Елтану сағаты өтті

Оқушылардың туған жерге, туған ауылға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін тәрбиелеу мақсатында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында елтану сағаты ұйымдастырылды.

Елтану сағаты барысында кеш қонақтарының бірі Байғанин ауданы, Жарлы ауылының белгілі азаматы, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Серікбай Қайдасов ауданның ежелгі тарихына тоқталып, дәстүрлі өнері жайында әңгімелеп берді. Ол сондай-ақ 1961 жылы ауданның ақын азаматы Нұрпейіс Байғаниннің құрметіне берілген Байғанин ауданының аталу мәнін айтты.
Ағарту саласының қызметкері, айтыскер ақын, облыстық зағип жандар және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры Нұрлыбек Қалауов ақындар мен жыраулардың ізі қалған қасиетті мекенде салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқанын тілге тиек етті. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі Арман Ержанов аудан орталығында 1993 жылы мұражай ашылғанын, онда аудан өмірі мен тарихын баяндайтын жәдігерлер қойылғанын атап өтті. Шара аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына арналып майдангерлер туралы деректер мен құжаттар жинақталатынын, жақын арада Байғанин ауданының көрмесі  ашылатынын айтты. Кеш соңында С.Қайдасов авторлық суретін табыс етті. Кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина қонақтарға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар тарту етті. Өлкетану сағаты аясында мұндай іс-шаралар әлі де жалғасатынын айтты.

Б.Исатаева
Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.