Шығай хан

1580 жылы көктемде  Шарапхана өзені  бойында алғаш Ақназар ханның екі ұлын  қаскүнемдікпен аңдаусызда өлтірген шайбандық Баба сұлтан енді солтүстікке қарай жылжып, Ақназар ханның ордасына тосыннан бас салды. Қанды қырғында хан қаза тауып,  ал Шығай бастаған сұлтандардың біразы  бұл қақпаннан сытылып шығып кетті.  Енді Қазақ хандығының тағы тағы да бос қалды. Ақназар ханның соңында қайтыс болған ересек ұлдарынан басқа  бұғанасы қата қоймаған үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы Мұңғатай мен Дінмұхаммед әлі тақты иеленуге дайын емес еді. Осындайда  сұлтандар не істерлерін білмей дағдарысты. Олардың ішінде бұл тұста дүниеден өткен Ақназар ханға ең жақын жүргені Шығай сұлтан еді.

Ол Әз Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның ұлы болатын. Әкесінің о бастан иеленген аймағы Сырдың төменгі ағысынан Арал теңізінің шығысына және солтүтігіне қарай созылып жатқан кең далада өскен ол, ноғайлар Башқұрт жеріне хан етіп бекіткен немере ағасы Ақназар 1537 жылы қазақ жеріне қайтып оралған соң, оның сенімді тірегіне айналды. Билікке деген құмарлығы жоқ, жақынға бауырмал, біртоға да байсалды Шығай сұлтандар арасында да беделді еді. Осы кездерден бастап, ол ағасы Ақназардың моғолдарға және ташкенттік шайбандықтарға қарсы жорықтарына белсенді қатысты. Қазақ хандығы қайта күшейіп, Ақназар хан батысқа, ноғайлардың Шейх-Мамайлық ұрпақтарына қарсы жойқын жорықтарында да  ол ханның сенімді тірегі болды. 1569 жылы күзге қарай Шығай сұлтан Ақназар ханның ноғайлардың билеушісі Дінмұхаммедке қарсы жорығына да басқа жиырма сұлтандармен бірге белсенді қатысты. Алайда орыс патшасы IV Иван астрахандықтарға көмекке жіберген жақсы қаруланған воеводалары ноғайларға көмекке келіп, қазақтарды талқандады. Ұрыс даласында бірнеше қазақ сұлтандарының денелері шашылып қалды. Мұндайдың талайын көрген Ақназар, қайта күш жинап, келесі жылы ноғайларға қайта тиісті. Мұнда да ханды қолдауда Шығай сұлтан ерекше көзге түсті. Өзі бұл кезде о дүниелік болған Бұрындық ханның қызы Дадым ханымға үйленген Шығай сұлтан өзінің туған қайынбикесі Бұрындықтың үлкен қызы Михр-Сұлтан ханым арқылы Бұқар билеушілерімен жақын қатынаста болды. Жалпы, Бұрындықтың Михр-Сұлтан ханымнан басқа тағы екі қызының шайбандық сұлтандарға ұзатылғаны белгілі. Аталмыш қайынбикесінің және одан өсіп өнген шайбандық сұлтандардың бұл аймақта аса ықпалы болып, Самарқанның өзінде де, оның айналасында да үлкен аймақтарды өздерінің меншігінде ұстауы Шығайдың Бұқар билеушісі шайбандық Абдолламен жақындасуына жол ашты.  Мұндай байланыстарда Абдолланың да өз есебі бар еді. Ол Бұқараны билеумен шектелмей, бұрынғы Шайбан әулетінің қол астында болған барлық аймақтарға үстемдік жүргізуді көздеді. Сондықтан да ол Сібірде билікті шайбандық Ибрагим-Ибақтан тартып алған Тайбұға әулетіне қарсы күресуші Көшімді қолдап, оның хан тағына отыруына көмек көрсетті. Қысқа мерзімде Мәуереннахрды өзінің қол астына қаратқан Абдолланың жолына кедергі оған бағынудан бас тартқан ташкенттік шайбан билеуші Баба сұлтан болды. Ол алғаш Ақназар ханмен Баба сұлтанға қарсы бірігіп күресетін болып ант-су ішісіп, одақтасқан еді. Алайда Ақназар хан Баба сұлтанның айла-шарғысының құрбаны болып,   1580 жылы оның төтенше шабуылының нәтижесінде қаза тапқан соң, Абдолла қазақ сұлтандары арасынан жаңа одақтасты іздестірді. Мұндай адам табылды да. Ол жасы келіп қалса да әрқашан асықпай шешім қабылдайтын, байсалды да салмақты, ең бастысы самарқандтық шайбан сұлтандарымен әйелі жағынан бажалық, жегжаттық байланысы бар және әрқашан да Ақназардың мақсатына адал болған Шығай сұлтан еді. Ол о бастан-ақ, жақтастарын жинап, және өзінің Абдолла ханмен одақтастыққа адалдығын мәлімдеп, Талас өзені бойында Баба сұлтанмен шайқасты. Алайда бұл соғыста ол қирай жеңіліп, бар мал-мүлкінен айырылды. Ең бастысы, Талас өзеніне дейінгі аймақты өзіне қаратқан шайбандық Баба сұлтанды жеңетіндеріне енді жергілікті қазақ сұлтандары күмәнданып, олардың біразы Шығайдан ығысып, Баба сұлтанға бағынды. Осындайда қол астындағы елді қорғай алмай, оның үстіне қазақ сұлтандарының сенімінен айырылған Шығай хан амалсыздан бұқаралық Абдолладан көмек сұрауға мәжбүр болды. Ол 1581 жылы маусым айында баласы, болашақ қазақ ханы Тәуекел сұлтанды және т.б. балаларын ертіп Абдолла ханның ордасына келді. Абдолла оны үлкен құрметпен күтіп алып, оның келу құрметіне айран-асыр той ұйымдастырып, зор қошемет көрсетті және оған ихта ретінде Ходжент аймағын сыйлады. Шығай сұлтан өзінің үлкен жанұясын осында, Абдолла өзіне сыйлаған қауіпсіз аймаққа орналастырды. Шығай хан көп әйел алған адам еді. Олардың ішінде алғашқы әйелінен Сайдқұл сұлтан, Ондан сұлтан деген ұлдары, ал екінші әйелінен кейіннен қазаққа бас хан болған Тоқай (Тәуекел) хан, Есім хан атты ұлдары, сондай-ақ үшінші әйелінен тағы да төрт ұлы болды. Сонымен қатар ханның басқа әйелдерінен де Күшік сұлтан, Абылай сұлтан, Әбу Сайд, Шах Мұхаммед тәрізді балалары болды. Ақназар ханның артында қалған екі баласы жоғарыда атап кеткеніміздей, әлі жас болғандықтан, ортақ жау Баба сұлтанға қарсы күресте одақтас бұқаралық Абдолла ханның оны Ақназардың орнына қазаққа хан сайлау әрекетіне қазақ сұлтандары қарсы бола қойған жоқ. Шындығында да, хан тағына отырған алғашқы күннен бастап Абдолламен бірге Шығай Баба сұлтанның соңына түсті және 1582 жылы оны өлтіріп, Ақназар ханның кегін қайтарды. Соғыста аса жаужүрек, дарынды қолбасы бола тұрса да, Шығайдың ата жау шайбандықтармен жақындасуы және солардың ықпалына түсуі қазақ сұлтандарына ұнай қоймады. Ол бұқаралық шайбан сұлтандарымен ғана емес, сібірдегі шайбан ханы Көшімнің бауыры Ахмед-Керейге өзінің бір қызын ұзатып, олармен де туыстас­ты. Осының бәрін  байқап отырған, және шайбандық өзбектерге жұлдызы қарсы қазақ сұлтандары қартайып, күш қуаты қайтқан Шығайдан қашқақтап, мүмкіндігінше одан дербес және аулақ болуға тырысты. Тіптен одан өзінің досы әрі туысы болған Ақназар ханның балалары да бөлек кетіп, оның қарсыласы болып табылатын ташкенттік шайбан билеушілерінің қоластына көшті. Осындайда ешкімге керегі болмай оқшау қалған Шығай қазақ даласындағы билікті балалары Тәуекел мен Есімге тапсырып, өзі кезінде өзіне Абдолла хан сыйлаған Ходжент аймағына көшіп барды. Осында ол жалғыздықты бастан кешіп, құса болып, ешкімге қажетсіз күйде 1582 жылы қайтыс болды. Баласы Тәуекел бастаған қазақ сұлтандары оның денесін Бұқараға жақын маңдағы Құшкент елді мекеніндегі Әлиата қабіріне қойды. Алайда өзінің тағдыры осындай күрделі әрі аянышты бола тұрса да Шығай хан өзінің ұлдарын мемлекетшілдікке, ел басқаруға, қазақ мүддесін қорғау жолында әрқашан батырлық пен батылдық танытуға тәрбиелеп кетті. Тынымсыз қанды жорықтарда және игі жақсылардың басы қосылған алқалы жиындарда есейген ұлдарын өзіне жақын ұстаған және оларды ел басқару ісіне ерте араластырған  ол тұтас әулетке үлгі болды. Әкенің қайраткерлік жолын жалғастырған оның соңында қалған балалары қазақ мемлекетінің билігін, бас тізгінін екі ғасырдай қолдарынан шығармай, сенімді ұстады. Қазақ елін тәуелсіздіктің шұғылалы жолына салып кетті. Басқасын былай қойғанда Шығай хан қазаққа Тәуекел, Есім тәрізді айбарлы да айбынды хандарды тәрбиелеп, лайықты тақ мұрагерлерін кейінге қалдырғаны үшін бүгінгі қазақ тарихында, ірі мемлекет қайраткері ретінде құрметтелуге әбден лайықты.

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, профессор, ҰҒА Құрметті академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.