Ертеңді ойлап, кірпік ілмей ұзақ түн…

Мінуар Әкімханов

Табиғат өрнектері

Аяусыз жердің беті тілгіленді,
Ұшырдық көзден бұлбұл гүл кілемді.
Тесігін бітейміз деп шұрқ-шұрқ,
Болдық қой шетімізден білгір енді.

Осы деп демалатын нақты жер тек,
Өзеннен балық аулап, таптық ермек.
Қоқымы дастарқанның көп төгіліп,
Бұл күнде судың дәмі тартты кермек.

Трактор жер қыртысын аршып талай,
Көкорай шалғындарды жаншыпты оңай.
Айырылып жұпар иіс ажарынан,
Тұр бүгін жетімсіреп қаңсып тоғай.

Даланы ары-бері қанша кезбе,
Қырқадан қылаң бермес арша көзге.
Көл борсып, шомылуға жарамайды,
He керек көркемдікті аңсап өзге?

Жер тозған, сай-саладан көрік кеткен,
Біз жүрміз бұл жағдайды көріп көптен.
Даланы аш көздерге талаттырған,
Дәтіміз осы біздің берік неткен.

* * *
Жерде тудым, ол мәңгілік тұрағым,
Жерді басып жетілді рас тұяғым.
Жер ананың махаббатын сөз етсем,
Көкірегімнен төгіледі күй-ағын.

Жер төсінде көбелек қудым, жүгірдім,
Суын іштім, таза ауасын сімірдім.
Өзегіме жалын құйған бұл жердің,
Өн бойыма бар мінезін сіңірдім.
Жер ғой осы төзімді де мықты анам,
Қара нардай қайыспасын ұқты адам.
Қайғысы мен қуанышын тең көріп,
Мен келемін басып, міне, нық қадам.

Артық болмас, «туған анам – жер» десем,
Жерге тамар маңдай жіпсіп терлесем.
Қарызымды көбейтермін бұл жердің,
Қасиетін жырмен айтып бермесем.

* * *
Табиғат, сенің емдер сырқатың бар,
Десем мен, тау мен дала қырқа тыңдар.
Дәл қазір табылады айбалта алып,
Талтүсте тал-қайыңды қырқатыңдар.

Күрсінген көк аспанның даусы барда,
Бізге айтар арыз-мұңы таусылар ма?
Өзегін жібітетін өзені жоқ,
Қалғанын білем талай қаңсып арна.

Айтпаймын арзан ойды бірақ қосып,
Зарыңа жүргендер аз құлақ тосып.
Бітеліп көмей-көзі, көпе-көрнеу,
Далада қалды қанша бұлақ борсып?!

Серуеншіл мергендерге шығын дайын,
Қырылды аң-құстарың шыбындайын.
Кім, сірә, көңіл қойып, құлақ тосар,
Мен қанша шырқырайын, шырылдайын?!

* * *
Көк теңіз қоштасармын қиып қалай,
Жағаңда серуендедім күліп талай.
Жайдары калпыңменен құшақ аштың,
Ақ күміс айдыныңды тұйықтамай.

Қандырдың тамашаға, сусап едім,
Сен неткен дауыл жоқта жұмсақ едің!
Анамның алақанын елестеттім,
Жүзімді ақ толқындар жуса менің.

Сезгендей келгенімді көксеп менің,
Қарсы алдың, қатал қабақ көрсетпедің.
Жүзбесем құлаш керіп айдыныңда,
Ақырып ашуыңды сен төкпедің.

Жатсаң да кей күндері тасып қандай,
Ортаңа жүзіп бардым жасып қалмай.
Мен саған оралармын сағынышпен,
Толқындар жағалауға асыққандай.

* * *
Күн жылып тиылды да ызғарлы ағын,
Сыпырды тау шыңдары мұз қалпағын.
Дүниеге күліп енген ару көктем,
Далама шашу етті қызғалдағын.

Жер көктеп, орман гүлдеп, құстар келіп,
Көңілге қонақтады құштар желік,
Нанбасаң қарашы өзің тауға барып,
Өріп жүр сонау қия, құздарда Елік.

Тыныстап, тау сағалап жылға қусаң,
Көресің қаптағанын қырға жусан.
Аспаннан төгілгенде күн шуағы,
Жүзімді дейсің іштей нұрға жусам.

Кеудеме тосам десең көктем лебін,
Жерімнің аралап көр көк белдерін.
Байыппен көз жіберсең ой-қырыма,
Танисың басынан көп өткендерін.

Байынқол

Хантәңірдің баурайында паң жатқан,
Қос бүйірін қайың, терек, тал жапқан.
Байынқолдай өр өзеннің арнасын,
Толтырып тұр, құйған бұлақ жан-жақтан.

Дегендей бір әуеніме салшы елтіп,
Жатады ылғи бұйра толқын ән шертіп.
Байынқолдың көркемдігін сөз етсем,
Дерсің, досым, сол маңайға баршы ертіп.

Десе де, жұрт толқынында жоқ айбын,
Кешіп өтер өткел бар ма оңай тым?
Құзар таудан құлап аққан Байынқол,
Қан тамыры секілді бір тоғайдың.

Сөзбен сурет сала алмаймын оған сай,
Тау мүлгиді түнгі аспаннан жоғалса Ай!
Тұла бойын тұнық бұлақ суарған,
Көркемдіктің көзі дерсің «Шоғансай»!

Десем-дағы тау мен тасқа үңілші,
Көркемдікке көзің тиер, түкірші.
Тыныштықтың күзетшісі сияқты,
Дөңестегі анау тұрған «Үкірші».

Қолдан салған мұнарадай нелер шың,
Бар осында, о, табиғат, шеберсің!
Алыссынбай Байынқолға бар, досым,
Көркемдікті көргің келсе егер шын!

 Қарасаз

Қызылбұлақ, Қаратұмсық, Жағасаз,
Жер емес бұл, бағамдайтын бағасы аз,
Елшенбүйрек аңғарына бет бұрсаң,
Қарсы алдыңнан шыға келер Қарасаз.

Хантәңірдей аппақ қарлы, құз белдің,
Бауырындағы мекені бұл ізгі елдің.
Өлеңінің өрнегі бар Мұқаңның,
Айдынында анау жатқан Тұзкөлдің.

Жолбарыстай жатқан үнсіз жонданып,
Айғайтасқа тіреледі жол барып.
Осы жолдың үстінде тұр Қарасаз,
Мұқағали шыққан кеше топ жарып.

Ұсынбаса, ұсынбасын жүлде әркім,
(Таусылмайды Қарасазды жырлар күн).
Кешір достым, қиялымда ұлы ақын,
Қарасудан балық аулап жүр бәлкім!

Қарасудың орындық қып қой тасын,
Балығының ұрттап қойып сорпасын.
Қайран, Мұқаң шертуші еді әңгіме,
Жыр-әзілге толтырып бір ортасын.

Тыңдай қалсаң қос тізеңді сен бүгіп,
Ақын тілі жіберетін сөзді үгіп.
Содан шығар, Қарасазға қастерлі,
Отыр бүгін бүкіл қазақ көз тігіп.

Бозадырдың бораны

Соқты да тентек боран аласұрып,
Ұшырды ойдың құмын жал асырып.
Ашулы ақ түтектің арынына.
Шыдамай майысады бала шыбық.

Бұзылды түнгі аспанның түрі бүгін,
Бастардай асау боран бір бүлігін.
Дөңдегі анау тұрған ақ отаудың,
Жұлқиды маза бермей түңілігін.

Сәл ғана тұра қалсаң бұғып, ықтап,
Кетеді көкжелкеңнен жұдырықтап.
Теректің жапырағын жұла қашып,
Қол сұғып, қолтығынан жүр қытықтап.

Даланың ысқырған бұл қу шұнағы,
Білемін жерде жоғын із-тұрағы.
Жалақтап аш бөрідей ұлыса да,
Шопанның қорада өшпей тұр шырағы.

 Қарағайлар

Тауларда өскен мынау бір көп қарағай,
Тұр деме мүлгіп, үнсіз текке қалай?!
Қарасаң бұтақтары елестетер,
Талпынған жас ұланды көкке қарай.

Десең де, өсімдік қой бұл – тіл ұқпас,
Шықпай тұр, уысынан бұлқынып тас.
Осынау исі жұпар қарағайдың,
Саялы салқынына кім тынықпас.

Тұрағын тасты жарып, тауып жерден,
Сескенбей қияға өскен дауыл желден.
Қасқайып қарап тұрған қарағайды,
Ұқсатам хас батырға жауын жеңген.

Үстіне шығып қара құздың кейде,
(Сұлулық жанарыңды тізгіндей ме?)
Тауларға көрік боп тұр қарағайлар,
Жинаған жүгіндей боп қыздың бейне.

Көкірегімді
мұң басқаны несі бұл?

Ертеңді ойлап, кірпік ілмей ұзақ түн,
Міне, тағы айды таңға ұзаттым.
Кеудемдегі қоян сезім дір етті.
Уысында тұрғандай бір тұзақтың.

Көкірегімді мұң басқаны несі бұл?
Айтарында айта алмайды кесіп ұл.
Менің азып-тозғандығым түк емес,
Жер Ананың бүгіндері төсі тұл.

Бұлақтардың асып-тасып жататын,
Суы құрып болды мұңға бататын.
Тиын сауған саудагерміз біз қазір,
Тастың өзін тайсақтамай сататын.

Тау еркесі аман-есен жүрме Елік?
Оны ойласам қалады тіл күрмеліп.
Ақша қуып бір күндері япыр-ау,
Жер Ананың өзін сатып жүрмелік.

* * *
Барады қайда ұшып құстар мынау?
Білмеймін нендей күшпен ұстармын-ау?
Келгенін суық күздің сездіргендей,
Таулардың балақтарын құшқан қырау.

Екпіні желді бұзып, күшті ағындап,
Бір-бірін барады ұшып құс тақымдап.
Осынау көріністер аңғартады,
Қалғанын қаһарлы бір қыс жақындап.

Сапырды толқындарын жел теңіздің,
Шынымен жеткені ме ерте күздің.
«Иықта жүк барын біл» дейді таулар,
Тұнжырап қабағымыз кетсе біздің.

Атыраудың ардағы
 ( Әбу Сәрсенбаевқа )

Табылған Алатаудан бақ-тұрағы,
Армысың, Атыраудың қарт қыраны.
Өзіңнің батаңды алған Жетісудың,
Өлеңмен сыр ақтармақ жас бұлағы.

Жоқ сені өнерде ешкім ығыстырған,
Жыр еттің заманыңды ырыс тұнған.
Шыққандай бәрін жеңіп қиындықтың,
Осынау кең тынысты құрыш тұлғаң.

Көңілің кіл жақсының лебізіндей,
Жүрегің Атыраудың теңізіндей.
Ақын боп арман қуып, ойлар кешіп,
Арқаңа көтермедің нені зілдей…

Көтеріп өнерде осы жүгін нардың,
Тағдырдың тас қамалын бұзып-жардың.
Қамқоры жас буынның жарқын аға,
Халқыңнан өз бағаңды бүгінде алдың.

Жан демең, өмірде ешбір жоқ салмағы,
Ақынсың топты жарған тоқсандағы.
Өлеңге үлесің бар ортаймайтын,
Атақты «ақша бұлттай» қосқан тағы.

Септігің тимесе де барша жұртқа,
Дем бердің қаншама ақын, жас шабытқа.
Кешегі жаның сүйіп жырға қосқан,
Ұқсайсың өзің бүгін «Ақша бұлтқа!».

Шығарып көңіліңнің күн жағына,
Енгіздің мені ғажап жыр бағына.
Соқпағы көп өмірдің көрінеді,
Қарасам самайыңның күллі ағына.

Тұр күтіп алда өмірдің таңы қандай?!
Болғам жоқ бәрін түгел танығандай
Жаныңның мөлдіреген бұлағына,
Сусыным келе жатыр әлі қанбай .

 Еске алса егер

Оң қолы иықтан жоқ, молақтанған.
Әжім сызып, бет-жүзі жолақтанған.
Кездесті де кешегі қарт жауынгер,
Бастан кешкен тарихын ол ақтарған.

Еске алса егер сұрапыл сұрғылт күнді,
Өксітпейді сол өткен сұмдық кімді?
Осылай сөз бастаған қарт майдангер,
Көз жасын жең ұшымен сүртіп тұрды.
Жан едім он сегізге басқан қадам,
Ондайда қорқыныштан сасқан ба адам?
Деген бір ой болмады деді қартым,
Дәм-тұзын сұм соғыстың жастан татам.

Әп-сәтте әлсізденіп мығым халім,
Бет-жүзім қызыл қанмен жуылғанын.
Далалық емханада бір-ақ білдім,
Оқ тиіп оң қолымның жұлынғанын.

Талайлар бастан азап көп кешіріп,
Көз жұмды жарақаттан өкпе шіріп.
Адамға ажал сепкен сол бір соғыс,
Сан үйдің отын ерте кетті өшіріп.

Қалайша көргендерін көз шектесін?
Оңдырмай отқа орады көп жер төсін.
Сәуірдің ең ақырғы аптасында,
Қиғанбыз Гитлер сұмның көкжелкесін.

Көп қазақ қан майданның өтінде өлді,
Бермесін Тәңірім басқа ол күнді енді.
Қаскөйге қарсы шыққан біздің әскер,
Немістің өз жерінде өртін көмді.

Үстіне түнегенбіз бір шақ мұздың,
Бәрі өтті ауылындамын жұмсақ күздің.
Ендігі тілейтінім Жаратқаннан,
Соғысты көрмесе екен ұрпақ біздің.

Іздей берем

Емес ем, бұрын кімсің сезіп білген,
Тағдыр-ай сені кештеу кезіктірген.
Жалт етіп қарағанда от жанарың,
Кетті ғой жүрегімді езіп бірден.

Мөлдіреп таңғы шықтай көзінде нұр,
Тұратын сүйкімдісің өзің де бір.
Сәл сәтке тілдесейін дегенімде,
Жан-жаққа жамырады сөзім небір.

Көп кіші болғанымен жасың мүлдем,
Демеймін, бағаңды өрге асыр бірден.
Көркіңмен көкірегіме орнап қалшы,
Айнымай жайлауда өскен жасыл гүлден.

Сөз деме, айта салған жағынып бір,
Көзіңнен кісілігің танылып тұр.
Ойыңды жұмбақ сөйлеп, жұта салмай,
Не сыр бар жүрегіңде айтып ұқтыр?!

Жаратқан Тәңір сені ажарлы етіп,
Кеудеме осы көркің қалар бекіп.
Жырымды жыртып тастап,сәл ұмытсаң,
Сеземін қалатынын бағам кетіп.

Кездейсоқ кеткен іздей жаңбыр жуып,
Қолымнан алса сені тағдыр жұлып.
Су кешіп, дала кезіп, іздей берем,
Біткенше соңғы демім жалғыз жүріп.

***
Тал-терек өсірмедім сені бағып,
Қаусатты қара күздің желі қағып.
Бұлақтың екпіні де басылыпты,
Жататын арнасында желіп-ағып.

Жиылып болмай дәннің бар піскені,
Бұл несі, қоңыр күзде қар түскені?
Қарашы көп жуылған шүберектей,
Бозарды ағаштардың тал-түсте өңі.

Жусанын жұла қашып желі күздің,
Әжімін тереңдетті жеріміздің.
Талпынып тауға өрлесек самайдағы,
Белгілі мұз болары теріміздің.

Толтырған мөлдір суға шұңқыр сайды,
Өзеннің бетін ертең мұз құрсайды.
Қар түкірген жаңбырдың беталысы,
Алдағы арқыраған қысқа ұқсайды.

Ойқастап, көрсетті әне бұлт елесін,
Қалайша ол көктің жүзін бітемесін?
Сұрланып суық боран қыр кезіп жүр,
Жоғалтып алған жандай бірдемесін.

* * *
Жалт етіп, көз алдымнан өтсең кей күн,
Жан еркем, тағы қайта көрсем деймін.
Талабым талай мәрте ұшты желге,
Соңғы үміт ақтала ма, көп сенбеймін?!

Есімде көзді арбаған сұлу тұлғаң,
Жандай ем, бақытыңа шын ұмтылған.
Қолыңа жыр боп тиген жасырмаймын,
Кеудеме өзің жайлы сырым тұнған.

Қалып па ең сен де мені сүйіп шын-ақ,
Тұратын көздеріңнен түсіп шуақ.
Сол күндер көрген түс боп, жыл құсындай,
Аяулым кеткенің бе, ұшып жырақ?

Ажырап алыстады бұл күнде ірге,
Азайды өзіңді ойлап күлкім мүлде.
Көкірек көк тұманнан айығар-ау,
Алдымнан шыға келсең шіркін бірде!

* * *
Маған қыспақ жасағандар жүр тірі,
Кейбіреуін кісі дейді жұрт ірі.
Сол бір даңғой адам жайлы әуелі,
Оқырманға баяндасын жыр тілі.

Тұрған тұста сол мықтының ісі өрлеп,
Көкірегімді басқаны бар тізерлеп.
Келмеді рас, көзіне көп түскім де,
Қайдағы бір қаңсығымды тізер деп.

Соза бермей, айтсам сөздің келтесін,
Даттады деп даурықпа елдің серкесін.
Ішке біткен бейне бітеу жарадай,
Жемқорлығы жарып шықты желкесін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.