ШЕР МЕН МҰҢ ШЕШІМІ

Mіржақып Дулатов! Қазақ қоғамына берерін сығып берді, бірақ сыбаға дәметкен жоқ. Күңіреністі күймен: «…Қалғанша жарты жаңқам мен сендікпін, Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» деуі де сол ел мүддесіне біржола ақырғы демі біткенше қалтқысыз берілгендіктен, айтқан мірдің оғындай сөзі. Тәуелсіз Қазақстан: Міржақыбын үкіледі, үмітін ақтауға тырысты, тырысып келеді… Бірақ түбірлі, төңкерісті, толымды үдеріс нышаны әлі қол бұлғайды… Міржақыпша нұсқаның ауылы алыстан мұнартатындай. Дәме бар, дәйектілік тапшы. Ұмтылысқа ынта зор, ұғынықтылықта – ұтылыс. Баяғы «Оян, қазақ!» ұраны, міне, жүз жылдан асты, құлақтың құрышын қандырады: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты!». Қазағын оятқан еді, енді сол қазақ ойлануға, толғануға қатты бет бұрған! Адам қайғысынан – заман зарын сығып, сығымдап көрсеткен Міржақып, одан сабақ алуға әлі күнге үндеп келе жатқандай.
Иә, сол тылсым заманның өкінішті ахуалы осылай түйінделген: Жердің кеткені – күйік, діннің нашарлағаны – ділсіздік, халдың һараб болуы – қарекетсіздік! Бұған Міржақыптың әйгілі «Тіл мұңын» қоссақ, сол мұң қазір де шеменді шерге ұласып кетеді… Бір сүйініштісі, бұл жіктелгендер «міржақыпша» қатып-семіп, тұралап-тарынып, қорусыз, қорғансыз күйінде қалған жоқ. Ілкім ілгерілеушілік сезіледі. Араға сына боп қағылған қызыл кеңестік кезеңнің – 70 жылдан астамғы кесапаты, кеселі. Әйтпесе, тым алысқа ұзап кететін шақ туған. Тәуелсіздіктің өзіне биыл жиырма төрт жыл толады емес пе!

Әрбір шығармашылық еңбектің маңдайына біткен талан-талайы болады. Патшалық Ресейдің зәресін алып, құтын қашыра келген «Оян қазақ!», міне, сондай «қатыгездік» сипатымен маңдайын тасқа да соқты, тауға да ұрды. Итжанды екен, темірдей тегеуріні қандай тепкіге де шыдас берді. Кітап тәркіленіп, иесіне 1,5 жылға кісен салынды. Халық араша түсіп, айыппұлын жылулап төлеп, тасқа басылған сөзді еркіндікке салды. Жүрекке ұрық тас­тар асыл сөзге сусаған ел әбден шөліркеп отыр екен, ешнәрседен қаймықпады. Қыбырлап оянып, тірлікке тырбанды. Міржақыптың көксегені де сондай ел ішілік еңсе көтерудің қамы болатын. Жинаққа «сөз басында» былайша шамырқануын сол тұрғыдан түсінген абзал. «Дүниеге қатынасып жүрген, оқыған азаматтарымыз болмаса, біздің ғұмуми (жалпы) қазақ халқы файдалы мәселелерден бихабар еді. Себебі: дария қасында тамшы секілді, оқығандарымыз аздықтан, халқымыз шәһәр ретінше емес, көшпелі һәр жерде бытырап жүргендіктен, заман ахуалынан хабар білерлік оқуға өз тілімізде газет жоқтықтан, татар туғандарымыздың әдеби тілменен жазылған газеттері оқу оқымаған халыққа түсініксіздігінен, дүниеде болып жатқан ғәжәйіп (таңырқарлық) уә (және) ғәрәйіптен (керемет, таңсық) файдалана алмай, біздің халық дүние сарайының бір қараңғы түкпірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұр… Әлі де болса бұрынғыдай қозғалмай ғафилдықта (білмеу, білімсіз) жата берсек, енді аз заманда нешік болашақпыз?».
Қазақты маужыраған күйінен оятып, «күннің көзі жалқауға да, іскерге де, байға да, пақырға да бірдей түскені секілді», көпке бірдей болған жақсылықтан мақрұм қалмауға үндеуі – Міржақыптың айнымас азаматтық ұстанымының алтын қазығы іспетті. Ұлтым деп соққан жүрегінің атойы өлшеулі ғұмырында бір әлсіреп, демікпегені содан дерсің. «Халық үшін нендей закон түзелсе де, дума арқылы өтеді. Біздің қазақ халқының оңып тұрған бір ісі жоқ, солардың ішінде бірінші орын алып тұрғаны – жер мәселесі,– деп ­жазды «Государственная дума һәм қазақ» атты мақаласында («Айқап», 1911 ж., №5). – Аз да болса Думада депутаттарымыз болса, сөздері ықтибарға алынбаса да, қазақ жері өз мүлкі екендігін, селдей ағып келе жатқан хохолдар жерді тартып, жұртты пақырлыққа айналтты, һүкіметтің бұл харекеті бізге ғаділсіздігін Дума мінбесінен сөйлеп, отчетында жазып қалар еді. Ақырында, сөйлеген ақиқат үстіне бір шықпай қалмас еді». Бұл ескертпе еріккеннен жазылмағаны мәлім. Думада қазақтан депутат болмағаны себепті, онда не болып жатқанынан да бейхабар қазақ халқы өз мүддесін кім арқылы көтерерін білмей, дал болған. Рас, әуелгі екі думаға бізден депутат сайланған. 1907 жылы 3-маусымда жаңа мизам шығарылып, Сібірден, Түркістаннан және басқа жерлерден депутаттардың саны кемітіліп, тіпті кейбір халықтан депутат сайлау тоқтатылған. Солардың арасында бақыты ашылмаған қазақ халқы да қыстырылып кетіп еді. Қазақтың өзінен де бар көрінеді. Бірінші дума сайлауында Ә.Бөкейхановтың үстінен жамандап, рапорттар беріп, етегінен тартып баққаны – қандай келешекті ойлағандық? Міржақып енді алда болатын сайлауға ұлт атынан өтініш айтып, өз адамын енгізуге құқық берерлік жаңа низам жасалуына алдын ала қамданыс қылуын міндеттейді.
«Жер мәселесі» деген мақаласында («Айқап», 1911 ж., №11.) Міржақып көкейкесті екі жағдайды қозғайды. Бірі – қала болу керек деушілердің пікірі. Екіншісі – көшіп жүруді қалайтындардың тоқтамы. Осы екі ойдың жақтастары әрқилы шешім айтады. Бастапқылар, жер­жүзіндегі халықтардың біразы қала болып отыр, мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалмаған дей келіп былайша түйіндейді: «Бұларды көре тұра, біз, қазақтар да, қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзімізден алдағы жұрттың істегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз». Ал көшіп жүруді жақтайтындар: «Қазақ – мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұрады. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек» деп қалыптасқан тіршілік кәсібінен көз жазып қалмауды ықтияттайды. Әрине, қос таңдаудың да заманына лайық ерекшеліктері бары белгілі. Қайсы жолға түскен дұрыс? Күштеп таңа алмайсың. Уақыт өзі екшейді. Тек адасып қалмаған абзал. Міржақып күдікпен шошынтып, ақылмен сабырға шақырып ой тастайды. Халықтың өсіп, жердің өспеуі һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллиондап жерсіз мұжықты үкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, атамекеннен ірге қозғалып, қазақ шаруасының күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбеуі неліктен?! Бұлай болғанда, енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып, ақырында титықтап бітуі ықтимал дегенді және қосып қояды. Сақтандырады. Сараптай білуге шақырады. Жасыратыны жоқ, жер проблемасы әлі толық шешіліп бітпегенін мойындағанымыз жөн.
Қазақ жеріне мұжықтарды не үшін жер аударады деген сұрақ Мір­жақып көкейін үнемі тесіп жүргенін байқаймыз. «Әлде Россияда жер аз ба?» деп кекесінді әрі таңданысты ойға беріледі ол. Жауабы да әзір. Шұ­­райлы жер аз емес, бірақ соның бәрі байлардың, дворяндардың, поме­щиктердің қолында, олар өз жерлерін ешқашан тегін бермек емес, ал аштан өлуге шақ жүрген мұжықтардың оны сатып алуға шамасы жоқ. Түрлі деңгейдегі министрлер, жоғарғы шенеуніктер мен генералдар Россияда көбейіп келе жатқан мұжықтардан құтылу үшін оларды біздің қазақтардың арасына жер аударуда…
Шынында да, осындай өз мүддесін өзгенің есебінен дөңгелентіп, бұратана қазақтарды одан әрмен бұқтыра түсудің амалымен ашық қулыққа басқан әміршіл жүйе, қызылкөз саясат дегенін біртіндеп жүзеге асыра берді. Шенеуніктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперді. Шенеуніктерді арқаланған олар өздеріне жайлы қазақ жерін еркін иемденуде. Тұтас ауыл болып келіп, бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып, бар мүлкін тартып ала бастады.
Осындай кері кетуді көзімен көріп, жанымен сезіп отырған Міржақыптың қаны басына шаппағанда қайтсін? Мұжықтар жерін тартып алғанша «жоғарыдағының пәрмені ғой» деп, бастары бірікпей, тарыдай шашырап жүрген қазақтың пиғылы да оңып тұрмағаны аян: біз біржола бағынған халық, қалай билесе, солай билесін, закон шығару біздің жұмысымыз емес дейтін шығар. Мұндай пиғылдың кері әсерін әр қазақтың миына шұқып құйғанша Міржақыпта маза қайдан болсын. Жазады, түсіндіреді, ашындырып, қитығына тиеді. Сөзімнің бір пайдасы болар ма деп, қатты қамығып, торығады. Сонда, түйінді ойы мынаған саяды: бір патшалыққа бағыну құл болу деген сөз емес қой; өз керегін өзі білдіртпесе, Петербургте отырған шенеуніктер 3-4 мың шақырым жерде ен далада көшіп жүрген қазақтың тұрмысын қайдан біледі. Міне, көңілдегі қыжылдың мәнісі қандай?
Жер! Жер! Жер! М.Дулатов жүрегінің дүрсілі осы! Тепкіленіп, атқыланып соғады. «Оян, қазағында» «Жер кетті…» деп күллі қазағына жар салуы да сондықтан. Жүз рет, мың рет айтса да, ол бір тілегінің орындаларына үміт артады: «надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз. Тілесе кісі жоқ емес, уақыт та өткен жоқ» деп «жердің жыртысын жыртатын» дуалы ауызды, көкірегі ояу зиялылардың осынау үгіт-насихатқа араласуын қалайды.
…Қазақта қазір бұл тұрғыда бірауыз сөзіне ұйыта алатын зиялылар жеткілікті. Қазақ жерін бөлшектеуге қаймықпай қарсы шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Шаяхметовтің ізбасарлары бүгінде де бұқпантайлап жүрген жоқ. «Жерді сатқаның – анаңды сатқаның!» деп Парламентте жар салған марқұм Б.Қыдырбекұлы, «Құнарлы аймақ қазаққа қай­та қайтарылсын» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген С.Әсіпұлы, «Жерді жалға алғаны – жағаға қолды салғаны» деп жанай­қайын естірткен Р.Айыпұлы, «Уай, Алашым! Жерің – арың, киелің!» деп жырмен жалындата аһ ұрған С.Сматаев, т.б. зиялылар, қазақ жері­нің бір мысқалы уыстан шықпауы үшін ішер асынан іркіліп жүргендер.
…Міржақып үміт еткен мұндай ұлтжандылардың қатары толыға түскені алаң көңілді басып, қазақ жерінің біртұтастығына деген сенім әр жүрекке нық ұялайды екен. Қашан да ақ сөз ащы болады. Әділ сөздің зілі жоқ. Әлі де батырып айтуы­мыз керек-ау!
***
М. Дулатов дінге қатысты ой-пікірлерін проза, поэзия түрінде де жазып, әртүрлі басылымдарда, атап айтқанда, «Серке», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналында жүйелі жариялап отырған. «Біздің мақсатымыз» («Серке», 1907 ж., №84) деген мақаласында ол: «…Енді шенеуніктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселесіне да араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды» деп дінге қатысты қыспақтың кейбір қисынсыз негіздерін таратып баяндаған.
«Мәсжід (мешіт) – медресе хақында» деген өлеңінде: «Дегенмен «мен мұсылман», іс бітпейді, Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді. Қазақша киім киіп, сөйлегенмен, Мойныңнан фарыз, уәжіп бір түспейді» деп діни міндет, борышқа деген саналылықтың селдірлігін шым-шымдап сынап өтеді. Әрі қарай оқысаңыз, кедергінің түп-төркіні ашыла түседі: «Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ, Жоғына себеп болған миссионер поп. Екінші, халықтың өзі ықылассыз, Не ғылып исламға ашылсын ход»? Өлең тұжырымында ащы мысқыл мен кекесінге қоса, міскін тұсын аңдатып, ойға батыратын, сонысымен шешуші қадамға тас-түйін бекіндіретін, түйсікке салмақ салған қорытынды шумақ бар: «Оңбассың бойда жүрсе бұл мінезің, Теріс пе насихатым бұл, біл өзің. «Әйтеуір, ата-бабам мұсылман» деп, Дүрмекті қоя-тұғын келді кезің» дейді міндет пен парызға еліктіре түсіп.
Айтулы ақынның іргелі бір жетістігі – «Насихат ғумумия» деп аталатын он жеті бөлімнен тұратын ұзақ өлеңі. Оның дінге қатысты шумақтары да баршылық. «Тарылып дін, дүниеміз бара жатыр, Япырмау, білген бар ма – мұны ғажап? Ойламас ертеңгісін не болар деп, Салынып жалқаулыққа біздің қазақ» деп ақын, имандылықтың өрісін кеңейте алмаудың кесіріне шыланып қалмаудың сезігінен сақтандырады. Дінді тек қана апиын ретінде құбыжық етіп көрсетушілердің кері үрдісті пікіріне мойынұсынбайтынын ашық айғақтайды немесе дін ағымының жат пиғылды насихатынан жирендіру мақсатымен жазған ғақлияларының да жөні бөлек. Мысалы, «Мұң» өлеңінің сарынынан соны аңғарамыз. «Шариғат сатып, мал жиғанға салынбай, Ағарт жұртты, молдекелер, қамдан да…» деп діни алдампаздардың әрекетін әшкерелейді.
Патшалық Ресей кезеңінің діни бағытта жүргізілген кейбір сауалнамаларында мектеп-медреселер мәселесіне қатысты ой өрбітіліп, нақты жауаптар алынғаны белгілі. Мәселен, «Мектеп һәм медреселердің мақсаты не нәрсе?» деген сұраққа былайша жауап берілген: «Мұсылман балаларына оқу, жазу үйретіп, ислам хакімдерін білдірмек, жақсы мінезбен тәрбие қылып, дүниеде һәм ақыретте бақытқа жеткізетін жол көрсетпек һәм мемлекетіміздің тыныш һәм рақат жасауы үшін қызмет етпек». Келесі: «Мектеп һәм медреселерде оқыту тәртібі хақында шариғатта баян бар ма?» деген сұраққа: «Мектеп һәм медреселерде оқыту тәртібі жеңіл һәм мақсатқа тез жетерлік орысша, ана тілінде араб харпімен оқытылуы тиіс» деп жауап берілген.
Дінге көзқарас қырық жамау, қырғи қабақ, қарсылықты жағдайда имандылықты тура көздеген келісімдердің жөнін жіті аңғара білудің пайдасы ұшан-теңіз екендігін Міржақып әрдайым айтып, жазғандарында негізге алып отыратыны байқалады. Мұның мысалына «Орынсыз шығын» («Қазақ», 1914 ж., №53) мақаласын тартуға болады. 3-4 жылдан бері Мединеде оқып жатқан 10-15 қазақ шәкірттері Медине шаһарында қазақ атына бір зор медресе салу талабында болған екен. Сол ниетпен барған қажылардан жылда ақша жинай бастаған. Шәкірттердің талабы таза болса да кейбір елге шығып, солардың атын жамылғандар түскен қаржыны жымқырып кеткендіктен бастаған істері жүзеге аспай қалыпты. Осының бәрін екшей келіп Міржақып былайша ашынады: «…Олар бір үй сатып алып, ішіне кіре қоюмен медресе бола қалады деп ойласа керек. Ал медресе салынсын, оған оқушы қайда? Осы арада қанша шәкірт бармақшы? Ақырында, бұл медресе де бұрынғы қазақ тектілері секілді әулиелік сатып жүрген сарт пен қожаның пайдасына қалмай ма? Мұны да ойларға керек». Ол тағы бір ойын нығыздап, баса айтады. Мединелік шәкірттерге қолғабыс жасағысы келген қажылардың көбінің өз ауылдарында бұл күнге шейін бір тәртіпті бастауыш мектеп жоқтығын беттеріне басып, соны көре тұра, дүниенің бір шетінен медресе ашпақшы болып, елден мал жинамақшы қарекеттеріне бүйрегі бұрмайтынын жасырмайды. Орынсыз шығын неге керек деп намыс түрткілейді.
Мұсылмандық ағартушылықта діни құндылықтарды басты айналымға түсіре білген М.Дулатовтың еңбегі орасан зор. Оның «Үлкеніміз қадимлыққа жазылып, Жәдит деген партияда жас болдық» деп бұл ағымды қолдауға үндеуі тегіннен-тегін емес. Бір есте ұстарлығы сол, ол дін туралы насихатында дабыра, қызыл сөзден мүлдем адалық танытып, тек түсіндіру ыңғайындағы жанашырлық пейілімен дараланып отырады. Қалай сеніп, қалай ұғынуды оқушының өзіне жүктейді. Саралап, пайымдап, безбендеу арқылы әркімнің ойлау еркіндігіне қанат байлайды, таңдауға құлшыныс жасатады. Міне, нағыз теологтың имандай сендіргіш қасиеті де осындай шеберлікте жатса керек-ті.
Діндер үнқатысуы және ­адамзат тағдыры тұрғысында 2009 жылғы 1-шілдеде Астанада ашылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әрдайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістігімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмтыламыз… Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі дүниежүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табу ісінде айтарлықтай рөл атқарады деп есептеймін» деп дәйекті пікірін білдірді. Сөз төркіні осынау ойлы пайымнан айқын аңғарылып тұрған жоқ па!
Иә, өркениеттің өзегі – дін екендігіне ақыл жетіп, көңіл тоғайғаны қашан. Бүгінгі қоғамдағы ең бір зәрулігі басым мәселе деп, мемлекет пен діннің дұрыс қарым-қатынасын анықтауға қатысты мәселелерді айтсақ керек. Біртіндеп шешіліп жатқанға да ұқсайды. Дегенмен, нақты үлгідегі, «міржақыпша» талдаудың кемшіндігі, кейде таяздығы, тіпті долбарлығы сезіліп қалып жатады… Арыла білу, айқындала білу – уақытқа сын!

***

Жер! Жер! Жер! М.Дулатов жүрегінің дүрсілі осы! Тепкіленіп, атқыланып соғады. «Оян, қазағында» «Жер кетті…» деп күллі қазағына жар салуы да сондықтан. Жүз рет, мың рет айтса да, ол бір тілегінің орындаларына үміт артады: «надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз. Тілесе кісі жоқ емес, уақыт та өткен жоқ» деп «жердің жыртысын жыртатын» дуалы ауызды, көкірегі ояу зиялылардың осынау үгіт-насихатқа араласуын қалайды.

***
Мірдің оғындай осы «хараб» сөзі Міржақыптың тіліне тегіннен-тегін оралмаған шығар! Құру, күйреу мәніндегі, «мен қазақпын» дегеннің намысын тілгілеп, шарадай көзін шарасыздықпен аштыратын қайқы қылыш жүзіндей лыпып тұрған «жан алғыш» сөз. Міржақып іштей мүжіліп, «Сырым» деп өлең жазып, өз сырына өз мұңын қосып күйзелгенде, жұртқа пайдасын тигізуге асығып, ынтыққан. Әйтпесе: «Баста – бақыт, қолда – дәулет, тәнде – жан, Кім айта алар, үнемі кетпей тұрарын. Мұның бәрін білсең, қазақ баласы, Халің хараб, онан да ғажап шыдауың» деп, кімге базына айтып, зарымен запыран құстырар десейші. Жанға жұмсақ лирикасын үлбіреген сезімге шылап, жайлы жата бермес пе еді? Өйте алмайтын еді, Міржақып. Өткір найзасы – өміршең өлеңін қазағының қанын жүгіртіп жаза берді, түпкі көздегеніне тиіп жатты. Енді ол ішкі сырымен жасырын жымдаспай, «Жаңа тілек» өлеңіндегідей, ашық та ашына айтып, жалаңаш батырдай көзге түсе ұрандатты, қалың жұртын өзіне жалт қаратты. Мойын бұрғызды, санасатындай халге жеткізді. Мына шумақ еріккеннен емес, елдік мінезбен өрілген: «Өз қамыңды ойлан өзің, ел болсаң, Ел боламын, тең боламын дер болсаң. Көктен теңдік келмес, өзің кем болсаң, Мең-зең болмай, талпын, оян, Алашым!» Болжағыш. Көрегендік. Ойшылдық. Кем болғанның теңі – теңдік еместігіне жүректі мытып бүріп, меңзейді. Теңдікке елеңдетеді. Сөз тереңінде – тәуелсіздік тұрғанын аңдатып, пайымдатады.
Қара сөздің майталманы Міржақып халқына жаңа да жарқын жол сілтеуді азаматтық парызым деп түсінген. Жетесіне жеткізіп түсіндіре жазды, көңілге түрлі ой салып, түңілдіре жазды. Соның бір айғағы «Қазақ жайлы» («Қазақ», 1913 ж., №10) мақаласында: «Қазақтың кемтігі, керегі көп. Кемтігін толтырып, керегін табуға істегені аз, тіпті жоқ. Біздің керегіміздің көбі – бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер» деп ел болып, ілгерілік қамын күйттеуге қажеттіліктерді санамалай бас­тайды. Ғылым мен өнерді алғы кезекке шығарады. Онсыз қоғам дамуы тежеледі. Ғылым, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіздерді білімімен жығып, аяғына баспақшы деп үміттендіреді. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке ебі жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды деп, шындыққа жүгінеді. Сөзінің бір тұсында, қазақтың зор адасқандығы деп, өз ісін өзі істемей, өзгеге сенгендігін үлкен мін ретінде тағады. «Өзіміз жай жатып сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді» деп өзгеге алақан жайғыштықтың кесірінен ада болуға үгіттейді.
Қараңғы қазақ жаңалыққа да селт етпейтін көнбіс болып алған. Мұндай енжарлықтың да ұпай түгендетері шамалы екендігін Міржақып жақсы түсінеді де, ең болмағанда билікке, басқаруға қатысты қарапайым нәрсені біле жүруіне үндейді. Алдымен, земство қандай қажеттерді өтейтінін түсіндіре бастайды. Земствоның өтейтін қажеттері: оқу – оқыту ісі, от пен судан сақтау, адам һәм мал дәрігерлігі, ашаршылықта, жұтта мұқтаждарға жәрдем беру, жол түзету, поштаханалар ашу һәм басқа сондай жұрттың күшімен басқарылатын жұмыстар екендігін тізіп береді. Жатық түсіндіреді. Шошынбауларын сұрайды. Осындай басқаруға илігіп, мұратты жолда хал-ахуалын түзеуге ынталандырып бағады. Әйтеуір, сөзімен себін тигізгісі келеді-ау!
Көрнекті көсемсөзші өмірден көрген-түйгенін қазақтың қамы үшін, әлеуметтік тұрғыдағы тұйықтан шығуы үшін, шаруа­сын жақсы күйттеп, әлді тұрмыс құруы үшін, биліктегі шенқұмарлықтан арылып, халқына адал қызмет етуі үшін мысал, үлгі, насихат ретінде байытып, назарға ұсынып отырады. Оның сезгіш жүрегі биліктегілердің былығынан жиіркенеді. Дәл осы тұста жөнсіз билікті түйрей сынайды: «Ел билеген жақсылардың ойлағаны ел қамы болмаса, әрқайсысы өзінің пайдасын ойлап, мұқатқаны ағайын-жұрты болса, билерде әділет болмаса, енді жақсылықты жұрт қайдан күтпек керек?!» деп әділдіктен аттағандарға ой тастай сөйлейді. Қазағыңның қамы үшін шыншылдықпен: сендер жан ауыртпасаңдар, кім қамқорлық жасамақ деп, салмақты салады өздеріне. Бүгінге салмақ сала айтсақ, жақсыдан әкім қойсаң – түзер, жаманнан әкім қойсаң – бүлдірер дегеннен сабақ алуға болар еді.
Елдікті сақтап, ертеңгі күнге зор үмітпен қараушылық жайын сөз еткен мақала «Сана қайда!» («Қазақ», 1917ж., №236) деп аталып, онда қазақ халқының қолына тиген бостандықты баянды етуі үшін саналы түрде істер істеу қажеттігі айтылады. Көп жерлерде баяғы ескі әдеттерден әлі арылмағанына өкініш білдіріледі. Мәселен, комитет сайлауы кезінде бұрынғы болыс сайлауы тұсындағыдай жікке бөлініп, халық мүддесі естен шығарылғаны сынға алынады. Міржақып елдің ақсақалдарына, ел билігінде жүрген жақсыларға мынадай сөз арнайды: «Талас-тартысты қойыңдар! Ал­да тұрған зор істерге қамданыңдар! Ын­тымаққа қайтыңдар! Жұртты ойлаңдар!».
Алдағы зор істер деп отырғаны – Құрылтай жиналысының сайлауы мен енгізілгелі тұрған Земство жайы еді. Осы жұмыстарды санамен атқарайық. Бұғанасы бекімеген, буыны қатпаған бостандықтан айырылып қалмайық. – Мақала иесінің халыққа тастаған ұрандары осындай еді.
Сол кезеңнің күпті де зәру мәсе­­лелерін қозғаған дара мақаланың бірі «Қайтсек жұрт боламыз?» («Қазақ», 1918 ж., №264) деп аталады. Онда дүниежүзілік соғыс басталғаннан бергі төрт жыл мен патшалық құлағаннан бергі жыл жарым ішінде саяси-әлеуметтік өмірде болған өзгерістерді шола келіп, қазіргі алмағайып заманда елдің елдігін сақтап қалудың бірден-бір жолы – олардың өзін-өзі қорғай алатын әскери күші болуы деген ой түйеді. «Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз, қайсысына түсетін болсақ та ерік өзімізде». Автордың пайымдауынша, бұл екі жолдың біреуі құлдық жолы, екіншісі жұрттық жолы. Баяғыдай құлдық бұғауын қайта кимей, елдігіміз болсын десек, әскеріміз болсын, қазынамыз болсын. Бұларсыз автономия жоқ. «Қайтсек жұрт боламыз» дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ: – Әскеріміз болса ғана жұрт боламыз». Міне, көрмейсіз бе, жұрт болу қамының қадау-қадау міндеттерін зерделегенде, әскер жасақтау ісіне Міржақып тегіннен-тегін мән беріп, бас ауыртып отырмағаны байқалады. Елдік мүддеге қашаннан қамығып та торығып, ақыр соңында қуаттана білген, халқын келелі сөзге ұйыта, сендіре алған қазақ зиялысы ғой ол!
Алғашқы қазақ съезі қарсаңында халықты әділдікке үгіттеген Міржақып елден жұрт болудың қамын мықты ойлас­тыруды талап етіп, біраз мақалалар жазды. «Өз ісімізді өзіміз басқара алмасақ, бізді біреу келіп түзетер деу адасқандық» деп турасына көшіп, қазіргі бір күннің жүз күннен қымбат екендігін, қызмет қылып, жұртты ұйысуға бастауға кең мүмкіндіктер ашылғанын әркімнің жетесіне жеткізе уағыздайды. Сол себепті учредительное собраниеге сайланатын депутаттарға көп нәрсе байланысты болатынын түсініп, таңдауды дұрыс жасауға шақырады. Олар халыққа шын пайдалы адамдар болуы керектігін ескертіп, пайдалылық таразысын былайша безбендей бастайды… Олар ақ жүрек таза болса. Жұртты иә сатып, иә алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ер жүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса… Міне, осындай елеп-екшеу тізбелеулердің түпкі нәтижесі оңды боларына, халқым дейтін ерлердің іріктеліп, ел атынан мінсіз қызмет етеріне күмән келтірмейді.
Жоқ кісіні біреуден қарызға алуға болмайды,– дей келіп Міржақып, қазақ осы өлшеуге салып, өзіндегі барын депутат сайлау керектігін нығырлайды. Бұл сипаттарға қарамай қазақшылыққа салып, әркім жақынына, ұранына, облысына, үйезіне тартса, қазақ халқы келешектегі жұртшылығын ойламаған болады дейді. Қаузаған ойының бәрі қазақтың қамы мен жағдайына байланыстырылады. Қай рудан екенің емес, үш жүздің баласы бәрің де қазақсың деген сипатпен халық қажетіне жарамды болуға икемделуге талпындырады. «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген Міржақып сөзі қандай өткір, өміршең!
***
Шерді – шер қозғайды. Мұңсыз өмір болмайды. Десек те, Міржақыптың ұнжырғасын түсірген бұл мұңның жөні алабөтен. Жалғасып жатуымен де – қасірет! Міржақып «Қазақ тілінің мұңын» («Ауыл тілі», 27. 07. 1926 ж., №1) шаққанда, бүгінгі тілдің қолданылу көріксіздігіне жүрек ауыртып, ертеңгісіне алаңдап, жоғары лауазымды Мыңбайұлы Жалауға зар-наласын төге сөйлейді. Бұл шенеуніктің қолында зор басқару тетігі болса керек, оның «Ауыл тілі» газетін шығарам, ол тек нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегеніне дәсердей боп қуанып, іші елжірегенін (әрине, Тіл монологы ғой – Қ.Ә.) жасырмайды. «Мұныңа тілектеспін,– дейді «Тіл».– Жорытқанда жолың болсын, жолдасың Маркс, Ленин болсын, сенің не керегіңе мен дайынмын. Бірақ мені қорға, таза сақта, көрінген тілмаштарыңа тағы да қор қылма… Азар коменес болып кетсең де, ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!» Жолдасың – Қыдыр болсын демейді. Нет­кен тапқырлық.
Мұндай сөз соққысы нендей тас жүректі де қақыратып, тітірентіп жіберер. Көздегені де қазақ тілін сиықсыздықтан арылтып, толыққанды қолданысқа енуіне сара жол ашу емес пе еді? Сол мақсатта тайынар ма? Тіл монологы өне бойды шымырлатады. Тұла бойды өксік буады. Тіпті аузыңдағы тілің өзіңдікі емес, өзгенікі секілді ме? Байқап көресің. Иә, өзіңдікі. Бірақ дәмі, нәрі жоқ салақтаған бірдеңе. Тілдің ұшына өткір біз сұғылғандай, қара қан шапшып, тыйылар емес… «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім?».
Аза бойды қаза қылатын, жалғы­зынан айырылғандағы «жоқтау» ма? Қайғылы қара теңеудің қайсысына да лайық шығар. Отқа май құйып, жалынын маздатуын қарашы: «…оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ не керегі бар, босқа қуанған екенмін…».
Тәйір-ай! Тіл тағдырының айнақатесіз қай­талануын қараңызшы! Қазіргі тәуелсіздік заманымызда да қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отыр емес пе? Міржақыптың бір жойқын сөзі бар еді. «Адам не тілесе – Құдай соны тағдыр қылмақшы» деген. Құдды, соның кебі келіп тұрғандай екен… Бүгінгі кейбір шенеуніктердің «ішкі» тілегі тіл тағ­дырының қамы­тындай боп, тал мойынды қысқан үстіне қыса түсетіндей ме?..
Бұрын патшалық дәуірінде тіл мәселесі қазақ, қырғыз, ноғай, башқұрт, өзбек, түрікпен секілді «бұратана» жұрттар үшін зор саяси мәселелердің бірі еді. Ол кезде мемлекет тілі – орыс тілі. Заң-закондар орыс тілінде, оқу-ағарту да орысша болатын. Орыстан басқа жұрттар мекемелерге өз тілінде арыз жазуға, ауызекі мұңын шағуға болмайтын еді… Енді алдағы мүмкіндіктерді саралай келіп Міржақып, Кеңес үкіметі тұсында әр халық өз тілінде оқуға, өз тілінде жазуға, өз тілінде тергеуге тиіс артықшылығын баса жазып, айтуға кіріскен деп түйіндейді. Насихаты – қазақ тілінің кең өркен жаюын күйттеген. Оның түсінігінше, енді мемлекет законінен бас­тап, ауылный комитеттердің ісіне шейін, жазу әр халықтың өз тілінде болуы керек. Бұған енді дау-дамай жоқ. Тек жүзеге шығару ғана қалды. Сүйекке сіңген ескі дерттен құтыла алмай, бұл күнге шейін орыстан хатшы алып отырған болыстар бар, мұның атын өшіріп, енді «орысшалауды» ұмыту керек, – деп Міржақып төте міндет қояды.
Әрине, мұндай парыз бен қарызды түсінушілік жауапкершілігі автономия құрылғаннан бері Республика аумағында тұратын халықтардың өз тілінде сөйлеуге, оқуға, мемлекет істерін жүргізуге мүмкіндік туғаннан кейін сол шараларды жүзеге асырудың жолдары сөз болады. Бұл – тіл мәселесінің маңызын түсіндіру үшін Міржақып бұрынғы патшалық тұсындағы жағдайды еске түсіре келіп, алдымен сол кездің зардаптарынан арылудың қажеттігіне назар аударады.
Автономия құрылып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берілгеннен бері іске асырылған игілікті істермен қатар, мемлекеттік маңызы бар бұл істе әлі де көп кемшіліктер орын алып отырғаны заңды еді. Міржақып осы ретте «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға» деген мақала жазып, онда Қызылорда төңірегіндегі жергілікті әкімшілік орындарында қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу барысында ресми қаулы-қарарларды аудару кезінде жол берілген қателіктер, ана тілінің өрескел бұрмалануын сынға алған еді. Әңгіме бұл сияқты өте шетін істе бақылаусыздық, бетімен жіберушілік болмауы, оны бір орталықтан ұйымдастырып, біліктілікпен жүзеге асыру жайында болып отырғаны белгілі. Мұндай талап, емеурін қазіргі жағдайда да өз күшіне мініп, кең етек жайса, мемлекеттік тілдің көсегесі көгере түсері анық деп ойлаймыз.
Тілге қатысты проблема көтеру «Баспасөз қатесіз болсын!» («Еңбекші қазақ», 7.02.1926 ж., №29) деген мақалада да белең алған. Жарыққа шыққан кітаптар мен мерзімді басылымдарда етек алып кеткен емле қателері мен корректорлық шалалықтардың төркінінде де сауаттың кемшіндігі жататыны белгілі. Сол себепті де автор баспасөзде қателерді болдырмау үшін өз тәжірибесіне сүйене отырып, нақты ұсыныстар енгізеді.
Ана тілін дамытудың маңызын аудармамен ұштастырып талдаған келесі бір мақала «Орысшалаған қазақ тілі» («Еңбекші қазақ», 4.07.1926 ж., №141) деп аталады. Мұнда әңгіме орыс тілінен қазақшаға аударғанда, ұлттық тілдің табиғатын бұзбай, түпнұсқаның мазмұн-мағынасын дәл жеткізе отырып, оны мейлінше жатық, сауатты түрде аудару жайында болған. Яғни аударманың ана тілге нұқсан келтірмей орындалуы хақында талап пен талғамның тең түсіп жатқаны сезіледі.
Иә, ана тілінің нағыз жанашыры, ұлттың ертеңін етене тілімен біте қайнатып, болашағын болжай білген дарагөй, зиялы М.Дулатовтың қайбір сөйлегені де бүгінгінің бүйрегін бүлкіл­детіп жататындай. Кешеден бүгінге келіп, жарықтықтың елесі кезіп, бәрін қолымен қойып, қазақ тіліне деген асқан құрметін жан-жүрегімен білдіріп жүргендей ме? Иә, иә…
Бүгінгі халіміз нешік? Ана тілінің жылдар бойы қордаланып қалған проб­ле­малары біртіндеп, шешіліп жатыр. Ауыз­ды қу шөппен сүртуге әсте болмайды. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бүкілхалықтық талқы­лауға ұсынылғаны күпті көңілді дем­деп, көншіткен сыңайлы. Бірақ тоқмейілсуге әлі ерте… «Тілі бардың, тіріде ақысы кетпейді» дегенді есте мықтап ұсталық.
…Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың туғанына биыл 130 жыл толады. Жылыстап әлі жылдар өте берер. Уақыт алыстаған сайын Міржақыбы халқына жақындай түсер!.. Көп біліп қана қоймай, інжу-маржанның ең керектісін халқын оятуға арнаған ақкөмей, даңғыл ой, кесек тілді дара тұлға Міржақып бүгін ортамызда жүргендей, ертеңге бірге қанаттасып, қолтықтасып бара жатқандай!.. Айтып-айтпай не керек, сөз шындыққа тоқтайды. Және ол Міржақып сөзі болса ше!

Айтулы ақынның іргелі бір жетістігі – «Насихат ғумумия» деп аталатын он жеті бөлімнен тұратын ұзақ өлеңі. Оның дінге қатысты шумақтары да баршылық. «Тарылып дін, дүниеміз бара жатыр, Япыр-мау, білген бар ма – мұны ғажап? Ойламас ертеңгісін не болар деп, Салынып жалқаулыққа біздің қазақ» деп ақын, имандылықтың өрісін кеңейте алмаудың кесіріне шыланып қалмаудың сезігінен сақтандырады. Дінді тек қана апиын ретінде құбыжық етіп көрсетушілердің кері үрдісті пікіріне мойынұсынбайтынын ашық айғақтайды.

Кайсар Алим 2

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті
сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.