Шұбартілді шенеунік кімге өнеге көрсетпек?

Қалың қыртысты қатпар-қатпар тарихы мен тағдыры бар қазақ жұрты әлі де бөтеннің бөтегесіне қарап көмейін бүлкілдетуден арылмай-ақ келеді. Расында, біз тым еліктегіш, елпектегіш, елжірегіш халықпыз. Іштей мойындарсыз, мойындамассыз, бұл сөзіміздің қисынына кейбір қазақ зиялыларының керітартпа тірліктерін әңгімемізге тамызық етіп айтқанда, көзіңіз жете түсеріне шүбәміз жоқ. Мәселен, қазақтар өз тіліне келгенде қисая қалатыны несі осы? «Ол кім?» деп жағамызға жармаса түсеріңізге тағы да күмәнданып отырғанымыз жоқ. Енді біз айтайық, сіз тыңдаңыз.

Жуырда бір жиналысқа бара қалдық. Орысша да, қазақша да ағып тұрған шешендер жеткілікті екен, таңырқамадық. Қуандық. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Мінберге көтерілген бір ғалым ағамыз қазақша мен орысшаны мидай араластырып, өзінше айтқанда «доклад» оқығанда дағдарып қалдық. Залдың жуан ортасында тағы бір ғалым отыр еді, «баяндамаңызды не қазақша, не орысша айтсаңыз, мына қойыртпағыңыздан кейін қараптан-қарап отырып, сыртқа шығып тұра қашқымыз келіп отыр» деп қойып қалды. Бұл енді дап-дардай ғалымның бетіне салып қалғандай оқыс сөз еді. Жиналыстың салмақтылығына қарап таңдаулы тарихшыны танкімен сүйрегендей етіп осында зорға әкелгенде әріптесінің мұнысы несі десті. Әрине, бұл жиналыс иелерінің ойы. Сіз де солай ойлайтын шығарсыз, бәлкім. Мінберде тұрған мәртебелі мейманға мынадай мәндірсіз мәлімдеме жасау мұрат па? Десек те, мінбердегі мәртебеліден гөрі ортадағы оқымыстының ескертпесі майдай жақты. Өйткені сөзін «ладно, ладно, енді тек қазақша сөйлеймін» деген ғалым ағамыз өз сөзінен өзі тайып, бір-екі сөзден соң кібіртіктеп, ақырында «жатық» та, «түсінікті тіл» орысшасына ойысып кетті. Зал қозғалақтай бастап еді «енді үйреніп қал­ған соң, қиын екен» деп қапелімде қате­лі­гін мойындап, мінберден түсті де жүре берді.
Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы кезеңінде-ақ «Тіл туралы» Заң қабылдадық. Сол Заң бірнеше рет түрленді. Қайта-қайта қабылдай берген соң ба, Заңнан да қауқар кетті. Туған тілін менсінбей, қазақша сөйлеуді арсынатын кейбір шенеуніктер қатынас құралының шұрайлылығын шындап сезінуден қалды, шұбарлап сөйлеуді сәнге айналдырды. Ойларын толық жеткізе алмай, не болса соны айтып кететін, өз мүддесі үшін туысын да сатып кететін шіреңбайлар шиебөрілердей әлі де өріп жүр. Анабір жылы бір шенеунік орысшадан тікелей қотарып «мен ойлаймын» деп сөз бастау­ды әдетке айналдырып еді, жанындағы жандайшаптар да, жағымпаздар да, жүгіртектер де мінберге көтерілсе-ақ болды, «бісмілләсін» осылай қайыратын «дерт» тапты. Қазір қай басқосудан да осы «дертті» көріп, жүрегіміз бір дір ете қалатын болды. Бұл олардың сөздерін жинақтап, қазақша сөйлегендегі түрі. Ал қазақша-орысша араластырып, қойыртпақ тілмен заулатқанда кейде өзің де алқалы жиында емес, сатиралық театрда отырғандай сезінесіз.
«Подготовка жасайық», «пеня өсті», «осы бізде порядок жоқ», «біз пәлен қызметкерге поощрение көрсеттік», «суда потерия көп», «прогноз бойынша биыл қыстан қысылмаймыз», «тәртіп совсем осалдап кетті» деген тоңмойын тіркестерді қисынды деуге аузымыз бармай отыр. Бұған құлағымыздың еті өліп кеткені соншама, шешендердің осы сөздерін «таза қазақша» айтып тұрғандай қабылдайтын болдық. Кемшілігі білінбейді. Неге? Өйткені осы қойыртпақ тіркестерді, орынсыз сөз қолданыстарын ести-ести құ­ла­ғымызға сіңісті болып кетті. Бұл жерде құлақтың еш кінәсі жоқ. Кінә сол құлақты қалқайтып, көтеріп жүрген өзі­мізде. Немқұрайлығымызда. Етіміздің өліп кетуінде. Ең сұмдығы – ана тілімізге жанымыздың ашымауында. Бұл қатердің қай жартасқа апарып ұрындыратынын әзірге ешкім болжап айта алмайды. Бірақ осы бұралаң бағытпен кете берсек, бір бәлеге соқтығысатынымыз сөзсіз.
Мінберге можантопай біреу емес, өзін мықтымын деп санайтын бір шенеунік көтерілді. «Биыл шетелден 100 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкелдік. Жылқыны 8000 басқа жеткіздік» деп соғып тұр. Орыста «100 голов овец», «8000 голов лощадей» деген сөз тіркестері бары рас. Дегенмен, қой қайырған қазақ «пәлен бас қойым, түген бас жылқым, мұншама бас түйем бар» деп айтып па еді? «Мүйізді ірі қара» деген де орыс тілінен тікелей аударылған. Қазақ сиырды сиыр дейді.
Жә, сылтау іздесек, сыныққа да желеу табамыз. Әңгіме қойыртпақ тілден біржолата арыла білуде. Тіл тазалығы – ұлт тазалығы. Ал ұлт тазалығы – келешек тазалығы. Бүгініміз таза болмай, ертеңіміз ертегіге айналып кетпейді.
Біздің алаңдап отырғанымыз осы. Шұбартілді шенеунік қойыртпақ, дүбәра сөздерден айырылмайынша, қазақ тілі «ауруынан» айықпайды. Өйткені біздің ұрпақ әлімсақтан алдыңғы буынға еліктеп өседі.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.