Зиялылық Қазақтың көрнекті жазушысы Адам Мекебаевтың рухына

 

Аңсатып өр тұлғаның жан самалы,
Сағынып еске аламыз жақсы ағаны.
Жандары жалғызсырап жақындардың,
Өксігін баса алмай жар қалады.

Пана боп аға, іні, қарындасқа,
Сөзімен қуат берген алты Алашқа.
Үлгісі зиялылық бола білген,
Ол – Адам, көп пендеден заты басқа.

Ірі еді болмысымен, ойыменен,
Еңселі бәйтеректей бойыменен.
Тектілер тұқымынан туған арда,
Жүрген ол ақ бабалар жолыменен.

Өмірге астары мен алаңы көп,
Келген соң көкірек ояу, саналы боп.
Ұрпаққа ұлағатты ой ұқтырған
Ердің де өзіне қояр талабы көп.

Дарыны асқақ еді дараланған,
Жағынып, көлгірсуді қаламаған.
Жетпіс бес жасын тойлап жұртыменен,
Марқайып қалар еді-ау Адам ағам.

Сыр-өзен, қанша ғасыр жан толқыттың,
Иірімің күйлеріндей әз Қорқыттың.
Киелі Қармақшының топырағына
Сіңген ғой даналығы біздің ұлттың…

Жадыра Дәрібаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.