Бабалар рухы – баянды тарихымыздың бастауы

Таяуда ғана наурыздың 14-інде Маңғыстау жұртшылығы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Амал күнін» атап өтті. Көрісу мерекесі деп аталатын бұл күні қазақ баласы жүздесіп, қол алысып, бір-біріне игі тілектер айтып жатты. Жергілікті тұрғындар, жан-жақтан келген қонақтар дәмнен ауыз тиіп, ән-жыр сайыстарын, ұлттық ойындарды тамашалады. Төменде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағынның мүшесі Сабыр Адай «Амал» мереке­сінің жай-күйі жөнінде ой өрбітеді.

– Қазақ жері қандай кең болса, халқының да тарихы соншалықты терең, сол сияқты ұлтымыздың мәдениеті, салт-дәстүрі де өте бай. Ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымыз негізінен бір болғанмен, еліміздің барлық аймақтарында біркелкі сақталмаған. Азын-аулақ ерекшеліктері болған­дықтан, кейбірі тіпті ұмытыла баста­ғандықтан, бүгінгі жастарға оны түсіндіре кеткеннің еш артық­шылығы жоқ қой деп ойлаймын.
Қазақ халқының жадында сақталған рулық шежіреде бүгінгі қазақ баласының барлығы қазақ атадан өсіп-өнген бір кісінің баласы екендігі айтылады. Мәселе, ұлттық шежіренің ғылыми және тарихи-танымдық зерделеу тұрғысынан қаншалықты нақтылығында емес, тегін іздеп тереңдеген сайын бүгінгі барлық қазақты бір атаның баласы қылып шығаратын тұтастыққа негізделген – тайға таңба басқандай құрылымдық құндылығы мен сабақ­тастығында.
Отпан таудағы қа­ра­шаңы­рақ­тың қарақазаны – ұлттық, тектік рухани мұрамыз. Наурызда «Амал» мерекесінің 13-і мен 14-інде Отпан тауға жиналып, еліміздің әр түкпірінен шақырылған ақсақал­дары мен азаматтары сол ортақ қара­шаңырақтың қарақазанынан дәм татса, жылма-жыл жаңғыртып үр­діс­­ке айналдырса, ұлтымызға бірлік пен бақ, береке мен ырыс-құт келеді.
Дәм тату. Қазақтың «бір күн дәмге – қырық жыл сәлем» дейтіні бар. «Дәм аттаған оңбас» деп жататын да сол қазақ. Қазақтың үйге келген қонаққа: «Наннан ауыз ти, ағарғаннан ауыз ти…» деп қиыла қарағаны – «барымды бөлісіп, ­бауыр болғым келеді» дегені ғой. Осы адал дәстүрді ұлттың ішкі бірлігіне пайдалансақ жаман ба?..
Бата беру. Бата – Алланың тарапынан нұрланып, сәулеленіп рухани күш-қуатқа ие болған шын алғыс пен тілек. Жеке тұлғаның және көпшіліктің жалқы мен жалпыға бағышталған көңіл ілтипаты.
Ат мінгізіп, шапан жабу деген де бір керемет дәстүр бар. Ат – ердің қанаты, шапан – ердің қамсауы, абыройы. Ат мінгізіп, шапан жапқанда да барынша дәріптеп, бағалап, тиісті рәсімдер орындалуы керек. «Бере салу, ала салу, жаба салу, міне салу» сияқты жадағайлық пен жалпақшешейлік құнын кетіреді.
«Отпан таудың» қасиеті жө­нінде кезінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Отпан тау» та­рихи-мәдени кешенінің ашылуы­на қатысушыларға жолдаған құттықтауында былай деген еді:
«Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет – болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол сондай-ақ Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекенжайына айналады деп үміттенемін».
Маңғыстау халқы амал айының (наурыз) он үшінен он төртіне қараған жұлдызында, өз әулетінің қарашаңырағынан бас­тап, ел ақсақалдарына, жасы үлкендерге, ағайын-туыс, жегжат-жұрағаттарға жол-жоралғысымен көрісіп шығады. Осы салт-дәстүрді жалпы ұлтымыздың ішкі тұтастығын нығайтуға пайдаланып жылма-жыл үрдіске айналдырсақ деймін. Аралас­паса, ағайын жат болады. Отпан тау – жержүзіндегі қазақтардың жылына бір рет көрісе келіп дидарласып, туыстық, қандастық махаббатына нәр алатын жері болады. Жалпы ұлттық салт-дәстүр мен өнерді көздің қарашығындай сақтау бүгінгі біздердің парызымыз.
Бірінші. Отпан тау – Қаратаудың ең биік шыңдарының бірі. Сол биік шыңды халықтың сыртқы жаудан қорғанатын тұғырына айналдырып, бабаларымыз жау келген жағдайда «Ұран-от» жаққан. Бірақ бұл мәселенің бір жағы. Оның үстіне кейбіреулер: «Бейбіт заманда ұран-оттың қажеті қанша» деген сөзді алдыға тартып, жоққа шығарғысы келеді. Бірақ ол дұрыс емес.
Екінші. Ұран – ойлануға, белгілі бір іс-әрекетке дер кезінде мән беруге, аса маңызды шаралар мен шаруаларды айшықтап көрсетуге шақыру, көпшілікті қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге қарай жұмылдыру, үндеу. Демек, «Ұран салудың» барлығын бірдей жаугершілік пен жамандықтың шылауына байлап беруге болмайды. Ұлттық ерлік пен елдікке бастайтын рухани мұралардан безініп, жамандық күтетін болсақ, онда, ауыз әдебиетіміздіге ерлік дастандарды, тарихи мұрағаттарды, әскери шерулерді, ұлттық батырларымыз бен қаһармандарымыздың өмір жолы мен еңбектерінің барлығын жоққа шығаруға тура келеді ғой. Сондықтан ұлттық құндылықтарға абай болу керек.
Үшінші. От – жарық, сәуле, жылу, қозғалыс және өнеркәсіп пен өндірістіктің, мәдениеттің күш-қуаты. От – күннің жарығы, айдың сәулесі. Күн – тіршіліктің көзі. Шырақ жағып, май түтету, от жағып аластау да бабалардан қалған дәстүр. Қазақта: «Жалынды жастық», «Сәулелі ғұмыр», «Отты жүрек», «Қазаныңнан ырыс, ошағыңнан от кетпесін», «Көзінде от бар екен», «Жанартаудай лапылдап, жасындай жарқылдап» деген сияқты мақал-мәтелдер мен сөз тіркестері көп емес пе?! Демек, «от» деген сөзден де теріс айналудың қажеті жоқ. Міне, осы айтылғандарды ойға түйіп, Отпан тауда жыл басы – «Амал» мерекесінде Ұран-от жақсақ: жарқын болашақ, сәулелі ғұмыр, жасампаз еңбек, жалынды намыс және бірлік пен берекетке, ұлттық тұтастыққа шақыру деген сөз болып шықпай ма?!
Мысалы, мына мәселеге мән берейік. Амалдың 13-14-де көрісу дәстүрі қазаққа ортақ қағида. Бұрын Маңғыстау халқы көрісу салтанатын әртүрлі деңгейде өткізіп келді. Кейінгі жылдар мейрамханаларда бас қосатын болды. Бәрі де дұрыс, халық ұйғарған нәрсенің жаттығы жоқ. Алайда соңғы жылдары ақсақалдардың шешімімен, мемлекеттік қолдаумен Отпан тау­да бір орталықта өткізіле бастады. Енді, міне, биылғы мерекеге Қазақстан­ның он төрт облысы мен екі қаласынан ақсақалдар, қоғам қайраткерлері шақырылды, ұлтымызға ортақ мерекеге айналудың алғышарттары жасалды. Көрісу салтанаты бұған дейін дәл осылай жалпы қазаққа ортақ мәнге ие болып көрген жоқ. Ұлттық тұтастық пен бірлікке жетелеу деген осы. Қаншама жастарымыз бұл жерді тамашалап, тағзым етіп келіп-кетіп жатыр. Шетелдіктер де, алыстан келген ағайындар да міндетті түрде атбасын Отпанға тірейді. Өзгелер өзін-өзі сыйлайтын ұлтты ғана мойындайды. Бабалар рухы-баян­ды тарихымыздың ­бастауы, оларды көкке көтеріп дәріптеу арқылы, Атамекенімізді, Отанымызды асқақтатамыз. Нәтижесі – осы.

Әңгімелескен
Ақбаян ҚОЖАМЖАРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.