Ассамблея мүшелерінен қолдау күтеміз

Болат Жексенғалиев,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жаңа мемлекеттік идеология десек, мемлекеттік тілдің негізі осы идеямен астарласып жатқаны сөзсіз. Демек, «Мәңгілік Елдің тілі ол – мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі.
Бүгінгі таңда ел алдында уақыт ағымына сай жаңа міндеттер тұр. Ал бұл орайда мемлекеттік тілді тұғырына қондырып, қолданыс аясын кеңейту – өзекті мәселе. Бұған, меніңше, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де белсенді түрде атсалысуы керек.

Қазақстанда тұратын әрбір азамат қазақ тілін жетік біліп, мемлекеттік тілдің қолданысы барлық салада ойдағыдай болмайынша, мәселе өзекті болып қала беретіні анық. Осы тұрғыдан ойласуымыз қажет. Бұл мәселені қоғам болып, ел болып талқылап келе жатырмыз, алайда нақты істердің, нақты нәтиже беретін пәрменді шаралардың жеткіліксіз екені жасырын емес. Әрине, мемлекеттік тұрғыдан атқарылып жатқан іс-шаралар баршылық. Дегенмен, қоғам мүшелері арасында орыс тіліне басымдық берушілік, қазақ тіліне атүсті қараушылық бар. Сондықтан «Мәңгілік Ел» идеологиясының бір маңызды бағыты ретінде мемлекеттік тілдің де насихаты, сонымен қатар талабы күшті болуы керек деп ойлаймын. Насихат болмаған жерде, талап қойылмаған жерде іс өнбейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мемлекеттік тілдің тұғырын биіктету ісіне білек сыбана кіріскенде ғана жақсы нәтижелер шығады. Өйткені Ассамблея пікірі Қазақстан қоғамында әр кез қолдау тауып келеді. Кезінде Елбасының бастамасымен дүниеге келген әлемде баламасы жоқ институттың мүмкіндігі жоғары. Бірлік пен татулықты мұрат еткен ұйымның қанатының астында еліміздегі жүздеген ұлт өкілі, этномәдени орталықтар бар. Бір қуанарлық жайт, қазіргі таңда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ықыласы жақсы, ниеті дұрыс. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, көріп жүргеніміздей, Қазақстанның әр аймағында қазақ тілінде еркін сөйлеп, тіпті қазақ тілінен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері қаншама. Оларды мен Қазақстанның шынайы патриоттары санаймын. Мемлекеттік идеологиясын дұрыс түсініп, қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге сүбелі үлес қосып жүрген жандардың талаптарына нұр жау­сын. Осылай болуға тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тіліне деген осындай көзқараста болса, яғни мемлекеттік тілді бір кісідей меңгеріп алса, мәселе өздігінен шешілер еді ғой. Өкінішке орай, біз бұл дәрежеге әлі жете алмай келеміз. Демек, бұған еліміздегі әрбір азамат үлес қосуы керек. Неге? Өйткені тілді үйренетін де, сол тілді күнделікті өмірде пайдаланатын да – жеке адам. Әрбір жеке адам, жеке тұлға мемлекеттік тілді білмесе, онда тіл саясатының бөлініп жатқан қаражаттың да зая кеткені емес пе?! Себебі бізге нәтиже керек. Нәтиже қол жеткізу үшін кешенді шараларды атқаруымыз қажет.
Ресми орындардың мәліметтеріне сүйенсек, тіл саясаты кезең-кезеңмен іске асуда. Балабақшалар мен мектептер ашылуда, мемлекеттік тілді оқып-үйренушілер саны артуда. Қазақ тілінде іс жүргізу де мемлекеттік тілде қалыптасып келеді. Десек те, осы жылдар ішінде тіл саясатын жүргізуде шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де күн тәртібінде тұрғаны жасырын емес. Біз қанша іс атқардық дегенімізбен, соңғы нәтиженің орны бөлек екені белгілі. Әдетте біз тіл саясатын ойдағыдай іске асырудамыз деп өзімізге өзіміз есеп береміз. Ал біз еліміздегі тіл саясаты мен тілдік ахуал туралы өзге, шетел сарапшыларының пікір-ойларына назар аударып көрдік пе?
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанмен, іс жүзінде толық мәндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріле қойған жоқ. Елдің, жердің иесі қазақ ұлты өз жауапкершілігін толық сезінбей отыр. Мемлекеттік тіл мемлекеттік идеологияның қазығына айналмағандықтан да қазақ мектептерінде оқитын өзге ұлт өкілдерінің балалары 10 пайызға да жетпейді, ал қазақ балаларының үштен біріне (30%) жуығы орыс тілінде білім алуда.
Осы кезге дейінгі біз қолданған мемле­кеттік тіл саясатын іске асыру тетігі уақыт талабына сай болмай отырғаны рас. Қазақ тілінің қоғамдағы сұранысы мен қажеттілігінің төмендігі бұған айқын дәлел. Ғылыми негізделген, тұрақты да жүйелі істен алдын ала ұйымдастыру мен есеп беру сипатындағы науқандық шаралар басым болуда.
Тілді мәжбүрлеп үйрету мүмкін емес. Сонымен бірге қандай тілді болса да халық тек ол қажеттілік пен сұранысқа ие болғанда ғана меңгеретіні рас. «Мемлекет сол қажеттілікті тудыру үшін қазақ тілінің кеңінен қолданылуын талап ететін тетіктерді пайдалануы қажет» (У.Фиерман). Сондықтан да Мәңгілік Елдің ұлы рухани құндылығы мемлекеттік тілдің барлық өркениетті елдердегі сияқты Конституциялық мәртебесіне сай қолданылуына қол жеткізу, қуатты ұлттық идеологияның негізі болатын мемлекеттік тіл идеологиясын қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Әрбір Қазақстан азаматы бұл істі өзімнің ісім, мемлекеттік тіл менің тілім деп қабылдағанда ғана  бұл бағытта түбегейлі өзгерістер болатыны аян. Ал мемлекеттік қызметшілер мен түрлі деңгейдегі халық қалаулылары, Ассамблея мүшелері осы үрдісте өзгеге үлгі болатын кез келген жоқ па?
Ең алдымен, мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлты өзінің тарихи миссиясын толық түсінуі керек. Мәңгілік Елдің мәңгілік тілін ұлт бірлігінің басты факторына айналдыра білуі тиіс. Жалпы, мемлекеттік тіліміз туралы айтқанда, бар мәселе қазақ қоғамының өзіне келіп тірелетіні анық.
Сонымен бірге осы жалпыхалықтық міндеттерді орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясының да шешуші сөз айтатын кезі келді. 20 жылдық тарихында ел, ұлт тұтастығының негізіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа кезеңде жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісінде де тек алдыңғы қатарда болуы тиіс деп білемін. Елбасы бір сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқының мем­ле­кеттік тілді меңгеруге бағытталған жалпы­ұлттық үрдісіне бастаушы болуы тиіс» деген болатын. Сондықтан да Ассамблея жылында Ассамблея мүшелері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» шарасын, елімізде мемлекеттік тілді жаппай меңгеру, қолдану үрдісін нақты іспен қолға алып, өзге отандастарымызға үлгі болса деген тілек бар. Өйткені біз үшін жаңа қазақстандық патриотизмнің басты белгілерінің бірі – қазақ тілінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуі, елдегі әрбір азаматтың бойында «қазақ тілін білу – борыш қана емес, сонымен бірге ұлтқа деген құрмет» (Н.Ә.Назарбаев) ұғымының қалыптасуы. Біле білсек, бұл өте маңызды мәселе. Тағы да қайталап айтқанымның артықтығы жоқ шығар мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына әрбір азамат атсалысуы керек. Сонда ғана оң нәтиже шықпақ. Әйтпесе, қанша жерден мемлекеттік бағдарлама қабылдап, егер оның қолдаушысы – халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тіл саясатын жүзеге асыруға өзіндік үлес қоспайтын болса, жұмыстан айтарлықтай нәтиже де шықпайды.
Елімізде «Мемлекеттік Тіл туралы» Заң қабылдау, тілге байла­ныс­ты ат­қа­рыла­тын міндет-мақсат­тардың кезеңдік жоспа­рын жасау, терминология мен ономас­тика мәселелерін шешіп, ономасти­калық атауларды қалпына келтіру, аударылмайтын қазақ атауларының (жалқы есімдердің) орыс тілінде, ағылшын, т.б. тілдерде жазылуының ортақ қағидасы мен «Транслитерация туралы» ереже немесе нұсқаулықтар қабылдау сынды маңызды істерге қатысты нақты шаралар да осы Ассамблея жылынан бастау алғаны дұрыс болар еді. Мұны айтып отырған себебім, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің мәселелеріне өзіндік үн қосып отыратын болса, бұл сөзсіз өзінің нәтижесін береді. Себебі әрбір этномәдени ұйымдардың өкілдері мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасып, Елбасының тіл саясатындағы бастамаларына қолдау көрсетіп, сүбелі үлес қосса, қазақ тілінің еліміздегі қолданыс аясы кеңейеді. Істің баянды болмағы тек бастамасынан ғана емес, сол істің соңына дейін жетіп, нәтиже беруінде. Әрине, халықтың бірлігі – бірінші мәселе. Бірліктің бекем болуында тілдің де атқарар маңызы өте зор. Қазақстан азаматтарының барлығы қазақ тілін біліп тұрса, мемлекеттік тілде қызмет етіп, мемлекеттік тілдің өркендеуін мақсат етсе, бұл да бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра түсетін нәтижелі жұмыс болмақ. Осыған Ассамблея мүшелері қолдау танытады деген ойдамын. Қазақстанда қазақ тілі бірліктің, ынтымақтың, жасам­паз­дықтың тіліне айналуы керек. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген Мемлекет басшысының сөзінде терең мән бар. Олай болса, еліміздің болашағы – қазақ тілінің болашағында деп түсінуіміз керек.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.