Ел біріксе еңсерілмейтін қиындық жоқ

Көктемгі су тасқыны еліміздің Қарағанды облысы үшін оңай болмай тұр. Қарағанды облысымен қатар су тасқыны Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарының аумақтарына да жетіп, ауылдардағы тұрғын үйлерге, республикалық маңызы бар көлік жолдарына зардабын тигізуде.

Мамандар су тасқынының аяқ астынан, ойламаған жерден орын алғанын айтуда. Мәселен, еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі көктемгі су тасқынына ерте бастан әзірлік жұмыстарын жасағанымен, қыста қардың мол түсіп, көктемгі жаңбырдың толассыз жауғанынан жиналған су өзендердің арналарынан тасып сол аймақтарға тез жайы­луына себеп болған. Бүгінгі таңда 50 елді мекен су астында қалып, 16 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Тасқынның күштілігі сонша ол бетоннан салынған көпірлердің өзін қиратып кеткен. Халықтың үй-жайлары, бау-бақшаларына зардабын әкелді. Мал шығындары орын алды. Су тасқынына байланысты еліміздің 6 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында су тасқынының себеп-салдарын егжей-тегжейлі баян­дап берді. Ол су бөгендері мен су қоймаларына ағылып келіп құйылған судың мөлшері бұрын-соңды болмаған көрсеткішке, яғни секундына 2,3 мың кубаметр су жиналып отырғанын айтты. Мұндай жағдай елімізде 1949 жыл­дан бері тіркелмеген екен.
Төтенше жағдайлар департа­ментінің мамандары Қарағанды об­лы­сындағы 48 гидротехникалық құрылғылардың тозығы жеткенін айтуда. Жергілікті халық арасында су тасқыны суқоймаларының шыдамай жарылып кетуінен орын алды деген қауесет тарағанымен, мұны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары ­Андрей Ляпунов жоққа шығарды. Ол бұл апаттың салдарын Сарысу, Нұра өзендеріне қар және жауын суының шамадан тыс құйылғанымен байланыс­тырды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев су тасқынына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, қазіргі таңда төтенше жағдайлар қызметінің құтқару топтары апат салдарын жою үшін күні-түні жұмыс жасап жатқанын, Қарағанды облысына Үкімет тарапынан 1 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. «Біз бұл мәселені шешеміз, алаңдауға негіз жоқ» деді Мемлекет басшысы.
Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының төтенше жағдай­лар департаменттері де Қарағанды облысымен шектесетін аймақтардағы су тасқынының салдарымен күресуде. Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Әлібек Длимов қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жол-көлік техникалары жұмылдырылғанын айтты. Өскемен-Семей-Астана жолындағы қозғалыс көпірдің қирауы салдарынан бір апта бойы тоқтап тұрды. Қазіргі таңда айналма жол салынуда.
Жуырда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдай комитетінің бөлім бастығы Руслан Иманқұлов журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында Қарағанды облысындағы тасқын су тартылып келе жатқанын, төтенше жағдай кезінде эвакуацияланған 12 мыңға жуық адам үйлеріне оралғанын мәлімдеді. Р.Иман­құ­лов тасқын кезінде облыстағы 9 аудан, 48 елді мекен және 2 қыстақты су шай­ғанын,  қазір ондағы 7 аудан қайта қал­­пына келтіріліп, тұрғындар баспана­ла­рына орала бастағанын жеткізді. Ақ­мола облысы бойынша да су сору жұ­мыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Апат айтып келмейді» демекші, су тасқыны орын алған аймақтардағы халыққа бүгінде республикамыздың әр қиырынан гуманитарлық көмектер көрсетілуде.  Бұл мақсатта арнайы есеп-шот та ашылды: БИК KINCKZKA, ИИК KZ098210139812154223, КБе 18, «Bank RBK» АҚ филиалы, Қарағанды қаласы. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғарып, ұйымшылдық танытқан еліміз бұл қиындықты еңсереріне кәміл сенеміз!

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.