатсыз адам оқып, жаза білмейтін адам емес, му­­зыканы түсінбейтін адам нағыз сауат­сыз» деп бағалайды екен.
Ойлап қараңызшы, қазір музыка тұр­­мақ, кітапты оқымайтын адамдар кө­бейіп кетті. Осыларды сауатты, мә­де­ниетті адамдар деп айтуға бола ма? Осы мәдениетке жеткізетін әдебиетті, та­­рихты, өнерді үйрететін – тіл. Тіл – ең құ­діретті, ең касиетті, тіпті ең сиқырлы, өте қа­білетті құрал. Тіл ана сүтімен бой­ға енеді, қарым- қатынастан, адам мен адамның араласуынан өрбіп, мек­теп­те, жоғары оқу орындарында дамиды. Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім,
Шыр етіп жерге түскен
минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп түй­ген екен. Бұдан артық айтуға бола ма?
Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарымыздың 319-хадисінде «Тілін түзеген адамға Алланың рақметі жаусын!» делінген.
Мұхтар Әуезов: «Кім де кім қазіргі уақытта ана тілін, өз әдебиетін сыйламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» деп батыра айтқан.
Шыңғыс Айтматов: «Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін ұлы» деп жоғары бағалайды.
Осыдан барып тарихты білу мәселесі туады. Тарихты білу де үй ішінен, ата-ана тәрбиесінен басталады. Қазақта «жеті атасын білу» деген ұғым бар, «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді халық. Ойлап қарасаңыз, ол-тарихқа апаратын жол. Жеті атасын білу арқылы руын, елін біледі. ­Ота­нын біледі. Отанды білу, Отанды сүю, ардақтау – ұлтшылдық емес, ұлтын сүю деген сөз. Ол үшін Отан­ның, елдің тарихын білу, терең білу керек. Ал тарихты білу Отанның өткен жолын, күресін, жеңісін, жеңілісін білу деген сөз. Кеңес өкіметінің 70 жылдық заманында бізге қазақта тарих та, мәдениет те жоқ. Сауаттылар саны 3 пайыздан аспайды деп келді.
Патша өкіметінің, одан соң Кеңес өкіметінің қолдан жасаған қыр­ғындарын бізге білдіргісі, айтқысы келмеген. Сондықтан да олардың жос­пары 70 жыл бойы тілімізді, дінімізді, бар мәдениетімізді жойып, өзімізді мәң­гүрт­тендіру болған.
Енді біз еркіндік алып, тәуелсіз егемен ел болғанда, сол жойылып, жоқ болып кете жаздаған тілімізді қайта қалпына келтіріп, дамытуға кіріскенде көп қазақтардың өзі оған ынталы болмай, тіпті қарсы шығып жүргендері айқын көрінеді. Мұның бәрін біздің көп адамдарымыздың ұлттық рухын, ұлттық қасиетін, ұлттық намысын жоғалтқандары деп ойлаймын. Оның басты себебі, 70 жыл бойы орысша оқытып, ұрпақты орыстілді етіп шығарып, орыстандырып жібергендігі деп білу керек. Сондықтан көп қазақтың нағыз қазақ екенін естен шығарып, осы күнге дейін балаларын орысша оқытып, орыс мәдениетіне табынып, адасып жүргендігінен деп ойлаймын. Нағыз қазақтың намысы, ары жоғары болады. Ұлттық өзгешелігі, ерекшелігі айқын. Нағыз қазақтар намыстарын қанды-қырғын соғыста да жоғары ұстаған.
Біздің ауданның ұланы Молдабек ақын Саламатов былай жырлайды:
Жолында жеңіс қиылған.
Қыршындар үшін өш алам.
Әділ кекке сыйынған,
Намыссыздың несі адам?!
Тағы бір өлеңінде:
Ауылда алыссынсақ қарыс жерді,
Соғыста елемейміз алыс жерді.
Ұйқы ұмыт, үйдегі әдет ерсі болған,
Бәрін де сол мінездің намыс жеңді! дейді.
Ал атақты халық ақыны, Жамбылдың алғашқы шәкірті Саяділ Керімбеков:
Қан көргенде қарудан қайнасын кек.
Зеңбіректің оғынан таймасын бет.
Қардай борап үстіңнен оқ жауса да,
Адамшылық арыңнан аттама тек! – деп арды өмірден де жоғары бағалайды.
Осылай арды, намысты, ұлттық рухымызды жоғары көтере отырып тарихты білуіміз керек.
Ал казақ әдебиеті қазір дүние тани­тын дәрежеге жетті. Абайдың, Мұх­тар­­дың, Ғабиттің, т.б. толып жатқан жазушылардың шығармаларын бұрынғы Одақ, бүкіл дүниежүзі біледі. Тек «Абай жолының» дүниежүзінің 60 тіліне аударылғанын айтсақ та жеткілікті.
Қазақтың ауыз әдебиеті өте бай. Дастан-эпостар, ертегілер, мақал- мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар – баға жетпес қазынамыз. Бұл қымбат әрі асыл қазынамыз бізге сол бай тіліміз арқылы жетіп отыр. Жалпы қазақ тілі – өте бай әрі сұлу, музыкалы, әсерлі тіл.
Ауыз әдебиеті ішінен мақал-мәтел­дер, жұмбақ және жаңылтпаш туралы айта кетейін. Қазақ халқы сөзін мақал-мәтелсіз айтпаған. Сондықтан бізде мақал көп әрі мағыналы.
Осылай әрбір мәдениетті адам өзін-өзі білу үшін алдымен білімін жан-жақты тереңдетуі керек. Ол үшін қазақ тілін – ана тілін жете, жан-жақты білуі қажет. Тек тілді жақсы біліп, әдебиетті, тарихты, музыканы мәде­ниетті (тек қазақтың нағыз таза мәде­ниетін терең жете білгенде ғана) өзінді-өзің жақсы білуге мүмкін болады. Қазақ мәдениеті дүниежүзінде теңдесі жоқ жоғары мәдениет. Біріншіден, ол ар мен намыстан, рухани байлықтан туады. Мысалы, қазақ үйге кірген адамға дәм татырмай жібермейді. Қонағын қатты сыйлап, мал сойып күтеді. Қазақ үлкенді сыйлап, құрметтейді. Әйелді «ана» деп ардақтайды. Қызын қызыл гүлдей мәпелейді. Әйел болса ол еркектің алдын кесіп өтпейді. Әйел еркектің сөзін бөлмейді. Жас­тар үлкен кісі тұрғанда алдымен сөйлемейді. Міне, мәдениеттің жоғары түрі осылар. Осының бәрі адамның өзін-өзі білуімен, алдымен өзін сыйлай білуінен туады.

Үсенбай ТАСТАНБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Алматы облысының Құрметті
азаматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.