Құндылықтарымыздың қадірін біліп жүрміз бе?

Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болатыны белгілі. Мәселен, тілі мен ділі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, т.б. Бұл тұрғыдан келгенде біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап жүрміз? Осы тақырып мені көптен бері толғандырып жүрген соң қолыма қалам алдым.
Кешегі Кеңестік заманында ұлттық құндылықтарға ескінің қалдығы ретінде қарау түсінігі болды. Сонда бірқатар рухани қазыналарымыздан айырылып қала жаздағанымыз рас. Тәуелсіздік алған соң жоғымызды бүтіндеп, жоғалғанымызды тауып жатқандаймыз.
Ұлттық құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасқан, өмірдің сынынан өткен, пайдалы екені дәлелденген. Мы­салы, қазақ халқының ұлттық ойын­дарының бірі – ол асық ой­ы­­­­ны. Асық ойнау баланың ойлау қа­білетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке үйренеді.
Ал қазақтың ұлттық бұйымы бесіктің пайдасын дәлелдеп жатудың өзі артық. Сәбидің таза болуы, ұйқысының  тыныш болуы өз алдына, ана құрсағынан жарық дүниеге келген соң ол оның табиғи өсуіне әсер етеді. Жапонның әйгілі медицина  ғалымы Гау Щияу Иде Илаң қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып зерт­теу жүргізген. Оның зерттеуі бойынша «сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тер­беліске түседі. Алайда өмір есігін аш­қан соң жарық  дүниеге бірден үй­лесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек» деген қорытынды жасайды. Міне, қазақ халқының ұлылығы, осы үдерістерді өзінің өміріне пайдаланып, бала жарық дүниеге бейімделгенше, бесікке бөлеп, тербетіп отырған. Өкінішке қарай, әсіресе, қалалық жерде тұратын жас келіншектер баланы бесікке бөлеуге ерініп, «памперсті» күні-түні қолданатын болып жүр. АҚШ пен Еуропа елдерінде озық ойлы дәрігерлер памперсті қолдануға қарсы. Олар бұл бағытта түрлі шаралар ұйымдастырып, жасанды жаялықтан бас тартуға үндеуде. «Сіздің памперс кигізіп өсірген ұлыңыз өскенде белсіз болады» дегенді насихаттап келеді. Себебі памперстің балаға зияны ұшан-теңіз. Памперстің кеселінен нәжісті өзіне сіңіріп, химиялық жолмен буландырып жіберетін қоспалар адамды белсіздік пен бедеулік ауруына душар етеді екен.
Менің байқауымша, ұлттық құндылықтар негізінен ауылдық жерде жақсы дамиды. Мысалы, қазір қалалық жерде баласының туған күнінде торттың үстіне шырағдан жағып әкеліп, оны балаға өшіртеді. «Отың өшпесін», «шырағың сөнбесін» дейтін қазақ халқы үшін бұл жаман ырым. Бірақ оны ойлап жатқан ата-ана жоқ. Себебі қазақтың салт-дәстүрін қалада өскен ата-ананың өзі білмейді.
Бүгінде ұлтжанды азаматтардың арқасында тоғызқұмалақ, қазақша күрес, бәйге, көкпар жақсы дамып келе жатқанына қуанамын. Енді қазақша күресті олимпиада ойындарына кіргізуге күш салу керек. Қыз қуу, бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б. ойындарды жиі-жиі өткізіп, оны тиісті деңгейде жарнамалап, насихаттап отырған абзал. Соңғы кезде жанашыр азаматтар асық ойынын қолға ала бастады. Бұл құптарлық жайт. Онша көп жерді керек етпейтін, қымбатқа да түспейтін асық ойынын мектеп балаларының ішінде дамытқан тиімді. Асық ойынынан сыныпаралық, мектепаралық олимпиадалар өткізген балалардың қызығушылығын арттырады. Одан жоғарылап әр аудан, облысаралық олимпиадалар өткізіп, соңында республикалық жарыс өткізсе, қалалық балалардың да қызығушылығы артар еді. Асық ойынын осы ретпен жоғары оқу орындары арасында да жарыс өткізуге болады. Басқа да ұлттық құндылықтарды қаланың ыңғайына қарай икемдегеніміз абзал. Ұлттық құндылықты дамытқан азаматтарды мемлекет те қолдап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, Серікбол Шәймардан деген азамат «Smart Бесік» ойлап тапты. Батареяның қуатымен тербетілетін бұл бесік жас аналарға үлкен көмек. Тек осыны мемлекет қолдап, қаржы бөліп бесікті өндіріске шығаруға көмектессе жақсы болар еді. Бұған соншалықты көп қаржы да керек емес. Шетелден шақыртқан әншілердің біреуіне кететін қаржыдан көп қаржы кетпейді. Ұлттық құндылықтарымызды қалаға көшіріп күнделікті қолданысқа енгізбесек, көбі көп ұзамай өшеді. Жылына бір болатын Наурыз мерекесі кезінде ғана көрсетіп отырсақ, ұлттық құндылықтар дамымайды.
Қазір бағамдап қарасақ, талай ұлттық құндылықтарымыз қолды болып кетіпті. Басқалар біздің ұлттық құндылықтарымызға халықаралық патент алып алған. Мысалы, шетелдік сән үлгілерінен қазақтың ою-өрнегінің, қыздарымыздың қосетек көйлегінің нышандары байқалып қалады.  Осы ретте бір айта кетерлігі, ұлттық құндылықтарды «біздікі» деу үшін халықаралық патент алу керек. Ол үшін жанды, жансыз не нәрсеге де сол елде стандарты жасалуы тиіс. Біздегі тазы итімен айналысушылар оған халықаралық патент ­алайын десе, тиісті мекемелер тазыға стандарт жасап бермей отырған көрінеді. Түрікмендер тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ тазысы мен алабайын заңдастырып алғаны белгілі. Ал біз әлі де бейжай қарап жүрміз. Осылай жайбасарлыққа салынып жүрсек, 40-50 жылдан кейін бәрінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Ұлттық құндылықтарымызды қорғау, халықаралық патентке дайын­дайтын комитет құрылуы керек екендігі туралы 2008 жылы «Егемен Қазақстанда» мақала жарияланған еді («Егемен Қазақстан», №263-266, 27.08.2008 ж.). Бірақ осы мақала­дан кейін 6 жыл өтсе де ешқандай қозғалыс жоқ. Менің ойымша, мұн­дай комитет құрылуы керек. Бұл комитет тікелей Премьер-министрге бағынғаны жөн. Комитет келіп түскен құжаттарды дер кезінде ағылшын тіліне аудартып, басқа да халықаралық құжаттарды ресімдеп, патент алу үшін тиісті халықаралық ұйымға жіберіп, оның орындалуын қадағалап және т.б. маңызды жұмыстармен шұғылданса, орынды болар еді.
Әр ұрпақтың өмір сүрген уақытына қарай оларға жүктелетін тарихи міндет болады. Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар»   деп жазған. Абылай хан дәуірінде қазақ ел болып қалу үшін жоңғарлармен айқасты. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елдігімізді сақтап қалды. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханов бастаған арыстарымыз жоқ дегенде автономиялы республика болу үшін күресті. Ал қазір біз егемен елміз.  Бүгінгі ұрпақтың бір өрелі міндеті ол ұлттық құндылығымызды қорғау. Өйткені ұлттық құндылық – ұлттың тірегі!

Назрахмет  ҚАЛИ,
зейнеткер
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.