ҚАРЖАУБАЙ

Саналы ғұмырында ешкімге салмақ салып көрмеген, адалдығынан, әділдігінен еш айнымаған Қаржаубай Омарұлының (Қаржау Айтолқын) дүниеден өткеніне бір жыл. Бірге оқыдық, қатар жүрдік, пікірлес, сырлас болдық. Қарым-қабілетінде мін жоқ еді. Қолы тиген қағаз құлпырып, қандай тақырыпты таңдап, қай жанрға қалам сілтесе де бас-аяғы бүтін, жұп-жұмыр боп шыға келетін. Журналистиканың қым-қуыт шаруасынан бір босаған емес. Газет, журнал, түрлі баспалардың қара нары бола жүріп, көркем әдебиетте, поэзияда ойып тұрып орнын алды. Бұл кез-келгенімізге бұйыра бермейтін сирек бақыт. Соған сай дәреже иемденбегеніне қарамастан Қаржаубай өзінің ұлттық кеңістігімізде қандай орын алатынын, кім екенін біліп кетті. Дарынды адамның тірі кезінде лайықты бағаланбауының бір көрінісін Қаржаубай Омарұлы, Сейтқазы Досымов, Сейсен Мұхтарұлының творчестволық тағдыр талайынан анық байқаймын. Жарық дүниеден тым ерте аттанған әріптестерімнің жан-жақты ізденісін жүйелеп, бүгінгі оқырманмен табыстыруда өзімнің де үлес қосуға тиісті екенімді жақсы білемін. Соншалықты еңбекқор бола тұра Қаржаубайдың мұның жемісін татуға талпынбайтыны қайран қалдыратын. Рас, жазған дүниелері түрлі жабық байқау, бәйгелерден жүлде алып жүрді. Балаларға арналған повестерінің еленбегені кем де кем. Жас оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленіп өткені көңілге демеу.
Кішкентайынан мұң, сағыныштың жүрегіне ұялап, сезімтал да сергек өскенінен, қасындағыларды қас-қабағынан түсінетін. Сірә, сондықтан шығар, кейіпкерлері шетінен қиялшыл, армандары асқақ, титтей қиянатқа жол бермейді. Қаржаубайдың туындыларынан өзінің, әке-шешесінің бейнелерін айқын ажыратуыңа болады. Балаларға арналған «Қоңыраулы бесік», «Әке», «Бала-балапандар», «Көп балалы үй», «Альфа – Ақтөс», «Тірі жетім» хикаяттарынан жазушының туған жері, балалық шағы, бауырлары, ағайын-туғаны, тай құлындай тебіскен достарымен өткерген небір қызықты оқиғаларынан хабардар боп, патриоттық сезімді оятар ықпалын айқын аңғарасың. Үлкендерге құрмет, кішілерге ізет, ана тілін ардақтау, табиғатты қорғау, жеті атаны біліп, тегіңді сақтау, ұлттық музыкаға сусындау тәрізді заңдылықтар Қаржаубай Омарұлының шығармаларында айғайлап айтылмайды, таза ауа жұтқанындай табиғи, титтей дабырсыз санаңа дереу сіңіп жатады. Жас жеткіншектер туралы хикаяттары киноға сұранып тұрғандай әсер етеді өзіме.
Қаржаубай Омарұлы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, «Айдарлы» кеңшарының «Құмшығанақ» ауылында 1946 жылдың 12 қарашасында туған. Кіндік қаны тамған топырақтың ерекшелігі оның қолтаңбасында перзенттік сүйіспеншілікпен айшықталған.
– Нағашым атақты балгер, емші, көріпкел болған, – дегені есімде.
Әлімкәлпе атасының қалың қопаға ұя салған құстарға тигізбейтіні, қаз, үйрек, бірқазан, әупілдек, тырналар туралы түр-түсіне шейін қалдырмай айтатынын басқалардан талай естіген.
Қаржаубай айтқанынан қайтпайтын, кез-келген ойын бүгежектемей батыл білдіретін. Ол жүрегінің қалауымен өмір сүрді. «Бейқам жүргем, бозбалалық құрмағам, Аттың басын қыз-қырқынға бұрмағам» дегеніндей, университеттің журналистика факультетін 1969 жылы аяқтағаннан кейін алаңсыз жазудың машақатына ден қойған. Он екі жыл табан аудармастан облыстық «Жетісу» газетінде тілші болумен қатар проза мен поэзияның тұңғиығына сүңгіді.
«Кеудесінде күн күркіреп, жасын ойнағанымен» Қаржаубай мұны сыртқа білдіре қоймайтын. «Лапылдаған жанартауын» қалайша ішіне сыйғызатынын түсінбейтінмін. «Сен мықты ақынсың, иығыңды көтеріп, бұлқынсаңшы, топты жарып жұлқынсаңшы» деп, қолына су құюға жарамайтын небір пысықайлардың амалын асырып, атағын асқақтатып жатқанын айтқанымда, ақырын ғана «аман жүрейікші» дейтін. Алайда жүрегінде майдай кілкілдеген момақан мінезінен жеріп болғанын жырында өзі де мойындап, әлі асқақтата айтар әні бар екеніне сендірген.
Өмірдің ыстық, суығына көне жүріп, «Жалын», «Балауса» баспаларында ұзақ уақыт жұмыс істеді. «Қазақ елі» газетінде, ҚР Жоғары аттестациялық комиссиясында жауапты хатшы, жетекші ғылыми редактор болды. Қаржаубайға жүктелген істің тиянақты атқарылатыны айдай анық болатын. Көз майын тауысып, бәріміздің татымсыз қаржыға жанқиярлықпен еңбектенгеніміздей, Қаржаубай да өзін аяған жоқ. Тұлабойындағы тума талант оны анау-мынауға иілтпейтін, орайы кеп қалған сәттілікті дөңгелендіріп әкетуге де асықпайтын, қандай қиындыққа да төтеп беріп, бәрін көріп, бәріне көнді. Жабылу, қысқартудың тізіміне іліккен тұстары шамалы мүмкіндігімнің аясында «журналды бірге басқарайық, орынбасарлыққа кел» дедім. Пәлендей ыңғай танытпады. «Қалаған кезіңде соғып, материалдарды дайындап берсең жетеді» дегенімде, үш-төрт жылдан соң ғана «Ақ желкеннің» бөлім меңгерушілігіне келді. Жылдың әрбір айына ертегі арнап, жасөспірімдер табиғатына сай қызықты дүниелерімен журнал беттерін гүлдендіріп жіберді. Бесаспап шеберлігін, төтеден таба қояр ұшқырлығын, ой өресінің биіктігін, көлгөсір білімін жақынырақ байқадым. Баспа, газет, журнал ма, кез-келген ұжымды басқарып әкетерліктей дайындығын осы жылдары анық сездім.
Алпыс жасқа толғанымда, көлемді мақала жазып, өлең арнады. Достыққа адал, қайырымды, әділ, қиянат атаулыға жаны қас, сырға берік, анау-мынаудың кеудемсоқтығын, өктемдігін өзі де баса көктетпейтін. Балалары Толқынай мен Дінмұхамед, жары Мәликені аялап еркелетті. «Димашым «сыныптастарымның әкелері жап-жас, сен неге кәрісің дейді» деп жымиятын. Ұл-қызының қамын жеп, жары әлдеқалай сырқаттанып қалғанда, қатты уайымдайтын, солар қиындық көрмесе екен дейтін.
Алғашқы өлеңдері 1964 жылдан газет, журналдарда жариялана бастады. Қаржау Айтолқын деген бүркеншік атпен шықты өлең кітаптары. Жинақтарына енбеген өлеңдері біршама болуы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, Қаржаудың поэзиясында бұрынғы, соңды ақындарға ұқсамайтын ырғақ, ұйқас бар. Музыканың жүйке, тамырыңды шымырлататындай әсері өзалдына, әр сөзі мән иемденіп, әр шумақтан нақты графикалық суретті көресің. Мұның философиялық тұжырымға жетелейтіні тіпті таңғажайып жәйт. Жалаң патетика мүлдем жоқ, сурет, ой, сезім бір-біріне тепе-тең қызмет етеді. Кез-келген өлеңіне үңілсеңіз, бұған көзіңіз жетеді. Әдетте мұндай өлеңдер мінбеден гөрі оңашада оқылып, ой түйіндеуіңе ықпал жасайды. Қаржаудың көптің алдында көсіліп, көрініп қалуға еш тырыспағаны сондықтан ба екен, кім білсін. Қаржау өлеңдерін дауыстап, тіпті үнсіз оқысаң да ішке түйсікпен ғана қабылдайтын әуендік тылсымына дайын болуың керек. Бұл жөнінде арнайы жазуға болар еді сыншыларға. Өлеңге өзіндік үнімен, ізденіс соқпағымен, бағыт-бағдарымен келгенін алғашқы «Айлы түнгі ән» («Жалын», 1977 ж.) жинағына алғысөз жазған Әбу Сәрсенбаев атап өткен.
1999 жылы Қаржаубай Омарұлы «Ақтөс» прозалық жинағы үшін халықаралық «Алаш» сыйлығын иемденді. «Көп балалы үй», «Ақтөс» повестері мен көптеген әңгімелері, ертегілері топтастырылған, бұл кітабының танымдық, тәлімдік маңызы зор, бала ұғымына лайықты, кейіпкерлері түрлі қылықтарымен көңілге жылылық ұялатады.
Қаржаубай соңғы деміне шейін қаламын тастаған жоқ. 2008 жылдың 9 желтоқсанында «Ұлан» газетінде «Тірі жетім» хикаяты жарияланып, «Талдай білуді үйренейік» деген тақырыппен оқушыларға пікір жазу тапсырылды. Хаттар легі келе бастап, енді жарияланады дегенде, 2009 жылдың 19 қаңтар күні Қаржаубай Омарұлы дүниеден озды. Жас оқырмандарының жүрекжарды пікір, лебізін оқуға үлгермеді. Осынау пікірлерді оқи отырып, Қаржаубай Омарұлы шығармаларының ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік мұра боп қалатынын ұқтым. Соңғы сапарға аттанар алдында 2003 жылдан бастап жалғыз өзі шығарып жүрген мектеп оқушыларымен мұғалімдерге арнаған «Асыл сөз» республикалық газетінің кезекті саны жарық көріп, тіпті келесі санын да дайындап қойыпты. Ауыр дертпен айқаса арпаласқанында, қалай, қашан үлгергеніне қайран қалдық. Шіркін, Қаржаудың жоспары, арманы туған халқының мұң-мұқтажымен, мақсат-мүддесімен астасып, келешекке сеніммен қарайтын. Шағын мақаламда әріптесімнің тұтастай шығармашылығын жүйелеп талдауға әрекеттенбедім. Көбіміз оның ән шығаратынын да білмейтінбіз, сәті түскенде жұртшылыққа ұсынармын дейтін. Ешкімге еліктемедім, өмірден, кітаптан үлкен ұстазым жоқ деп отыратын. Екі жасында қайтыс болған анасын, мақал-мәтелдердің мәйегімен сөйлейтін, кетпенімен жер идірген диқан әкесін, көп ойнаған, көп күлген, көп жылаған, көп қиялдап, армандаған балалық шағын сағынышпен еске алатын.
Неге екені қайдам, бәрібір Қаржаубай тұншығып булыққан, атылмаған жанартаудай елестейді маған. Іштей жанып үгілгендей, іштен жалындап сөнгендей көрініп, бойындағы талант күшінің алай да түлей ақтарылуы әлі де алда сияқты еді. Десек те, журналистік, жазушылық, ақындық, басқа да сан қырлы, сұлу, сырбаз келбетімен жасампаз ерлігін жасап үлгергеніне шүкіршілік. Қаржаубайдың қазынасын төгіп шашпай сақтау, ұсыну, ел игілігіне жарату, насихаттау – тірілердің, біздердің міндетіміз.

Мағира Қожахметова

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.