Ат құлағында ойнаған қазақ едік…

Қайбір күні ауылда болғанымда, ауыл көшесімен тайына мініп шапқылап бара жатқан бір баланы көріп, қатты қызықтым. Тайға мінген бала көз алдыма қазақтың күллі болмысын бір елестетіп өтті. Дәл осы кезде сол бала құралыптас қала балалары компьютер клубтарында «Контр страйк», «Стратегии», т.б. ойындардың қызығына батып, уақыттарын зая кетіріп отырғанын ойладым. Бәлкім, олар да тайға мініп, атқа мінуді үйренер ме еді, бірақ оған қалада мүмкіндік жасалмаған ғой. Осылайша олар тай мен құнанның, сәйгүліктің не екенін білмей ержетеді. Ал аттан алыс өскен баланың бойында қазақылық болмайды, Шерхан Мұртаза айтпақшы «Бір кем дүние» болып тұрады.  
Иә, қазір бала тұрмақ, үлкендердің өзі атқа мінудің не екенін ұмыта бастағандай. Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, қайталанбас мәдениет пен өнердің ғажайып үлгілерін қалыптастырған халқымыз аттың қыр-сырын жетік білген еді. Дос­памбет жыраудың «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деген сөзі осындайда еске түседі. Кезінде қазақ даласында атбегілік өнердің дамуы өзінің ең биік шыңына жетті десек, қателеспейміз.

Өзіңіз байқап қараңыз, асауды үйрету, бәйгеге шабатын атты баптау, тұлпар мен жабыны айна-қатесіз тану, тай жарыс пен құнан жарыс және өзге жарыстарды қызықты етіп өткізу, әр бәйгенің өзіне сай келетін аттарын, ер-тұрманын, әбзелдерін көркемдік, эстетикалық талғаммен жасау – осының бәрі қазақ халқының жылқыға жақындығын, жылқы мінездес екенін білдіріп тұрған жоқ па? Асылы,  хал­қымыздың бойындағы еркіндік, рух биік­тігінің бір парасы осы жылқы жануары­мен байланысты қалыптасты де­сек, жаң­сақ айтпаған болармыз.
Алпамыстың Шұбары, Ер Тарғының Тарланы,  Ақанның Құлагері сол тұлғалармен бөлінбес, ажырамас бір ортақ ұғымға айналып кетті. Мұның өзі қазақ даласында атбегілік өнердің қандай болғанын байқатып тұрған жоқ па? Жаугершілік замандарда ел мен жерді жаудан қорғаған батырларымыз аттың үстінде жүріп елді қорғады емес пе?!
Ал бүгінгі өмір, әрине, басқа. Біз қазір өкінішке орай атқа мінбейтін, атқа құмартпайтын ұлтқа айналып бара жатырмыз. Жалы төгілген сәйгүлікті көрсек «Паһ, шіркін» деп қызығымыз да қоямыз. Қалалық мәдениетке бой ұрған соң, далалық салтты ұмытып, далалық дүниетанымнан қол үзе бастағанымыз шындық. Өмір салтының өзгеріп, тұрмыс-тіршіліктің басқа арналарға бұрылып кетуінен болар атқа мінбек түгілі, оған жақындауға қорқатын болдық. Ал ата-бабаларымыздың бізге аманаттап кеткен салт-дәстүрін кім сақтайды? Аттан қол үзіп қалу, алыстап кету қазақылықтан айырылу, қазақы мінезді жоғалту деген сөз. Дүрбелең уақыттың, аласапыран заманның ағымымен кетіп баратқандаймыз. Бүгінде аттан гөрі «темір тұлпар» деген сөз сәнге айналды. Атқа міну, ат баптау сән емес, шетелдік темір тұлпар сатып алу сән. Жастардың санасында «Темір тұлпарың болса, мықтысың» деген түсінік орнады. Өстіп, біз бірте-бірте аттан алыстап барамыз. Мұны мойындамасқа амал жоқ.

Атқа мінетін қазақ
азайып кетті

Түп-негізіне келер болсақ, жылқы өсіру, ат баптау, сәйгүлік ­жарату ол да үлкен мәдениет. Еуропаға зер салайық. Ұлыбритания болсын, Франция болсын, бәрі де өздерінің ат спортын әлемге әйгілеп отыр. Көз қызықтыратын иппод­ромдары бар, аттары қандай. Бәрі де сән-салтанатымен жарасым тауып тұр. Ол елдерде ат жарыстарын тамашалауға миллиондаған адамдар жиналады. Ол жарыстарды тікелей эфирден көрсетіп, мақтаныш етеді. Аттың үстіндегі адамды «Жокей» деп ұлықтайды. Шіркін-ай дейміз. Біздің шабандозымыз қайда? Сол еуропалықтарға атқа мінуді үйреткен азиялықтар емес пе?! Бірақ олар мәдениетті сақтау, салт-дәстүрлерін ұлықтау жағынан алғанда бізге қарағанда жинақырақ болып шықты. Сырт елден келген мәдениет болса да, соны көздің қарашығындай сақтап, үкілеп, биікке көтеріп, күллі әлемді тамсандырып, бекзат өнерге айналдырды.
Қазақта дүниеге бала келсе: «Ат ұстарым» келді деп, бала ержетсе «Ат жалын тартып мінді» деп айтады. Баланы ашамайға отырғызу дейтін де салт бар. Баланың өмірге келуі де, ержетуі де атпен байланыстырылды. Әр қазақ үшін баласының атқа мінуі қуаныш, той болды. Сонда деймін-ау, осыншалықты қадір-қасиетке ие болып, ардақталып келген атты қазір құрметтеп жатқан кім бар? Қазіргі қазақтар баласын атқа емес, велосипедке отырғызады. Амал қанша, халқымыздың бойындағы атқа деген құмарлық, қызығушылық өткен замандармен бірге кете ме деп алаңдайсың. Бүгінде соның бәрі бір экзотикаға айналып бара ма деп ойланасың. Себебі бәйгені тамашалауға асыққан жастарды көрмейсің. Көкпарға қаны қызып, көкпаршы боламын деген жастар да азын-аулақ. Әйтеуір, бойымызда атқа деген бір бойкүйездік, самарқаулық пайда болды. Ғылыми-техникалық дамудың салдарынан ба, кім білсін, атқа қай жағынан мінуді білмейтін жастарымыз көбейді. Мақтаулы деген отандық бір кинолардан көріп қалдық, фильмдегі актерлер атқа қамшылар  жағынан мініп жатыр. Аттан түсерде, аяғын аттың бас жағынан айналдырып түскенін көрдік. О заманда бұ заман қазақ қашан атқа қамшылар жағынан мініп еді. Осының өзі-ақ бүгінгі қазақтың атқа мініп-түсуді ұмыта бастағанын айқын көрсетіп тұр емес пе?
Оны айтасыз, атты ерттеп білмек түгілі, қазіргі жастар ат әбзелдерінің түрін ажыратып айтып бере алмаса, таң­ғал­маңыз. Ауылда аттың жалын тарап өскен бала болмаса, тас жолда ержеткен бала атты тек кино-фильмдерден көрген шығар. Осының бәрі неден? Біздің ат мәдениетіне  жеткілікті түрде көңіл бөлмеушіліктен. «Ат – жігіттің майданы» (Махамбет) деп ғұмыр кешкен қазақты бүгін табу қиын.

«Алматыдағы Ипподром
жабылады…»

Неліктен бұлай болды? Заманның өзгеруінен бе, аттың күнделікті өмірі­мізге қажет болмай қалғаны ма? Иә, біз қазір өркениетті болуға ұмтылған елміз. Аттан темір тұлпарды артық көреміз. Өмір салтының өзгергеніне бір дәлел, қазіргі кезде атты көлік етіп жүргендер ауылдық жерлерде бірен-саран бар шығар. Бірақ ауылдағы ағайынның өзі көлік болмаса, атпен алыс жолға шықпайтын болды. Сайын дала төсінен аттың үстінде отырған қойшыны ғана көреміз. Қалалық жердегі жағдай тіпті мүшкіл десек болады. Өйткені қала­лар­да ипподромдар жоқтың қасы. Болса да, оған ағылып барып жатқан халық жоқ.
Біз осы мақаланы жазу барысында Алматыдағы жалғыз ипподромға барып қайттық. Жағдайы мүшкіл екенін көрдік. Есігі тарс жабық. Басынан бақ ұшқан ба дерсіз. Аржағында жүрген адамдар ипподромның қайта жөнделуге жабылғанын айтты. Бір жылға жуықтапты. «КТК» телеарнасы осыдан сәл ілгері күні «Алматы ипподромы ақыры жабылатын болды! Босаған 42 гектар жерге оның қожайыны сауда орталығын салмақ екен. Тек бұған ипподром қызметкерлері үзілді-кесілді қарсы. Егер кешен жабылса, 40-қа жуық адамды жұмысынан айырылғалы тұр. Сондықтан жұмысшылар 85 жылдық тарихы бар мекеменің қайта мемлекет қарамағына өтуін талап етуде. Айта кетейік, ипподром 2011 жылы жеке қолға өткен» деген хабар таратты. 42 гектар жерді алып жатқан ипподром – Алматыдағы ескі кешендердің бірі екені белгілі. Ол 1930 жылы тұрғызылған. Мұнда асыл тұқымды жылқылардың 2 мыңнан астамы бапталған. Тек 2011 жылы сол нысан жекенің қолына беріліпті. Телеарнаға берген сұхбатында  «Алматы ипподромы» қозғалысының жетекшісі Әсел Досыбаева:  «Бұл 85 жылдық тарихы бар кешен. Алдағы 20-наурызда мерейтойы аталып өтуі тиіс еді. Оны құртқанша, неге сақтамаймыз? Мемлекет қайта қарауына алсын. Қазір заң орындарына шағымданып жатырмыз. Орнына түрлі сауда орындары салынады екен» деді.
Сонда ипподром қожайы­ны­ның айтқан сөзін естісеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Шухрат Илохунов есімді басшысы былай дейді: «Иә, ­жабылады. Өйткені пайдасы жоқ. Шығын көлемі жылына 2 миллион шамасында айналады. Негізгі табыс бәс тігуден түсетін. Бірақ енді оған рұқсат бермей жатыр. Сондықтан жабуды ұйғардым» («КТК» телеарнасы, 15.03.15 ж.). Алматыдағы жалғыз ипподромды жау­ып тынатын болсақ, жастарды атқа қа­лай баулымақпыз? Ипподромның жайы белгілі болған соң, біз қаладағы «Конно-спортивный центр» деп аталатын бірнеше орталықтарға хабарластық. Сөйтсек, олар атты табыс табудың көзіне айналдырып алғандай. «Келіңіз, ат бар. Бірнеше түрі бар» дейді. Әрқайсысының шарты әртүрлі. Кейбір орталықтарда атпен шабуға болмайды екен. Жай қыдырыстап қайтасыз. «Жорғалайсыз немесе жай жүресіз» дейді. Хош деп, бағасын сұрастыра бастадық. Сағаты 4 мың. Кейбір жерлерде 5 мыңнан басталады. Қарапайым отбасының қалтасы  мұндай бағаны қалай көтереді? Ата-анасы баласын мұндай орталықтарға бір апарар, екі апарар, әрі қарай ойлана бастайды ғой. Бір сағаттың ішінде бала не үйренеді? Ол атты ерттеуді үйрену керек, үзеңгінің не екенін, ертоқымның қандай болатынын, айылды тартуды, атты ауыз­дықтауды, тізгінді ұстауды, атқа дұрыс отыруды үйренуі керек қой. Осының бәрін үйреніп шығу үшін әр балаға қанша ақша кететінін ойша есептей беріңіз.
«Ат – ер қанаты» дейді халқымыз. Олай болса, ұлт болып тұрамыз десек, аттан қол үзіп қалғанымыз жарамайды. Сондықтан істі Үкімет тарапынан, жергілікті әкімдік тарапынан халыққа қолжетімді түрде, әрбір отбасының қалтасына салмақ түспейтіндей дәрежеде жұртшылыққа ыңғайлы болатындай неге ұйымдастырмасқа? Алматы ипподромының түрі анау, ат орталықтарының шарықтап тұрған бағасын айттық. Демек, бұл салаға мемлекеттік тұрғыдан қолдау керек. Ипподром жұмыс істеп, кез келген адам келіп ат таңдап мініп, өзі де, баласы да атпен серуендейтін болса, қандай керемет болар еді. Сол ипподромның жанынан ұлттық тағамдардан, қымыз бен шұбаттан дәм таттыратын асханалар ұйымдастырылса, тіптен ғажап емес пе? Осының бәрін жасауға болады ғой. Қандай қиындығы бар? Тек ұлттық намыс, ұлттық ой, зерде, ниет керек. Ипподром бола ма, арзан бағадағы ат спортының орталықтары бола ма, олардың жарнамасын жасап, көпті тартатын болса, ол жерлерге халық неге бармайды? Барар еді. Ағылып келер еді. Ал әзірге бұлайша жарнамалап, ша­қырып отырған бірде-бір орталық бол­маған соң, оған адамдардың да қызығушылығы оянбайды.

Ат спортынан еуропалықтар шаң қаптырып кетті

Осы тақырыпты зерттеу барысында біз еліміздегі ат спортының дамуымен де таныстық. Алматыдағы ұлттық спорт түрлері бойынша қызмет ететін олимпиадалық орталықта болдық. Бұл жердің де өз мәселелері жетерлік екен. Ат спортының бапкерімен сөйлесіп көріп едік, біраз жайға қанық болдық. Еуропалық ат спортының дәрежесіне жету үшін бізге әлі көп жылдар керек деді. Азия ойындарында жүлдегер болып жүрген спортшылардың бар екенін айтты. Дегенмен, ат спорты өте қымбат, қаражаттың мол болуын қажет ететін спорттың түрі екенін білдік. «Еуропада ат шабатын құмның өзі арнайы технологиямен жасалады. Ол құм аттың аяғына жақсы әсер береді. Екпінді жүруіне ыңғайластырылған» дейді Рашид есімді ат спортының бапкері. Ат спортынан жарыстар өткізілетін жерді аралап көргенімізде, инфрақұрылымның Кеңес Одағы кезінен бері жаңартылмағанын білдік. Міне, өкінішке орай, жағдай осындай.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық спорт басқармасы басшысы Мақсат Қойшыбаевқа хабарласқанымызда министр­ліктің бұл саладағы құзыреті республиканың қалаларындағы иппод­ром стандарттарын белгілеу екенін айтты. Ал қалған шаруа жергілікті жерлердегі спорт басқармаларына тиесілі екен. Ол бүгінгі таңда ­Астана, Қостанай, Қарағанды, Көкшетау және т.б. қалаларда ипподромдар жұмыс істеп тұрғанын, ат ­жарыстары ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Алайда бізге керегі ат жарысы емес қой. Бәйгелер елімізде онсыз да ұйымдастырылып, өткізіліп жүр. Бұл жағынан кенде емеспіз. Бізге керегі қаладағы қарапайым қазақтың атқа мінуі, ұл-қызын атқа баулуы, аттың қыр-сырын жетік меңгеруі ғой. Министрліктегілер, жергілікті спорт басқармаларындағылар осы жағына көңіл бөлуі тиіс. Бұл ретте мына бір мәселелерді ерекше атап өткен жөн. Біз мектеп оқушыларына ат спортын егжейлі-тегжейлі таныстыратын экскурссияларды ұйымдастыруды қолға алуымыз керек. Бұған Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі ерекше назар аударып, оқушыларды ат әбзелдері жасалатын шеберханаларға апару, жылқы шаруашылықтарының жұмыстарымен таныстыру, ат спортына үйрету сынды жұмыстардан хабардар ету керек. Мәселен, оқушылардың жазғы демалысында жазғы лагерьлер ұйымдастырып, оларды атбегілік өнердің қыр-сырымен таныстыруды неге жолға қоймасқа? Ол жазғы лагерде әр бала атқа мінуді, ат ерттеуді үйренсе, асаудың қалай үйретілетінін көрсе, бәйге аттарының қалайша бапталатынын білсе, сонда ғана баланың атқа деген қызығушылығы оянар еді. Осындай бір шараларды неге ойластырып көрмеске? Біз қалай болғанда жеткіншек ұрпақты жылқыдан алыстамауға, қайта жылқыға үйір болуға тәр­биелеуіміз керек емес пе? Бұған ми­нистр­ліктер арнайы бағдарлама да қа­был­дап, нақты шараларды қолға алуы керек.
Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында «Ұлттық спорт түрлері» деп аталатын кафедра бар екен. Ол кафедраны Қазақстан Республикасына еңбек сіңген жаттықтырушы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Ерғали Мұхитдинов дейтін азамат басқарып келеді. Біз осы кафедраның оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты, ат спортының маманы Кендебай Әбішевтен бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымызға орай пікірін білген едік. Кендебай Әбішев бұған ең алдымен мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлінбей отырғанына қынжылыс білдірді.
– Қазақ атпен ерекшеленген халық. Сол ерекшелігімізді біз сақтап қалуымыз керек. Атқа мінудің ден­сау­лыққа қаншалықты пайдасы бар екенін медицина ғалымдары дәлелдеді. Бұл, біріншіден, салауатты өмір салтын қалыптастыратын өнер. Осынау байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған бабаларымыз аттың құлағында ойнады. Бізде ат спорты дұрыс насихатталмайды. Ата-аналар баласын атқа мінгізбейді. Құлап қаласың, бір жеріңді сындырып аласың деп. Бұл қате түсінік. Адам бала кезінен, жас кезінен атқа мінуді үйренуі  керек. Бұл мықты денсаулықтың кепі­лі, – дейді Кендебай Әбішев.

Теңге ілетін жігіттеріміз, сәйгүлікке сән беретін қыздарымыз қайда?

Ат спорты маманының тағы бір айт­қаны мынау болды. Бізде осы саланың мамандары жоқ екен. «Жоғары оқу орындарында ұлттық спорт түрлеріне байланысты оқу бағдарламалары жасалып жатқанымен, теңге алуды, қыз қууды, аударыспақты, т.б. спорт түрлерінен дәріс беретін мамандар келіп жатқан жоқ» дейді ол. «Ат спортынан 550-600 студентке дәріс оқыдым. Бірақ ұлттық ат спортының түрлерінен дәріс оқитын мамандарды көрмедім. Біз осы салаға бағыттап мамандарды даярлауы­мыз керек. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Өткенде «Қыз қуу» сайысын ұйымдастырып көрейік деп едік, атқа мінетін қыз таба алмадық.  Өйткені бұл спортқа қыздар қатыспайды. Оның себебі, біріншіден, ата-аналарының рұқсат бермеуі. Екіншіден, қыздардың атқа деген қызығушылықтарының болмауы. Сонымен қатар ел арасында кең тараған, ұлт спортының ежелгі әрі ең қызықтысының бірі – теңге ілу ойыны. Теңге ілу – спортшыдан икемділікті, серпінділікті, атқа мығым отыруды керек етеді. Бұл спортымыз да соңғы кезде кенже қалып келеді. Себебі теңге ілуге  берілетін жүлденің, сыйлықтың құны өте төмен, сондықтан бұл спортқа қатысушылар да жоқтың қасы» дейді ол.
Кендебай Әбішев ағамыз ат десе, ішкен асын жерге қоятын азаматтардың бірі. Атқа деген жанашырлығы алабөтен. «Міне, жаңа ғана Ұзынағашта ұйымдастырылған көкпарды тамашалап келіп отырмын. Бес сағат аттың үстінде жүрдім. Қандай керемет!» деп ағынан жарылды. Ол 1990 жылдардың басынан бері бірнеше рет ат спорты бойынша кәсіби клуб ашыпты, алайда онысы түрлі кедергілерге байланыс­ты жабылып қала беріпті. Ат спортын дамытуға байланысты көтерген бастамалары да жүзеге аспай келеді екен. Бұл қандай бастама десек, биыл қыркүйек айының 7-18 аралығында 550 шақырымдық «Алматы-Тараз» әйгілі  аламан бәйгесін (конно-супер марафон) ұйымдастыру туралы бастама екен. Бірақ оған тиісті сала басшыларының тарапынан қолдау болмай қала ма деген алаңдаушылығын жасырмады. «Бұған дейін біз «Жамбыл – 150 жыл», «Түркістан – 1500 жыл» ат бәйгесін өткізбекші болғанбыз, спорттың осы түріне деген немқұрайлықтың салдарынан бұл бастамаларымыз қолдау таппады. Егер көршілес елдерге қарасақ,  түрікмендер 4300 шақырымдық «Ашхабад-Москва» (84 күн), ал қырғыздар «Манас» жырының 1000 жылдығына орай 1609 шақырымдық «Ашхабад-Талас» (51 күнде) ұлы аламан бәйгесін өте жоғарғы дәрежеде өткізді. Осы жарысқа басынан аяғына дейін қатыстық. Міне, ат өнерін ұлықтаудың, әспеттеудің шынайы көрінісі осы емес пе?» дейді Кендебай Әбішев.
Айтса айтқандай. Біз нарық заманына бейімделеміз деп, қолдағы асыл құндылықтарымыздан айырылып қалмауды ойластыруымыз керек. Нарық жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Әркім өзінің бас пайдасын ойлайды.Ал ұлттың пайдасын кім ойлайды? Ұлтқа қажет, ұлттың өркендеуі үшін қажет шаралардан біз неге тартынамыз? Ұл-қызыңызды аттан алыстатпаңыз, ағайын!

Дәуіржан Төлебаев 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.