Өзімізді неге алдарқатамыз?

Бақытжан Тобаяқтегі,
«Астана қалалық мемлекеттік тіл қозғалысы» төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті, профессор

«Тілі жоқтың – ұлты жоқ» депті Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов, осы іспеттес қанатты сөзді заманымыздың заңғар биік жазушысы, «Адамзаттың Айтматовы» Шыңғыс Айтматов та айтқан екен.
Иә, тіл – ұлттың жаны, рухы. Бұл – аксиома. Ол тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, мәдениеті, өнері, өлеңі, байлығы, мемлекеттің саясаты, тіпті адам ағзасына қандай дәрумен қажет болса, рухына, ішкі жан дүниесіне сондай дәрумен қажет.

Міне, республикамызда «Тіл туралы» Заңның да жарық көргеніне ширек ғасыр – 25 жылдан асып барады. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біраз шаруалар атқарылды, бірақ та шынтуайттап келгенде, әлі де мардымсыз. Мемлекеттік тілімізді барлық салаларға енгізудің жүрісі мимырт, қозғалысы баяу, шабан. «Тіл, тіл» деп қыңқылдай бересіңдер дейді бишікештер, қыңқылдамағанда ше, зарламағанда ше! «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, ұлт зиялыларының шамырқануы жүрекке батуы тиіс. Олардың бастамалары мен игі істерін қолдаудың орнына, біздің шала қазақтар өздерінше «қымыздық пат­риотизм» дегенді ойлап тауып, әжуалағысы келеді. Өз қағынан өздері жеріген өңкей мәңгүрт! Ал керісінше, басқа ұлт өкілдері тілімізді үйренуге құлшыныс байқатуда. Биліктегі космополиттердің тек бергі жағы, бұл проблеманы сылап-сипап қойғысы келеді, ашық қарсы да келмейді, бірақ іштей қарсылық тудыртып, өздерінің көмескі ойларын іске асыруда. Өйткені қазақ тілі үстемдік етсінші, орынтақтарынан айырылып омақаса түседі, себебі жейтін нанын орысша тауып жүр, бала-немерелері шетелде оқуда…
Қазір «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға кірісіп кеттік. Шынымды айтсам, кезінде 1999-2001 жылдары Алматы қаласының Тіл басқармасында істеп жүргенде бірінші он жылдық бағдарламаның (1991-2000жж), екіншісінің (2001-2010жж) жүзеге асырылуына атсалысып едім. Енді, міне, үшінші бағдарламамен «жүздесіп» отырмын. Сонда бас-аяғы 30 жыл туған тілімізді үйренеді екенбіз. Енді қайтеміз, амалдың жоғынан «Ер кезегі үшке дейін» деп өз-өзімізді алдарқатамыз да.
Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп ұран тастады. Бір жағынан, бұл намысыңа тиеді – қазақ тілі осыншама сорлы ма еді? Биліктегілер ғой шыңырауға түсіріп, құрдымға кетіріп отырған! Екінші жағынан, осы сөз амалсыздықтан туған. Бірақ осы ұранның іске асуы ойдағыдай болмай тұр, қазақ бір-бірімен әлі де толық өз ана тілінде сөйлеспей келеді. Герольд Бельгер айтқандай, «қазақ тілі – ауылдың, бейшаралардың тілі». Мәселенің барлық кілтипаны – Ата Заңымыздағы, «Тіл туралы» Заңдағы орыс тілінің «ресми тіл түрінде мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады» дегенінде. Сондықтан ең алдымен заңымызды түзеп алайық. Демек, тез арада «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды қабылдауымыз қажет. Өйткені біз тұрмақ, ормандай орысы бар (120 миллион) Ресей баяғыда «Орыс тілі туралы» Заңын қабылдап алған…
Аталмыш бағдарламаның паспортында айтылғандай, мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы. Бұл Ұлт бірлігі доктринасына сәйкес келетін мақсат. Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік тілдің деңгейін орыс тілінің дәрежесіне жеткізу. Ендеше, жер-жерлерде бұдан былай көзбояушылыққа салынбай іс қағаздарының кіріс-шығыс құжаттары, ішкі құжаттар тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Содан кейін Президент, Үкімет, Парламент делегациялары шетелге шыққанда немесе шетелдіктерді қабылдағанда сұхбат тек мемлекеттік тілде болғаны жөн. Бұл тіпті халықаралық хаттамамен мемлекеттер арасындағы бекітілген ақиқат норма ғой. Оның үстіне 6 халықаралық тілден (ағылшын, араб, француз, испан, қытай, орыс) тікелей тәржімалайтын аудармашы-тілмаштарымыз құдайға шүкір баршылық. Міне, осылайша аталмыш бағдарламаның мақсатында белгіленгендей, мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын көпшілікке таратуды іс жүзінде жүзеге асырар едік. Әйтпесе, тағы да отыз жыл омалып жүретініміз хақ.
Енді тағы бір өте салмақты түйткіл бар. Ол – «Тіл туралы» Заңның 23-бабы. Мұнда мемлекеттік тілді бірінші ретте білуге тиіс мемлекеттік қызметкерлер тізбесі беріледі деген. Осы тармақ пысықталмаған, әлі күнге дейін тізбе жоқ, мұны шала қазақтар жақсы пайдаланып әрі іштен шалып отыр. Сонымен бірге «ҚазТЕСТ» жүйе­сін­дегі сұрақтар сын көтермейді, мүлдем жеңіл, бастауыш мектептің балаларына арналғандай. Кімді алдаймыз? Жалпы айтқанда, мәселенің түйіні – заң бар да, ол нормативтік-құқықтық актілермен жетілдірілмеген. Әрбір заң сауатты, бүге-шігесіне шейін жазылған актілермен құнды. Және де Парламентке ұсынылатын әрбір заң мемлекеттік тілде дайындалуы тиіс. Парламент қоржынында мемлекеттік тілде әзірленген бір ғана «Көші-қон» Заңы бар, оның өзі де толық піспеген. Ал елімізде заңгерлерді даярлаудан бірінші орынға шығыппыз, оларды даярлау нормасынан 45 есе асып түсіппіз. Осылардың ішінен қазақша заң даярлайтын мамандар Аллаға тәу­бе толып жатыр. Енді қолға алатын мез­гіл жетті ғой. Заңдарды сала-сала бойынша барлық министрліктер жасақтап, үй­­лестіруші ретінде Әділет министрлігіне өт­кізуі тиіс. Мұнда осынау министрлікке қа­райтын (әйтеуір, лицензияны солар береді) саңырауқұлақша қаптап кеткен нотариустар әлі күнге дейін тек қана орысша «сайрайды». Осы нотариустар бір тезге салынбай-ақ қойды, бұларға арнаулы заң шығарылса да.
Бағдарламадағы «Дамыған тіл мә­дениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты» атты үшінші мақсаттың терминологиялық комиссия жұмысына әр сала мен мамандықтан білікті, қазақ тіліне жетік мамандар тартылып, оны Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті үйлестіргені жөн. Мамандық пен саланың ерекше­ліктері әр алуан. Мәселен, біздегі бір ғана энергетика саласының бірнеше тармақтары – жылу энергетикасы, электр энергетикасы, гидроэнергетика, баламалы энергия көздері, т.б. бар. Бізде бір таптаурын ұстанған қағида – өндірісте қазақ тілі жүрмейді, терминдер бәрі орысша деген қате пікір, тоңмойындық бар. Медицинаның өзі жүздеген мамандықтан тұрады, соның өзі әжептәуір қазақшаланып келеді. Құдайға шүкір, Өтейбойдақ ғұламамыздың қалдырып кеткен медициналық терминдері қаншама! Соған қарағанда жай бір өндірістегі терминдер саны аз ғана, кісі күлерліктей ғой. Сондықтан өндіріс орындарындағы басшысымақтардың өз-өзінен өрекпуі орынсыз. Бұл тарапта ең үлкен мәселенің бірі – қазақ тілінің ғылым, бизнес тілі болуы. Мемлекеттік тілде қорғалған ғылыми жұмыстар 12-ақ пайыз екен, оның өзінде көпшілігі гуманитарлық салалар бойынша. Ал ұлттық компаниялар мен банктердегі жағдай тіптен сорақы. Бұлар мемлекеттік тіл проблемасын тек қана аудармашылармен шешіп, күн көріп отыр. Бизнес тілі қазақша болмай өрге баспайтынымыз ақиқат, себебі қазір нарық заманы, ал нарықнамада бизнес бірінші орында екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Сонымен бірге министрліктерде, Ұлттық компания­ларда аударма бөлімдері «Мемлекеттік тілді дамыту» бөлімі, басқармасы болып қайта құрылып жатыр. Атауы мүлдем дұрыс емес. Қазақ тілі – дамыған тіл. Сөздік қоры жағынан әлемде төртінші орынға шыққан (650 мың сөз тіркесі). Бірінші орында араб тілі –1 миллионнан астам. Сондықтан «Мемлекеттік тілді ендіру және бақылау бөлімі» деп аталуы тиіс.
Аталмыш бағдарламадағы мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде халықаралық тәжірибе ретінде латыштық жүйені ендірген абзал ма дейміз. Олардың «Слово – бегом» атты бағдарламасы бойынша 60 сағат ішінде 2000 сөз үйреніп, қазақ тілін айналасы 2-ақ айда үйренуге болады екен. Содан кейін бұл тарапта жасы асып кеткендерді, әсіресе басқа ұлт өкілдерін қинап керегі жоқ. Басқа ұлт өкілдерінің ынтасы болса үйрене берсін, бірақ оларды шаужайдан алмайық, ал олардың жастары болашағын Қазақ мемлекетімен байланыстырғысы келсе өздері-ақ игеретіні кәміл. «Мені құртқан көкшолақ» дегендей, өз қандастарымыз ғой жігерімізді құм қылып титықтатып отырған. Ал бұларды мәжбүрлеу керек, лауазымды қызметтерге мемлекеттік тілді жеткілікті дәрежеде меңгермей жайғастырмау қажет. Әйтпесе, олар қазақтың есебінен ұялмай мансап баспалдағымен көтеріледі де, ал өз ана тіліне мұрындарын шүйіріп жүр. Мемлекеттік тілді игеру үдерісін ынталандыру мәселесіне келетін болсақ, тағы да басқа ұлт өкілдерін ынталандыруға болады, ал қандастарымызды – болмайды. Олар шет тілдерін үйренуге қаржысын аямай жұмсайды да, ал өз ана тіліне келгенде… Бірақ та мемлекеттік тілді үйрететін дискілер ұйымдарға тегін таратылып жатыр емес пе?
Кішкентай нәрестенің тіл үйренер ортасы алдымен отбасы болса, сонан соң балабақша. Қазір отбасылық мемлекеттік тілді үйретушілер тәжірибесі орын тебуде. Сәби ана тілімен уызынан жарып, бесік жырымен ауызданса ғана нағыз қазақ бола алады. Ең маңыздысы, балабақшада қандастарымыз тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие алуы тиіс, әйтпесе онсыз да озық, басым орыс не ағылшын тілі белең алып тұрғанда бүлдіршін сол тілдерге бейімделіп кетеді де, ана тілі жайына қалады. Оны көріп те жүрміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.