«Ұзын арқан, кең тұсау» жалғаса берсе, тіліміз төрге оза алмайды

Елiмiзде азаматтық қоғамның белсен­дi­лiгiн қажет ететін рухани мәселелердің ең бастысы – мемлекеттік тілді өз тұ­ғырына қондыру мәселесі. Бұл тұрғыдан айтылмаған сөз қалмады, айтылды да, жазылды да.
Елбасы 2025 жылға дейін қазақ­стан­дықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп міндет қойғаны белгілі. Қарап отырсақ, бұл межеге жетуге небәрі 10 жылдай уақыт қалыпты. Баршамыз бір тілде сөйлеуіміздің басты жолы Елбасы сөзімен айтсақ: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз зор үлес қосуы керек! Елімізде 10 миллион қазақ болса, өздері түгел тілді білсе, байлықтың ең үлкені осы болар еді! Барлығымыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақы қуатты орта пайда болады да, барлық мәселе өзінен-өзі шешіледі». Бұл жерде, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі» ғана емес, «билік халықпен қазақша сөйлессін» деген талап та қатар қойылуы керек.
үгінде әкесі қазақ, шешесі қазақ бола тұра өздерін қазақпын деп айта алмайтын жас­тарды көріп жүрміз. Олар қазақпын деген сезімнен жұрдай. Статистикалық дерек бүгінде қазақ балаларының 37 пайызы орыс мектептерінде оқитынын айтуда. Бұл орайда әр қазақ баласы алдымен өз ана тілін жетік білуі керек. 1948 жылы Үндістан тәуелсіздігін жариялаған кезде арнайы комиссия: «ағылшын тілін қолдану халықты екі ұлтқа бөлді, билік жасайтын аз топ және оған бағынатын бөтен тілде сөйлемейтін көпшілік, бұл екі ұлт бір-бірін түсінбеді» деген тұжырым жасаған екен.
Өкінішке орай, қазақтың тілі мәселесіне келгенде де, ұлттық салт-дәстүрін, ата-баба дәстүрін жаңғырту, жалпы ұлттық намыс пен ұлттық ой-сананы ояту мәселесіне келгенде де біздің бойымызда әлі де самарқаулық басым. Ал тілі жойылған ұлт жер бетінен оп-оңай жойылып кететінін ұмытпасақ екен. Шынтуайтына келгенде, орыс және өзге ұлт мектептерінде қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiнде оқытылса да оны бiлу оларға мiндеттелмейдi. Кеңес заманындағы секілді қазақ тiлiн бiлмесе де, 4-5 деген баға қойылып, келесi сыныпқа көшiрiле бередi. Бұл бүкiл оқу үдерісіне, бiлiм деңгейiне керi әсерiн тигiзiп жатса да мұғалiмдер бiлмегенсiп жүре бередi. Ал білім берудің негізі мектепте қалыптасатынын ескерсек, Қазақстандағы әрбір оқушы мектеп бітіргенде қазақ тілін жетік біліп шығуы тиіс емес пе? Білім беру заңына осы міндетті енгізуіміз керек. Өйткені тәуелсіздік алғанымызға қанша уақыт өтсе де, орыс мектептерінің түлектері қазақша әріпті таяқ деп білмейтінін көріп жүрміз. Қазақ тілі балабақшадан басталып, мектепте жалғасып, жоғары оқу орнында одан әрі сапалы оқытылуы керек. Білімнің сапасын бақылап, нәтижесін қадағалап отырмайынша, оқушылар қазақ тілі пәнін оқуға бейжай қарай бермек. Біз мемлекеттік тілді үйрету мәселесінде қажеттілік туралы көп айтамыз. Алайда сол қажеттілікті өзіміз қалыптастыра алмай отырмыз. Қажеттілік ол міндеттеу арқылы ғана жүзеге асады. Міндеттелмесе, талап қойылмаса, барлығы қазақ тілін үйренуге немқұрайлы қарайтыны сөзсіз. Оқуда да, жұмысқа қабылдау барысында да қазақ тілін білу талап етілмейді. Мұның өзі өзге тілді отандастарымыздың санасында Қазақстанда ресми тілмен-ақ өмір сүре береміз деген ойды ұялатады. Ал біз тілегі бір, жүрегі бір деген отандастарымыздың тілін де бір тілді етуіміз керек қой. Ол қазақ тілі болуы керек. Қазақ тілі еліміздегі нөмір бірінші тіл болуы керек. Ата Заңымызда және өзге де заңдарда тіл тұғыры бекітілсе де, іс жүзінде ол толығымен жүзеге аспай келе жатқанын мойындауымыз қажет.
Қазір қазақ өз баласын оқу орнына түсірерде немесе қызметке берер кезде ғана қазақ тілін үйрете бастайтын болыпты. Кейбір ата-аналар ұрпағын орыс тілінде тәрбиелеуде. Бұл әлі күнге дейін көптеген қан­дастарымызға сабақ болмай, ұрпақтарын рухани жарымжандыққа, аянышты күйге түсіргенін өздері де білмей отырған болуы керек.
Қазір адамдардың көпшілігі кітап, газет-журнал оқып оқырман болудан гөрі, уақытын ысырап етпей көрермен болуға көшкен. Сондықтан да, визуалды ақпарат көздерінің жұлдызы жарқырап тұр. Елімізде көрсетілетін телеарналардың ішінде 24 сағат бойы толық, тұщымды қазақша сөйлейтінін таба алмайсың. Орыс тілі – Ресей мен Белоруссиядан өзге, Қазақстанда мығым қорғалған тіл.
Сонымен қатар барлық мемлекеттік қызметке үміткерлер, кадрлық резервтегілер де қазақ тілін білуі қажет деген талап қатаң қойылатын уақыт жетті. Кейбір министрлік пен мемлекеттік ұйымдардың қызмет­керлерінің ұлттық құрамына қарасақ, 90%-ы өзіміздің қазақтар. Сөйте тұра, сол 90%-ы  түгелдей әлі де орысша сөйлейтініне еріксіз таңғаласың. Сондықтан іс қағазды мемлекеттік тілде жүргізіңдер деген талапты ары қарай сөзбұйдаға сала берудің мәні жоқ. Есесіне, Қаржы министрлігі «Биылғы жыл басынан, салық органдарына тапсырылатын салықтық есеп, аудиттік есептер мемлекеттік тілде болуы қажет» деген бұйрық шығарса, жекеменшік компаниялардың өзі де бір күннің ішінде дайындалып үлгереді және жұмысында қалғысы келгендер қазақша үйренуге мәжбүр болады не қазақтілді мамандарға сұраныс туады.
Қалада толған орыс және шет тіліндегі жарнамалар, жасыратын несі бар, мемлекеттік тіл мәселесі облыс орталықтары, әсіресе, қалалар өте қиын жағдайда қалып отыр. Жарнама бұл идеология деген сөз. Жарнама бейжай қарауға болмайды. Ол көшеде, ғимараттарда ілініп тұрғанымен, оны оқыған адам ол жарнамадан қаншама ақпарат алып, сонымен қатар сөз үйренеді. Ал бүгінде ол сөз қай тілде? Басым бөлігі орыс тілінде немесе ағылшын тілінде болып отыр. Қазақ тіліндегі жарнамалардың өзі қате жазулардан көз ашпай келеді. Сауаттылық деңгейі, сөйлемдердің грамматикасы жағаңды ұстатады. Бұл тұрғыдан алғанда біз жарнама беруші компанияларға, жеке кәсіпкерлерге талапты күшейтіп қоя алмай отырмыз. Қазақ тілінде қате жазылған сөйлем үшін жарнама беруші тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, үлкен мөлшерде айыппұл салынатын болса, ертеңгі күні ойланар еді. Жарнамасының қате жазылмауын қадағалар еді. Мұндай міндет қойылмаған соң, олар да «ұзын арқаң, кең тұсау» деп жүре береді.
Қазақ ұлтының мүддесі, ол – қазақтың ғана мүддесі емес, ол – қоғамның және мемлекеттің мүддесі. Ал саяси тұрғыда алып қарасақ та, біз мемлекеттік саяси мүддені ең жоғары орынға қоюымыз керек. Өйткені мемлекет біздің бәрімізге ортақ. Ұлттық құндылық тұрғысынан ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс.
Қоғам талқысында жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыру, оның түп қазығын қағу, іргетасын бекіту, қандай ілімге негізделіп, неге бағытталуы керек деген секілді мәселелер көп айтылды. Ендеше, барлық отандастарымыздың санасына отаншылдық рухты сіңіріп, болашақ буынның бойында отаншылдық сезім, мемлекетшілдік сана, ұлттық рух, патриотизм мен елсүйер, жерсүйер қасиет қалыптастырып, оны баянды етуді көздесек, ұлттық патриотизмнің, яғни, жаңа қазақстандық патриотизмнің түп қазығы қазақ тілінде деген қарапайым ғана қағиданы мойындауымыз қажет.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Ата Заңымыздың 7-бабына: «Қазақстанның әрбір азаматы Мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп жазылмаса, қазақ тілі жанашырларының айтып жүргендері бос сөз болып қала береді. Осы ақиқатты түсінетін мезгіл жетті ғой, бауырлар!!!
    Біз осылай: «айта берсек оңды нәтиже шығады, тіліміз түзеледі» деп ойлау — өзімізді-өзіміз алдарқату, не шындық жағдайды көрмейтін көрсоқырлық, осыны түсінбейтін ақылсыздық, надандық! Мәселенің екінші жағы — бұл КӨЗҚАМАНДЫҚ!!! Яғни, сөз жүзінде тіл жанашыры болып көрініп, іске келгенде өзінің қара басының қамын ойлап тілге, ұлтына опасыздық жасау жолын ұстану; «айтудай-ақ айттым ғой, енді қайтейін?» деп, мәймөңкелеп, қызметін, жоғары лауазымын ойлап, бас сауғалау!
    Менің мамандығым инженер, қатардағы тіл жанашырларының бірімін, зейнеткермін. Менің еркімде болса, тіл институттары, т.б. «ғылыми» мекемелерді таратып жіберер едім, үйткені олардан іс жүзінде ешқандай нақтылы пайда жоқ, қазақ тілі көз алдымызда құлдырап барады!! Әрине, мәселені ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардан басқаларын. Бірақта менің түсінбейтінім- осы білікті адамдардың өздері де «жауырды жаба тоқып» жалаң ақыл айтумен келеді. Конституциямыздың 7-бабына өзгеріс пен қосымша енгізбей, осылай, көзқамандықпен жадағай ұрандатып жүре берсек, тіліміздің құрдымға кеткеніне куә боламыз!
    Жалаң ақыл айтуды, жалаң ұранмен («Ана тілімді сүйемін!» деген сияқты) «көзге түсіп» жүруді тоқтатайық, мәселенің түбіріне қарайық, соны шешуге атсалысайық!!

    Самиғолла Ғалымұлы,
    Атырау облысы, Индер ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.