Тұрсын (Тұрсын-Мұхаммед) хан

Қазақ хандары арасында билікке құмартып, әділдіктің ала жібін аттап, тақты дәстүрлі жолмен емес, күшпен тартып алғандар да аз да болса кездесті. Солардың бірі  атақты Қасым ханның баласы  Жәлім сұлтанның үшінші  ұлы Тұрсын-Мұхаммед хан еді.  Жәлім сұлтан тарихта Ақназар ханға адал берілген тарихи тұлға ретінде белгілі. Ол кезінде Ақназар ханның ноғайлармен арадағы жанжалдарына да қатысты. 1569  жылы Жәлім сұлтан Ақназармен және Шығай сұлтанмен бірге   өздерінің туыстары болып саналатын 20 сұлтанның жасақтарын бастап, Ноғай ордасына басып кіріп, оны ойрандады. Бұдан соң да Жәлім сұлтан Ақназар ханның қасынан бір елі қалған жоқ.

Ол 1580  жылы тағы да Ақназар ханның кезекті тапсырмасын орындау барысында өзінің туған күйеубаласы болып табылатын шайбандық Ташкент билеушісі Баба сұлтанның қолынан қайғылы қазаға ұшырады.  Жәлім сұлтанмен бірге оның екі ұлы және Ақназар ханның сұлтанға ілескен екі ұлы бәрі бірге Баба сұлтанның тапсырмасын орындаған адамдарының қолынан өлді. Ал енді бұлардың кегін алып, Баба сұлтанды Тәуекел хан өлтірген соң да, жағдай тұрақтай қоймады. Бұған себеп,  Тәуекел ханның өлімінен кейінгі төрелер арасындағы тақ үшін тартыс болды. 1598 жылы күзде  қайтыс болған ханның орнына інісі Есім хан таққа отырды.  Алғашқы кезде Тәуекелді қолдаған 120 қазақ сұлтандары Есімге де қолдау көрсетті. Бәрін шиленістірген қарақалпақтардың бектері болды. Олар осы кезде Мәуереннахрды билеп отырған Жанид Бақи Мұхаммедке де, қазақтарды билеп отырған Есімге де бағынғылары келмей, дербестік алу мақсатымен 1603 жылы өздерінің тағына  Абд ал-Ғаффар дегенді отырғызды. Бұған, көпе-көрнеу бұра тартуға төзе алмаған Есім арада екі жылдан кейін қарақалпақ ханының  далалық қосына басып кіріп, оны қылышпен шауып өлтірді. Осыдан соң Қазақ хандығында таққа талас мәселесі тыйылғандай болды. Осылай он жыл өтті. Қазақ сұлтандары бұл кезде негізінен  шығыстан батысқа  көшіп келіп, ноғай мен қазақтың арасына сыналай орналасқан батыстағы қалмақтармен және  шығыстан Жетісуға тереңдеп енген ойраттармен соғысумен болды. Алайда  Мәуереннахрда 1611 жылы  таққа аштарханидтер әулетінің  өкілі Имамқұли отырған соң жағдай өзгере бастады. Жаңа хан Бұқарадан шығысқа қарайғы өңірге өзінің адамын билеуші етуді ойластырды. Ал бұл өлкеде қазақ рулары көп болғандықтан мұндай қолжаулық  билеушінің  қазақтардан болғаны тиімді еді.Осындайда «іздегенге сұраған» дегендей, кезінде Есім хан Тәшкентке билеуші етіп қалдырған Тұрсын-Мұхаммед Бұқарадағы Имамқұлиға өзінің жаушысын аттандырып, өзінің иелігіндегі Сыр бойы қалаларына қырғыздармен және қалмақтармен келісіп алған қазақтардың оқтын-оқтын жорық ұйымдастырып, мазаны алып біткенін айтып, шағынып, көмек сұрады. Қазақтарға жорық ұйымдастыру үшін сылтау іздеп отырған Имамқұли ханға  бұл таптырмас себеп болды. Ол доңыз жылы (1613-1614)  жер қайысқан қалың қолмен Сырдан өтіп, қазақтардың қалаларын бірінен соң бірін басып ала бастады. Осындайда Тәшкент әмірі Тұрсын-Мұхаммед азғана нөкерлерімен оның жібек шатырына келіп, сәлем берді. Оның қазақтарды билейтін Есім ханға қарсы жаулық ниетін аңғарған Имамқұли Тұрсын-Мұхаммедті қолдап, оны Ташкент аймағының ханы деп жариялады. Жерден іздегені көктен табылып, аяқ астынан әмір дәрежесінен  хан деңгейіне дейін өскен Тұрсын-Мұхаммед Ташкентті өзінің астанасына айналдырып,  онда өзінің атынан теңге соқтырды. Оның қол астына Ташкентпен қатар Түркістан өңіріндегі Сығанақ, Созақ, Сауран, Шахрухийя, Әндіжан тәрізді отырықшы аумақтардағы қазақтар қарады. Имамқұлидың қолдауына сүйенген ол, енді Есім ханға қарсы онымен бірігіп соғысатын болып келісті. Имамқұлидың қанды да , қатал жорықтарына төтеп бере алмаған қазақтар Сырды бойлап төменге кетті. Алайда Есім қазақтардың басын қосып, Имамқұлимен қайта соғысты. Бірақ  бұл жолы да Имамқұли жеңіске жетті. Ол енді қазақтарды басынып, оларға өзінің ұлы Ескендірді хан етіп тағайындады. Оның қол астына Шымбас, Талас, Лабас өңірі түгел қарады. Алайда Ескендір елден салық жинау­мен шектелмей, қит еткеннің басын алып, ерекше қанқұйлылы­ғы­мен  көзге түсті. Азап шеккен ел,  Жетісу өңіріне басып кірген қалмақтарды жаужүрек­тігімен дүрліктірген, түксиген түріне жан баласы тіке қарай алмайтын, қылышы мен сапысын үйінде отырғанда да белінен шешпейтін, жасы жетпістен асып кеткен Жанай батырға барып, мұңдарын шақты. Ол әйгілі Жайық батырдың немересі еді.  Шаңқай түсте Ескендір ханның ордасына сұраусыз кірген Жанай батыр алғаш оны жүгенсіздікті тоқтатуға шақырған. Алайда ақылға келудің орнына оны балағаттап қарсы алған хан өзіне өлім тілеп алғанын аңғара да алмай қалды. Қайқы қылышын қынынан жарқ еткізіп суырған Жанай батыр, шалт қимылмен Ескендірдің басын шауып түсірді. Есік аузындағы қазақ жасауылдар батырдан қаймығып, ханға ара түсуге де жарамады. Енді еркіндік алған қазақтар қайтадан Есім ханды жақтап шыға келді. Алайда ұлынан айырылып, қахарына мінген Имамқұли хан арада алты айдан соң  қайтадан қалың қол жинап, қазақты шапты. Қазақ жұрты бұрын-соң­ды көрмеген қырғынға бөкті. Имамқұли бас­­қасын айтпағанда бесіктегі баланы да бауыздады. Қазақтардың жағдайларын қиындата түс­кен тағы бір ауыр жағдай – Тұрсын ханның қалың қолмен Түркістанға (Асыға) басып кіруі болды. Осындай екіжақты соққыға шыдас бере алмаған Есім  хан Жетісуды тастап, шығыстағы Тұрпан жеріне өтіп кетті. Осында ол, Тұрпан ханы  Әбдірахым­ның қызына үйленіп, одан көмекке көп әскер алып Жетісуға қайта оралды. Енді ол қазақтар арасына өзінің хан шатырын тікті. Ал бұл Тұрсын ханның іштарлығын өршіте түсті.
Тұрсын хан өзіне бақталас, қазақтарға хандықты бөлісіп отырған Есімнің көзін біржолата жойып, барлық қазақты жалғыз өзі билеуді ойластырды.
Есім хан мен Тұрсын ханның соғысы қазаққа қасірет әкелгенін айтпасқа болмайды. Жақын туыстас адамдар екіге бөлініп, қантөгіске барды. Мысалы, кейіннен қатағандарға, шанышқылыларға және қаңлыға жауынгерлік ұран болған және Тұрсын ханды қолдап  ұрысқа шыққан Айрылмас батырды  Есім ханның әскерінің бір қанатын басқарған Айрылмастың күйеу­баласы, жоғарыда аталған Сүлеймен батыр өлтірді. Есімнен қаша-қаша ­Ташкент түбіндегі Абат деген жерге барғанда Тұрсын ханды қаумалаған өзінің нөкерлері қоршап алып, өлтірді. Оны өлтірер алдында орда сыртынан түнделетіп келген Төлеген жыршы алғаш өзінің жырымен Тұрсынды ұйқыдан төмендегіше оятты: «Ей қатаған, хан Тұрсын,   Хан емессің қатынсың. Қаза келсе қапылсың, Алтын тақта жатсаң да, Ажалың жеткен батырсың. Көнбесең де, көнерсің, Иманыңды айт, өлерсің. Еңселі бойлы ер Есім, Алғалы тұр жаныңды, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан татарсың». Тұрсынды  өлтірушілер оның басын денесінен кесіп алып, Есім ханның шатырына алып келді. Есім болса бұл басты Бұқарадағы Имамқұлиға: «менің жауларымды осы күтеді» деген сөзбен жөнелтті. Тұрсын хан өлген соң Ташкент шаһары қазаққа қарады. Тұрсынның соңында ұлдары мен қыздары қалды. Үлкен ұлы Ташкенттен қашып шығып, моғолдар билігіндегі Қашқарға барып, сонда Қашқар әкімі болды. Өйткені осындағы ханзада Абд ал-Латифтің әйелі Ханым-падишах Тұрсын ханның әпкесі еді. Тұрсынның кіші ұлы  Имамқұлиға қарсы соғыста  өлді. Тұрсын ханның Айбике, Қоңырбике және Нұрбике деген қыздарын олжалаған Есім хан оларды өзінің батырларына таратып берді. Есім хан Тұрсын ханды қолдаған екі баулы қатаған тайпасын және қаңлылардың бір бөлігін қатал жазалады. Қатағандар жаппай қырғынға ұшырады. Олардың найзаға отырғызылып жазаланған бір бөлігі кейіннен қатаған атауынан бас тартып, шанышқылы аталып кетті. Ал бұған дейін тығыз қоныстанып отырған қаңлылар жазалаудан қашып, жан-жаққа тарап кетті. Осылайша Тұрсын ханның дөрекі қателігі мен жікшілдік әрекеті қазаққа қымбатқа түсті.

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы
Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының
директоры,  профессор
ҰҒА Құрметті академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Асылзат

    Кім қолдады тұрсын жанды?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.