Серік Жанболат: Мен өнерлі отбасында өмірге келдім

Серік Жанболат:

Елге есімі белгілі азамат Серік Мейрам­бекұлы Жанболаттың танымалдылығы 1990-жылдардан бастау алды. «Қазақстан» телеарнасында «Ар» жастар студиясы, «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Тайбурыл», «Үкілі үміт», «Көкпар» секілді жобалардың өмірге келуіне ықпал етіп, «Хабар» агенттігінде «Сәлем, Қазақстан», «Жеті күн», «Бетпе-бет» бағдарламаларының редакторы әрі жүргізушісі болғандығынан көзіқарақты оқырман хабардар. Күнделікті шығатын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің алғашқы редакторы қызметін атқарған. Бүгінде «Алаш айнасы» интернет-порталының бас редакторы.
Президент сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Серік Жанболатпен тілдесудің сәті түскен еді.

 

– Сізді белгілі журналист, тележүргізуші, газет басшысы ретінде жақсы білеміз. Журналистикаға қалай келдіңіз?
– Журналистика біздің әулетке таңсық емес. Әкем Мейрамбек Жанболатұлы бүкіл қазаққа белгілі журналист. Әлі есімде, 6-сыныпта оқып жүрген кезімде көрші сыныпта оқитын Асылжан деген бала «мен филолог боламын, сен ше?» деді күтпеген жерден. Филологтың кім екенінен хабарсызбын, үндемей қалуға намыстанып: «Мен журналист боламын» деп тақ ете түстім. Журналист үйде күнделікті естіп жүрген сөзім болғанымен, оның қандай мамандық иесі екенінен хабарсызбын. Бәлкім, сол кезде менің аузыма Құдайдың өзі сол сөзді салған шығар, кім білсін…
Мектеп қабырғасында жүргенде «Қасқалдақ­тың қаны», «Қыз әулие», «Ескерткіш» секілді әңгімелер жазыппын. Ескі газеттерді қарап отырып, өзім таңғалдым. Ересектер осыны байқаған болуы керек, мектеп бітіре салысымен аудандық газетке қызметке тұрдым. Тәжірибе жинап, келесі жылы Алматыға келіп журналистика факультетіне оқуға түстім. Содан бері қаламым қаруыма айналып, жанымнан табылып келеді.
– Қазіргі журналистер жөнінде не айтар едіңіз?
– Маған осы сұрақты көп қояды. Менің баса айтқым келетіні, қоғам мен журналистика егіз ұғым. Қоғамға қарап, журналистикаға баға бере беріңіз. Екеуін екі бөліп алып, қарастыруға негіз жоқ. Қоғам ала-құла болса, журналистикада да ала-құлалық байқалады. Қоғамдағы ұлттық рухқа қарап, журналистикадағы ұлттық деңгейді бағамдауға болады. Сондықтан мен журналис­тиканы қоғамнан бөлек алып, бәлен-түген деп ештеңе айта алмаймын.
– Әңгімемізді шығармашылыққа қарай бұрсақ. Байқауымызша, өнер ауылынан да алыс емес екенсіз. Өнерге жақындығыңыз, сүйіспеншілігіңіз қай уақыттан басталды?
– Мен өнерлі отбасында өмірге келдім. Өзімнің туып-өскен өлкемде, Семей өңірінің Абай ауданында «Абай халық театры», «Қаламқас» ән-би ансамблі бар. Абай театры Мәскеудің Кремль сахнасында өнер көрсетіп, халықтық деген атақ алып келген кезінде біздің әулеттің 4-5 адамы сол топтың ішінде болған. Әкемнің ағасы Молдабек Жанболатұлы театрдың іргетасын қалағандардың бірі. Әкем Мейрамбек Жанболат елге белгілі сазгер, Бүкілодақтық фестивальдердің лауреаты. Анамыз Үміткен Жәлелова өзінің ерекше даусымен ән салып, талайды тамсандырған жан. Ата-анамыздан өрбіген бес ағайынды «Қаламқастың» сахнасында өстік. Көзімді ашып, есімді білгелі өнер ортасында келе жатырмын. Алғашқы өлеңімді жазғаным да әлі есімде. Бірінші сыныпта оқып жүрген кезім. Үйде бір сүйкімді теке бар болатын. Сүйкімділігі соншалық, аулада бірге асыр салып ойнап, бауыр басып қалған едім. Бір күні сабақтан келсем, әлгі текені сойып тастапты. Анандай жерде басы жатыр. Әбден жыладым, үйдегілерге ренжідім. Ішкі шерімді, мұңымды тарқатып, «Көк теке» деген өлең шығардым. Мұның барлығы текке байланыс­ты болар. Мәселен, мен домбыра, гитара, баян, пианинода еркін ойнай беремін. Кейбіреу таңғалып жатады. Маған қазақтың бәрі солай болуы керек сияқты көрінеді. Өзімнің үш балам да өнерге жақын. Үлкен қызым Әйгерім фортепьяно класын бітірді. Екінші қызым Дана скрипкада ойнайды. Ұлым Әлішер мектепте оқиды, домбырашы, күйші, әнші, барлық аспапты меңгерген. Соның барлығын бұларға ешкім үйреткен жоқ, өз жүрек қалаулары.
– Біраз әндеріңіз бар екенінен хабардармыз. Олардың ел ішінде таралуы қалай?
– Бұл ән дегенің өзі қызық екен. Осы уақытқа дейін оларды жинақтап, реттеп қою қаперіме де кірмепті. Студенттік жылдарда Табылды Досымов, Бауыржан Үсенов, т.б. бар, бәріміз әндетіп жүре беретінбіз. Арасында ыңылдап бір-екі ән шығарып қоясың. Оның біреуі есіңде болса, екіншісі ұмытылып қалады. Қонақта, кішігірім отырыстарда әнімді айтсам, оған тағы бір-екеуі қосылады. Өстіп жүргенде, алғашқы әнімнің бірін Роза Әлқожа орындады. Кейіннен әндерімнің ішінен өзіне ұнаған 2-3-еуін шығарды. Сол-ақ екен, біртіндеп әнімді тыңдап, ырғағын байқап көруге әншілер келе бастады. Олардың өз тыңдарманы бар, әннің ырғағына, өзінің жан дүниесіне сай келетіндерін таңдап алады. Кейде дауысына сай келетін ән жазып бере қояйын десең, ештеңе өндіріп жаза алмайсың. Ән де жүрек қалауымен ғана туатын дүние. Өнерге берілгендігің, әнді сүйетіндігің, жүрегіңнен орын алғандығы соншалық өзіңмен-өзің тапжылмай отырғанда үш-төрт сағаттың қалай жылдам өтіп кеткенін де байқамай қаласың.
Қазір ұзын-ырғасы 70-ке жуық әнім бар екен. «Шығысым менің!», «Семейім – еркем», «Шыңғыстау аруы» секілді және тағы басқа көптеген әндерімді көпшілік жылы қабылдады. Туындыларымның қайсысын алсаңыз да, ұлттық рухтағы, отаншылдықты оятатын дүниелер.
– Қазір кейбір композиторлар өз әндерін сататын болды. Жалпы ән сату дегенге қалай қарайсыз?
– Қазір нарық заманы емес пе?.. Сондықтан композиторлардың бұлай әрекет етуіне түсіністікпен қараймын. Ал өз басым ән сатып көрмеппін. Себебі менің кәсібім журналистика. Мен мақала жазып, еңбекақы табуым мүмкін. Ал ән менің жан қалауым, ойым, арманым. Сол себепті одан бір пайда таба қояйын деген ой менде болған емес.
– «Сағынып өмір сүрейін» атты шығарма­шылық кеш өткізбекшісіз. Несімен ерекшеленеді?
– Бұл жүректен шыққан ән жата бермей, жүрекке жете берсін деген ниеттен туған ой. Ердің жасы елуге де келдік. Ел алдында не тындырдық, елдің игілігіне жарар қызмет атқара алдық па деген азаматтық тұрғыдан туған есеп беру кеші болмақ. Бұл кештің өзіндік бір тың жаңалығы – бұрын көрінбей жүрген жас әншілердің, бұрын айтылмаған жаңа әндердің тұсауы кесілуімен қатар, менің досым Арман Сқабылұлының «Өкпелемеші» атты жаңа кітабының да тұсаукесері өтпекші. Өмірде бәрі өткінші, тек достық қалады. Кейде қарап отырып, достық туыстықтан да жақын ба деп ойлаймын. Кешегі бірге жүрген, артына әнін қалдырып кеткен марқұм Табылды Досымовтың «Өкпелемеші» әнін «Жігіттер» тобының орындаушысы Бағлан Әбдірайымов орындайды. Бірі баянмен, бірі домбырамен айтатын Сәуіржан мен Мерейдің де өнерін тамашалай аласыздар. Сондай-ақ осы шығармашылық кеште өзімнің «Өкпелемеші» атты жаңа әнімнің де тұсауы кесілетінін айта кеткім келеді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Адамда арман көп қой. Менің көкейімді тесіп жүргені, ол – Кейкі батыр туралы роман жазу, драма жазу. «Қалқаман-Мамыр» дастанын драма түрінде қайта жазып шыққым келеді. Басын бастап, түртпектеп те қойдым. Мүмкіндік болса «Еңлік-Кебекті» де қайта жазып шығу ойымда бар. Бұл жерде мен Мұхтар Әуезовтің шығармасын жоққа шығарайын деп отырған жоқпын. Әркімнің өз концепциясы болады. М.Әуезовтің өз концепциясы, менің өз концепциям бар. Заманына, уақытына байланысты әдебиеттің өз ұстанымы, яғни кредосы болуы заңдылық. Сондай-ақ кино өндірісіне сүбелі үлес қосу да көп арманымның бірі.
– Әңгімеңізге рақмет! 8-сәуірде Ө.Жолдас­беков атындағы Студенттер сарайында өтетін «Сағынып өмір сүрейін» (басталуы сағат 19.00-де) атты шығармашылық кешіңіздің сәтті өтуіне тілектеспіз!

Бағдагүл Мұратқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Құрметті Серік аға,Мен Сізді «қазақ журналистикасын жаңа биікке көтере білген жас буынының «өкілі ретінде танитын бауырларыңыздың бірімін.Кезінде Сіз жүргізген телехабарларды да үзбей қарауға тырысатын едім.Өзіңізбен 1989 жылы Торғай қаласында алғаш рет жолыққанда (әзірге ілкі рет) өнерпаздығыңызға да тәнті болып едім.Мына мақаладан Сіз туралы мол мәлімет алдым.Қаламыңыз мұқалмай,талантыңыз тасып,ұлтттық руханниятымызға қомақты үлес қоса беруіңізге әрқашан да тілектеспін.
    Құрметпен қаламдас ініңіз Қабылахат

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.