Отаншылдық сезім отбасында қалыптасады

Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Отбасындағы тәрбие әрбір жан иесінің өзін-өзі сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеуде, алдымен жанұя жағдайы, онда қалыптасқан  моральдік-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күй тікелей ықпал етеді.

Балаға деген таза көңілді жан­ашыр­лық, ата-аналардың бала­ларына деген мейірімі мен қамқорлығы, балалары үшін отқа да, суға да түсуге әзірлігі, өмірлік ауыртпалықтар мен қиындықтардан қорғап, сақтап отыруға тырысушылықтары, саналы тәлім-тәрбие, бала жасынан еңбекке баулулары, жан тазалығына, биік адамгершілік қадір-қасиеттерге талаптандырулары баланың еркін, саналы, жігерлі, мығым, намысшыл, басқаларға мейірімді, адал да таза тұлға ретінде қалыптасуларына ықпал ететін отбасылық ахуал мен тәлім-тәрбие қандай ­болуын білдірсе керек. Әке-шешенің жеке басты үлгі-өнегелері баланың дұрыс тәрбиеленуінің ең ықпалды құралы болып саналады. Ата-ана үлгі-өнегесінің тәрбиелік мәні балаларға тән үлкендерге, олар тарапынан жасалатын жақсы игілікті іс-әрекеттерге еліктеушіліктен туын­дайды. Бала бойында жеткілікті өмір­лік тәжірибе, бейімділік пен икемділік әлі де болса толық қалыптасып бітпегендіктен, ол үл­кендердің мінез-құлқына, жүріс-тұ­рысына, сұхбаттасу мәнеріне, іс-әрекетіне, басқалармен ара-қатынасына еліктейді. Олай ­болса, әке-шеше қарым-қатынасы, өзара сыйластығы, бір-бірін қадірлей, мақтан тұта білулері, үй шаруашылығын келісе отырып шешулері, бір-біріне көмектесіп отырулары, өзара сұхбаттасу қалыптары бала үлгі-өнеге тұтып, қабылдап алып, өзінің іс-әрекетінде жасауға тырысатын қылықтарының сипатын құрайды. Үлгі-өнегелік бағдаршамы ретінде қабылданады. Отбасылық тәрбие бала тәлімінің мәні. Ата-ана тәрбиесі қоғамдық тәрбиемен ұштасады, бірін-бірі толықтырады. Ол тәрбие терең ата-аналық сүйіспеншілік пен қамқорлыққа толы болса, қоғамдық тәрбие балалардың өзін көпшілік ортада ұстай білу қалыптарына бау­лиды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бо­ла­шақ ұрпағымызды тәрбие­легенде оларға жасайтын имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек, тәлім-тәрбие берсек, сонда ғана рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деген болатын.
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру – қазіргі білім саласының басты міндеттерінің бірі. Елбасы ел халқына арналған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отан­шыл­дық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншіліктерін дамытуға тиіспіз және оларды қалыптастыру басты міндеттеріміздің бірі» деген сөзін басшылыққа ала отырып, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса ғана, елдің болашағы зор болмақ дегім келеді. Оқу мен тәрбие үрдісіндегі ата-аналар мен білім беру мекемелерінің ынтымақтастығы мен бірлескен жұмысы ғана жемісті нәтижеге жеткізбек.

Досым МАТЕНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректорының көмекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.