Көкжалдар жортқан далада

Әбжан ӘБІЛТАЙ

ЕЛДІ БАСТАР МӘҢГІГЕ
ЕҢІРЕГЕН ЕР КЕРЕК

Көріп отыр көзіміз,
Шетімізден батырмыз.
Өзімізді өзіміз
Хан көтеріп жатырмыз.

Қалжыңы ма, мазақ па,
Қажайды дос күлегеш:
«Ешкі баққан қазаққа
Ел басқару түк емес!».

Желіктіріп жазғанды
Күледі жұрт қосыла.
Мадақтаған, мәз болған
Демократияң осы ма?

Егемендік дегеннің,
Елдікпенен түбі бір.
Мың жасайтын еменнің,
Тастай берік тұғыры.

Иә, иә, еменнің
Тамырлары – тұғыры.
Емен – емен,
Ал елдің
Одан да ұзақ ғұмыры.

Ақиқат қып, анық қып
Айттым. Құлмын қоштасаң.
Рухы мықты халықты
Жау алмайды ешқашан.

Сағат сайын құбылған
Заманың бар, күнің бар.
Белін бекем буынған
Көш бастауға кімің бар?

Байламыңды күрмеп пе ең?
Апшыңды бас, абайла.
Дүние-думан дүрмектен
Орныңды тап. Соны ойла.

Тарылмасын өрісің,
Күннен-күнге құтайып:
Осқырынбай орысың,
Қабақ шытпай қытайың.

Көрдің небір зобалаң,
Бөлінгенді бөрі жеп.
Өткеніңнен сабақ ал,
Ендігінің жөні жоқ.

Бұлтақтамай бас алға.
Бар-жоғыңды түгенде.
Оңай емес қашанда
Ұлы болу ұлы елге.

Тәңірі берсін тілеуің,
Қара орманым, қазағым.
Ұлы елім һәм киелім,
Тарқамасын базарың.

Жаныма құт, ем, дауа,
Пейіліңе жарасқан.
Шетсіз-шексіз кең дала,
Шетсіз-шексіз көк аспан.

Осы айтатын әңгімем,
Көп созбайын термелеп.
Елді бастар мәңгіге
Еңіреген ер керек!

Ойлан, жұртым, парықта,
Кімге түспек таңдауың?
Жарылқайтын халықты
Алтын айдар қандай ұл?

ҚАШҚЫНДАР

Көңілім қалды шіренген шенеуніктен.
Сый-сыбаға осы ма сенен күткен?
Парыз қайда?
Ант қайда?
Ұят қайда?
Ақылыңнан не қалды кемел біткен?

Күпірлік-ай!
(ішімнен қарғап тұрмын):
Кетесің-ау сен-дағы алдап бір күн!
Сыртын көрсең
жұп-жұмыр,
жып-жылмағай,
Ішін ашып көрер ме еді
ант атқырдың!

Өзіне-өзі
болған соң кіл сенімді,
Алған беттен,
күмілжіп,
кім шегінді?
Қолдан келер қауқар жоқ.
Кіжінемін:
«Қидырар ма еді қақпанға тірсегіңді!».

Бөлісемін кімменен
күлше-мұңды:
«Қашпайтұғын қалды ма
ұл сенімді?»
Күйінгенде
деуші еді қайран атам:
«Сенген қойым сен болсаң, күйсеуіңді!..».

Бірің – көлгір,
білемін, бірің – «білгір»,
Тірлігіңді көрдім де,
түңілдім бір…
Тым биікте отырып,
түбімізге
Жетіпсің-ау, жетпегір,
түбің құрғыр!

Бірің – тала!
Бірің – шап!
Бірің бүлдір!
Бүлдіруің емес қой мұның бұл бір.
Ең биікте отырып,
енемізді
Ұрыпсың-ау,
түксиген түрің құрғыр!

Түрің жаман еді, ит-ай,
сұрың жаман!
Қанын тартқан ішіне,
құбылмаған!
Қанша қарпып қалсаң да,
құнсыз құлсың
Құлағына  ібіліс сыбырлаған!

Қарғыс атқыр!
Түскенде жан азапқа,
Ақталып көр деп:
«Маған жала жаппа!».
Жиғаныңды арамнан
арқаңа сап,
Алып кетпек қайсың бар ана жаққа?!

Елден аулақ,
көмілмей көрің қалғыр!
Жатқа барып, жайың тап.
Деміңді алдыр.
Жетер енді!
Қор болған мынау елдің
Соқасы мен…
Сорлаған жерін қалдыр!

 НЕ ҚАЖЕТ?

Адамдықты біз қашан ұмытқан ек?
Арман қажет адамға.
Үміт қажет.
Сенім қажет сөнбейтін,
сенделтпейтін,
Содан кейін…
сәл ғана күдік қажет.

Үміт – жолдас,
болған соң арман асқақ,
Сенім – серік,
апарар алға бастап.
Күдік – қатер,
Қатерді ойламаған
Жаза баспақ,
соқпақсыз жолда адаспақ.

Қайрат керек,
қайтпайтын  жігер керек,
Не қажеттің бәрін сол түгендемек.
Небір тамұқ-тұзақтан
түптің-түбі
Алып шығар өр қайрат,
ақыл зерек.

АНАҒА ХАТ
(Сергей Есениннен)

Барсың ба, анам? Бір өзіңе күш тілеп,
Жүрмін мен де, көкірегімде шам жанып.
Саулай берсін үйшігіңнің үстімен
Іңірдегі тіл жетпейтін сол жарық.

Сен мен үшін жүдеп, іштей қамығып,
Дамыл таппай, дауа таппай дем берер,
Сол бір ескі шапаныңды жамылып,
Жолың тосып жүр дейді ылғи көрген ел.

Торғын кеште, қоюында ымырттың
Көзіңе ылғи көрінеді жанжалым:
Құдды біреу алғандай-ақ сұғып бір
Жүрегіме финнің суық қанжарын.

Сабыр, ана! Сезімталсың неге тым?
Жабырқама. Жай әншейін елес бұл.
Дидарыңды көрмей сенің өлетін
Соншалықты мен маскүнем емеспін.

Баяғыдай сүйкімдімін, айыбым,
Ресейде ақын болдым айтулы.
Армандаймын құса-мұңнан айығып,
Біздің ескі лашыққа қайтуды.

Көктем туып, қар жамылған біздің бақ
Жапырағын жайған кезде келем мен.
Бірақ мені бұрынғыдай мазалап,
Оятпашы таңнан, алаң-елеңнен.

Қозғама оны, қайда, қашан қол арттым,
Болмағанды болдырам деп дәметпе.
Өмірде мен көп нәрсені жоғалттым,
Шаршадым да, шалдықтым да тым ерте.

Сыйынуды үйретпе енді. Болды, ана!
Бұрынғыдай болмайды енді бәрібір.
Дертке дауа, дәтке қуат сен ғана,
Сенсің менің жан жұбатар жарығым.

Жә, жүдеме мені ойлаумен қамығып,
Жаным анам, тілейтінім жалғыз-ақ:
Сол бір ескі шапаныңды жамылып,
Жабырқама, қарайлама жолға ұзақ.

Роман Капланға
(Иосиф Бродскийден)

Кешір мені, Роман,
мен жазғанды ұр бетке.
Сері кеше сылқиып,
қалып қойды дүрмектен.

Ақталудан алдыңда
қалмады өзге амалым,
Роман, мен… қашаннан
итпін, ит боп қаламын.

Қалай жуам күнәмді,
(өзім және иудеймін).
«Самауырдан» сірә, енді
маған орын тимейді.

Шақырмайды енді ешкім
мына мендей сорлыны.
Қыз-қырқынға қарау да
маған бүгін болды мұң.

Енді менің қорегім
шелпек қана таратқан.
Тұшпара жоқ, кәуап жоқ,
қағылдым мен тамақтан.

Моисейдей
жапанда шаршап,
қажып, қарманып,
кіремін де кезіккен алдымдағы
барға бір.

кеберсіген ернімді
стақанға апарып,
күбірлеймін:
«Роман, көп жаса!» деп
бата ғып.

ЕСЕНИН АРУАҒЫНА
    (Евгений Евтушенкодан)

О, орыстың ақындары,
бір-біріңе күн бер, сен –
салғыласып жүрсеңдер де неше күн,
бәрімізді ұстап тұрған бір нәрсе:
бәріміз де өзімізше Есенин.

Мен де – Есенин,
бірақ мүлдем өзгемін.
Колхоздағы шымқай қызыл тайым да.
Ресейдей, сәл қатыгездеумін,
Ресейдей, сараңдаумын қайыңға.

Есенинжан,
өзгерді Русь!
Зар қағу,
қынжылу да құр бекерге айып бір,
бәрі жақсы деуге, сірә, – қорқамын,
бәрі жаман деуге тағы – қауіпті…

Жер серігі жерді айналып,
қайырылды!
Аман қалдық кете жаздап құрдымға.
Жиырма миллион жанымыздан
айырылдық,
Қалғанынан –
халықпенен қырғында.

Балта шауып тамырына жадыңның,
Оны ұмытсақ,
жарығында жалғанның,
орыс құсап өзін-өзі
құрбан ғып,
орыс құсап басқаларды
қорғар кім?!

Жә, қайраңдап қалғанымен кемеміз,
Біз Ресейді алға сүйреп келеміз.
Арамызда
оңбаған жоқ демеңіз,
Көсемдер жоқ –
оған-дағы көнеміз.

Сол күндерге көз жүгіртсем мен өткен,
екеуің де ерте кеттің тек әттең, –
сен де, сенің бақталасың – сол арлан –
Тәңір куә, мен төреші бола алман.

Комсомолға бастық болған
бір шартық
жұдырығын түйіп бізге нешеме,
ақын жанын
балауыздай жұмсартып,
дегеніне көндіремін десе де,

оның сөзін елең қылмай, Есенин,
екі өкпемді қолыма алып,
тартынам –
мен де бүгін қайтқандай-ақ меселім,–
жүгіруге комсомолдың артынан.

Соның бәрі
Айседора ханымның
шәлісіндей оратылып күпшекке,
ажал сынды тартады кеп жанымды
жаһаннамға,
жазықсыз деп жүрсек те.

Арақ, тұзақ,
әйелдер де ең дана –
мұның бәрі құтқармайды, кеш, елім.
Орыс жері,
құтқаратын сен ғана,
сенің ғана адалдығың, Есенин.

Баса көктеп
бар жаланың белінен,
орыс сөзі жасай берер, бауырым,
жерге қадап
Есениннің ебімен
Поддубныйша
Еуропаның жауырынын.

ҚЫЗҒАНЫШ
(Евгений Евтушенкодан)

Қызғанамын.
Бұл жайлы бұрын бірақ
Емексітіп, ешкімге тіс жармап ем.
Бір бала бар менен де алымдырақ,
Менен гөрі бәріне құштар және.

Төбелес те дәл соған қол секілді.
Ондай әбжіл,
ондай мәрт болған емен.
Күле алмаймын ол құсап,
ол секілді,
Ұқсасам да ұқсаймын сәл ғана мен.

Көзі-басы көгеріп
жүргені ылғи,
Жанарынан сонда да жасын көрем.
Шынымды айтсам,
ол құсап бірме-бірге
Шыға алмаймын.
Мұнда да ол басым менен.

Кітап алса қолына
қалдырмайды ол
бір жолын да.
Мұнда да ол менен басым.
Қажымайды, қайтпайды.
Болдырмайды ол.
Өзіме аян
дәл ондай бола алмасым.

Туабітті турашыл.
Ол алымды.
Зұлымдыққа үкімін айта алады ол.
«Түк шықпайды!»  деп
атқан қаламымды
«Шығады!»  деп,
қолына қайта алады ол.

Ондай ұлды білгендер мәрт деседі,
Ал мен болсам…
Мен болсам өйтпес едім:
Сүйсе егер ол,
мәңгіге серттеседі!
Шеше алмаса, – тұрмайды, –
шорт кеседі!

Қызыл итті жасырып ішімдегі,
Қылымсимын,
Көңілге көмескі ой кеп:
Қызғанбайтын
монтаны пішінге еніп,
«Бес саусақ та дәл бірдей емес қой»  деп.

«Әркімнің
тумысы өзге әуел бастан»
деп мені жұбатқанмен, ой жетегі…
Бір бала бар бір жерде
менен де асқан,
Мен жетпеген нәрсеге
сол жетеді!

БІЛЕ МЕ?..

Біле ме,
Ертең
Қызуы
Қайтатын кезін
арзандар?
Айтатын сөздің
қызығын
Айтпағандығын
Әбжандар.

Біле ме,
өңшең дарынсыз
орынсыз аты озғанын?
Қазақтың жыры «қалыңсыз»
Қадыры қашып, тозғанын?!

Сезе ме,
сол бір «шеберлер»
Өлеңнің, сірә, не екенін?
Галстук таққан өлеңдер
Түбіне оның жетерін?!

Біле ме,
өңшең дарынсыз
Қымбатқа қолын созғанын?
Сезімсіз,
Ойсыз,
Жалынсыз
Жоғалтқандығын сөз мәнін?

Дайынмын әркез мен оған, –
Өшкен жоқ
өрт пен жанжалдар!
Көкжалдар жортқан даладан
Көшкен жоқ әлі Әбжандар!

АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.