Ардақтылар есімі – мәңгілік

Елбасының биылғы жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойын  айрықша атап өтетінімізді мәлімдегені, егеменді Қазақстанның Ата Заңының қабылданғанына 20 жыл толатындығы  жүрекке жылылық  ұялатып,  бабаларымыздың арманы болған егемендік-ай деп толқып жүргенде, Нұрлан Дулатбековтың «Алаш ардақтылары» деген кітабын оқыдым. Бұл  жайт онсыз да ойлар  құшағындағы сезім иірімдерін серпілте, жұмбағы мол алысқа тартып,  бұрын байқала қоймаған,  тек  көңіл көкдөнені желдірмесімен жетуге, толқынында толқуға болады-ау деген толғаныстарды бөлісуге жетеледі.

Бойында алты Алаштың қаны бар, жүрегінде ата-баба еккен еркіндіктің дәні бар азаматтың ұлт мұратын мақсат еткен асылдардың асқақ істерін сезіне отырып ойланбауы, жігерленбеуі мүмкін емес екен. Ғажайып сезімдер легі бабалар жолына толғана тың көзқараспен қарауға бұра тартып, тегіміздің тереңіне қарай ұмтылып, тебірене тербелді. Бабаларымыздың жанына тыншу бермеген не нәрсе немесе Алаш ардақтыларына тыныш қана қоғам желісімен өмір сүруге болмады ма деген сұрақтарға үңілуге тура келді. Ой желісін бір арнаға қарай тоғыстырсақ, Алаш асылдарының да, одан бұрынғы көктүрік бабаларымыздың да көңілдеріне маза бермей жетсем деген мұраты, басты мақсаты – тек тазалыққа, адалдыққа, ұмтылу, еркіндікте, бостандықта өмір сүру болғандығын аңғаруға болады. Бұлардан ажыраса жан дүниесінде тыныштық орнай қоймаған. Бұл қалыптасқан дағдыдан біз қазір де алыс кете қойған жоқпыз, сенбесеңіз өз жан дүниеңізге бір сәт уақыт тауып үңіліп көріңізші, байқайсыз, сезінесіз. Арғы тегіміздегі кеңшілікке деген құштарлық көк жүзінде емін-еркін ұшпаса құсалықтан өліп кететін қырандарға ұқсас болған, ал аспанға ұшар қанат адамзатқа бітпегендіктен де қазақ көңіліне жер бетіндегі кеңдік қуат берсе керек, өмір сүру үшін осыншама үлкен жер көлемі қажет те болмауы мүмкін, алайда сол кеңістікті көңілмен сезіну бақыт пен батырлыққа жетелеген болар бабаларымызды. Соған сай басымызға еншілей Алла Тағала жеткілікті жер, кең көңіл берген. Сол жерді ата-бабаларымыз жанымен қорғап бүгінгі күн игілігіне жаратуға жеткізді. Демек, осындай асыл текті қазақ халқы тек қана еркіндік, егемендікте ғана бар болмысын көрсете алады деген сөз. Ұлтымыздың қадір-қасиетін Алаш зия­лылары да негізгі саяси бағдар ретінде ұстанып отырғандығы жасырын емес. Солардың бірі Нұрлан Дулатбеков кітабында келтірілген Алаш асылы Барлыбек Сыртанов Қазақ Жарғысын жоғарыда айтылған ұлттық сипат пен мұсылманшылық негізінде жасағанын және ол сол кезеңдегі Қазақ елінің Ата Заңы деп есептеуге де болатындығын көруге болады.
«Алаш ардақтыларын» оқи отырып, есіме Сарыарқадағы ең биік шың Ақсораң бауырындағы балалық бақытты шақтың гүлге оранған көктемі, жайқалған жазы оралды. Сонау 70-жылдары біздер, бір шоғыр ауыл балалары Жандос, Қабылсаят, Қайролла, Шашубай, Көмекбай, Мұратбек, Нұрлан, тағы басқа көптеген жасұландар мектеп оқушылары едік, өзіміз Қызыларай қияларына қызықтай өрмелесек, қиялымыз шарықтап, биіктерден асып жататын. Шыңның дәл түбіндегі қайнар бұлақтан бастау алған Қаратал өзені тасқындай Балқаш көліне қарай асығатын. Көктемдегі көк жүзімен астаса құлпырған Қараталдың сол бір көктемі-ай десеңізші, шіркін. Кімге де болса өзінің туған жері жер жаннаты ғой. Балғын арманның ақ құсы біздерді тым алысқа алып ұшатын. Ақсораңның ұшар басында тұрып жаһанның жартысын көргендей әсермен Қарқаралыдағы Жиренсақал шыңына көз жеткізуге тырысатынбыз. Неге екенін білмеймін, аталарымыз оқып білім алған Қарқаралыны көргіміз келуші еді. Ол кезде Қызыларай басынан Қарқаралы көрінбейтінін, ал Қарқаралы басынан арқаның күмбезі Ақсораң көрінетінін білмеуші едік. Иә, көп нәрсені білмейтінбіз.Сонан соң Ақтоғай аудандық Арқа еңбеккері газетінің беттерінде армандарымызды тебірене, төгілдіре ақтарушы едік. Газет редакциясында інілерінің қиялдарына сүйсіне қарап Оралбек (Оралбек Жүнісұлы – бүгінде белгілі көсемсөзші) ағамыз отыратын. Алматыдағы Дәуітәлі, Жеңіс, Совет ағаларымызбен тілдесуге қолымыз да, дәрежеміз де жетпейтін. Серік пен Абзалдың балапан жырларын жаттайтынбыз. Ол кездегі қай бала болмасын өскенде ғарышкер, ғалым, мұғалім, жазушы, ақын, спорт шебері болсам деуші еді ғой. Балалық балғын армандар легі Нұрланды бүгінде бір биікке жеткізгендей десек, мұның сыры Алаш асылдары туған өлкеде өсуінде дер едік. Әлихан, Жақып, Әлімхан туған топырақтан су ішіп, ауасын бойымызға сіңіру теңдессіз жан байлығы екенін ол кезде сезінген де, білмеген де болатынбыз. Ұлттық сананың оянуы қалай айтсақ та егеменді ел болғаннан кейін ғана толыса бастағанын мойын­дауымыз керек. Нұрлан бүгінде танымал ғалым, облыс басшысы да болды, оған қуанамыз, десек те, Алаш ардақтыларына құрмет көрсеткен азаматтық еңбегі болмаса бүгінгі мақала жазылмаған да болар еді. Нұрланның Әлихан, Нығмет Нұрмақұлы аталарымыздың ату жазасына кесілгенін, Мәскеу қаласындағы Дон зиратында жерленгенін анықтап, Қарағандыдан арнайы көктас апарып қоюы, Санкт-Петербургтегі бабалар білім алған оқу орындарындағы арыстарымыздың жүрген жолдарына тағзым етуі азаматтық іс. Ол ресейлік ғылыми ортаның қазақ ғылымдарына оң көзқараста болуына ықпал етіп, қазақ интеллектінің ертеден қалыптасқандығын және лайықты ізбасарлармен жалғасып келе жатқандығын дәлелдеді. Ендеше, осы істері арқылы Нұрлан бауырымыз ел тұлғасын танытуға үлес қосып отыр деп әбден айта аламыз.
Иә, ол кездерде біз көп нәрсені білмеуші едік. Қызыларайдан басталып қыз бұрымындай бұрала сәнденген Жіңішке өзенінің бойында, талай ер тұлғалардың кіндік қаны тамған Желтау, Дастардың баурайындағы Талдыбейітте Бөкейхановтар әулеті жатыр, көршілес ауылдарда Жақып Ақбаев деген қазақтан шыққан алғашқы заң магистрі, алғашқы математик Әлімхан Ермеков туған дегендерді еститінбіз. Ол кезде Әлиханның кім болғанын білмейтінбіз. Алашорда мемлекетін құрған, Алаш партиясының жетекшісі болған деген сипаттағы сөздерді ғана құлағымыз шалатын. Басқадай ақпарат көзі жоқ болатын. Тек ел ішіндегі әңгіме. Талдыбейіт жанынан өткенде тоқтап, құлпытастардағы жазуларды оқитынбыз, жазулардың көпшілігі араб қарпімен өрнектелгеніне қарап, «әй, сірә мықты болған-ау» дейміз де, қандай мықтылық екенін пайымдауға шамамыз жетпейтін.Тек есімізде қалғаны бұл ескерткішті қойған Әлихан Бөкейханов деген жазуы бар тақтатас. Әлихан елге келген бір сапарында Шынар ағашын Санкт-Петербург қаласынан әкеліп ата-бабалары жерленген бейітке отырғызған екен. Сол ағаш әлі күнге дейін жайқалып өсіп тұр. Қорымның Талдыбейіт аталуы осы жайтқа байланысты. Қазір Талдыбейіт толықтай мемлекет қамқорлығына алынған. Інілерінің тағзымына риза болып, Мәскеу топырағына мәңгілікке дамылдаған Әлекең де бір аунап түсіп жатқан шығар. Бабалардың ғасырлар бойы армандаған егеменді Алаш елінің дүниеге келгеніне де ширек ғасыр болып қалыпты. Демек, біз бабалар аңсаған ұлы егемендік жолының үстіндеміз.

 

Токеев

Шүкірбай Төкеев

Астана 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Көп сөзділіктен гөрі осындай азаматтық іс дұрыс қой! Алдымен Алла онан соң аруақтар разы болсын! Нұрланға ұзақ ғұмыр тілеймін!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.