МӨЛДІР СЕЗІМ жыршысы

1953-1954 жылдары біздің үй Ши­ліде болды. Сол кезде менің есімде қал­ғаны Серікбайдың әкесі Оспанды білмейтін, қадірлемейтін жан жоқ еді елде. Бес саусағынан өнер тамған ұста, керемет ағаш шебері екен. Осекеңде бес қыз болған ғой. Ортасында Серікбай. Кейін жазылған «Түбіт қолғап» деген терең толғанысқа толы философиялық өлеңінде былай дегені бар:
«Жүруші ем сеніп үмітпен
Жалғыз ұлды еске алыпсыз
Жан апа тоқып түбіттен,
Бес саусақ қолғап салыпсыз.
Сонау бір жылдар
Қатер…
Мұң…
Көз алдымнан өтті-ау сәт
Соғыста болған әкемнің
Екі қолында бес саусақ… – деп әкесінің соғыстан қолы кеміс болып оралғанын мұңлы күймен еске алса,
Қамығып өтер қалды күн,
Өкініштің өшті ізі
Артында қалған бар бүгін
Бес саусағындай бес қызы
Еске алар мені ешкім жоқ,
Деп жүрем бәрі ұмытты
Бес саусақ қолғап бес қыз боп,
Жанымды апа жылытты, – деп жан тебірентер сыршыл өлең жазған бүгінгі ақын Серікбаймен сонау алпысыншы жылдардың басында, Торғайда, белгілі журналист, сол кезде аудандық Комсомол Комитетінің бірінші хатшысы ­Сабыржан Шүкіровтің үйінде кездесіп, жақын дос-жар болып кеткен едік. Алматыға оқуға бірге бардық. Халқымыздың дүл-дүл ақыны Сырбай Мәуленовтің шешесі мейірімі мол Алмагүл әжеміздің үйінде бірге тұрдық. Серікбай Алмагүл әжеміздің, Сырағаңның үлкен ұлы Дүйсеннің қамқорлығын көп көрді. Серікбайдың өзі 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Сырағаңның 70 жылдығына арнаған естелігінде мөлтек сырдай ғып жазып еді. Серікбайдың «Тіршілік тамыры» жинағында шыққан мынау өлеңнен үзінді сол кезді еске түсіреді:
«Сыраға сыр айтуға құштар жаным,
Қиялға сізді көріп ұшты арманым,
Осы сіз білесіз бе,
Алғаш рет
Қаламым сіздің үйде ұшталғанын?!
Серікбайдың Сырағаңның, Ға­фаңның қасында жүріп есейгені, бүгіндері халқымызға белгілі ақын екені рас. Оның өмірге осындай сырбаз ақын болып келуі де заңды. Өйткені ол өскен топырақта басқаны айтпағанда, Әбіқай Нұртазаұлы, Ахметхан Әбіқаев, Қайнекей Жарма­ғамбетов сияқты халқымыздың бірегей тұлғалары туған ғой. Бер жағын айтсақ, Серікбай даңқты жерлесіміз, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің жақын туысы. Бесіктегі бүлдіршін кезінен Әбіқай, Ахметхан, Нұрхан жырларына қанығып өскен Серікбай Алматыға келгенде де Сырбай, Қайнекей, Ғафу, Шәміл сияқты қазақтың айтулы ақын ағаларының арасында болып, олармен бірге поэзия сарайының кірпішін бірге қаласты. Алдында қорған болар осындай атақты ағалары, Бақыткерей, Кеңшілік, Серік сияқты қатар құрбылары, артында ерген Қонысбай, Хамитбек, Әбжан, Айбек, Нағашыбай тәрізді тірек болар інілері бар Серікбай бұл өмірде арманы жоқ бақытты жан емес пе?!
Үлкен өмір мен өнер мектебінен өткен бүгінгі белгілі ақын Серікбай Оспанов сонау нарық экономикасы басталып, қаржы тапшылығына ұшырағанға дейін жыл сайын, жыл жарым сайын кітап шығарып, өнімді еңбек еткен. Оның жүйрік қаламынан туған «Жарқын жастық», «Жүрек лүпілі», «Қайнар бұлақ», «Қоңырау гүл», «Алтын арқау тамыры», «Наз қоңыр», «Балдай таудың баурайында» атты жыр жинақтары соның жарқын айғағы. Оның жүректен шыққан өлеңдері оқырман көңілінен шығып, кезінде әдебиет танушылар тарапынан лайықты бағасын алған болатын. Сөйтіп, Серікбай Оспанов бүгінгі күні толған, толысқан сырбаз ақынға айналды. Серікбайдың қалам тартпаған тақырыбы жоқ десе де болады. Оның өмір мен тіршілік туралы оқырманға ой салатын сан қырлы толғаныстары, туған жер мен махаббат туралы жүректің түкпірінен шыққан шынайы сезім жырлары бір төбе. Торғай топырағында туған кемел жырлардан сусындаған Серікбайға жүрегімен сәуле төккен Сырбайдай сыршыл ақын десеңіз де, Нұрхан мен Ғафудай дауылпаз, төкпе ақын немесе Қайнекейдей баллада жанрының майталман шебері десең де сияды. Осы сөзімізге Серікбайдың «Жетелеген ақ арман алға сенім, ақын Нұрхан жырының жалғасы едім» деген өз өлеңі де куә.
Серікбайдың шығармашылық өміріне толық талдау жасау бұл шағын мақалада мүмкін емес. Десек те, бұл жолы кейбір туындыларын еске алып өтсек, артық болмайды. Мәселен, ақынның туған жерге деген сағынышын, толғанысын Сәкеңнің жыр жинақтарынан жиі кездестіруге болады. «Ассалаумағалейкүм, қарт Торғай» өлеңі осындай лықсыған ыстық сезімге толы:
Асыл бар ма адамға өз еліңдей,
Өмір зулап барады өзеніңдей,
Далаң дарқан Торғайым, пейіліңдей.
Өзегімдей.
Жүрегіңді әр тасы тербеп өткен,
Қандай ғажап сағынып елге жеткен.
Сенен жырақ кеттім-ау өлең қуып,
Келіп тұрмын ауылға бала болып,
Үлкенге іні, кішіге аға болып
Пана болып мені кім аялаған.
Қарт Торғай-ау өзіңді ана көріп…
Кім-кімнің де туған жерге деген сезімін қытықтайтын жоғары­дағыдай әдемі жыр жолдары Серікбайда көп-ақ. Солардың ішінде «Торғай», «Торғай топырағы жазған жыр», «Ауылға барар қасқа жол», «Торғай сені келеді гүлге орағым», «Суреті тұр көз алдымда Торғайдың», «Балдай» және тағы басқа көптеген өлеңдері оқушы жадында жатталып қалары сөзсіз. Оқырманның қашанда сүйсініп, тамсанып оқитыны махаббат жырлары. Ақын Серікбай сезімшіл ақын десек жаза баспаймыз.
«Серікбай өлең ырғағына да өзгеше өң беріп, бояу беріп махаббат жырларын қиялға айналдырып жібереді екен» деп белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев кезінде бекер айтпаса керек.
«Бұл жүрек ақыл айтсаң тіл ала ма,
Мен саған ғашық болсам кінәлама.
Шығып-ап тұрмын міне бас айналып,
Махаббат деген биік мұнараға.
Апыр-ау, не қалаймын, шөлдедім бе,
Ақыл-ау, сен сезімге көнгенің бе?
Сор алып келді ме, әлде бағым ба екен,
Оралып қалдым жаным өрмегіңе…
Нағыз ғашық жанның монологы! Осылай лағыл боп жарқырап, оттай боп жанып тұрған махаббат тақырыбына арналған өлеңдер Сәкеңде баршылық.
Түп-тұнығым менің сол түп-тұнығым,
Тұнықтығым – бұл сенің мықтылығың.
Қуаныш боп, махаббат шуағы боп,
Саған ғашық кеудемнен шықты күнім, – деген өлең жолдары да жүректе жыр болып оқылып, ән болып шырқалғандай сезінері сөзсіз. Сол сияқты…
Бұрын байқап ойға алып елеппін бе,
Сыр шертеді екен ғой терек түнде.
Жапырағы сипайды тереземді,
Еске алсын деп ұмытпай сен ектің бе?–
дейтін жыр жолдары да сағыныш сезіміне бөлеп, тербейтіні рас.
Серікбай Оспанов «Жәнібек тархан» атты тарихи поэма жазды. Қазақ поэзия­сында баллада жанрын дамытуға да зор үлес қосқаны даусыз. Соның бәріне жекелеп тоқтай бермей, Сәкеңнің балаларға арналған шығармашылығы туралы бір сөз айта кеткен орынды болар. Өйткені Серікбайдың балауса балдырғандарға арнап жазған көптеген ойнақы өлеңдері сонау сексенінші жылдардан бері «Балдырған» журналында жиі жарияланып, бертін келе «Балауса» баспасынан «Айгүл», «Қайнар бұлақ», «Шашу» деген атпен жеке-жеке кітап болып шықты. Ең кереметі бүлдіршіндерге арналған осы өлеңдердің көбі бүгінде классикалық үлгіге айналып, бастауыш кластардың қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ әдебиеті хрестоматиясына енді. Мәселен, ән жазылған «Ақ бесік» өлеңін алайықшы:
Құшағында бабамның,
Құшағына еніппін.
Сенде жатып анамның
Ақ мамасын еміппін.
Кезге шуақ шашылып,
Мені баурап алыпты.
Анам саған асылып,
Әлди жырға салыпты.
Айналайын ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем,
Әлди, әлди, әлди-ай.
Міне, оқылуында оңай, мазмұны да айқын, көкірегіңде сайрап, жатталып тұратын балаларға арналған осындай тамаша өлеңдердің авторы Серікбай Оспанов екенін орынды мақтан етеміз. Серікбайдың өлеңдеріне жүздеген әндер жазылғаны баспасөз беттерінде талай айтылып, ол әндердің теледидарда, концерт залдарында, халық арасында белгілі әншілер мен көркемөнерпаздар орындап жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Белгілі сазгерлер Ә.Бейсеуов, Қ.Бексұлтанов, Ә.Телғозиев, М.­­Сәді­ба­ев, жерлестеріміз Қ.Деріпсалдин, Ғ.Құрманов оның өлеңдеріне ән шығарды. Ертеректе Ресейдің белгілі әншісі В.Толкунова Серікбайдың сөзіне жазылған «Сағындым Алматымды» әнін «Тамашада» орындағаны көпшіліктің есінде. Осы әуезді ән содан кейін тыңдаушылар жүрегіне жол тауып, ел арасына кең тарап кетті. Бұл композитор Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық өміріндегі ең алғаш жазған әні екен.
Өмір деген өзеннің ағысы тәрізді. «Жас өсіп, жарлы байымай ма» дегендей, қасиетті Торғай топырағына жас талантты қаламгерлер өркен жайып өсіп келеді.
Ал белгілі ақын Серікбай Оспанов ердің жасы жетпіске келіп, сондай-ақ шығармашылығына жарты ғасыр толғандығын ел болып атағалы отыр. Серікбай халқымыздың дүлдүл ақындары Нұрханның, Қайнекейдің, Сырбайдың, Ғафудың ізін басып келе жатқан лайықты мұрагерлерінің бірі. Әсіресе, Сырағаң Серікбайды өзіне өте жақын тартушы еді. Соңғы жылдары сағынса, әңгімелесіп шер тарқатқысы келсе, Серікбайды шақыртып алатын. Шығарып саларда Серікбайға галстугін немесе қаламсабын беретін.
Бір қорап толған сол галстуктер мен қаламұштар Серікбайдың үйінде Сырағаңның көзіндей сақтаулы. Сөйтсек, Сырағаң оларды Серікбайға өлең үміттей келешекте аманат ретінде тапсырған екен. Серікбай ақын Сырбай өнегесін лайықты жалғастырып келеді. Шығармашылық жолы мәңгі таусылмайтын сапар. Серікбайдың халыққа көрсетер қызметі әлі алда. Өлеңсүйер қауым одан келешекте зор табыс кү­теді. Ақын мұраты ел үмітін ақтау. Оған Серік­бай ақынның қаламынан туған мына өлең жолдары жауап беретін сияқты:
«Адаммын, адам болып тіл қатамын,
Жүдеген жүректерді жырлатамын,
Ақ бұлттың арасынан күн боп шығып,
Көз жасын жылағанның құрғатамын»…
Осыдан отыз шақты жыл бұрын Кеңшілік марқұм айтып еді: «Мен баллада жазам ғой, бірақ Қайнекейдей жаза алмаймын, өлең де жазам, бірақ Сырбай мен Ғафудан асу оңай ма?!» деп еді. Сол айтқандай, Секеңнің «Құдайбергеннің домбырасы», «Алғашқы махаббат» туралы балладалары мен «Нұрқан ақын», «Марал ишан», «Жәнібек тархан» поэмалары қазақ поэзиясында лайықты орнын алады. Поэма демекші, дастан жанрында Торғай ақындары мектебі салған сара жолдың орны бөлек. Әсіресе, Нұрхан ақын мен Сырбай поэзиясының Серікбайға ықпалы ерекше. Торғай ауыз әдебиетінің өкілдерінің шығармашылығын терең зерттеген Серікбай олардың өлеңдерінде орамдар мен тіркестің орынды пайдаланылуын, бунақ пен буынның мінсіз өрілетіндігін, тілдерінің көркем айшықтылығын, ғалым ретінде терең зерттеп, талдады. Серікбайдың «Сырбай Мәуленов – журналист, публицист», «Ахмет өскен ақындық орта» деген Ыбырай Алтынсарин жөніндегі туындылар ғылым саласындағы бұрын зерттелмеген тың сала әрі құнды ғылыми еңбектер екенін бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды. Ол бүгінге дейін жиырмадан астам қомақты өлеңдер жинағын берген, қазақ поэзиясында төрден орын алған ақын.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
журналист, әдебиеттанушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. серікбай маханұлы

    ДҮНИЕ КЕРУЕН .
    Барасың қайда асығып ,
    Төбеден Күнді жасырып ?
    Таң нұры жылжып биіктен
    Сәулесін жатыр асырып !

    Тізгілеп барқыт сай – сала ,
    Өзгерді аймақ айнала .
    Қазанын жуып көк нөсер
    Төгеді қаймақ тап – таза .

    Жап – жасыл желек жамылған ,
    Қырлардан гүлдер тағынған .
    Дүниең жалған керуен
    Жылжиды алтын тағынан .

    Айнала толған шаттық үн ,
    Айналып өтті Күн мен Түн .
    Табиғат сырын түсінгін
    Жадырап тұр ғой ашық күн .

    Бояуға малып маңайды ,
    Тоғайда бұлбұл сайрайды .
    Теңеліп бәрі тамаша
    Заманым гүл – гүл жайнайды .

    ҚАРА БҰЛТ .
    Қара бұлт қаптап шың басын ,
    Түйдектей төкті тұнбасын .
    Тал менен терек мүлгиді
    Күткендей болып сырласын .

    Төгесің моншақ селдетіп ,
    Кетасің кейде желдетіп .
    Сағына күтіп Жер – Ана
    Құшағын жайды тездетіп .

    Тоқтаусыз ешбір көшесің ,
    Тау менен тастан өтесің .
    Аспанды тіліп қамшыңмен
    Шартылдап барып өшесің .

    КҮЗ КЕЛГЕНДЕ .
    О , әсем күз келіп қапсың қыратқа ,
    Өрнегіңмен быраз уақыт тұрақта .
    Шуылдаса шөп майысып , жел есіп
    Қозғалады бақтардағы бұтақ та .

    Ақша бұлтпен қалықтайсың нұрлы күз ,
    Өлкемізге еніп тұрсың қанша жүз .
    Аяқ асты шашылмасын ен байлық
    Кезі жетті сағағынан алма үз .

    Жеміс піссе аралайсың ішінде ,
    Дала тұрар алтын түстес пішінде .
    Ызғырық жел маза бермей суытса
    Қараша ғой соғып тұрған күшінде ?

    Кең даладан жан – жануар таппақ нәр ,
    Маусым сайын өзгереді алқаптар .
    Бояуларын мезгілімен өзгертіп
    Кезегімен келіп қалар аппақ қар !

    О , шіркін күз кім сүймейді үніңді ,
    Көңіл – күйге жарасатын түніңді ?
    Мен де сені нақ Абайдай сүйемін
    Айтып тұрмын жүрек жарған шынымды .

    ӨТЕР УАҚЫТ .
    Сағат санап өтіп жатыр жыр уақыт ,
    Кейбір адам өздерін жүр жұбатып .
    Қатар жүрген досың болса наданнан
    Қысылғанда кетер орға құлатып .

    Абайсызда ажал келсе тайсалмай ,
    Бітті өмір дей көрмегін досым – ай ?
    Енші алмай дүниеге із тастап
    Талай дарын өткен екен байқалмай .

    Кім боларын ұрпақтарын білместен ,
    Шығармапты әуен – жырды елестен ? !
    Табиғаттың өмір заңы болмаса
    Жүрер едім дүниеге келместен ! ? .

    ӨЛЕҢ ШАБЫТПЫСЫҢ .
    Қияннан қиял толқып шартарапқа ,
    Өлең боп қонып жатыр ақ параққа .
    Маңырап көгендегі қөзылардай
    Арманым жетелейді жыр бұлаққа .

    Шабытым шарпығанда аспаныма ,
    Ұнамас әлде бәлкім дұшпаныма ?
    Сын айтқын жасырмағын шын сөзіңді
    Сонда мен риза болам достарыма .

    Жазайын қызықтырып алтын өлең ,
    Өмірдің жанып тұрған шамын көрем .
    Лайланып мөлдір суым бозғылданса
    Пәс түспе көңілімнен жарқын бейнем .

    Сен үшін жазықтымын армандарым ,
    Ақын боп неге тудым жаралғаным .
    Жеткізіп бере алмасам ойларымды
    Сырлы сөз жазалай бер махаббатым .

    Зымырап өтер уақыт асықтанып ,
    Жыр құрап отырғанда ғашық болып .
    Өрт алды дауыл соқты шабыттардан
    Нәр сұрап жүрегімнен анықталып .

    Көремін сағыныштың бақыт құсын ,
    Өмірдің аялаған уақыт күшін .
    Әуре ғып ұшып жүрсің өлең шабыт
    Құшаққа қомақталып дұрыс түсін

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.