30 томдық терминологиялық сөздік – тіл қазынасына қосылған сүбелі үлес

Көзіқарақты оқырман білуі тиіс, жақында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама аясында ғылым мен техниканың, өндіріс пен мәдениеттің барлық салаларын қамтыған 30 томдық терминологиялық сөздік жарық көрді.
Бұл сөздіктің мұның алдындағы сөздіктерден ерекшелігі – салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге қатысты, өзге тілдерде мүлдем кездеспейтін көптеген термин-сөздердің жүйеленіп берілуі.
Елімізде осындай көлемді еңбек алғаш рет іске асырылды деп айтуымызға болады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, ТМД-ның бірде-бір елінде мұндай ғылыми салалық терминологиялық сөздіктер топтамасы дайындалған емес.
Газетіміздің бесінші бетінде осы сөздіктер топтамасын дайындау жобасының ғылыми жетекшісі, академик Асқарбек Құсайыновтың мақаласы жоғарыдағыдай тақырыппен оқырман назарына ұсынылып отыр.

ХХІ ғасыр – ғаламдану заман­ын­да, жан-жақты негізделген тіл саясаты еліміздің орнықты дамуының басты кепілдерінің бірі десек, артық айтқанымыз болмас. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі.  Дүниежүзіндегі тіл ахуалын зерделей қарасақ, қазіргі уақытта әлемде   7 048 тіл бар екен. Ғалымдардың пайымдауынша, сол тілдердің 40 пайызына жойылып кету қаупі төніп тұр. Статистикалық деректер, әр екі апта сайын жер бетінде бір тіл жойы­лып отыратынын айтуда. Демек, тіл мәселесі бүкіл елге қатысты, ғылыми негізден алсақ аса күрделі мәселелер қатарына жатады. Қай ұлт өз тілінен айырылуға мүдделі дейсіз. Олай болса, оның жойылуына әсер ететін, көзге ілінбейтін бір күштің болғаны ғой немесе ол күшті сол елдің уақытында байқап, алдын ала алмағаны.
Ұлттық тілді сақтауда басқа жұрттың өнегелі салттарынан тағылым алудың да маңызы зор болмақ. Заманымыздың ұлы ақындарының бірі Расул Гамзатов жан тебірентерлік мына бір жайды жазған еді.
Кезекті бір сапарында ақын Париждегі қандасына кездесіпті. Ол авар азаматы тағдырдың жазуымен француз жеріне қоныс аударып, сонда ұзақ жылдардан бері тұрып жатқан көрінеді. Үйлі-баранды. Қартайған. Суретші болғандықтан елге деген ерекше сағынышына кез келген шығармасы куә болып тұрғандай.
Ақын елге оралған соң, сол адамның ана­сымен болған сұхбат сәтін былай баян­дайды:
«Сен екеуің аварша сөйлестіңдер ме? – деп кәрі анасы ойламаған тосын сұрақ қойды.
– Жоқ, біз аудармашы арқылы сөйлестік. Мен – орысша, ол – французша.
Ең қадірлі адамы өлгенде, қара жамылатыны сияқты, анасы қара ораушамен бетін жапты… Көп уақыт үнсіздіктен кейін кәрі ана:
– Расул, сен шатасқан боларсың. Менің балам баяғыда өлген. Ол менің балам емес. Менің балам болса, мен үйреткен ана тілін, авар тілін ұмытуға тиіс емес еді! – деді» (Гамзатов Расул, Тіл// Тіл және қоғам. — 2004. №1 — 157-бет).
Бұл әңгімеге түсініктеме беріп жату артықшылық етер деп ойлаймын.
Қоғаммен бірге тілді де дамытып отыру керек. Бүгінде қоғамда болып жатқан көптеген өзгерістер, ғылыми-техникалық прогрестің ілгерілеуі, қандай болмасын тілге өзіндік салмақ салады. Сондықтан келешегін ойлаған халық өз тілін, оның терминологиясын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуі қажет.
«Тіл – ұлттың жаны» десек, тілдің терминология саласы – оның күретамырларының бірі екені сөзсіз.
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай бай терминологиялық қорын жасаған соң, оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғам­дық өмірдің бар саласына батыл енгі­зуіміз керек» деп орынды атап өткен болатын.
Осы орайда, құрметті оқырман, Елба­сы­­ның «Қазақстан – 2050» Стратегия­сын­да берілген тапсырмасы орындалып, қа­зақ тілінің терминологиялық қоры жа­сал­ғанын жеткізгіміз келеді. Енді осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталайық.
Елімізде Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қазақ тілі терминологиясын дамыту, терминдерді біріздендіру және үйлестіру мақсатында қомақты жұмыс атқарылғаны белгілі. Бұл жұмыстар қазірде жалғасуда. Атап айтқанда, 1999-2000 жылдары Министрліктің тапсырысымен елімізде тұңғыш рет 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрген болатын. Әрбір томы 5 мыңдай салалық терминді қамтитын бұл сөздіктерді шығаруға 400-ден аса сала мамандары мен ғалымдар атсалысты. Бұл терминология саласындағы қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын бірінші кешенді еңбек еді. Әлбетте, мұндай ауқымды еңбектің кемшіліксіз болуы мүмкін емес. Әйтсе де, ол қазақ терминологиясын реттеу мен жүйелеуде өлшеусіз рөл атқарған, жалпы қазақ тілінің даму үдерісіне сүбелі үлес қосқан үлкен еңбек болды.
«Біле білген адамға сөздік дегенің барып тұрған асыл қазына» деген еді ақын Қадыр Мырза-Әлі.
2012-2014жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы негізінде Алматадағы Педагогикалық ғылымдар академиясы осы сөздіктерді әрі қарай жетілдіру және толықтыру жұмыстарын қолға алды. «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында ғылым мен техниканың, өндіріс пен мәдениеттің барлық салаларын қамтитын 30 томдық салалық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасы әзірленді. Басты мақсат – бұрын жарық көрген сөздіктер топтамасын сараптамадан өткізіп өңдеу, әр томдағы терминдер санын 9000-ға, тіпті 11-12 мыңға дейін жеткізіп, толықтыру болды.
Терминология әдеби тілдің өркениетке иек артқан аса маңызды әрі өте қомақты саласы. Өйткені егемендіктің мәні, қазақ халқының тағдыры, тіліміздің тағдыры өркениет талаптарына сай ұлттық терми­нологияға тәуелді.
Әдетте, ғылым дүниесінде белгілі бір ұғым, құбылыс, заңдылықтың қасиеттерін, арақатынастарын зерттеу нәтижесінде бұрын белгісіз жаңа ұғымдар дүниеге келеді. Тіл байлығынан осы ұғымдардың табиғатын, ішкі сырын жете өрнектейтін сөз іріктеліп, сұрыпталып алынып, оған атау беріледі. Мұны жаңа ұғымның ­атауы, термин дейміз. Әрбір жаңа ұғымның бұрын белгісіз жаңа сыры, жаңа қыры, өзіндік жаңа бояуы болады. Міне, осынау сан алуан табиғи байлықты өрнектей отырып, тың мағынаны арқалаған жаңа терминдер дүниеге келеді немесе алғашқы мағынасына қосымша жаңа мағынаға ие болды. Бұл орайда сапалы термин жасау үшін бұған дейін бірнеше ұрпақ қазақ зиялыларының талантты да қажырлы еңбегімен жасалған терминдердің, жаңа заман талабына жарайтындарын таңдап, екшеп алу қажет. Осынша жауапты әрі өте күрделі іс оған үлкен еңбек ұжымы асқан жауапкершілікпен атқарған жағдайда ғана сапалы болмақ.
Жаңадан жарық көрген 30 томдық сөздіктер топтамасын дайындауға 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық мекемелерде жұмыс жасайтын 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты атсалысқанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы 350-дей адам жұмыс жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары барлық авторлық ұжым мүшелерімен бірлесе еңбек етті.
Салалық терминдер қалыптастыру алдымен сала мамандарының ісі дейтін болсақ, Тіл білімі институтының ғалым­дары терминдер түзуде қазақ тілінің заңды­лықтарын сақтай отырып, олардың дұрыс жазылуын басты назарда ұстады.

5-бетке
Сөздіктерді сапалы дайындау мақ­са­тында «Қазақша-орысша және орысша-қазақша (екі тілді) салалық ғылыми терми­но­логиялық сөздіктер топтамасын әзірлеу принциптері (ұстанымдары)» әзірленді, осы уақытқа дейін жарық көрген барлық салалық терминологиялық сөздіктер, жалпы сөздіктер, тіл дамыту мәселелеріне және терминологияға қатысты ғылыми еңбектер кеңінен пайдаланылды.
Авторлық ұжым мүшелері өз сөздіктерін дайындап болғаннан кейін жақын салалар анықталып, топтастырылып, ортақ талқылау жұмыстары жүргізілді. Талқылауға бірнеше баламасы берілген терминдер анықталып, ұсынылды. Мысалы, Физика және астрономия, Математика, Информатика және есептеуіш техника, Энергетика, Электроника, Радиотехника және байланыс сөздіктері (1741 термин), Химия, Биология, Медицина, Экология, Дене тәрбиесі және спорт сөздіктері (2114 термин), Тарих, Мәдениет және өнер, Философия және саясаттану, Педагогика және психология, Әдебиет және лингвистика сөздіктері (1656 термин) бірге талқыланды. Мақсат – ортақ терминдерді біріздендіру болды.
Сонымен бірге авторлық ұжымдар сөздіктерді дайындау барысында өздері бір шешімге келе алмаған терминдерді де ортақ талқылауға ұсынып отырды. Жалпы, осындай отырыстарда 20000-ға жуық термин талқыланды. Талқылаулар Педагогикалық ғылымдар академиясы басқарма төрағасы бекіткен кесте бойын­ша қатаң тәртіпте жүргізіліп отырды. Әр талқылауға 20-30, кей отырыстарға 35-40 адам қатысты. Осынша терминді талқылауға шамамен 1000-нан аса сағат, 10-11 ай уақыт жұмсалды.
Талқылаулар өте нәтижелі өтті. Ұзақ жылдар бойы қазақ тілінде дәріс беріп, сала терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген мамандар мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары біріге отырып, әр терминді жеке-жеке талқылағанда термин жасау мәселесінің ғылыми негіздері, сала терминдерін қалыптастыру жолдары, шетел терминдерін дұрыс аудару реті, сөзжасам мәселелері, көне сөздерді пайдалану тәсілдері, сала терминдерінің қамтылуы, қазақ тілі заңдылықтарының сақталуы, жалпы термин жасау және т.б. көптеген мәселелер талқыға салынды.
Мұндай отырыстарды өткізу бір жағынан өте қиын болса, екінші жағынан оңай болды. Себебі сала терминдерін қалыптастырумен ұзақ жылдардан бері шұғылданып жүрген танымал ғалымдардың әрқайсысы өз терминдерінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты, ал екінші жағынан ол кісілердің барлығы да сала терминологиясын дұрыс қалыптастыруға мүдделі болды. Сондықтан әр отырыста пікірталас болып тұрғанымен, барлық авторлардың терминологияны дұрыс қалыптастыруға деген көзқарас, ұстанымдар ортақ шешімге келудің түп қазығы болды.
Біздер ақылдаса отырып, осындай отырыстарда сала терминдерін жүйелеп жазып, талқылау әдісін пайдалануды жөн көрдік. Бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, техника салалары бойын­ша «Кесу» құралдарына қатысты – 12 термин, «Қысу» құралдары – 17 термин, «Егеу» құралдары – 13 термин, «Бөген» – 33 термин, «Арыққа» қатысты – 63 термин жеке жазылып талқылданды.
Осылай 2000-нан аса терминдер талқыланды.
Физика және астрономия, Математика, Информатика және есептеуіш техника, Механика және машина жасау, Энергетика, Электроника, Радиотехника және байланыс, Машинажасау, Көлік және жол торабы, Сәулет және құрылыс, Геология, геодезия, география, Химия, Биология, Медицина, Ауылшаруашылығы, Су шаруашылығы, Экология, Кен ісі және металлургия, Тамақ өнеркәсібі және тұрмыстық қызмет, Іс жүргізу және мұрағат ісі, Дене тәрбиесі және спорт, Статистика, Стандарттау және зияткерлік меншік, Әскери іс, Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, Философия және саясаттану, Тарих, Педагогика және психология, Мәдениет және өнер, Әдебиет және лингвистика, Экономика және қаржы, Заңтану салалары бойын­ша дайындалған сөздіктер 2014 жылдың соңында «ҚазАқпарат» баспа корпорациясында басылып шықты.
Бұл сөздіктердің алдағы дайындалған сөздіктерден ерекшелігі – қазақ ұлтына ғана тән салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге қатысты, өзге тілдерде, соның ішінде орыс тілінде мүлдем кездеспейтін көптеген термин-сөздердің жүйеленіп берілуі болды. Бұл қазақ тілінің әлем тілдерін байыта түсуге мүмкіндігінің де мол екендігін көрсетуге тырысқан талпыныс еді. Шындығында, ана тілімізде өзге тілдерде ұшырыспайтын, ал аударма-нұсқалары қазақ тіліндегі түсінігін дәлме-дәл бере алмайтын көптеген сөздер бар. Мысалы, «Бесті қымыз», «Езген құрт», «Жаппа нан», «Майқуырдақ», «Айналайын», «Жігіттік», «Жеңгетайлық», «Сүйінші», «Бас табақ», «Құда табақ», «Күйеу табақ», «Жоралғы», «Бәйге қамшы», «Білеу қамшы», «Қара шаңырақ», «Түндік», «Астау», «Күбі», «Ақсақал», «Әмеңгер» және т.б. Міне, осылайша ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді нақыштанған терминдер қатарын жалғастыра беруге болады.
Біздер осындай терең мағыналы терминдерді жиып алып, оларды ғылыми айналысқа нақ қазақ тілінде енгізуге тырыстық. Оларды орыс тіліне аудармай, орыс тілінің ­орфографиясына сәйкестендірілген қазақ сөзі түрінде бердік. Мұны қалың жұртшылық дұрыс түсініп, құптар деп ойлаймыз. Қазақ тілін жетік білмеген жандарға бұл терминдердің орысша жазылып берілуі түсініксіз болуы мүмкін, сондықтан алдағы уақыттарда түсіндірме сөздіктер жазу негізінде, оларды жалпы қолданысқа қосу керек деп ойлаймыз. Сонымен бірге шетел халықтары да ол сөздердің шын мағынасын терең түсініп, оларды өз тілдерінде қолданысқа алып жатса, бұл қазақ тілінің мәртебесін көтерер еді. Мәселе, француз немесе ағылшын азаматы өз баласын «айналайын» деп еркелетіп жатса, қандай әдемі болады.
Жалпы, терминжасам ісі – бүкіл халыққа ортақ іс. Терминдер жасау сала мамандары мен терминолог ғалымдардың ісі болғанымен, оған жалпы жұртшылықтың да араласқаны дұрыс. Сондықтан 2012-2014 жылдары «Ана тілі» газетінің 23-нөмірінде «Оқырманмен ойласу» атты айдары бойынша «Терминжасам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыпта 2500-нан астам термин жария­ланды. Сонымен бірге 1000-ға жуық термин Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтындағы «Терминдер» айдарында жарияланды. Оларға тілге шын жанашыр жандардан пікірлер келіп жатты.
Дайындалған сөздіктердің сапасын арттыруға Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссия мүшелері мол үлес қосты. Әр сөздік Терминкомның алдын ала анықталған бір мүшесіне тапсырылды. Терминком мүшелері – Ербол Абдрасилов, Хабылсаят Әбішев, Сауытбек Абрахманов, Мәди Айымбетов, Сарқыт Әлісжан, Жарылқап Бейсенбайұлы, Кеңесбек Демеш, Самат Ибраим, Дәуітәлі Омашұлы, Шамшидин Пәттеев, Нәсіпқали Сеитов, Кеңес Юсуп сөздіктерді мұқият қарап, мыңдаған терминдерге қатысты ұсыныс-пікірлер айтты. Айтылған барлық ұсыныс-пікірлер бойынша авторлар ол кісілермен ақылдаса отырып, тиянақты жұмыс жүргізді.
Терминком мәжілісінде дайындалған сөздіктерді халықтың талқысына кеңінен салу мақсатында оларды Педагогикалық ғылымдар академиясының сайтына орналастыру жөнінде шешім қабылданды. Ол ұсыныс министрлік тарапынан қолдау тауып, барлық 30 сөздік Академия сайтына орналастырылды. Ол туралы «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» газеттеріне арнайы хабарлама жарияланды. Тілге жанашыр жандар бұл сөздіктердегі терминдерге қатысты да өз пікірлерін жіберді.
Авторлық ұжым мүшелері сөздіктерге қатысты барлық айтылған ұсыныс-пікір­лермен танысып, мұқият жұмыс жүргізді. Елімізде осындай көлемді еңбек алғаш рет атқарылды деп айтуымызға болады. Салыс­тырмалы түрде айтатын болсақ, ТМД-ның бірде-бір елінде мұндай 30 томдық ғылыми салалық терминологиялық сөздіктер топтамасы дайындалған емес.
Мұндай ауқымды еңбек салалық ми­нис­трлік тарапынан нақты қолдау болған жағ­дайда ғана іске асырылары сөзсіз. Бұ­рын­ғы Мәдениет және ақпарат министрі, Қа­зақстан Республикасы Президентінің кең­есшісі қызметін атқарған М.Құл-Мұхаммед, қазіргі Мәдениет және спорт ми­нистрі, ал ол кезде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры «Мәдениет және өнер» саласы сөздігін сапалы дайындау мәселесін өз қамқорлығына алған А.Мұхамедиұлы, Тіл комитетінің бұрынғы төрағасы М.Сқақов, комитет төрағасының орынбасары, терминолог-ғалым Ш.Құрманбайұлы, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің қазіргі төрағасы Д.Таумұрат мырзалар ақыл-кеңес беріп, осы жұмысты асқан жауапкершілікпен атқару қажеттігін айтып, қолдау көрсетіп отырды.
Сала терминологиясын қалыптасты­румен шұғылданып жүрген сала мамандары мен ғалымдары, тілші ғалымдар, Респуб­ли­калық терминологиялық комиссия мүшелері бірлесе отырып атқарған және жалпы жұртшылық пікірі ескеріле отырып дайындалған осындай көлемді жұмыс негізінде қазақ тілінің 250 мыңнан аса салалық ғылыми терминдер қоры жасалып, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негізде дамып, кемелдене түсуіне нақты негіз қаланды.
Алдағы уақыттарда салалық терми­но­логиялық сөздіктер жасайтын ғалымдар мен мамандар тыңнан түрен салмай, осы қорды негізге алып, оны жетілдіріп, толықтыру мақсатында жұмыстар жүргізетін болса, онда қазақ тілі шын мәнінде өркениетке иек артқан, қай уақытта болмасын заман талабына сай дамып-жетіліп отыратын тілдердің санатында болар еді. Бұл бәріміздің ортақ асыл арман-мұратымыз емес пе?!

Асқарбек Құсайынов,
академик, 30 томдық салалық
ғылыми терминологиялық
 сөздіктер топтамасын дайындау
жобасының ғылыми жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. лари

    жарайсыздар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.