Тереңнен тамыр тартқан

Филология ғылымының докторы, про­фессор, біздің ардақты ұс­та­зымыз Рақыш Сәтұлы өткізіп келе жатқан ғибрат-ғұмырдың үлкен бір ерекшелігі бар: ол ғалымның жеткен жетістіктерімен, бағындырған асуларымен, алған атақтарымен, иеленген ғылыми дәре­желерімен ғана мәнді емес, ол өзі сүйген мамандықтың тамыры­ның сонау тереңнен басталуымен құнды һәм «алғашқы», «тұңғыш» дейтін анықтауыштардың молдығымен бағалы дер едік.

Ең әуелі «тереңнен тамыр тартқан» деген сөздің мәнісінен басталық. Рақыш аға – кәсіби жолын мұғалім болып бастап, үлкен әріппен жазылатын Ұстаз дәрежесіне жеткен тұлға. Шын мәнінде, мұғалімдік – өнертектес мамандық. Сондықтан нағыз мұғалім болу екінің бірінің қолынан келмейді. Өнер болғандықтан, біріншіден, ол адамның бойында табиғи дарын, тамырлы қабілет болуын керек етеді. Ол қандай дарын, қандай қабілет? Ол – өзгені үйрете алу дарыны, өзгелерді өзі сүйген нәрсені сүюге үйіре білу қабілеті.
Оқыған дәрістерінде де, жұрт алдында жасаған баяндамаларында да, тілдің өзі таңдаған салалары бойынша жазған зерттеулерінде де шынайы сөйлеудің, шымыр сөйлеудің, дәл айтып, дәйекті толғаудың, байсалды ой қорытып, байыпты байлам жасаудың хас шебері Рақыш Сәтұлының алдынан дәріс алған шәкірттердің, қалың тыңдарман мен ойлы оқырманның Ұстаз сөзін ұмытпай, мәңгі жадында сақтауының бір сыры осы қабілетінде екені даусыз.
Енді Рақыш Сәтұлының ғибрат-ғұмырының «алғашқы», «тұңғыш» дейтін анықтауыштармен байланысы туралы бірер сөз. Біріншіден, Рақыш Сәтұлы – шалғай ауылда мұғалім бола жүріп диссертация қорғаған тұңғыш ізденуші. Әуелде Жамбыл қаласындағы педучилищеде оқып, одан соң сол кездегі мәртебелі жоғары оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетін аяқтап, аспирантураға қабылданған ол отбасы жағдайымен ауылға кетуге мәжбүр болады. Бірақ сол ауыл мектебінде сабақ бере жүріп, жазған кандидаттық диссертациясын Алматыға келіп қорғайды. Мұндай табандылық мыңның біріне ғана бұйыратынын ешкім де жоққа шығара алмас.
Екіншіден, «Қазақ тіліндегі жалғау­лықтар» атты диссертациясында жал­ғаулық деп аталатын сөздердің шығу тарихын, қызметінің ерекшеліктерін көрсетті, сол арқылы құрмалас сөйлем­дердің семантикасын айқындай түсті. Дәл осы еңбегі арқылы Мұхтар Әуезов сынды сөз зергеріне жалғаулықтардың қыз­метін дәлелдеген тұңғыш тілші-ғалым да Рақыш Әмір. Оған диссертацияны талқылау үстінде жас ғалымның жазған жұмысына сүйінген ұлы тұлғаның: «Диссертация мазмұнды екен, сауатты жазылыпты. Жалғаулық деген жазуда да, сөйлеуде де үлкен қызмет атқарады екен. Диссертант ептеп олардың тарихи қалыптасуын да айтты. Қызықты жолмен қалыптасқан екен. Кітап жазып жүріп жалғаулықтардың бізге көрсетіп жүрген зор қызметін елемеппіз…» деп ақ жарыла айтқан сөзі дәлел.
Үшіншіден, өзі сүйген ғылымның киесі қолдап, қорғау үстінде жас ізденушінің бойындағы талап пен талантты жазбай таныған, сол тұстағы Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, көрнекті ғалым Ахмеди Ысқақов оны өз институтына қызметке шақырып, көп ұзамай елінен көшіріп алдырады. Сөйтіп, шебер басшының ұйытқы болуымен орта білім беретін мектептерге тұңғыш рет «Қазақстан тарихы» мен «Қазақстан географиясы» пәндері енгізілді. Ол пәндерді жазуға қазақтың ұлтжанды азаматтары Е.Бекмаханов, Ө.Қазақбаевтарды тартты.
Төртіншіден, отандық педаго­ги­ка ғылымында қазақ тілін оқыту саласы бойынша эксперимент әдісін негіздеген тұңғыш зерттеуші болды. Орта мектептерде қазақ тілін оқытуды жолға қою үшін алғаш­­­қы эксперимент жұмыстарын ұйым­дастырды. Нәтижесінде, тұңғыш рет өзге тілді оқушыларға қазақ тілін коммуникатитвік тұрғыдан меңгертуге бағытталған оқулықтарын ұсынды.
Бесіншіден, 1968 жылы ұйымдас­тырылған «Тіл мәдениеті және баспа­сөз» атты конференцияда ғалым Р.Әмір интеллектуалдық мәдениет пен сөз мәдениетінің сабақтастығы туралы алғаш сөз қозғап, қазақ лингвистикасын антропоөзектік парадигма тұрғысынан зерттеуге түрен салған ғалымдардың бірі болды. Осы институт қабырғасында еңбек еткен жылдары ауызекі сөйлеу тілін зерттеу нысаны етіп алған тұңғыш лингвист те Рақыш Әмір болды.
Алтыншыдан, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Декан бола жүріп, отандық жоғары білім беру жүйесінде тұңғыш рет араб тілі мамандарын дайындайтын бөлім ашты. Сол бөлім кейін кеңейіп, үлкен факультетке айналды. Өзге жоғары оқу орындарында да бұл тәжірибе кеңінен таралды. Бүгінгі таңда да оның жемісін халық көріп отыр.
Жетіншіден, 1979 жылы ол Алматы­дағы Шетел тілдері инситутының «қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық  қатынастар және әлем тілдері университеті) ректоры қызметіне тағайындалды. Басшы ретінде атқарған ұйымдастырушылық жұмыстарын айтпағанда, ол алғаш рет шетел тілі пәндерін ана тілімен сабақтастырып оқыту жүйесін ендірді.
Сегізіншіден, Қазақстан мек­тептерінің даму бағытын белгілеу проб­лемалары күн тәртібіне өткір қойылған жылдарда, жаңарған елдің ұлттық мектебін құрудың ғылыми-тұғырнамалық жүйесі айқындалған шешуші сәттерде осынау замана жүгіне иық тосқан санаулы ғалымдардың көшбасында болды.
Ұлт тарихының жаңа кезеңінде қазақ тілін оқытудың әдіснамасын анықтап, оның алғашқы соқпағын салу абыройы Рақыш Сәтұлына бұйыруы кездейсоқ емес.
1987-1992 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның белді ғалымы ретінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту зертхана меңгерушісі, профессор Рақыш Сәтұлы «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептің тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» секілді қазіргі жаңарулардың тұғыры қаланған ең алғашқы мемлекеттік деңгейдегі базалық-нормативтік құжаттарды дайындауға атсалысты.
Р.Әмір елдіктің туын тіктеуге, тәуелсіздікті баянды етуге қызмет ететін ана тілін жаңа қоғам талабына сай оқытудың тұңғыш тұжырымдамасын жасады. Оның жеке авторлығымен жарияланған «Қазақ тілін қоғам, мектеп реформасына сай жетілдіру тұжырымдамасында» қазақ тілін оқытудың жаңа бағыттары сараланып ұсынылды. Бұл құжатта қазақ тілінің оқытылу жайына кері әсер етіп отырған фак­торлар алғаш рет ғылыми тұрғыда сараланып, нақты көрсетілді. Тұңғыш рет қоғам мен мектеп реформасына сай тәуелсіз қазақ елінің мектептерінде ана тілі деп саналатын қазақ тілін оқытудың жаңа міндеттері анықталды. Ең алдымен, ғалым қоғамдағы адам факторының алға шығарылуы білім саласын жетілдірудің түпнегізі болатынына мән беріп, қазақ тілін антропоөзектік тұрғыдан оқыту жолын бірінші болып көтерді. Мұнда ол ұлт, тіл туралы орныққан ескі көзқарасты түбегейлі өзгертудің тетігі ретінде «білім оқушының адами болмысын дамытуға бағытталуы тиіс» деген жаңа педагогикалық парадигма ұсынды.
Тіл теорияға емес, теория тілге қызмет етуі қажет дейтін тұғырнамалық идеяны бірінші рет көтерген ғалым қазақ тілі пәнінің базалық мазмұнын құрудың жаңа жүйесін ұсынды. Ол пәнді оқытудың өмір талабымен байланыста жүргізілуін өзек етіп ұстанды.
«Тұжырымдама» авторы Рақыш Сәтұлы­ның сөйлеуге үйрету жүйесі оқы­ту­дың нақты кезеңдеріндегі (сынып­­тардағы) білім нәтижесі ретінде белгіленіп, бірте-бірте дамытыла түсуі қажет деген ғылыми қағидасы «Нәти­жеге бағдарланған білім беру моделінің» заман қажеттігі екенін алдын ала дәл болжай алғандығын айқын танытады. Осылайша ол түпкі мақсатқа сатылап жетудің механизмін айқындап берді. Осы концепцияда автор сөйлеу тілін коммуникативтік-функ­ционалдық жүйе тұрғысынан тани отырып, тілдік амал-тәсілдердің прагматикасын коммуникативтік жағдаятпен орайластыра ашудағы тұжырымдарын ұсынды.
Ал болашақта көптілділік мәселе­сінің өзектіленетінін айтып, ондай жағдайда ана тілінің маңыздылығына басымдылық беру идеясын сол кез­дің өзінде-ақ алғашқы болып көтеруі де ғалымның қиядан шалатын көре­ген­ділігінің дәлелі. Сөйтіп, бұл еңбек тәуелсіздік алған еліміздің жаңа тұрпат­ты мектебінде қазақ тілін оқыту жүйесін жаңартудың әдіснамалық негізін қалаған тырнақалды еңбек болды.
Қорыта айтқанда, қазақ ғылымының көш керуенінде Рақыш Сәтұлы артқан рухани жүк ешкімге ұқсамайтын дара­лығымен, сән-салтанатымен, мәні ерек болмысымен көз тартады. Ұстазы­мыз­ға: «Қазына­лы керуе­ніңіздің жолы даңғыл, ғұмыры ұзақ болсын!» дейміз шәкірттік адал ниетпен.

Жанат Дәулетбекова,
Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ тілі теориясы және

әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,

педагогика ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.