Торғай даласының тарихи атаулары

Қазақ даласындағы жер-су атаулары біздің тарихымыз, ұлттық жадымыз екені белгілі. Атаулар кез-келген елдің тарихынан сыр шертіп, болмыс-бітімінен, халықтың тыныс-тіршілігімен шаруашылығынан, салт-дәс­тү­рінен, тілі мен дінінен хабар береді. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Біздің қазақ жер атын, тау атын әменде сол ортаның сыр-сипатына қоя білген. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, құпия-сыр жатады» деп айтуы тегін емес.

Бүгінгі сөз еткелі отырған Торғай аймағы киелі жер. Торғай губерниясы, Торғай уезі, Торғай облысы, Торғай қаласы, Торғай ауданы, Торғай аймағы, Торғай өлкесі, Торғай даласы, Торғай өзені деген атау сөздер сан ғасырдан бері айтылып келеді. «Қызғанбаңдар, ақындар, мақтауға оны хақым бар. Мен туған жер кішкене Торғай деген аты бар» деп Сырбай ақын жырлағандай, Торғай кішкене емес үйреншікті теңеумен айтқанда кәрі құрлық. Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін, байтақ аймақ. Географиялық тұрғыдан алғанда «Торғай үстірті», «Торғай қақпасы», «Торғай қолаты» деген шартты атау әркімге таныс. Торғай қақпасы батысы – оңтүстік Оралмен, солтүстігі – Батыс Сібір жазығымен, шығысы – Сарыарқамен, оңтүстігі – Тұран ойпатымен ұштасып жатыр.
«Торғай» топонимінің қайдан шыққан­дығы жайлы әрқилы мағлұматтар бар. Сондағы екі нұсқа: қазақ немесе қалмақ сөзі. Тіл маманы Сейітбек Нұрханов бұл сөзді торы қыпшақ пен оғыздың қай тайпасының одағынан, яғни «торы» және «қай» сөздерінен шыққан деген пікір айтады. Бұл пікірді белгілі ғалым Қойшығара Салғара ағамыз да қолдайды. Ал ертеде осы өңірдің басты өзені Сауық атанған, кейін Торғай болып өзгерген.
Ақын Қадыр Мырзалиевтің: «Еркіндік пен елдік үшін Торғайдай, Шырылдаған Торғайсың сен о бастан» деген өлең жолдары бар.
Топонимдердің пайда болуына алдымен тарихи жағдайлар, географиялық орта әсер ететіні белгілі. Халық жердің географиялық ерекшелігіне, белгілі бір тарихи себептерге атау беретін болған.
Табиғи нысандарға атау беруде олардың айрықша белгілері ескерілгенін байқауы­мызға болады. Мәселен, Ұлытау, Алашахан, Домбауыл, Жошыхан, Ұлы Жыланшық, Ақкөл сынды тарихи атаулар бірнеше ғасыр бойы сақталып келеді. Торғай аймағындағы географиялық атаулар, яғни елдің, жердің, судың, көлдің, таудың, қырат пен ойпат, орман, тоғайлардың ертеден келе жатқан жеке-жеке атаулары бар екені белгілі. Әдетте, атаулар белгілі бір себептерге байланысты пайда болады.  Өйткені олардың кездейсоқ қойылуы мүмкін емес.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде бүгінімізді бағамдап, өткенімізге ой жіберіп, елдің, жердің тарихын зерттеу­ге, зерделеуге бетбұрыс басталды. Кешегі Кеңес заманында тарихи атаулар өзгеріске ұшырағаны мәлім. Бұл сол замандағы ұлтсыздандыру саясатының бір көрінісі еді. Еліне еңбегі сіңген тарихи тұлағаларымыз теріс жағынан насихатталды.

Ұлы Жыланшық

Қазақ тарихында ерекше орын алатын киелі өңірдің бірі – «Ұлы Жыланшық» аймағы. Жергілікті тұрғындар ертеде осы өзенде жылан өте көп болған деседі. Атаудың пайда болу себебі «Жыланшық» сөзімен байланысты.
Жыланшық деп аталуының осындай мәні бар. Бастауын Ұлытаудың батысынан алатын «Дулығалы», «Терісбұтақ», шығысқа қарай ойысып барып доғаланып ашасы тарыла келе Ұлы Жыланшыққа жалғасады. Арасында «Шығырлы» аталатын бөліктері және бар. Ұлы Жыланшықтың «Жалаулы», «Ержылан», «Кезауыз», «Ойғы әділ», «Қонжар-тұма», «Сауранбай», «Қызыл-Шатқал», «Ақшатау», «Сәкеннің қасқасы», «Сарбұлақ», «Қарагер аттың жырасы», «Бозатан», «Талдықара», «Зілғара», «Көшек», т.б. қосымша салалары бар. Жыланшықтың солтүстік беті ойлы-қырлы, бедерлі болып келсе, оңтүстік беті көбіне біркелкі әрі тегіс.
Осы өңірде аса үлкен «Жорғакөл», «Алакөл», «Үдербай», «Бегімбет ала көлі», «Көкөлең», «Боқай», «Жарбидайық», «Зәуре», «Кезауыз», «Жарыпшыққан», «Арыстан», «Қарақалпақ», «Қырғы әділ», «Жайықбайдың обалысы», «Оннан», «Кіндікті», «Жарық», «Қоға», «Бірәлінің сасығы», «Түкібай», «Ақкөң», «Бисары», «Дәнен», «Бозшакөл», «Сазанбай», «Дәнсары», «Көшек», «Шиқамыс», «Өгізкөк», «Алабидайық», «Қаратай», «Әліпбай», «Байтума», «Бозатан», «Ендігі ой», «Талғұй», «Тезек», «Доңыз», «Алабұталы», «Айбалта», «Үшбала», «Жетіқыз», «Сарықыз», «Қойсалған» атты сулы, қамыс-қопалы көлдер бар. Кейбір көлдердің аумағы 10 шақырымнан асады.
«Ұлы Жыланшық» өзенінің екі бетінде ертеде мешіт, медреселер көп болған. Соның ішіндегі ерекшесі Дулығалы бойындағы Арыстанбайұлы Құлмұхамед ишан салдырған тоғыз күмбезді мешіт пен 24 бөлмелі медресе. ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің ғажайып жетістігі саналған. Осы медреседе халық батыры Амангелді Иманов оқыған. Батырдың туған жері «Балық» қарасуы деп аталады. Ол мешіттен 8 шақырым жерде.
Жыланшық өзенінің арғы бетінде 25 шақырым жерде Жорғакөл атты көл бар. Көлемі  атшаптырым, суы таяз, көл табаны теп-тегіс. Көл үнемі жел екпінімен қозғалып тұрады. Содан Жорғакөл атанған. Сонымен қатар Жыланшықта Ержылан деген жер атауы бар. Ерте заманда осы жерді ордалы жыландар мекен еткен екен. Сол себепті халық Ержылан деп атайды.

Жолшора

Елсіз жер – иесіз жер болып ұмыт бола бастайды. «Жолшора» атты жер қалмақ батыры атымен аталған екен. Ол осы жерде қазақ батырымен жекпе-жекке шығып, оны аттан құлатады. Аттан құлаған адамның басындағы дулығасы ұшып кетіп, ол қолаң шашты қыз болып шыққан. Қарсыласының әйел адам екенін біліп, әйелмен соғыстым деп намыстанған қалмақ батыры өзін-өзі қанжармен жарып өлтіріпті деген аңыз сақталған.
Торғай даласында тарихи атаулардың бірі – Сырлы там. Сырлы тамға Шыңғыс­ хан­ның әйелі Күлән жерленгені туралы академик Әлкей Марғұланның еңбектерінде айтылады. Құмкешуде осыдан 4-5 мың жыл бұрын жерленген 3 адамның сүйегі 2006 жылы табылса, әріректе Айтбайдан мың жыл бұрын жерленген адам сүйектері табылды. Соңғы екі жылда Қарасу ауылы маңында жүргізілген қазба жұмыстары барысында көне заттар шықты. Жыланшық, Жалаулы, Хантөбе, Қара оба, Ақ оба, Сарторғай, Торғай аймағы әлі толық зерттелмеген.
Кенесары хан
мекен еткен жер

Күні кешеге дейін елдің жердің тарихын жатқа білетін көнекөз қарияларымыз болғаны рас. Олардың жер-су атауларына байланысты білетін шежірелерін жазып алмағынымыз да бүгінде өкінішті жайт. Торғайдың шұрайлы жерлерін кезінде Кенесары хан мекен еткен. «Майқара, Қарасайға бітер қалың, Қошалақ семіртеді арғын малын. Қарасай, Қошалақты мекен еткен бір жылы Кенесары аталарың» деп М.Сералин жырлаған.
«Шошқа көл» деген жер атауының пайда болу тарихы қызықты. Бірде Нау­рызбай батыр елдің игі жақсыларымен көл маңынан өтіп бара жатса, алыстан жабайы шошқа көрініпті. Сонда олар: «Төрем! Сені шапшаң деуші еді, өнеріңді көрсетші,– дейді. Сонда үлкеннің сөзін қимаған Нау­рызбай «Ырыссыздың батыры доңызға шабады деуші еді. Сіздер айтқаннан соң болмас» деп қабанды қуып жетіп қаруын сілтеп жайратып салады. Сол жер «Шошқа көл» атанып кеткен. Тосын болысын – Шеген, Қарақоға болысын – Қыпшақ Тоймағанбет, Сары қопа болысын – Мадияр Бөлтірік басқарған. Тарихи «Ақкөл» ұлтымыздың  рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың туған жері. Ал «Қызбел» Міржақып Дулатовтың туған жері.
Жер-су атауларын айта отырып сол жерлерде өмір сүрген тарихи тұлғаларды айтпай кету жөнсіз болар. Осылардың ішінде діни адамдарының еңбегі халық үшін ерекше еді.
1920 жылдарда соғыстан жеңіліп Қытайға қашқан Анненков пен Дутовтың әскерлері осы Торғай өзені бойымен шығысқа қарай қашып бара жатып жол бойында кездескен елді тонап, жауыздық жасады. Халық қашуға мәжбүр болды. Адамдар сай-саланы, тау-тасты паналап кетті. Жер-жерде оларға қарсы партизандық соғыс басталды. Сол жерлер: «Қамысбай қырғыны», «Орыс өлген көл», «Сарыбел шайқасы», «Ханшабылған қырғыны», «Маятастағы тосқауыл», «Амантоғайдағы қырғын», «Шабылған Қарынсалды» деп аталды.
1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық кө­терілісінің хас батыры Кейкі Көкем­байұлы 1920 жылдары кеңестік жүйенің әділетсіздігіне қарсы шығып соғыса жүріп, алғашқыда Қарынсалды, Тасты өзені бойын мекендеп, кейін Ұлытау аймағына ауысқан. Ұлытау, Арғанаты, Кішітау, Шеңбер, Терісаққан, Сарлық, Жетіқыз, Байтілеу, Маятас, Сарыторғай, Қараторғай өзенінің аңғарларын паналаған. Шеңбер ауылынан 10 шақырым жерде Қараторғай өзенінің солтүстік бетіндегі үлкен жартаста Кейкі үңгірі бар. Бүгінде батырға пана болған орынға халық барып, тағзым етеді. Басына ескерткіш белгі орнатылған. Жезқазғандықтар Қорғасын орта мектебіне Кейкі есімін берді. Қаладағы бір көшенің аты батырдың құрметіне қойылды. Кеңес заманында бұрынғы Жыланшық – Родник, Қабырға – Крупской, Үрпек – Иманов, Збан – Южный болып өзгерсе, тәуелсіздік жылы көптеген тарихи атаулар қайтарылды.

Атанбас ақ ирек

Ерте заманнан тарихи атын жоймай келе жатқан жер атаулары көп. Солардың бірі Торғай қақпасындағы «Атанбас ақ ирек». Торғай жақтан жер беті тегіс болып келеді де «Тегене» сайына жақындағанда жер тік жарланып ар жағы терең ойпат болып, тарам-тарам, ирек-ирек болып 200-300 метрдей ойысқа айналады. Сол жерде жолдың оң жағында көз көрім жерде шөгіп жатқан ақ атандай алып қырат көрінеді. Содан барып осы жер «Атанбас ақ ирек» атанған.
Ерекше жердің бірі Өлкейік Қабырғаның Ақтөбе жақ бетінде «Хан» деген жер. Өзеннің иіріміндегі мүйісте қаптаған қорымдар бар. Әбілқайыр ханды Барақ сұлтан осы жерде өлтірген деседі.
Торғайдан шығысқа қарай 60 шақырым жерде «Көкалат» деген жер бар. «Көкалат»  – Кенесары ханның хас батырларының бірі Шәкір Қараманұлының астындағы атының атауы. Осы ауылда «Шәкір там» деген үлкен қорым бар. Шәкір батыр осы жерде жерленген. Асылы бұл, Шәкір Қараманұлы емес, Түменұлы болуы керек. Осы Көкалаттың іргесінен басталатын Айсаның «Албар бөгеті» 18 шақырымға созылып жатыр. Айса деген болыс болған. Халықты ұйымдастырып 1928-1932 жылдар аралығында осы алып бөгетті қабырға өзенінің жалпақ әрі терең жерінен қолмен салдырған. Елді шабындық, жайылымдық жермен қамтамасыз етіп, егін салдырған ол адамды «Халық жауы» деп ұсталып, 1940 жылдары атылған. 1959 жылдары кінәсі жоқ деп ақталды.
Қабырға өзені мен Торғай өзені арасын­дағы Кенжетай саласынан ұзындығы 10 шақы­рым. Тереңдігі 3 метр, ені 4 метр бұл арықты қолмен қаздырып тегіс жерге су шығарып тары еккізген адам Сары Қош­қар батырдың шөбересі Бижан би. Осы арықтың қазылу кезеңінде елге Әліби Жан­ге­л­дин келген екен. Сол кісінің құрметіне «Әли арық» атанып кеткен. Бұл жер Құм­ке­шу ауылы Құстөбе елді мекеніне қарайды.
Құстөбе деген жер атауы туралы айтатын болсақ, асылы, бұл Құстөбе емес, Қыштөбе болу керек. Себебі ертеде мұнда қыш күйдірген. Құстөбеден әріде 3-4 шақырым жерде «Зертас» деген жер бар. Бұл неше алуан заттар шығарылған жер деген тұжырым бар.  Құмкешу ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Жаңқара деген жер атауының тарихы туралы айтар болсақ, ертеде бір жолаушы Торғай өзені жағасына келіп арғы бетте отырған қарттан судан өтер өткел сұрапты. Қария: «Қарағым суға түспе. Үш күннен бері су Жаңқара! Жаңқара!» деп шақырып жатыр дейді. Жолаушы суға кетіп, атымен батып кетеді.
Міне, байқап отырғанымыздай қазақ жерінің жер-су атаулары жайдан-жай пайда бола салмаған. Әрбір атаудың өзіндік сыры, өзіндік тарихы  бар. Оларды ғылыми зерттеулердің нысанына айналдыра білсек, ата-бабаларымыздың өмір сүрген кезеңдеріндегі әртүрлі оқиғаларды, тарихи жағдайларды тереңірек білетін боламыз.  Торғай даласындағы атауларға байланысты деректер біршама. Ғалымдардың жазған еңбектері де аз емес. Демек, сөзінде құпия жасырынған, ақиқат бейнеленген қазақтың жер-су атаулары жас ұрпақ үшін тұнып тұрған тағылым.

Шөптібай Байділдин,
өлкетанушы, Ы.Алтынсарин атындағы
Арқалық мемлекеттік
педагогикалық институтының
ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. жұмат

    Әдемі ақ. Бірақ,мұнда айтылған көп деректер бұрын ақын Назарбек Бектемісов жазған дүниелерге көбірек ұқсап тұр. Егер, деректер со кісінің жазғандарынан алынса, соны атап көрсету керек еді.Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

  2. Алия

    Құрметті автор не оқырман. Мен өз аталарыиның туған жері мен толық руы жайлы білгім келеді. Атамыз бала күнінде Жыланшық деген жерден жер ауып оңтүстікке келген екен. Руының қыпшақ ,ұзын, жайықбай екенін ғана білген екен. Сол Жайықбайдың ұзынға дейін қай атадан қалай тарағанын білгім келеді. Білетіндер болса ой бөліссеңіздер

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.